Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 16-бабына түсініктеме. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық
- 1. Хат-хабар алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф және өзге де хабарламалар құпиясы
- 2. Азаматтардың жеке өмірі, жеке және отбасылық құпиясы заңның қорғауында болады. Әркімнің жеке салымдары мен жинақтарының, хат-хабар алмасуының, телефон арқылы сөйлесулерінің, пошта, телеграф және өзге де хабарламаларының құпиясына құқығы бар.
- 3. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде әркімге жеке (дербес және отбасылық) өміріне қол сұғылмаушылық құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.
- 4. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкімнің адамның жеке өмірі туралы ақпаратты оның келісімінсіз жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға құқығы жоқ.
- Осы Кодексте көзделген тәртіппен алынған адамның жеке өмірі туралы ақпарат қылмыстық процестің міндеттерін орындау үшін ғана пайдаланылуы мүмкін.
- Ешкім де жеке және отбасылық өміріне ерікті түрде араласуға, тұрғын үйіне қол сұғылмаушылыққа, хат-хабар құпиясына немесе ар-намысы мен беделіне ерікті түрде қол сұғуға ұшырамауға тиіс. Әрбір адам осындай араласудан немесе осындай қол сұғушылықтан заңмен қорғалуға құқылы, — деп Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 12-бабында жарияланған. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңдармен шектелуі мүмкін, — деп ҚР Конституциясының 39-бабының 1-тармағында бекітілген. Түсіндіріліп отырған норма халықаралық құжаттың, Конституцияның 18-бабының ережелерін қайталайды және қылмыстық процестің конституциялық қағидаты болып табылады.
- Жеке өмір құпиясы (жеке және отбасылық) азаматтың оны қорғау құқығын, оның ішінде хат-хабар алмасу, телефон арқылы сөйлесу, күнделіктер, жазбалар, хаттар, интимдік өмір, бала асырап алу, туу, дәрігерлік, адвокаттық құпия, банктік салымдар құпиясын қамтиды. Жеке өмір құпиясын жария етуге заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда ғана жол беріледі (АК-нің 144-бабы). Мәселен, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады (ҚК-нің 147-бабы). Хат-хабар алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф немесе өзге де хабарламалар құпиясы да қылмыстық заңның қорғауында болады (ҚК-нің 148-бабы). Атап айтқанда, ҚР-ның 2013 жылғы 21 мамырдағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, дербес деректерді қорғау мынадай мақсаттарда құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қоса алғанда, шаралар кешенін қолдануды қамтиды: 1) жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа, жеке және отбасылық құпияға құқықтарды іске асыру; 2) олардың тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету; 3) олардың құпиялылығын сақтау; 4) оларға қол жеткізу құқығын іске асыру; 5) оларды заңсыз жинау мен өңдеудің алдын алу. Осыған байланысты құпиялылықты сақтау және оны бұзғаны үшін жауаптылық істер бойынша кез келген іс жүргізуді жүзеге асырудың аса маңызды қағидалары болып табылады (ҚПК-нің 13-бабына түсініктемені қараңыз).
- Осы нормада көзделген құқықтарды шектеу қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруге байланысты орын алуы мүмкін және ҚПК-де көзделген тергеу әрекеттерін жүргізуден тұрады: куәландыру (223—224-баптар), тінту, алу (252—256-баптар), жасырын тергеу әрекеттері (231-бап), үлгілерді алу (262—269-баптар), сараптама (270—287-баптар).
- Қылмыстық істер бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын, жасырын тергеу әрекеттерін, қарсы барлау іс-шараларын жүргізу кезінде жеке өмір саласына елеулі түрде араласу орын алады. Осыған байланысты заңнама бұл бөлігінде де алынған ақпаратты заңды және негізді пайдалануды талап етеді.
- Мәселен, Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңына сәйкес, осы Заңда көзделмеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге, сондай-ақ оларды жүргізу барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді (5-баптың 1-тармағы); жедел-іздестіру қызметінің нәтижесінде алынған, егер оларда заңмен тыйым салынған әрекеттерді жасау туралы ақпарат болмаса, адамның жеке өміріне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты мәліметтер сақтауға жатпайды және жойылуға тиіс (5-баптың 5-тармағы).
- Осыған ұқсас, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 28 желтоқсандағы «Қарсы барлау қызметі туралы» Заңы қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ оның барысында алынған ақпаратты осы Заңда көзделмеген міндеттерді шешу үшін пайдалануға жол бермейді (5-баптың 1-тармағы). Бұдан басқа, қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерге жол берілмейді (5-баптың 2-тармағы).
- ҚПК де осы мәселелерді осылайша түсінеді, ол жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге және оларды жүргізу барысында алынған ақпаратты осы кодексте көзделмеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін пайдалануға тыйым салады (ҚПК-нің 232-бабының 9-бөлігі).
- Жеке салымдар мен жинақтардың құпиясы ҚР-ның 1995 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының қорғау нысаны болып табылады. Банктік құпияға банктер клиенттері мен корреспонденттері, олардың операциялары және банктік қызметтер алуға байланысты банктермен өзара қарым-қатынастары туралы мәліметтер, оның ішінде шектелмей: банктік шоттар мен банктер корреспонденттерінің шоттарының болуы, иелері мен нөмірлері, осы шоттардағы және банктің өзінің шоттарындағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы, аталған шоттар бойынша шектеулер (мемлекеттік органдардың шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері және (немесе) өкімдері, тыйым салулар, кепілдер), клиенттер мен корреспонденттердің және банктің өзінің операциялары (банктік операцияларды жүргізудің жалпы талаптарын қоспағанда), сондай-ақ банктің сейфтік жәшіктерінде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауда тұрған клиенттердің мүлкінің болуы, иелері, сипаты мен құны туралы мәліметтер, клиенттердің кредиттер алуы туралы ақпарат (осы бапта айқындалған жағдайларды қоспағанда), банктік шот ашпай-ақ орындалған операцияларды қоса алғанда, төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша операцияларды жүргізу туралы ақпарат жатады. Таратылу процесіндегі банктің берген кредиттері туралы мәліметтер банктік құпияға жатпайды.
- Банктер өз депоненттерінің, клиенттері мен банктер корреспонденттерінің операциялары мен шоттары бойынша құпияны, сондай-ақ банктердің сейфтік жәшіктерінде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауда тұрған мүліктің құпиясын және банктік құпияны құрайтын өзге де мәліметтерді сақтауға кепілдік береді. Азаматтық талап қою бөлігінде үкімнің орындалуын, басқа да мүліктік өндіріп алуларды немесе мүлікті ықтимал тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында банктер мен кредиттік мекемелердегі шоттар мен салымдарда тұрған ақша қаражаты мен өзге де құндылықтарға тыйым салуды анықтаушы, тергеуші тергеу судьясының немесе облыстық және оған теңестірілген сот судьяларының санкциясымен жүргізеді. Бұл ретте аталған шоттар бойынша барлық шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегінде тоқтатылады («Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 50, 51-баптары, ҚПК-нің 160—164-баптары).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме авторы — Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заң қызметі Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстанның Заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар