Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабына түсініктеме. Билікті асыра пайдалану
1. Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, яғни бастықтың немесе лауазымды адамның өз құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен көрінеу шығатын әрекеттер жасауы, соның салдарынан азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына әкеп соғуы, —
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не:
1) қаруды немесе арнайы құралдарды қолдана отырып;
2) өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында жасалған дәл сол іс-әрекет —
бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, жауынгерлік жағдайда жасалған іс-әрекеттер —
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер —
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Билікті асыра пайдаланудың қоғамдық қауіптілігі оның әскери басқару аппаратының қалыпты қызметін бұзуынан, әскерлердің тұрақты жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету мүдделеріне нұқсан келтіруінен, мемлекетке материалдық зиян келтіруінен көрінеді.
ҚК-нің 451-бабы әскери билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді, сондықтан оны заңдық тұрғыдан талдау кезінде ҚК-нің «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» туралы 362-бабының ережелеріне сүйену қажет.
Осы қылмыстың объектісі әскери басқару органдарының қалыпты қызметі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскери қызмет мүдделеріне және әскерлердің тұрақты жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге жауап беретін әскери бастықтардың, барлық әскери лауазымды адамдардың лауазымдық функцияларды жүзеге асыруының белгіленген тәртібі болып табылады.
Қосымша объект ретінде заңмен қорғалатын құқықтар мен бостандықтар, қоғам мен мемлекеттің мүдделері болуы мүмкін.
Объективтік жағы билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланудан, яғни бастықтың немесе лауазымды адамның өз құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен көрінеу шығатын, әскери қызметшілердің (азаматтардың) немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына әкеп соққан әрекеттер жасауынан көрінеді.
Билікті асыра пайдалану билікті теріс пайдаланудан айырмашылығы, бастықтың немесе өзге де лауазымды адамның заңдармен, жарғылармен және бұйрықтармен берілген құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен көрінеу шығатын әрекеттерді қасақана жасауы жағдайында орын алады.
Әскери қызметті атқару жағдайында билікті асыра пайдалану көп жағдайда бастықтардың өз бағыныстыларына қатысты зорлық-зомбылықты заңсыз қолдануынан көрінеді.
Билікті асыра пайдалану құрамына бірде-бір лауазымды адам немесе орган ешқандай жағдайда жасауға құқылы емес бастықтың осындай қасақана әрекеттері жатады. Мұндай әрекеттер кез келген жағдайда құқыққа қайшы деп танылады (бағыныстыларға қатысты зорлық-зомбылық жасау және ықпал етудің басқа да жарғыда көзделмеген әдістерін қолдану, әскери техника мен мүлік заттарын бөгде адамдардың пайдалануына заңсыз беру және сол сияқты әрекеттер).
Адамның билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлілігі туралы мәселені шешу кезінде оның құзыретін анықтау қажет, өйткені әскери лауазымды адамдардың құқықтары мен өкілеттіктері заңдармен, жарғылармен, ережелермен, қолбасшылықтың бұйрықтарымен нақты айқындалған.
Бұл ретте лауазымды адамның тарапынан физикалық күш қолдану, егер бұл әрекеттер оның қызметтік міндеттерін орындауына байланысты болса және жәбірленушіге қатысты қызметі бойынша өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдаланудан көрінсе, билікті асыра пайдалану ретінде саралануы мүмкін екенін ескеру қажет.
Егер бастық немесе лауазымды адам жасаған билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану жәбірленушінің жеке заттары мен бұйымдарын алып қоюмен қатар жүрсе, олардың әрекеттері ҚК-нің 451-бабы және меншікке қарсы қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін бап бойынша қылмыстар жиынтығымен сараланады.
Егер зорлық-зомбылық немесе оны қолдану қатері әскери қызметшіге қызмет өткеру кезеңінде пайдалануға берілген заттарды немесе нысанды киімді алып қоюмен қатар жүрсе, мұндай әрекеттер ұрлау ниеті болмаған жағдайда ҚК-нің 451-бабының диспозициясымен қамтылады.
Денсаулыққа жеңіл немесе ауырлығы орташа зиян келтірілген жағдайда ҚК-нің 107-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану белгілері бар әрекетті бастық немесе лауазымды адам жеке адамға, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне тікелей қауіп төндіретін қауіпті жою үшін жасаған және бұл қауіпті өзге құралдармен жою мүмкін болмаған жағдайларда, аса қажеттілік шегінен шығуға жол берілмеген жағдайда, мұндай әрекет қылмыс деп танылмайды (ҚК-нің 34-бабы).
Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қылмыстық заңмен қорғалатын мүдделердің елеулі түрде бұзылуына әкеп соққан, лауазымдық өкілеттіктерді пайдалануға байланысты, егер олар өзіне міндетті болып табылатын бұйрықты немесе өкімді орындау барысында жасалған болса, лауазымды адамның әрекеттері қылмыс деп таныла алмайды (ҚК-нің 38-бабы).
Егер лауазымды адам өзі үшін көрінеу заңсыз болып табылатын бұйрықты немесе өкімді орындау барысында билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланса, ол жалпы негіздерде жауаптылыққа тартылуға тиіс. Мұндай бұйрықты немесе өкімді шығарған лауазымды адамның әрекеттері, оған негіздер болған жағдайда, қылмыс жасауға айдап салу немесе осы қылмысты ұйымдастыру ретінде қарастырылып, ҚК-нің 28-бабының 3 немесе 4-бөліктеріне сілтеме жасала отырып, ҚК-нің 451-бабы бойынша саралануы тиіс.
Бағынысты адамға көрінеу заңсыз бұйрық немесе өкім берген, ал бағынысты адам оның заңсыз екенін түсінбей, оны орындаған лауазымды адам қылмыстың орындаушысы ретінде жауаптылыққа тартылады.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Билікті асыра пайдалану азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылған сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
Елеулі зиян ұғымы ҚК-нің 3-бабының 14) тармағында қамтылған. Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану мынадай әрекеттерден көрінуі мүмкін:
басқа (жоғары тұрған) лауазымды адамның өкілеттіктеріне жататын әрекеттерді жасау;
заңда немесе заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде көрсетілген ерекше мән-жайлар болған кезде ғана жасалуы мүмкін әрекеттерді жасау;
лауазымды адамның жеке-дара жасауы, алайда мұндай әрекеттер ұжымдық органның айрықша құзыретіне жатуы;
ешкімнің ешқандай жағдайда жасауға құқығы жоқ әрекеттерді жасау.
Субъективтік жағынан қарастырылып отырған қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Адам билікті асыра пайдаланудың қоғамдық қауіптілігін түсінеді, ұйымның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру түріндегі қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды.
Себептер мен мақсат саралауға әсер етпейді, бірақ жаза тағайындау кезінде сот оларды ескереді.
Қылмыстың субъектісі ҚК-нің 450-бабын талдау кезінде анықтамалары берілген бастық немесе лауазымды адам болып табылады.
Осы баптың 2-бөлігінде билікті асыра пайдаланудың ауыр зардаптарға әкеп соғуы не мынадай жағдайларда жасалуы саралаушы белгілер ретінде көзделген: 1) қаруды немесе арнайы құралдарды қолдана отырып; 2) өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында жасалуы. Бұл әрекет ҚК-нің 3-бабының 29) тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарының белгілеріне жатады.
ҚК-нің 451-бабының 2-бөлігінде көзделген ауыр зардаптарға маңызды міндеттердің орындалмауы, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіру, апаттар мен авариялар, адам шығыны, әскери техниканың жойылуы немесе бүлінуі, ірі материалдық залал, адамдардың денсаулығына зиян келтіру және сол сияқты зардаптар жатқызылуы мүмкін.
Ауыр зардаптарға жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірудің салдарынан оның абайсызда қайтыс болуы, адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу де жатқызылуы тиіс.
Егер кінәлінің әрекеттері адам өлтірумен ұштасса, онда олар ҚК-нің 99-бабы бойынша да қосымша саралануға жатады.
Қару және арнайы құралдар ұғымы ҚК-нің 438-бабының 2-бөлігіне берілген түсініктемеде ашылған.
Бастықтың немесе лауазымды адамның бағыныстыға қатысты қаруды тікелей мақсаты бойынша қолдануы, бұл ретте бастықтың (лауазымды адамның) Қарулы Күштердің Тәртіптік жарғысының 19-тармағының талаптарын бұза отырып әрекет етуі билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану деп танылады.
Әскери қызметшіні ұстау кезінде гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының 103-тармағының талаптарына қайшы қару қолданған патруль бастығының әрекеттері билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану ретінде саралануға жатады.
Билікті асыра пайдалану ретінде қарауыл бастығының немесе патрульдік жасақтың және арнайы қызмет атқаратын басқа да лауазымды адамдардың өз қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жарғы талаптарын бұза отырып, қаруды заңсыз қолдануы не бағыныстыларына қару қолдану туралы бұйрық беруі сияқты әрекеттерін қарастыру қажет.
ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармағында көзделген әрекеттің субъективтік жағының міндетті белгісі кінәлінің өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсаты болып табылады, олардың анықтамасы ҚК-нің 450-бабына берілген түсініктемеде келтірілген.
ҚК-нің 451-бабының 3-бөлігі осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген әрекеттерді жауынгерлік жағдайда жасағаны үшін жауаптылықты белгілейді, ал 4-бөлігі — соғыс уақытында жасағаны үшін жауаптылықты белгілейді. Бұл ұғымдардың анықтамалары тиісінше ҚК-нің 437-бабының 3 және 4-бөліктеріне берілген түсініктемеде келтірілген.
ҚК-нің 451-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 451-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 451-бабының 3 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер аса ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар