Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына түсініктеме. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу
1. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу –
мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы әрекеттер ірі мөлшердегі есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтарына қатысты жасалған болса –
мүлкі тәркіленіп, алты жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттер:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) аса ірі мөлшердегі есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтарына қатысты;
4) лауазымды адамның қызмет бабын пайдалана отырып;
5) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы;
6) қоғамдық орында жасалған болса –
мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасаған болса, сол сияқты есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын білім беру ұйымдарында не көрінеу кәмелетке толмаған адамға өткізу –
мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі ҚК-нің 297-бабында өткізу мақсатында, яғни оларды тарату мақсатында жасалатын құқыққа қайшы әрекеттер туралы сөз болуына байланысты артады.
Қылмыстың объектісі – халықтың денсаулығы.
Қылмыстың нысанасы есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары болып табылады (ҚК-нің 296-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
Объективтік жағы мынадай әрекеттерден көрініс табады: есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту не өткізу (заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау және тасымалдау белгілері туралы ҚК-нің 296-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 297-бабына сәйкес аталған әрекеттердің ерекшелігі олардың өткізу мақсатында жасалуында болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы «Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты істер бойынша заңнаманы қолдану туралы» нормативтік қаулысының 7-тармағына сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз жөнелту деп оларды байланыстың кез келген түрін пайдалана отырып, арнайы жіберілген адам арқылы, сондай-ақ жануарлар мен құстарды пайдалану арқылы жіберу түсініледі. Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шілдедегі «Есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорлары және олардың заңсыз айналымына және теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Заңының 13-бабының 5-тармағына сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды пошта жөнелтілімдерінде, оның ішінде халықаралық жөнелтілімдерде жіберуге тыйым салынады.
Жөнелту қылмысы жөнелтуді ресімдеу, яғни багажды байланыс кәсіпорындарының немесе көлік ұйымдарының ресми өкіліне не жөнелту жүзеге асырылатын адамға тапсырған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Жіберілген есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын адресаттың алған-алмағаны қылмысты саралау үшін маңызға ие емес. Егер қылмыс кінәлі адамға байланысты емес себептер бойынша аяғына дейін жеткізілмесе (мысалы, адам жөнелту түбіртегін ресімдеу кезінде немесе багажды жөнелту үшін буып-түю сәтінде ұсталған болса және тағы басқа), онда оның әрекеттері оларды жөнелтуге оқталу ретінде саралануы тиіс.
Айта кету керек, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз жөнелткені үшін қылмыстық жауаптылық тек жөнелту Қазақстан Республикасының шегінде жүзеге асырылған жағдайда ғана туындайды.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын Кеден одағының кедендік шекарасы немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз жөнелту ҚК-нің 286-бабы бойынша айналымнан алынған немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы ретінде сараланады.
Шетелден есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз жөнелту ҚК-нің 286-бабы бойынша қосымша саралануға жатады.
Жоғарыда аталған Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 9-тармағына сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз өткізу деп оларды өткізудің немесе бір адамның иелігінен екінші адамның иелігіне берудің кез келген заңсыз тәсілдері түсініледі (сату, сыйға тарту, қарызды өтеу есебіне беру, айырбастау, қарызға беру, басқа адамға инъекция арқылы енгізу, оның ішінде «жасырын орындар» (закладкалар), интернет-ресурстар, электрондық әмияндар және тағы басқа құралдарды пайдалану арқылы байланыссыз тәсілмен өткізу).
Егер есірткі затын иесіне оның өтініші немесе келісімі бойынша инъекция арқылы енгізу жүзеге асырылса, онда мұндай әрекет өткізу құрамын құрамайды. Бұл ретте кейбір жағдайларда басқа адамдарға есірткіні инъекция арқылы енгізу кезінде кінәлілердің әрекеттері, егер олар соңғысын есірткіні қабылдауға итермелеген болса, ҚК-нің 299-бабы бойынша есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын тұтынуға көндірумен бірге қылмыстар жиынтығы бойынша сараланатынын атап өткен жөн.
Есірткі құралдарын ұйымдастырылған притондарда немесе осы мақсат үшін берілген үй-жайларда өткізу түрінде көрініс тапқан адамдардың әрекеттері де ҚК-нің 302-бабымен бірге қылмыстар жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Егер кәмелетке толған адам есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын кәмелетке толмағандарға өткізсе, яғни оларды қылмыстық қызметке (есірткі құралдарын сатып алуға) тартса, онда ол ҚК-нің 132-бабының 1-бөлігі, 133-бабының 1-бөлігі және 297-бабы бойынша көзделген қылмыстар жиынтығы үшін жауаптылыққа жатады. Көрінеу кәмелетке толмағандарды есірткі тұтынуға көндіру фактілері анықталған жағдайда – ҚК-нің 299-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша сараланады.
Егер инъекция енгізу арқылы өткізу нәтижесінде АИТВ жұқтыру орын алса, денсаулыққа ауыр зиян келтірілсе немесе адам өлімі туындаса, кінәлінің әрекеттері жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтармен бірге саралануы қажет.
Егер адам алдау жолымен қандай да бір затты, мысалы, мумие затын есірткі ретінде көрсетіп, азаматтардың ақшалай қаражатын немесе мүлкін иемдену мақсатында өткізсе, оның әрекеттері алаяқтық (ҚК-нің 190-бабы) ретінде саралануы қажет. Бұл затты алған адамның әрекеттері есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз иемденуге оқталу ретінде саралануы тиіс, өйткені қылмыс оған байланысты емес себептер бойынша аяқталған жоқ. Осы жолмен алынған қаражат мемлекет кірісіне айналдыруға жатады.
Өткізуді есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын дайындаған адам да, бұған ешқандай қатысы болмаған адамдар да жүзеге асыра алады.
Егер кінәлі адам есірткі құралдарының, психотроптық заттардың немесе олардың аналогтарының нақты иесінің өтініші бойынша оларды өткізуге тікелей қатысса, оның әрекеттері өткізудегі бірлесіп орындаушылық ретінде саралануға жатады.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын өткізуге не сатып алуға делдал болған адамның әрекеттері делдалдың кімнің мүддесі үшін (өткізушінің немесе сатып алушының) әрекет ететініне қарай есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізуге немесе сатып алуға қатысушылық ретінде саралануы тиіс.
Егер адам есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын кейіннен өткізу мақсатында заңсыз дайындаса, өңдесе, иемденсе, сақтаса немесе тасымалдаса, бірақ өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ниетін аяғына дейін жеткізбесе, онда тиісті негіздер болған жағдайда, жасалған әрекет ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігі және ҚК-нің 297-бабының тиісті бөлігі бойынша есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз өткізуге дайындалу ретінде саралануы қажет.
Егер адам жануарларды емдеу мақсатында заңсыз сатып алынған есірткі құралын немесе психотроптық затты пайдаланса, оның әрекеттерінде осы құралдар мен заттарды заңсыз өткізу үшін қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын белгілер болмайды.
Өткізу есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары бір адамның нақты иелігінен екінші адамның иелігіне өткен немесе берілген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Есірткінің берілу сәті ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін атап өткен жөн, мысалы, олар делдал арқылы өткізілген немесе жасырын орындар пайдаланылған жағдайда. Бұл ретте өткізу аяқталған сәтте есірткі өткізілген адам оны әлі алмаған болуы мүмкін.
Субъективтік жағынан қарастырылып отырған қылмыс кінәнің қасақана нысанымен және тек тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының заңсыз айналымын жүзеге асырудың қоғамдық қауіптілігін сезінеді және соны қалайды. Субъективтік жақтың міндетті белгісі – есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жөнелту мақсатының болуы.
Кінәлінің басшылыққа алған ниеті (пайдакүнемдік мақсаттың болуы немесе болмауы, пайда табуға ұмтылуы немесе, керісінше, олардан құтылу, оларды тұтынуды тоқтату және тағы басқа) оның әрекеттерін саралау үшін маңызға ие емес, алайда қоғамдық қауіптілік дәрежесін бағалау үшін елеулі мәнге ие.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындауға, өңдеуге, иемденуге, сақтауға, тасымалдауға қатысты қасақаналықтың бар-жоғын шешу кезінде осы құралдар мен заттардың өткізуге нақты дайындалғанын көрсететін дәлелдемелер жиынтығын негізге алу қажет (мысалы, тек жеке тұтынуды жоққа шығаратын көп мөлшердегі аталған құралдар мен заттардың анықталуы, оларды мөлшерлеп орау, оларды дайындауға немесе мөлшерлеп орауға арналған құралдардың не жабдықтардың болуы, кінәлінің өзі есірткі тұтынбайтыны туралы фактінің анықталуы және тағы басқа) (жоғарыда аталған НҚ-ның 3-тармағы).
Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, егер ол ірі мөлшерден аз мөлшердегі есірткі құралдарына немесе психотроптық заттарға, олардың аналогтарына қатысты жасалса, ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігі бойынша саралануға тиіс.
Қылмыстың субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 297-бабының 2-бөлігі ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекеттер үшін есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтарына қатысты ірі мөлшерде жасалған жағдайда қылмыстық жауаптылық белгілейді. Ірі мөлшердің белгілері ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігіне берілген түсініктемеде көрсетілген. Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының мөлшерін анықтау кезінде ҚК-нің 296-бабына ескертпені басшылыққа алу қажет.
ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі мынадай саралаушы белгілерді көздейді: 1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы; 2) бірнеше рет жасалу; 3) есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтарына қатысты аса ірі мөлшер; 4) лауазымды адамның қызмет бабын пайдалана отырып жасауы; 5) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы жасауы; 6) қоғамдық орында жасауы.
Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы екі немесе одан да көп адамнан тұруы тиіс. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жөнелту мақсатында заңсыз әрекеттер жасаған кезде топтың барлық қатысушылары бірлесіп орындаушылар болуы қажет.
Адамдар тобының алдын ала сөз байласуының белгілері ҚК-нің 31-бабының 2-бөлігінде келтірілген.
ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігінің диспозициясы баламалы сипатта болғандықтан, топтың қатысушысы аталған заңсыз әрекеттердің барлығын да, олардың бірнешеуін де немесе біреуін ғана (тек дайындау немесе тек есірткі өткізу) орындауы мүмкін. Бұл ретте бірлесіп орындаушылық қатарлас сипатта болуы мүмкін, яғни топтың барлық қатысушылары бір уақытта және бір жерде әрекет етеді (есірткі сатып алады, тасымалдайды, өткізеді). Көбінесе бірлесіп орындаушылық дәйекті сипатта болады, яғни әрбір сыбайлас қатысушы объективтік жақтың белгілі бір кезеңін орындайды: бірі дайындайды немесе өңдейді, екіншісі тасымалдайды, үшіншісі сақтайды, төртіншісі өткізеді.
Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы ҚК-нің 12-бабымен реттеледі. Бірнеше рет жасалу белгілерін анықтау кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» нормативтік қаулысын басшылыққа алу қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты істер бойынша заңнаманы қолдану туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, «бірнеше рет» белгісі бойынша есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз иемденген немесе сақтаған не оларды өткізу мақсатында немесе ондай мақсатсыз дайындаған, өңдеген немесе өткізген, егер ол бұрын аталған қоғамдық қауіпті әрекеттердің біреуін немесе бірнешеуін жасаған және ол үшін сотталмаған болса, адамның әрекеттері сараланады. Егер бұрын жасалған қылмыс үшін адам заңда белгіленген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса немесе мұндай қылмыс үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтіп кетсе, қылмыс бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
Егер адам екі әрекет жасаса, олардың бірі ҚК-нің 296-бабының тиісті бөлігі бойынша, ал екіншісі ҚК-нің 297-бабының тиісті бөлігі бойынша саралануға жататын болса, онда бірнеше рет жасалу белгісі болмайды. Бұл әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сараланады.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын бір адамның бірнеше сатып алушыға сатуы немесе бір сатып алушыға екі және одан да көп рет, оның ішінде қысқа уақыт аралығында сатуы, егер әрбір сату фактісінің кінәлі адамның әрбір өткізу фактісін жасауға бағытталған дербес ниетіне сәйкес жүзеге асырылғаны анықталса, есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды, олардың аналогтарын бірнеше рет сату ретінде саралануы мүмкін.
Бірнеше рет жасалуды жалғасатын қылмыстан, яғни бірыңғай ниетпен жасалған қылмыстан ажырату қажет. ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігінің диспозициясы баламалы сипатта болғандықтан, онда көрсетілген әрекеттердің кез келгенін жасау аяқталған қылмыс болып табылады. Сонымен бірге бір партиядағы есірткіге қатысты аталған әрекеттердің барлығын немесе бірнешеуін дәйекті түрде жасау бірнеше рет жасалу белгісін құрамайды. Бірнеше рет жасалған деп есірткінің бірнеше партиясын дайындау, өңдеу, иемдену, өткізу мақсатында сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу, сондай-ақ бір партияны дайындап, екінші партияны тасымалдау танылады.
ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі тек біртектес бірнеше рет жасалу белгісін, яғни ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігінде көзделген екі немесе одан да көп әрекетті бірнеше рет жасауды ғана қарастыратынына назар аудару қажет. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты өзге әрекеттерді жасау бірнеше рет жасалу белгісін құрамайды. Мәселен, есірткінің бір партиясын өткізу мақсатынсыз, ал екінші партиясын өткізу мақсатында иемденуді немесе сақтауды бірнеше рет жасалған деп саралауға болмайды. Бұл жағдайда қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы орын алады және кінәлінің әрекеттері ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігі және ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі бойынша саралануы тиіс. Бұрын жасалған есірткі құралдарын ұрлау немесе бопсалау, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру, есірткі құралдарын тұтынуға көндіру әрекеттері де бірнеше рет жасалу белгісін құрамайды.
ҚК-нің 296, 297-баптарының әртүрлі бөліктерінде көзделген бірнеше қылмыс жасалған кезде бұл әрекеттер тұтастай алғанда аталған баптың неғұрлым қатаң жаза көздейтін және әрбір қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілерін қамтитын бөлігі бойынша ғана саралануға жатады. Бұл ретте қылмыстық заңның аталған баптарының өзге бөліктерінде көзделген әрекеттерге қатысты анықталған саралаушы белгілер айыптау қорытындысына енгізіліп, үкімде көрсетілуі тиіс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аталған нормативтік қаулысының 9-3-тармағына сәйкес, есірткі құралдарын ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, тасымалдау немесе сақтау және оның бір бөлігін бірнеше рет өткізу түрінде көрініс тапқан адамның әрекеттері ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша, ал оның бір бөлігін бір рет өткізу кезінде ҚК-нің 297-бабының 2-бөлігі бойынша саралануға жатады.
Есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, тасымалдау немесе сақтау және оның бір бөлігін бір рет өткізу түрінде көрініс тапқан адамның әрекеттері ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы бойынша саралануға жатады.
Есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, тасымалдау немесе сақтау және оның бір бөлігін бірнеше рет өткізу түрінде көрініс тапқан адамның әрекеттері ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 2) және 3) тармақтары бойынша саралануға жатады.
Бұл ретте кінәлі адамның жасаған барлық әрекеттерінің белгілері, яғни есірткі құралдарын заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, өткізу мақсатында тасымалдау немесе сақтау, сондай-ақ есірткі құралдарын жөнелту және өткізу белгілері айыптау қорытындысына енгізіліп, үкімде көрсетілуі тиіс.
Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының аса ірі мөлшері ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігіне берілген түсініктемеде ашып көрсетілген.
ҚК-нің 297-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген заңсыз әрекеттерді лауазымды адамның қызмет бабын пайдалана отырып жасауы осы қылмыстың қоғамдық қауіптілігін арттырады. Лауазымды адамның ұғымы мен белгілері ҚК-нің 3-бабының 26) тармағында келтірілген.
Бұл жағдайда қылмыстың субъектілері қызметтік міндеттеріне байланысты есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтарына не оларды дайындау немесе өңдеу үшін пайдаланылатын құралдар мен жабдықтарға қол жеткізу мүмкіндігі болған немесе оларға қызметтік пайдалану үшін берілген не күзетуге тапсырылған лауазымды адамдар болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі мынадай мазмұндағы 5) және 6) тармақтармен толықтырылды: «5) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы; 6) қоғамдық орында».
Электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттің экономикасы мен қауіпсіздігі үшін маңызды стратегиялық мәнге ие. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы қаулысымен айқындалған. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жөнелту мақсатында заңсыз әрекеттер жасау немесе оларды өткізу кезінде «электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы» белгісінің көзделуі олардың жалпыға қолжетімді болуына байланысты.
ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекеттерді есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтарына қатысты қоғамдық орында жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілейді. Орынды қоғамдық орынға жатқызуға мүмкіндік беретін негізгі белгілер ҚК-нің 296-бабының 1-бөлігіне берілген түсініктемеде ашып көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес:
«ҚК-нің 297-бабы үшінші бөлігінің 6) тармағында көрсетілген қоғамдық орын деп Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2014 жылғы 23 қыркүйекте № 9744 болып тіркелген Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарламаны немесе рапортты қабылдау мен тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларында көрсетілген орындар түсінілуі тиіс.
ҚПК-нің 113-бабының талаптарына сәйкес, әрекеттің дәл қоғамдық орында жасалған фактісі оның жасалған уақыты, орны, тәсілі және өзге де мән-жайлары анықтала отырып дәлелденуі тиіс. Қылмыстың қоғамдық орында жария түрде жасалуы әрекетті ҚК-нің 297-бабы үшінші бөлігінің 6) тармағы бойынша саралау кезінде міндетті белгі болып табылады».
ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігі ҚК-нің 297-бабының 1, 2 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасағаны үшін, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын білім беру ұйымдарында не көрінеу кәмелетке толмаған адамға өткізгені үшін жауаптылық белгілейді.
Қылмыстық топ ұғымының анықтамасы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде қамтылған.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын білім беру ұйымдарында не көрінеу кәмелетке толмаған адамға өткізу тәсіліне (жария немесе жасырын) қарамастан, ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соғады және ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 6) тармағы бойынша қосымша саралауды талап етпейді. Білім беру ұйымының ұғымын анықтау кезінде Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 40-бабының ережелерін басшылыққа алу қажет.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 40-бабына сәйкес, білім беру ұйымдары деп бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді күтіп-бағуды және тәрбиелеуді қамтамасыз ететін, меншік нысаны мен ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, заңды тұлғалар, сондай-ақ халықаралық мектеп мәртебесі бар заңды тұлғалардың филиалдары, заңды тұлға құрмайтын, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын жеке кәсіпкерлер танылады. Іске асырылатын білім беру бағдарламаларына байланысты білім беру ұйымдары мынадай типтерге бөлінеді:
«1) мектепке дейінгі ұйымдар;
орта білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта);
техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары;
орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары;
2018 жылғы 4 шілдедегі № 171-VI Қазақстан Республикасының Заңымен алып тасталған;
жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары;
мамандандырылған білім беру ұйымдары;
арнайы білім беру ұйымдары;
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары;
балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары;
ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары.
Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді (4-тармақ)».
Осылайша, көрсетілген білім беру ұйымдарында есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу кезінде кінәлі адамның әрекеттері ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігінің белгілеріне жатады.
Кәмелетке толмағандар деп он сегіз жасқа толмаған адамдар танылады.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 1-бабының 2) тармағына сәйкес, бала деп он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам танылады.
Бұл белгіні кінәлі адамға тағу үшін көрінеулік шартының болуы қажет, яғни оның есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын он сегіз жасқа толмаған адамға өткізіп отырғанын анық білуі тиіс. Бұл ретте кінәлі адам жәбірленушінің жасынан әрдайым хабардар болмауы мүмкін. Алайда жәбірленушінің нақты деректері, физикалық және психикалық жай-күйі оның алдында кәмелетке толмаған адамның тұрғанын бірмәнді түрде көрсетуі тиіс.
Егер кінәлі адам жәбірленушінің жасына қатысты адал түрде қателессе және сыртқы белгілер оның кәмелетке толмаған жасын көрсетпесе, онда құқыққа қайшы әрекеттерді ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігі бойынша осы белгімен саралауға негіз жоқ.
Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды, олардың аналогтарын білім беру ұйымдарында не көрінеу кәмелетке толмаған адамға өткізу тәсіліне (жария немесе жасырын) қарамастан, ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соғады және ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 6) тармағы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
ҚК-нің 297-бабының әртүрлі бөліктерінде көзделген бірнеше қылмыс жасалған жағдайда, бұл әрекеттер тұтастай алғанда аталған баптың неғұрлым қатаң жаза көздейтін және әрбір қылмыстың белгілерін қамтитын бөлігі бойынша ғана саралануға жатады.
ҚК-нің 297-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстар санатына жатады.
ҚК-нің 297-бабының 3 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар