Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 146-бабына түсініктеме. Үйқамақ
1. Үйқамақ күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстамай, бірақ осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен судья белгілеген шектеулерді қолдана отырып, қоғамнан оқшаулаудан тұрады.
2. Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үйқамақ қолданылған кезде мынадай бір немесе бірнеше шектеулер қолданылуы мүмкін:
1) тұрғынжайдан толықтай немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу;
2) осы бөліктің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефон арқылы сөйлесуге, хат-хабар жіберуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;
3) белгілі бір адамдармен қарым-қатынас жасауға және өзіне қандай да бір адамдарды қабылдауға тыйым салу;
4) электрондық бақылау құралдарын қолдану және осы құралдарды өзімен бірге алып жүру міндетін жүктеу;
5) бақылау телефон қоңырауларына немесе өзге де бақылау сигналдарына жауап беру, телефон арқылы қоңырау шалу немесе анықтау органына не күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының мінез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын басқа органға белгіленген уақытта жеке өзі келу міндеттерін жүктеу;
6) күдіктіге, айыпталушыға немесе олардың тұрғынжайына бақылау орнату, сондай-ақ олардың тұрғынжайын немесе тұрғынжай ретінде бөлінген үй-жайды күзету;
7) күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын және қоғамнан оқшаулануын қамтамасыз ететін өзге де шаралар.
Қажет болған жағдайда күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқына қадағалау белгіленеді.
Үйқамаққа алынған адамның тұрғынжайдан шығуына белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалауды жүзеге асыру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган тәуліктің кез келген уақытында оның тұрғылықты жерінде болуын тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен және түнгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның үйқамаққа алынған адамның тұрғынжайында болуы осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және отыз минуттан аспауға тиіс.
3. Соттың үйқамақ туралы қаулысында күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулер белгіленеді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам көрсетіледі.
4. Үйқамақ мерзімі, оны ұзарту тәртібі осы Кодекстің 151 және 547—551-баптарында белгіленген қағидалармен айқындалады.
5. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын орындау тәртібі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен айқындалады.
Ескертпе. 146-бапқа Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Үйқамақты неғұрлым ізгілікті және алдын алу сипатындағы бұлтартпау шарасы ретінде қарастыра отырып, оны күзетпен ұстауға балама шара ретінде қарастыру қажет. Сондықтан үйқамақты таңдаудың процестік нысаны, оның мерзімдері және оларды ұзарту тәртібі күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауды таңдау қағидалары бойынша айқындалады (ҚПК-нің 146-бабының 1, 4-бөліктері).
Үйқамақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, істі соттың сот талқылауына дайындау кезінде, басты сот талқылауы барысында таңдалуы мүмкін.
«Үйқамақ» деген сөз осы бұлтартпау шарасы қолданылған адамның міндетті түрде өзінің тұрғынжайында болуын білдірмейді. Үйқамақтағы адамның болатын орындары әртүрлі болуы мүмкін, алайда олар адамды күзетпен ұстауды қолдану қажеттілігінсіз қоғамнан оқшаулау туралы заң талабын қамтамасыз етуге тиіс. Кейде мұндай орындарды таңдау оған қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану қажеттілігімен айқындалады.
Үйқамаққа санкция беру сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тергеу судьясының, ал сот сатыларында соттың құзыретіне жатады. Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында үйқамақты таңдаудың процестік нысаны ҚПК-нің 147—148-баптарымен, яғни күзетпен ұстауды таңдаудың шарттарына, негіздеріне, дәйектілігі мен тәртібіне ұқсас түрде реттеледі.
Үйқамақты қолдану міндетті түрде күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға бұлтартпау шарасын қолдану мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін бір немесе бірнеше шектеулер белгілеумен қатар жүреді. Шектеулер тізбесі түпкілікті болып табылмайды және іс-әрекеттің ауырлығына, қылмыстық құқық бұзушылық субъектісінің жеке басына байланысты болады (ҚПК-нің 146-бабы 2-бөлігінің 1—7) тармақтары). Бұл шектеулер күдіктіге, айыпталушыға міндетті түрде түсіндірілуге және қажет болған жағдайда олардың отбасы мүшелеріне жеткізілуге тиіс.
Сонымен бірге, Жоғарғы Сот нақтылап, атап көрсеткендей, үйқамаққа санкция беру кезінде соттар күдіктінің, айыпталушының жүріп-тұру бостандығын шектеу және ҚПК-нің 146-бабының екінші бөлігінде көзделген тыйымдар ақылға қонымды шектерде қолданылуға тиіс екенін ескеруі қажет. Шектеулер адамның отбасы мүшелерімен байланысуына, өзінің қорғаушысымен қарым-қатынас жасауына, өмірлік қажетті әрекеттерді жүзеге асыруына, мысалы, медициналық көмек алуына және т.б. кедергі келтірмеуге тиіс. Үйқамақ күдіктінің, айыпталушының қылмыс жасалған немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан жер болып табылмайтын Қазақстанның басқа өңіріндегі нақты тұратын жері бойынша қолданылуы мүмкін (Жоғарғы Соттың 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысының 19-тармағы).
Үйқамақты қолдану кезінде негіздер болған жағдайда іс бойынша анықталуға жататын мән-жайларды дәлелдеу мүддесінде жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге жол беріледі (ҚПК-нің 30-тарауы).
Әдетте, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында үйқамаққа алынған адамның мінез-құлқын және оның үйқамақ шарттарын сақтауын қадағалау қылмыстық қудалау органдарына жүктеледі, ал сот сатыларында — үйқамақ туралы қаулыда көрсетіле отырып, нақты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына немесе оның лауазымды адамына жүктеледі (ҚПК-нің 146-бабының 2—3-бөліктері).
Шектеулердің ішінде заң тұрғынжайдан толықтай немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салуды көздейді. Күдіктінің, айыпталушының осы шектеуді орындауын тексеру тәуліктің кез келген уақытында жүргізілуі мүмкін (күндізгі уақытта екі реттен және түнгі уақытта бір реттен артық емес), алайда тексерушінің аталған адамдардың тұрғынжайына кіру құқығы жоқ. Адамның тұрғылықты жерінде болуын тексеру мақсатында тұрғынжайға кіруге, себептеріне қарамастан, тексерілетін адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен ғана жол беріледі және ол отыз минуттан аспауға тиіс (ҚПК-нің 146-бабының 2-бөлігі).
Кепіл сияқты, үйқамақ та белгілі бір ерекшеліктерімен, соның ішінде оны қолдану процесіне (таңдау кезінде) қылмыстық-процестік қызмет субъектілерінің кең ауқымының тартылуымен сипатталады. Сондықтан қылмыстық сот ісін жүргізу практикасының мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен (2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген) үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын орындау қағидалары бекітілді (Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 29 тамыздағы № 564, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 2 қыркүйектегі № 86, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2014 жылғы 4 қыркүйектегі № 290, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 11 қыркүйектегі № 394 және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2014 жылғы 12 қыркүйектегі № 4 бірлескен бұйрығы, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 22 қыркүйекте № 9741 болып тіркелген).
Бұйрықтың қабылдануы ҚПК-нің 146-бабының 5-бөлігінде көзделген.
Қылмыстық істер бойынша үйқамақты таңдаудың жаңа тәртібін ескере отырып, оның негізгі ережелерін келтірген орынды.
Сонымен, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын орындау қағидаларына сәйкес, үйқамақта ұстау орны қылмыстық процесті жүргізетін органмен айқындалады. Бұл тұрғынжай, аурухана, клиника, пансионат, өзге де орындар және жалға алынған үй-жайлар болуы мүмкін (4-тармақ).
Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезеңінде туыстарының және өзге де адамдардың тұрғынжай беруіне жол беріледі. Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға туыстары мен таныстары тұрғынжай берген жағдайда, қылмыстық процесті жүргізетін органға олардың, сондай-ақ олармен бірге тұратын кәмелетке толған адамдардың жазбаша келісімі қажет (5-тармақ).
Күдікті, айыпталушы, сотталушы үйқамақта болған кезеңде өзінің тұрақты тұрғылықты жерінен басқа жерде тұрғынжайды жалдау шартын жасасқан жағдайда, шартта жалға беруші мен жалға алушының құқықтары мен міндеттері, тұрғынжайды пайдалану мерзімдері мен қағидалары, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, жалға алушының тұрғынжайды жарамды күйде ұстау жөніндегі жауапкершілігі, шартты мерзімінен бұрын бұзу мәселелері көзделеді. Жалға беруші жалға алушы тарапынан тұрғынжайды жалдаудың негізгі мақсаты туралы міндетті түрде хабардар етілуге тиіс, бұл ретте қосалқы жалға беруге жол берілмейді (6-тармақ).
Тергеу судьясының (соттың) қаулысы күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға жарияланған сәттен бастап дереу сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына беріледі және дереу орындалуға жатады (7-тармақ).
Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үйқамақ қолданылған кезде тергеу судьясы (сот) қылмыстық істердің тергелу ретіне сәйкес қадағалауды жүзеге асыратын органды көрсетеді. Үйқамақтың орындалуын қадағалауды жүзеге асыру сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін адамға тапсырылмауға тиіс. Белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам өз бастамасы бойынша күдіктінің, айыпталушының, сотталушының құқықтарын шектейтін қосымша шектеулер белгілеуге құқылы емес (8-тармақ).
Анықтау органының бастығы, әскери бөлімнің командирі тергеу судьясының (соттың) аталған орган қызмет көрсететін аумақта тұратын күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты қаулысын алған кезде күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға тергеу судьясының (соттың) қаулысымен жүктелген шектеулерді орындауды қадағалауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшені айқындайды және құрылымдық бөлімшенің басшысына күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны есепке қоюды және оның мінез-құлқына қадағалауды қамтамасыз етуді дереу тапсырады (9-тармақ).
Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының үйқамақты және тергеу судьясы (сот) белгілеген шектеулерді орындауын қадағалау бұлтартпау шарасының үйқамақ түрін есепке алу журналына бұлтартпау шарасын таңдау туралы ақпарат енгізілген сәттен басталады (10-тармақ).
Бұлтартпау шарасын таңдау туралы ақпаратты қадағалауды жүзеге асыру жүктелген адам үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын есепке алу журналына енгізеді. Осындай мәліметтер болған жағдайда интеграцияланған ақпараттық-іздестіру жүйелеріне де енгізіледі (11-тармақ).
Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын есепке алу журналы кезекші бөлімде сақталады және нөмірленуге, тігілуге, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінде тіркелуге және органның мөрімен бекітілуге тиіс (12-тармақ).
Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған күдіктілерді, айыпталушыларды, сотталушыларды дереу есепке қоюды бақылау аталған адамдарға қадағалауды жүзеге асыру тапсырылған құрылымдық бөлімшелердің басшыларына жүктеледі (13-тармақ).
Орган немесе лауазымды адам күдіктінің, айыпталушының, сотталушының үйқамақты және тергеу судьясы (сот) белгілеген шектеулерді орындауын қадағалауды тергеу судьясының (соттың) қаулысының қолданылу мерзімі аяқталғаннан, осы бұлтартпау шарасы өзгертілгеннен немесе күші жойылғаннан, үкім шығарылғаннан немесе қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін тоқтатады (14-тармақ).
Үйқамақтағы күдікті, айыпталушы, сотталушы туралы ақпарат үйқамақтағы адамды қадағалау жөніндегі бақылау-қадағалау ісінде жинақталады (15-тармақ).
Бақылау-қадағалау ісіне мыналар тіркеледі: тергеу судьясы (сот) қаулысының данасы; егер бұлтартпау шарасы сот талқылауы кезінде қолданылса, анықтаушыны, тергеушіні немесе сотты адамның есепке қойылғаны туралы хабардар ету жөніндегі хаттың көшірмесі; бұлтартпау шарасын қолдану туралы тергеу судьясының (соттың) қаулысын күдіктіге (айыпталушыға, сотталушыға) жариялау және оның көшірмесін тапсыру туралы хаттаманың көшірмесі; үйқамақтағы күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға арналған сауалнама парағы; үйқамақтағы күдіктінің, айыпталушының, сотталушының мінез-құлқына қадағалауды жүзеге асыру туралы мәліметтер, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының мінез-құлқын тексеру нәтижелері туралы рапорттар; егер бұлтартпау шарасы сот талқылауы кезінде қолданылса, прокурорға, анықтаушыға, тергеушіге немесе сотқа күдіктінің, айыпталушының, сотталушының өзіне жүктелген міндеттерді бұзғаны туралы хабарлау жөніндегі хаттардың көшірмелері; қадағалау іс-шараларына қатысты басқа да құжаттар және осы мәселе бойынша хат алмасу (16-тармақ).
Бақылау-қадағалау ісі қызметтік үй-жайда қызметкерге бекітілген сақтау орнында (сейфте, металл шкафта) сақталады, ол сенімді түрде жабылып, мөрленеді. Тергеу судьясының, соттың қаулысының қолданылуы тоқтатылғаннан кейін күдіктінің, айыпталушының, сотталушының мінез-құлқына тікелей қадағалауды жүзеге асырған қызметкер бақылау-қадағалау ісін белгіленген тәртіппен сақтау үшін құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесіне тапсырады (17-тармақ).
Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының мінез-құлқына тікелей қадағалауды жүзеге асыру тапсырылған құрылымдық бөлімшенің қызметкері:
күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын есепке алу журналына дереу есепке қояды. Осындай мәліметтер болған жағдайда интеграцияланған ақпараттық-іздестіру жүйелеріне де енгізіледі;
күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға таңдалған бұлтартпау шарасының мәнін, тергеу судьясының (соттың) қаулысында көрсетілген шектеулер мен міндеттерді түсіндіреді. Күдіктіге (айыпталушыға, сотталушыға) бұлтартпау шарасын таңдау туралы тергеу судьясының (соттың) қаулысын түсіндіру және оның көшірмесін тапсыру туралы хаттама жасайды. Хаттама тергеушіге, анықтаушыға, прокурорға немесе егер бұлтартпау шарасы сот талқылауы кезінде қолданылса, сотқа жіберіледі, хаттаманың көшірмесі бақылау-қадағалау ісіне тіркеледі.
Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға тыйым салынған уақытта тұрғынжайдан шығу ниеті туралы, атап айтқанда, тергеушіден, анықтаушыдан, прокурордан шақыру, сот шақыруын алу; тергеушінің, анықтаушының, прокурордың немесе соттың рұқсатымен уақытша кету; ауруға шалдығу, табиғи апаттардың туындауы жағдайларында кезекші бөлімге және оның мінез-құлқына тікелей қадағалауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшенің қызметкеріне хабарлау қажеттігі туралы жазбаша түрде ескертеді.
Жүктелген шектеулер орындалмаған жағдайда прокурордың, тергеушінің (анықтаушының) прокурормен келісу бойынша ҚПК-нің 153-бабына сәйкес тергеу судьясына (сотқа) бұлтартпау шарасын күзетпен ұстауға өзгерту немесе қосымша міндеттер жүктеу туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар екенін түсіндіреді;
күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны суретке түсіреді, сауалнама парағын жасайды. Бір тәулік ішінде бақылау-қадағалау ісін ресімдейді;
үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны есепке қойғаны туралы бір тәулік ішінде тергеушіге, анықтаушыға, прокурорға немесе егер бұлтартпау шарасы сот талқылауы кезінде қолданылса, сотқа жазбаша хабарлайды. Хабарламаның көшірмесін бақылау-қадағалау ісіне тіркейді.
Тергеушіге, анықтаушыға, прокурорға немесе сотқа жолданатын хабарламада мынадай жағдайларда жазбаша түрде (факс арқылы, электрондық пошта арналары бойынша) хабарлау қажеттігі көрсетіледі:
адамды шақыру немесе оған елді мекеннен шығуға рұқсат беру жағдайында — үйқамақты орындау орнынан кететін күнге дейін алдын ала, бірақ бір тәуліктен кешіктірмей; бұлтартпау шарасын өзгерту, ақтау үкімін шығару немесе қылмыстық істі тоқтату жағдайында — қабылданған шешім туралы ақпарат алынғаннан кейін дереу, бірақ 24 сағаттан кешіктірмей;
егер тергеу судьясының (соттың) қаулысында көрсетілген тұрғылықты жерінде болмауына және оның орналасқан жері бір тәулік ішінде анықталмауына байланысты күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны есепке дереу қою мүмкін болмаған жағдайда, бұл туралы тергеушіге, анықтаушыға, прокурорға немесе егер бұлтартпау шарасы сот талқылауы кезінде қолданылса, судьяға хабарлайды;
егер тергеу судьясының, соттың қаулысымен күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға электрондық бақылау құралын алып жүру міндеті жүктелсе, электрондық қадағалау құралдарын пайдаланады;
күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тұрғылықты жерінде болуын тәуліктің кез келген уақытында тексереді. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен және түнгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның үйқамаққа алынған адамның тұрғынжайында болуы осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және отыз минуттан аспауға тиіс.
Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының шарттар мен шектеулерді бұзғаны туралы ақпарат болған жағдайда уәкілетті орган түнгі уақытта қосымша тексеру жүргізеді;
күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тұрғынжайына барған әрбір жағдайдың нәтижелері туралы рапорт жасайды, оны анықтау органының бастығына баяндағаннан кейін бақылау-қадағалау ісіне тіркейді.
Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының мінез-құлқын тексеру бойынша қабылданған шаралардың нәтижелері, осы ретте анықталған бұзушылықтар және олар бойынша қабылданған ден қою шаралары туралы ақпаратты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын есепке алу журналында көрсетеді;
тергеу судьясының (соттың) үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту, бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою туралы қаулысы келіп түскен кезде үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын есепке алу журналына тиісті белгі қояды;
күдіктінің, айыпталушының, сотталушының мінез-құлқына қадағалауды тоқтату туралы анықтау органының бастығына уәжді рапортпен баяндайды. Анықтау органының бастығының жазбаша рұқсатымен адамды есептен шығарады, бұл туралы үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын есепке алу журналына тиісті белгі қояды.
Ерекше жағдайларда, күдікті, айыпталушы, сотталушы үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын орындауға тиіс тұрақты тұрғылықты жері сот қадағалауды жүзеге асыру міндетін жүктеген органнан шалғай қашықтықта орналасқан кезде уәкілетті орган аумақтық ішкі істер органының анықтау органы арқылы қадағалауды жүзеге асыру туралы өтінішхат шығарады. Көрсетілген өтінішхат прокурорға жіберіледі, ол 24 сағаттан кешіктірмей тексерулер жүргізу туралы тапсырма береді. Мұндай жағдайларда тексерулер жүргізу туралы тапсырмаға міндетті түрде бақылау-қадағалау ісінің көшірмесі, сондай-ақ сот бақылау міндетін жүктеген лауазымды адамның және органның байланыс телефондары қоса беріледі.
Бақылауды жүзеге асыру туралы тапсырманы алған кезде ішкі істер аумақтық органының бастығы құрылымдық бөлімшенің басшысына сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тұрғылықты жері бойынша тексерулер жүргізуді тапсырады.
Құрылымдық бөлімшенің басшысы қадағалауды нақты лауазымды адамға тапсырады, ол тұрғылықты жері бойынша тексерулер жүргізе отырып, бақылау-қадағалау ісін толтырады және осы қызметке қатысты мәселелер мен анықталған бұзушылықтар бойынша бақылаушы органмен тұрақты байланыста болады (18-тармақ).
Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының өзіне жүктелген шектеулерді бұзғанын куәландыратын мән-жайлар анықталған жағдайда тікелей қадағалауды жүзеге асыру тапсырылған құрылымдық бөлімшенің қызметкері:
жүктелген міндеттердің бұзылғаны туралы фактіні уәжді рапорт жасау арқылы тіркейді. Анықталған бұзушылықтарға қатысты күдіктіден, айыпталушыдан, сотталушыдан, оның отбасы мүшелерінен, көршілерінен немесе оқиғаға куә болған басқа адамдардан жазбаша түсініктемелер алады. Жасалған рапорттың және алынған түсініктемелердің мазмұнын анықтау органының басшысына баяндайды;
анықталған бұзушылық фактілері туралы тергеушіні, анықтаушыны және прокурорды байланыс құралдары арқылы ауызша түрде дереу және 24 сағаттан кешіктірмей жазбаша хабардар етеді, ал егер қылмыстық іс жүргізу соттың қарауында болса, сотқа хабарлайды. Ақпараттық хат пен рапорттың көшірмелері бақылау-қадағалау ісіне тіркеледі;
күдікті, айыпталушы, сотталушы тұрғылықты жерінде болмаған жағдайда бұл туралы қадағалауды жүзеге асыратын органның кезекші бөліміне дереу хабарлайды және оның орналасқан жерін анықтау шараларын қабылдайды (19-тармақ).
Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының үйқамақты орындау орнында болмағаны және оның орналасқан жері анықталмағаны туралы ақпарат алынған жағдайда, осы бұлтартпау шарасын таңдаған адам бұлтартпау шарасын күзетпен ұстауға өзгерту туралы шешім қабылдайды (20-тармақ).
Үйқамақта отырған күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тұрғылықты жерінде оның өміріне немесе денсаулығына қауіп төнгені (өрт, авария, табиғи немесе техногендік сипаттағы апат, дүлей зілзала және т.б.) немесе оның ауырып, денсаулық сақтау мекемелерінде стационарлық емдеуге жатқызылғаны туралы хабарлама келіп түскен жағдайда, анықтау органының бастығы хабарламада көрсетілген мән-жайларды тексеруді дереу ұйымдастырады.
Мұндай хабарламаларды тексеру олар келіп түскен сәттен бастап 24 сағаттан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Алынған ақпарат расталған жағдайда, тергеушіге, анықтаушыға, прокурорға немесе егер бұлтартпау шарасы сот талқылауы кезінде қолданылса, сотқа қаулыда көрсетілген орын бойынша күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға одан әрі қадағалауды жүзеге асыру мүмкін еместігі туралы хабарлама жіберіледі (21-тармақ).
Анықтау органының бастығы тергеу судьясының (соттың) қаулыларын орындау бойынша құрылымдық бөлімшелердің жұмысын ұйымдастырады және бақылайды. Осы мақсатта:
үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған күдіктілерді, айыпталушыларды, сотталушыларды дереу есепке қою және олардың мінез-құлқына қадағалау жүргізу бөлігінде тергеу судьясының (соттың) қаулыларын орындау бойынша бағынысты бөлімшелердегі істің жай-күйін зерделейді;
кемінде аптасына бір рет үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын есепке алу журналын жүргізуді, бақылау-қадағалау істерінің қалыптастырылуын тексереді, бұл туралы тиісті белгі қойылып, күні және жеке қолы көрсетіледі (22-тармақ).
Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының орындалуын тиісінше қадағаламағаны үшін тікелей қадағалауды жүзеге асыру тапсырылған құрылымдық бөлімшенің қызметкері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады (23-тармақ).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы — заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Марат Чекишұлы Қоғамов.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар