Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабына түсініктеме. Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану
1. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе лауазымды адамның өз құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен анық шығатын және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекеттер жасауы, —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. 2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI ҚР Заңымен алып тасталған.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген іс-әрекетті жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның жасауы, —
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан не:
1) күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы;
2) қаруды немесе арнайы құралдарды қолдану арқылы;
3) өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу немесе басқа адамдарға не ұйымдарға зиян келтіру мақсатында;
4) мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде жасалған іс-әрекеттер, —
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, ал 3) тармақшада көзделген жағдайларда мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады.
Аталған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабында көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігіне ұқсас.
Осы қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңдарымен және заңға тәуелді актілерімен белгіленген мемлекеттік билік және басқару аппараты қызметінің қалыпты тәртібі болып табылады.
Қосымша объект ретінде адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары, олардың денсаулығы, ар-намысы мен қадір-қасиеті, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделері болуы мүмкін.
Объективтік жағынан алғанда, іс-әрекет мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе лауазымды адамның өз құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен анық шығатын және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануынан көрінеді.
Объективтік жағы үш міндетті белгінің болуымен сипатталады:
іс-әрекет — түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде көрсетілген адамдардың өз өкілеттіктерінің шегінен анық шығатын әрекеттер жасауы;
азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру түріндегі зардап;
іс-әрекет пен туындаған зардап арасындағы себепті байланыс.
Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану белгісінің бар-жоғын анықтау үшін, ең алдымен, кінәлі адамға берілген биліктік және лауазымдық өкілеттіктердің шеңберін айқындау қажет.
Берілген биліктік өкілеттіктер кінәлі адам қызмет атқаратын мемлекеттік органның немесе ұйымның қызметінің құқықтық негіздерін реттейтін тиісті салалық заңның нормалары тұрғысынан айқындалуға тиіс. Мысалы, аудан (қала, облыс) әкімі билігін асыра пайдаланған кезде оған берілген биліктік өкілеттіктердің шеңбері тиісті әкімнің құқықтарын, міндеттерін, міндеттері мен функцияларын белгілейтін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес айқындалуға тиіс. Дәл осылайша, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкері билігін асыра пайдаланған кезде оның биліктік өкілеттіктерінің шеңбері 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес айқындалады.
Кінәлі адамға берілген лауазымдық өкілеттіктердің тізбесі оны тағайындау туралы бұйрықты, лауазымдық нұсқаулықтарды, функционалдық міндеттерін және оның құқықтары мен міндеттерінің, міндеттері мен функцияларының шеңберін реттейтін өзге де ресми құжаттарды талдау арқылы анықталады.
Кінәлі адамның өз өкілеттіктерінің шегінен анық шығатын әрекеттер жасаған-жасамағаны туралы мәселені шешу кезінде, ең алдымен, осы шектерді, яғни адамға берілген құқықтар мен міндеттердің көлемін, басқаша айтқанда, заңдарда және өзге де актілерде (заңда, қаулыда, өкімде, лауазымдық нұсқаулықта, бұйрықта, еңбек шартында және т.б.) бекітілген оның лауазымдық құзыретін анықтау қажет.
Адам әрекеттерінің оған берілген өкілеттіктер шегінен анық (яғни айқын, елеулі) шығуы — бағалау ұғымы болып табылады және нақты істің мән-жайларына қатысты белгіленеді.
Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, мысалы, кінәлі адамның биліктік немесе қызметтік міндеттерін орындау кезінде мынадай әрекеттерді жасауынан көрінуі мүмкін:
басқа лауазымды адамның (жоғары тұрған немесе мәртебесі тең) құзыретіне жататын әрекеттер;
заңда немесе заңға тәуелді актіде көрсетілген ерекше мән-жайлар болған жағдайда ғана жасалуы мүмкін әрекеттер (мысалы, қажетті қорғаныс жағдайында қажетті шарттар болмаған кезде қару қолдану);
субъектінің жеке-дара өзі жасайтын, алайда тек алқалы түрде немесе бұйрыққа сәйкес жасалуы мүмкін әрекеттер;
заң бойынша басқа лауазымды адаммен немесе органмен келісу арқылы жүзеге асырылатын әрекеттер;
ешкімнің ешқандай жағдайда жасауға құқығы жоқ әрекеттер (ұсталған адамдарды ұрып-соғу, олардың денсаулығына зиян келтіру).
Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану құрамы адам жасаған құқыққа қайшы әрекеттер оның қызметтік қызметін жүзеге асыруымен байланысты болған, яғни жәбірленушімен қарым-қатынаста кінәлі адам дәл лауазымды тұлға ретінде әрекет еткен жағдайда ғана орын алады. Өзге жағдайларда адам Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Мысалы, жеке бас араздығы негізінде және лауазымдық өкілеттіктерімен байланыссыз зорлық-зомбылық қолданған полиция қызметкері жеке тұлға ретінде жалпы негіздерде қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Объективтік жақтың азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру сияқты белгісіне келетін болсақ, ол 361-бапқа қатысты қарастырылған.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Қылмыс баптың диспозициясында көзделген зардаптар: азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру басталған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Туындаған зардаптар кінәлі адамның өзінің биліктік немесе лауазымдық өкілеттіктерінің шегінен анық шығатын әрекеттерімен себепті байланыста болуға тиіс.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақана жасалады. Кінәлі адам өзіне берілген биліктік немесе лауазымдық өкілеттіктердің шегінен анық шығып отырғанын сезінеді және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруді қалайды немесе оған саналы түрде жол береді.
362-баптың диспозициясынан туындайтындай, жасалған әрекетті билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану ретінде саралау үшін қылмыстың себебі маңызға ие емес.
Қылмыстың субъектісі мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам болып табылады, олардың ұғымдары ҚК-нің 3-бабының 27) және 28) тармақшаларында ашылған. Аталған ұғымдарда қамтылған белгілерге егжей-тегжейлі талдау ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемеде келтірілген.
ҚК-нің 362-бабының 3-бөлігінде жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануының құрамы көзделген (ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
«Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімі» ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген және ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемеде келтірілген.
ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігінде билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланудың аса саралаушы белгілері ретінде ауыр зардаптарға әкеп соққан не мынадай жағдайларда жасалған әрекеттер көзделген:
күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы;
қаруды немесе арнайы құралдарды қолдану арқылы;
өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу немесе басқа адамдарға не ұйымдарға зиян келтіру мақсатында;
мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде.
«Ауыр зардаптар» ұғымы ҚК-нің 3-бабының 4) тармағында берілген.
Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану құрамындағы күш қолдану (4-бөліктің 1) тармағы) деп жәбірленушіге тәндік ауырсыну келтірумен байланысты дене күшін немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін пайдалануды түсіну қажет. Күш қолдану деп ұрып-соғуды, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді, денсаулыққа қасақана немесе абайсызда орташа ауырлықтағы зиян келтіруді (ҚК-нің 107-бабы, 114-бабының 1 және 2-бөліктері), азаптауды (ҚК-нің 110-бабы) және ауырлататын мән-жайларсыз денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді (ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігі) түсіну қажет.
Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану кезінде ауырлататын және аса ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, сондай-ақ адам өлтіру орын алған жағдайда, әрекет қосымша түрде тиісінше ҚК-нің 106-бабының 2, 3-бөліктері немесе ҚК-нің 99-бабының 1, 2 немесе 3-бөліктері бойынша саралануға тиіс.
Күш қолдану қатері (4-бөліктің 1) тармағы) деп жәбірленушіні белгілі бір әрекеттер жасауға немесе оларды жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу мақсатында оған ықпал етуге бағытталған кінәлі адамның нақты әрі шынайы әрекеттері түсініледі. ҚК-нің 362-бабына қатысты алғанда, қатерді жәбірленуші толықтай жүзеге асырылуы мүмкін және шынайы қатер ретінде қабылдауға тиіс. Тек осындай қатер ғана кінәлі адамның пайдасына белгілі бір әрекеттерді орындау мақсатында жәбірленушіге психикалық тұрғыдан белгілі бір ықпал ете алады.
Күш қолдану қатерінің ерекшелігі оның, әдетте, болашаққа бағытталуында, яғни кінәлі адам жәбірленуші оның талабын орындамаған жағдайда ғана біраз уақыт өткен соң күш қолдану ниетін білдіреді. Сонымен қатар күш қолдану қатері нақты сипатта да болуы мүмкін, яғни талап қойылған сәтте, егер ол қанағаттандырылмаса, күш қолдануды дереу жүзеге асыру ниеті сырттай білдірілуі мүмкін. Күш қолдану немесе оны қолдану қатері билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануды жасаудың құралы ретінде көрінеді.
Қаруды немесе арнайы құралдарды қолдану (4-бөліктің 2) тармағы) деп кінәлі адамның жәбірленушіге дене күшімен (оқ ату, автоматтың дүмімен ұру және т.б.) немесе психикалық (жәбірленушінің қолының жанында резеңке таяқпен ұру, жәбірленушіге жақын жерде, бірақ оған тигізбей оқ ату және егер бұл ретте қаруды қолдану қатері жәбірленуші тарапынан шынайы ретінде қабылданса, өзге де әрекеттер) ықпал ету үшін қаруды немесе арнайы құралдарды пайдалана отырып, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануға бағытталған әрекеттерін түсіну қажет.
Қарастырылып отырған саралаушы белгіні тағу үшін кінәлі адамның қару мен арнайы құралдарды заңнамада белгіленген оларды қолдану негіздерін, шарттары мен шектерін бұза отырып қолданғанын міндетті түрде анықтау қажет.
Осы баптың түсіндіріліп отырған 1 және 3-бөліктерінде көрсетілген субъектілер денсаулыққа ауыр зиян келтірген, сондай-ақ жәбірленушінің өліміне әкеп соққан, бірақ аталған зиян қажетті қорғаныс шегінен немесе қылмыс жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралар шегінен асып кеткен жағдайда келтірілген болса, жасалған әрекет тиісінше ҚК-нің 102 немесе 103-баптары бойынша саралануға тиіс, ҚК-нің 362-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Қару ұғымы 1998 жылғы 30 желтоқсандағы «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» ҚР Заңында берілген.
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінің 3) тармағында өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу немесе басқа адамдарға не ұйымдарға зиян келтіру мақсатында жасалған билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану әрекетінің саралаушы белгісі көзделген.
ҚК-нің 3-бабының 29) тармағына сәйкес, ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыс сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жатады.
Өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда алу деп кінәлі адамның өтеусіз көрсетілетін немесе ақы төлеуге жататын әртүрлі қызметтерді қабылдауын не мүлікке, құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізуге, санаторийлік немесе туристік жолдамалар алуға, жол жүру билеттерін алуға, жеңілдікті шарттармен қарыздар немесе кредиттер алуға артықшылықты құқық беретін жеңілдіктерді заңсыз пайдалануын түсіну қажет. Артықшылықтар алу деп кінәлі адамның жұмыс ұжымындағы артықшылықты жағдайына ықпал етуі мүмкін мүліктік емес сипаттағы пайда алуын (жұмыс нәтижелілігі, қылмыстардың ашылу көрсеткіштерінің артуы және т.б.) түсіну қажет.
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінің 4) тармағында ҚК-нің 362-бабының 1 немесе 3-бөліктерінде көзделген, мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде жасалған әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген (ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 2) тармағына берілген түсініктемені қараңыз).
Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін жауаптылық туралы норма адамның өзінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін жауаптылық туралы нормаға қатысты арнайы норма болып табылатынын, өйткені ол осындай теріс пайдаланудың арнайы жағдайын білдіретінін атап өткен жөн.
Айырмашылығы мынада: лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану кезінде адам қызмет мүдделеріне қайшы келетін, заңсыз түрде өзіне заңмен берілген құқықтар мен өкілеттіктерді пайдаланады, ал билікті асыра пайдалану кезінде өзінің қызметтік құзыретінің шегінен анық шығатын әрекеттер жасайды. Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану құрамының болуы үшін кінәлі адамның өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу немесе басқа адамдарға не ұйымдарға зиян келтіру мақсатында әрекет жасауы қажет. Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану құрамы үшін мұндай мақсаттың болуы талап етілмейді.
Өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу немесе басқа адамдарға не ұйымдарға зиян келтіру мақсатында жасалған билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану жағдайында кінәлі адамның әрекеттері аса ауырлататын мән-жайларда жасалған билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану ретінде ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша сараланады.
ҚК-нің 362-бабының 1 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар