20-бап. Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау Ветеринария туралы Заңы
1. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде және (немесе) жеткізу орындарында, кедендік тазартуды аяқтау орындарында, сондай-ақ ветеринариялық бақылау бекеттерінде міндетті мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жатады.
2. Уәкілетті орган белгiлейтiн ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын актілер сақтала отырып, Қазақстан Республикасының аумағына эпизоотикалық тұрғыдан қолайлы басқа мемлекеттерден орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің әкелiнуiне, сондай-ақ транзитiне жол берiледi.
3. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің әкелiнуi, әкетiлуi және транзитi тиiстi аумақтардың iндеттілік жағдайын бағалауға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағына басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру үшін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ветеринариялық бақылау бекеттерін ұйымдастырады.
5. Жануарлардың аса қауiптi ауруларының шығуы тiркелген шектес мемлекеттердiң шекаралық аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына келетiн көлiк құралдары Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген кезең мен тәртiп бойынша мiндеттi түрде дезинфекциялануға тиiс.
6. Ветеринариялық бақылау бекеттеріндегі мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қызметтік міндеттерін атқару кезінде нысанды киім (погонсыз) киіп жүреді.
Ветеринариялық бақылау бекеттеріндегі мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларды нысанды киіммен (погонсыз) қамтамасыз етудің заттай нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді.
Нысанды киiм (погонсыз) үлгiлерiн, оны киiп жүру тәртiбiн уәкілетті орган бекітеді.
7. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің экспортына, импортына және транзитiне шарттар жасасудың алдында жеке немесе заңды тұлғаның уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнен экспорт, импорт және транзит елiндегi iндеттiлiк жағдайы туралы, жануарлар ауруларының қоздырушыларын әкелу мен әкетудi болдырмайтын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер туралы ақпарат алуға құқығы бар. Жасырын сипаттағы ақпарат орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объекті иесiнiң жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмеуге тиiс.
8. Ветеринариялық бақылау бекеттерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Еуразиялық экономикалық одақ құқығын құрайтын актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
Ветеринариялық бақылау бекеттерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау құжаттық, физикалық және зертханалық ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау нысанында жүзеге асырылады.
9. Құжаттық бақылау орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің қауіпсіздігін; орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді әкелуге (әкетуге) немесе транзиттеуге рұқсаттардың болуын; ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар мен қағидаларға сәйкестігін, шектеулер мен тыйымдардың болмауын растайтын құжаттарды тексеруден тұрады.
Физикалық бақылау орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді жете тексеруді (қарап-тексеруді); орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар мен қағидаларға, ашып көрсетілген құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкестігін, оның ішінде ілеспе құжаттарда көрсетілмеген орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің болуын жоққа шығару және үйлеспейтін орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің бірлесіп орын ауыстыруын болғызбау мақсатында тексеруді; көлік құралының орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау үшін қажетті белгіленген ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкестігін бақылауды; орын ауыстыру (тасымалдау) шарттары мен режимін бақылауды; ораманың және таңбалаудың белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауды қамтиды. Жете тексеру (қарап-тексеру) нәтижелері бойынша тиісті акт жасалады.
Зертханалық бақылау орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді жете тексеру (қарап-тексеру) кезінде көрінетін органолептикалық өзгерістер анықталған және жануарлардың жұқпалы ауруларын жоққа шығару жағдайларында зерттеулер жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
Көрсетілген бақылау түрлерін жүзеге асыру нәтижелері бойынша орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге қатысты: рұқсат беру (өткізу) туралы; қозғалысты тоқтата тұру туралы; әкелуге тыйым салу туралы; қайтару туралы шешімдердің бірі қабылданады.
10. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелу кезін қоса алғанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектінің импорты кезінде оның түпкілікті межелі пунктінде сынамалар алуды және ветеринариялық-санитариялық сараптаманы қоса алғанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектіні толық жете тексере отырып, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі N 339 Заңы.
Осы Заң ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін айқындайды және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы