Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 399-бабына түсініктеме. Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау, өндіру, иемдену, өткізу немесе пайдалану

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 399-бабына түсініктеме. Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау, өндіру, иемдену, өткізу немесе пайдалану

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 399-бабына түсініктеме. Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау, өндіру, иемдену, өткізу немесе пайдалану

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 399-бабына түсініктеме. Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау, өндіру, иемдену, өткізу немесе пайдалану

1. Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау, өндіру, иемдену, өткізу немесе пайдалану —

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Дәл сол әрекеттер адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ірі мөлшерде жасалса, —

төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасаған жағдайда, —

үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабына сәйкес әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына құқығы бар. Әркімнің жеке салымдары мен жинақтарының, хат жазысуының, телефон арқылы сөйлесулерінің, пошта, телеграф және өзге де хабарламаларының құпиясына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі, мысалы, Қазақстан Республикасы ҚПК-нің «Электрлік (телекоммуникациялық) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу» туралы 243-бабы.

ҚР ҚК-нің 399-бабында көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі Конституцияда кепілдік берілген жоғарыда аталған құқықты бұзуда және арнаулы техникалық құралдарды пайдалану тәртібіне қол сұғуда көрініс табады.

Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі мемлекеттік басқару органдарының (мемлекеттің және оның аппаратының: заң шығарушы және атқарушы билік органдарының, лауазымды адамдардың) қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объект ретінде жеке өмірге қол сұғылмауын, жеке және отбасылық құпияны, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау құқығына кепілдік беретін қоғамдық қатынастар танылады.

ҚР ҚК-нің 399-бабында көзделген қылмыстың нысанасы ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдар болып табылады.

1994 жылғы 15 қыркүйектегі «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы техникалық құралдар — жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ақпаратты алу және құжаттау үшін арнайы функциялары, бағдарламалық қамтамасыз етілуі және конструкциялық ерекшеліктері бар құрылғылар, аппаратуралар, құрал-жабдықтар мен жабдықтар. Мұндай құралдарға, мысалы, акустикалық және бейнеақпаратты жасырын алуға және тіркеуге арналған арнаулы техникалық құралдар; жасырын визуалды бақылауға және құжаттауға арналған құралдар (объективінің диаметрі 2 миллиметрден аспайтын алынбайтын объективі бар бейнекамералар, тұрмыстық заттардың кейпіне жасырылған фотоаппараттар мен бейнекамералар); телефон және өзге де келіссөздерді жасырын тыңдауға және тіркеуге арналған құралдар; техникалық байланыс арналары арқылы ақпаратты жасырын ұстап қалуға және тіркеуге арналған құралдар; пошта хабарламалары мен жөнелтілімдерін жасырын бақылауға арналған құралдар; заттар мен құжаттарды жасырын зерттеуге арналған құралдар; үй-жайларға, көлік құралдарына және басқа да объектілерге жасырын кіруге және оларды тексеруге арналған құралдар (құлыптау құрылғыларын ашуға арналған құралдар, күзет жүйелерін бейтараптандыру құралдары) және басқалары жатады.

ҚР ҚК-нің 399-бабында көзделген қылмыстың объективтік жағы ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау, өндіру, иемдену, өткізу немесе пайдаланудан көрінеді.

Түсіндіріліп отырған баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттерді жасаудың заңсыздығы олардың белгіленген тәртіпті бұза отырып жасалуын білдіреді. Мәселен, 2014 жылғы 16 мамырдағы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды әзірлеу, өндіру, жөндеу және өткізу жөніндегі қызмет лицензиялауға жатады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 шілдедегі «Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар салаларындағы лицензиарды және ақпаратты криптографиялық қорғау саласында екінші санаттағы рұқсат беруге уәкілетті органды айқындау туралы» қаулысына сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды әзірлеу, өндіру, жөндеу және өткізу жөніндегі қызметті лицензиялауды; ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеуді; ақпараттың техникалық арналарының және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдардың жылыстауын анықтау жөніндегі қызметтерді көрсетуді лицензиялауды жүзеге асыратын лицензиар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып табылады.

Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау деп осы техникалық құралдарды құқыққа қайшы түрде дайындауды түсіну керек.

Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз өндіру деп оларды өнеркәсіптік немесе қолдан жасалған тәсілмен дайындауды, тұрмыстық аппаратураны арнайы мақсаттарға бейімдеуді, оны ақпаратты жасырын алуға арналған мақсаттар үшін жаңғыртуды және басқаларын түсіну керек.

Иемдену — қандай да бір нәрсенің иесі, иеленушісі болу, бір нәрсені алу дегенді білдіреді. Иемдену затты өз иелігіне, пайдалануына және билік етуіне кез келген жолмен, ақылы да, ақысыз да (сатып алу, айырбастау, сыйға алу, кепілге алу және т.б. арқылы) алу болып табылады.

Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз иемдену кінәлі адамның арнаулы техникалық құралдың иесі болуына әкеп соғатын заңмен рұқсат етілмеген кез келген әрекетті білдіреді: сатып алу, айырбастау, сыйға алу, қарызды өтеу есебіне алу және т.б.

Егер ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды иемдену тәсілінде дербес қылмыс құрамының белгілері, мысалы, ұрлық белгілері болса, онда әрекет қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша (ҚР ҚК-нің 188 және 399-баптары бойынша) саралануға тиіс.

Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз өткізу — көтерме жеткізу немесе бөлшек сауда-саттық арқылы сату, бартерлік мәміле жасау, сондай-ақ өтеусіз иеліктен шығару нысанында өткізу болып табылады. Көрсетілген әрекеттердің заңсыздығы тиісті арнаулы техникалық құралдардың қолданыстағы қағидаларды бұза отырып өткізілуін білдіреді.

Пайдалану — қандай да бір нәрсені қолдану, іске жарату дегенді білдіреді.

Арнаулы техникалық құралдарды заңсыз пайдалану деп оларды заңнамада белгіленген пайдалану тәртібін бұзатын құқыққа қайшы түрде қолдануды түсіну керек.

Егер ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды пайдалану нәтижесінде адам хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф немесе өзге де хабарламалар құпиясын бұзса, онда әрекет қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша (ҚР ҚК-нің 148 және 399-баптары бойынша) саралануға тиіс.

ҚР ҚК-нің 399-бабында көзделген қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық құрамға жатады. Қылмыс осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің бірін жасаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.

Түсіндіріліп отырған қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адамның ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасайтынын, өндіретінін, иемденетінін, өткізетінін немесе пайдаланатынын сезінеді және осы әрекеттерді жасауды қалайды.

Себеп пен мақсат саралауға әсер етпейді, бірақ жаза тағайындау кезінде сот оларды ескереді.

ҚР ҚК-нің 399-бабында көзделген қылмыстың субъектісі он алты жасқа толған, есі дұрыс кез келген адам бола алады.

ҚР ҚК-нің 399-бабының 2-бөлігінде ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау, өндіру, иемдену, өткізу немесе пайдалану қылмысының саралаушы белгілері көзделген. Олар: әрекетті адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ірі мөлшерде жасау.

«Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша» деген белгінің ұғымы ҚР ҚК-нің 31-бабының 2-бөлігінде берілген.

Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды заңсыз жасау, өндіру, иемдену, өткізу немесе пайдалану деп осындай қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан адамдар қатысқан әрекеттер танылады.

ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес, ҚР ҚК-нің 399-бабындағы ірі мөлшер деп құны бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын арнаулы техникалық құралдардың құнын түсіну керек.

ҚР ҚК-нің 399-бабының 3-бөлігінде осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген (ҚР ҚК-нің 3-бабының 24) тармағына және 31-бабының 3-бөлігіне түсініктемені қараңыз).

ҚР ҚК-нің 399-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.

ҚР ҚК-нің 399-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.

ҚР ҚК-нің 399-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

 

297-1-бап. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi

297-1-бап. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізуҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының      мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру      1...

Толық оқу »

399-бап. Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

399-бап. Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Ақп...

Толық оқу »

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 259-бабына түсініктеме. Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 259-бабына түсініктеме. Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не...

Толық оқу »

297-1-бап. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

297-1-бап. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының 1. Есірткі...

Толық оқу »