Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабына түсініктеме. Қылмыстық сот ісін жүргізу тілі
- 1. Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүзеге асырылады, қазақ тілімен қатар сот ісін жүргізуде орыс тілі ресми түрде қолданылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдер де қолданылады.
- 2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажеттілігі туындаған жағдайда, сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы дәлелді қаулы шығарады.
- 3. Іске қатысатын, іс бойынша іс жүргізілетін тілді меңгермеген немесе жеткілікті дәрежеде меңгермеген адамдарға өз ана тілінде немесе өздері меңгерген басқа тілде мәлімдемелер жасау, түсініктемелер мен айғақтар беру, өтінішхаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы беріледі.
- 4. Қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын адамдарға басқа тілде жазылған іс материалдарының өздеріне қажетті бөліктерінің қылмыстық сот ісін жүргізу тіліне аудармасы тегін қамтамасыз етіледі. Сот процесіне қатысатын адамдарға сот отырысында басқа тілде жүргізілетін сот жарыссөздерінің бөлігін сот ісін жүргізу тіліне аудару өтеусіз қамтамасыз етіледі.
- 5. Қылмыстық процесті жүргізетін органдар процеске қатысушыларға осы Кодекске сәйкес тапсырылуға жататын құжаттарды сот ісін жүргізу тілінде табыс етеді. Бұл ретте қылмыстық сот ісін жүргізу тілін меңгермеген адамдар үшін өздері таңдаған сот ісін жүргізу тілінде жазылған құжаттың куәландырылған көшірмесі қоса беріледі.
Қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, заңдылықты және өзге де қағидаттарды сақтау, егер қылмыстық процесті жүргізетін органдардың сот ісін жүргізу тілін қамтамасыз етуінің маңыздылығы көрсетілмесе, толық болмайды. Бұл қағидаттың өзектілігі Конституцияда мемлекеттік (қазақ) және ресми (орыс) тілдердің белгіленуімен (7-бап), сондай-ақ әркімнің ана тілін пайдалану құқығымен (19-баптың 2-тармағы) негізделеді. Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады. Қазақстан Республикасында сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүзеге асырылады, қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдер де пайдаланылады. Басқа тілдерді қолданудың қажетті жағдайларына белгілі бір тілде процестік әрекеттер жасау және шешімдер қабылдау сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ететін мән-жайлар жатады (2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 2-тармағы).
Іс бойынша іс жүргізу кезінде сот ісін жүргізу тілін сақтаудың маңыздылығына ҚПК нормалары да нұсқайды: егер күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам немесе ақталған адам сот ісін жүргізілетін тілді меңгермесе, қылмыстық іс бойынша қорғаушының міндетті түрде қатысуы көзделеді; егер бірінші сатыдағы сотта сотталушының немесе жәбірленушінің ана тілін немесе өзі меңгерген тілді пайдалану құқығы не аудармашының қызметтерін пайдалану құқығы бұзылса, үкім апелляциялық және басқа да соттар тарапынан кез келген жағдайда күшін жоюға жатады (ҚПК-нің 436-бабы үшінші бөлігінің 5) тармағы, 494-бабының 9-бөлігі). Сот ісін жүргізу тілін меңгермеген адамдарға сот ісін жүргізу тіліндегі кәдімгі ауызекі сөйлеуді нашар түсінетін, осы тілде өз ойын еркін жеткізе алмайтын, ауызша сөйлеу кезінде және мәтіндерді оқу барысында қиындықтарға тап болатын адамдар жатады.
Қылмыстық істер бойынша іс жүргізу тілі (қазақ, орыс және басқа тілдер) қылмыстық істі өз өндірісіне қабылдау туралы қаулы шығарумен бір мезгілде немесе қылмыстық процесті жүргізетін органның жеке процестік шешімімен айқындалуға тиіс. Қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу тілі іс бойынша іс жүргізу барысында қылмыстық процесті жүргізетін органның дәлелді шешімімен өзгертілуі мүмкін.
ҚПК-нің 30-бабы нормаларының мазмұнынан туындайтындай, сот ісін жүргізу тілі іс жүргізуге қатысушыларға қажетті процестік құжаттарды аудару немесе аудармашының көмегі арқылы қамтамасыз етіледі (ҚПК-нің 85-бабы). Аталған қызметтер қылмыстық процеске қатысушыларға тегін көрсетіледі. Осыған байланысты ҚПК сот құрамының, прокурорлардың, тергеушілердің, анықтаушылардың аудармашы функцияларын қоса атқаруына жол бермейді, бұл сот ісін жүргізу тілі қағидатын өрескел бұзу ретінде бағалануға тиіс. Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылыққа тартылатын, жаза өтеп жүрген адамдарды аудармашы ретінде пайдалануға мүлдем жол берілмейді.
Сондай-ақ қазіргі уақытта қылмыстық процестегі тергеу және сот қызметінде аудармашының қатысуымен қатар қорғалған портативті электрондық екіжақты дауыстық аудармашылардың әлеуетті мүмкіндіктерін пайдалану артық болмас еді.
ҚПК-нің 30-бабының нормаларында заң бойынша қылмыстық процеске қатысушыларға міндетті түрде табыс етілуге жататын құжаттар сот ісін жүргізу тілін меңгермеген адамдар үшін қосымша түрде осы адамдар таңдаған сот ісін жүргізу тілінде жазылған құжаттың куәландырылған көшірмесі түрінде ресімделетіні көзделген (5-бөлік). Аталған процестік құжаттарға мыналар жатқызылуы мүмкін: күдіктіге табыс етілетін күдікті, азаматтық жауапкер деп тану, іс-әрекетті саралау, ұстап алу, бұлтартпау шарасын қолдану, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулылардың көшірмелері (ҚПК-нің 64-бабының 7-бөлігі); айыпталушыға табыс етілетін прокурор бекіткен айыптау актісінің, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманың және тағы басқалардың көшірмелері (ҚПК-нің 65-бабы); процеске қатысушыларға табыс етілетін қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының көшірмесі (ҚПК-нің 289-бабының 3-бөлігі); жәбірленушіге табыс етілетін оны жәбірленуші деп тану немесе одан бас тарту, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулылардың, айыптау актісінің, сондай-ақ бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы сот үкімдері мен қаулыларының көшірмелері (ҚПК-нің 71-бабының 6-бөлігі); азаматтық талапкерге (ҚПК-нің 73-бабының 2-бөлігі) және азаматтық жауапкерге (ҚПК-нің 74-бабының 2-бөлігі) табыс етілетін мәлімделген азаматтық талапқа қатысты процестік шешімдердің көшірмелері және т.б.
2020 жылғы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар