Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 173-бабына түсініктеме. Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры
- 1. Жәбірленушілер Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен өтемақы алуға құқылы.
- 2. Мәжбүрлі төлемді сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 98-1 және 98-2-баптарына сәйкес өндіріп алады.
- 3. Өтемақы ретінде төленген ақшаны өтеу міндетін сот Қазақстан Республикасының «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» Заңында белгіленген мөлшерде мына тұлғаларға жүктейді:
- 1) кінәлі адамға;
- 2) қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдеріне;
- 3) жеке тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зияны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болатын заңды тұлғаға.
- 4. Осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) және 12) тармақтарында, 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардан Қазақстан Республикасының «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» Заңында белгіленген мөлшерде ақшаны азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына өндіріп алуға негіз болып табылады.
- 5. Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорынан жәбірленушілерге төленген ақша өтемақы алу үшін олардың дәйексіз мәліметтер ұсынғаны фактісі анықталған, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасының «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» Заңының 6-бабында көзделмеген құрамдарға қайта сараланған және қылмыстық іс тоқтатылған не қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты соттың ақтау үкімі заңды күшіне енген жағдайларда жәбірленушіден өндіріп алынуға жатады.
- Ескерту. 173-бап Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 132-VI Заңының редакциясында (2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі).
2018 жылғы 10 қаңтарда ҚПК-нің 173-бабының 1-бөлігінің талаптарын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» Заңы қабылданды. Осы Заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдері оның 13-бабында көрсетілген. Қазақстан Республикасында жәбірленушілерге келтірілген зиянды өтеу қорын құру қылмыс құрбандары үшін әзірленген әмбебап сипаттағы халықаралық құжаттардың талаптарына сәйкес келеді және қылмыстық процесс саласындағы осы бағытта қалыптасқан халықаралық тәжірибені қайталайды.
Мәселен, 1985 жылғы 29 қарашадағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 40/34 қарарымен қабылданған Қылмыс пен билікті теріс пайдаланудан зардап шеккендерге қатысты сот төрелігінің негізгі қағидаттары декларациясының 12-тармағында тікелей былай деп көрсетілген: «Құқық бұзушыдан немесе басқа да көздерден өтемақыны толық көлемде алу мүмкін болмаған жағдайларда мемлекеттер қаржылық өтемақы беруді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға тиіс:а) ауыр қылмыстардың нәтижесінде елеулі дене жарақаттарын алған немесе дене не психикалық денсаулығына айтарлықтай зиян келген жәбірленушілерге;б) осындай виктимизацияның нәтижесінде қайтыс болған немесе дене не психикалық тұрғыдан еңбекке қабілетсіз болып қалған адамдардың отбасыларына, атап айтқанда, олардың асырауындағы адамдарға».
13-тармақта: «Жәбірленушілерге өтемақы беруге арналған ұлттық қорларды құруға, нығайтуға және кеңейтуге жәрдемдесу қажет. Қажет болған жағдайда осы мақсаттар үшін басқа да қорлар, оның ішінде жәбірленуші азаматы болып табылатын мемлекет оған келтірілген зиянды өтей алмайтын жағдайларда да құрылуы мүмкін» деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасының қылмыстық процесіндегі зиянды өтеу қоры қылмыстық құқық бұзушылықтан немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті әрекетінен зардап шеккен, аталған әрекеттер қылмыстық қудалау органының шешімімен осындай деп танылған жәбірленушілерге арналған және оларға Заңда көзделген ақшалай қаражатты барынша жедел (кідіріссіз) әрі толық көлемде беруді қамтамасыз етуге бағытталған. Өйткені олардың талап қою талаптарын қанағаттандыру мәселесі бірден шешіле бермейді, белгілі бір уақытты талап етеді, ал келтірілген зиянның сипаты (мүліктік, дене жарақаты) жәбірленушіні, оның отбасы мүшелерін және жақын туыстарын қиын өмірлік жағдайға душар етеді (ҚПК-нің 173-бабының 1-бөлігі).
Өтемақы төлеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган өтемақы алушылардың орталықтандырылған тізілімін қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган ұсынған күннен кейінгі он күнтізбелік күннен кешіктірмей өтемақы алушылардың банк шотына жүзеге асырады (9-баптың 1-тармағы). Ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда өтемақы төлеу бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган арқылы Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорының қаражаты Заңның 10-бабының 1-тармағында көрсетілген көздер есебінен толықтырылған кезде жүзеге асырылады (9-баптың 2-тармағы).
«Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» Заңға сәйкес, онда жекелеген қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары бойынша жәбірленушілерге өтемақы төлеуді қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздер айқындалады. Қордың мақсаты – арнайы заңнамалық актіде белгіленген жағдайларда, тәртіппен, мөлшерде және мерзімдерде белгілі бір санаттағы жәбірленушілерге ақшалай өтемақы түрінде жедел берілетін ақша қаражатын жинақтау (ҚПК-нің 173-бабының 1-бөлігі, 673-бабының 2-бөлігі). Осылайша, қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккен жәбірленушілердің барлығы бірдей осы Қордың мүмкіндіктеріне үміт арта алмайды. Ақшалай өтемақы қылмыстық процесте азаматтық талап қоюды қараудың процестік нысаны шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды толық қалпына келтіруді алмастырмайтынын атап өту маңызды.
«Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» Заң төрт тараудан тұрады: «Жалпы ережелер», «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу тәртібі», «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорын қалыптастыру көздері», «Қорытынды ережелер».
Атап айтқанда, Заңның 1-бабының 1—3) тармақшаларына сәйкес, жәбірленушінің құқықтарына ие тұлғаларға ҚПК-ге сәйкес жәбірленушінің заңды өкілдері мен өкілдері, құқық мирасқорлары жатқызылады (1) тармақша); Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры – жәбірленушілерге өтемақы төлеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ақша түсімдерін есепке жатқызу және жәбірленушілерге өтемақы төлеуді жүргізу үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты (2) тармақша); өтемақы – Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес жәбірленуші деп танылған адамға Заңда белгіленген тәртіппен біржолғы ақша төлеу (3) тармақша); регрестік талаптар – жәбірленушілерге өтемақы ретінде төленген ақшаны қайтаруды қамтамасыз ету жөнінде прокуратура органдарының Заңның 1-бабында көрсетілген тұлғаларға қатысты қабылдайтын шаралары (4) тармақша). Жәбірленушілерге өтемақы төлеу жөніндегі қызмет мынадай қағидаттарға негізделеді: 1) заңдылық; 2) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау; 3) қолжетімділік (3-бап).
Заңда қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақты айқындалған, олар мыналарды қамтиды (4-бап): жәбірленушіге Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтемақы алу құқығын түсіндіру (1) тармақша) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 1) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі); өтемақы тағайындау туралы шешім қабылдау үшін қажетті ақпаратты сұрату (2) тармақша) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 2) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі); негіздер болған кезде Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтемақы тағайындау (3) тармақша) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 3) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі); өтемақы алушылардың орталықтандырылған тізілімін жүргізу (4) тармақша) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 4) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі); өтемақы тағайындау туралы шешім шығарылғаннан кейінгі айдың он бесіне дейін өтемақы алушылардың орталықтандырылған тізілімін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыну (5) тармақша) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 5) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі); негізсіз төленген өтемақыны қайтару мәселелерін реттейтін бірлескен нормативтік құқықтық актіні әзірлеу және бекіту (6) тармақша).
Заңның 6-бабының мағынасында жәбірленушілерге қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен жеке тұлғалардың мынадай тобы жатады: жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші болып табылатын кәмелетке толмағандар, адам саудасына және азаптауға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші деп танылған адамдар (ҚК-нің сегіз бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары бойынша өтемақы мөлшері – 30 АЕК (6-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы, 7-баптың 1-тармағы); денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдар (ҚК-нің 36 бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары бойынша өтемақы мөлшері – 40 АЕК (6-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы, 7-баптың 2-тармағы); жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жәбірленушінің құқықтарына ие тұлғалар (ҚК-нің 41 бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары бойынша өтемақы мөлшері – 50 АЕК (6-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы, 7-баптың 3-тармағы); егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жәбірленуші деп танылған кезден бастап өтемақы алуға құқылы.
7-баптың 4-тармағында Заңның 6-бабы 1-тармағының 1—3) тармақшаларында көзделген бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккен деп танылған кезде өтемақы мөлшері қылмыстық құқық бұзушылықтардың біреуі үшін белгіленген өтемақының үлкен мөлшеріне кіші мөлшерін сіңіру жолымен айқындалатыны туралы ескерту қамтылған.
Заңда өтемақы тағайындау тәртібі де жан-жақты реттелген (8-бап). Атап айтқанда, адам жәбірленуші деп танылғаннан кейін оған өтемақы тағайындау туралы өтінішпен қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органға жүгінуге құқылы (1-тармақ), ол өтінішті тіркелген күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қарауға міндетті (2-тармақ). Сонымен қатар өтініш беру мерзімінің ескіру мерзімі адам жәбірленуші деп танылған күннен бастап үш жылды құрайды (3-тармақ). Өтініш беру мерзімі өткізіліп алынған жағдайда жәбірленуші немесе жәбірленушінің құқықтарына ие тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы сотқа жүгінуге құқылы (4-тармақ).
Жәбірленушінің немесе жәбірленушінің құқықтарына ие тұлғаның өтінішін қарау құрылымы мыналарды қамтиды: 1) өтінішті қарау; 2) өтінішті қарау нәтижелері туралы жәбірленушіге немесе жәбірленушінің құқықтарына ие тұлғаға қабылданған шешімге шағым жасау құқығын түсіндіре отырып, жазбаша нысанда хабарлау (5-тармақ).
Өтемақы тағайындау немесе оны тағайындаудан бас тарту туралы шешімді қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органның уәкілетті басшысы қабылдайды (6-тармақ).
Өтемақы тағайындау мынадай құжаттардың негізінде жүзеге асырылады (6-тармақ): 1) жәбірленушінің немесе жәбірленушінің құқықтарына ие тұлғаның өтініші; 2) жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттың не жәбірленушінің құқықтарына ие тұлғаның жеке басын және өтемақы алуға құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері; 3) банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған жәбірленушінің немесе жәбірленушінің құқықтарына ие тұлғаның банк шотының нөмірі туралы мәліметтер; 4) қылмыстық процесті жүргізетін органның адамды жәбірленуші деп тану туралы қаулысының көшірмесі; 5) жәбірленушінің денсаулығына келтірілген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесін растайтын құжаттың көшірмесі; 6) жәбірленуші қайтыс болған жағдайда – оның қайтыс болғаны туралы куәліктің немесе жәбірленушінің қайтыс болғанын растайтын өзге де құжаттың көшірмесі. Қайтыс болған адамның отбасының барлық мүшелеріне бір өтемақы төлемі тағайындалады. Бір отбасының мүшелері болып табылатын әрбір қайтыс болған адамға жеке өтемақы төлемі тағайындалады. 6-тармақтың 1—3) тармақшаларында көзделген құжаттарды жәбірленуші немесе жәбірленушінің құқықтарына ие тұлға ұсынады, қажет болған жағдайда олар өзге де құжаттарды ұсына алады. Жәбірленуші немесе жәбірленушінің құқықтарына ие тұлға ұсынылған құжаттардың дұрыстығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 6-тармақтың 4—6) тармақшаларында көзделген құжаттарды қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган қамтамасыз етеді. Өтемақыны негізсіз тағайындау және оны алушылардың орталықтандырылған тізіліміне енгізу үшін қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органның уәкілетті басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Осы Заңда өтемақы тағайындаудан бас тарту негіздері де көзделген, оларға мыналар жатады (8-баптың 7-тармағы): осы Заңда көзделген негіздердің болмауы (1) тармақша); өтініш беру мерзімін өткізіп алу (2) тармақша); дәйексіз құжаттарды ұсыну (3) тармақша); кінәлі адамның жәбірленушіге келтірілген зиянды толық көлемде өтеуі (4) тармақша); қылмыстық процесті жүргізетін органның адамды жәбірленуші ретінде қатысуын тоқтату туралы қаулысы (5) тармақша). Өтемақы тағайындаудан бас тарту туралы шешімге жәбірленуші немесе жәбірленушінің құқықтарына ие тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.
Қор мынадай салықтық емес көздер есебінен қалыптастырылады (10-бап): сот өндіріп алатын мәжбүрлі төлемдер (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 1) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі) (1-тармақтың 1) тармақшасы); ҚПК-нің 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 156 және 165-баптарында көзделген процестік міндеттерді орындамағаны және сот отырысындағы тәртіпті бұзғаны үшін жәбірленушіге, куәға, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға, адвокатты, прокурорды және сотталушыны қоспағанда, сот салатын ақшалай өндіріп алулар (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 2) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі) (1-тармақтың 2) тармақшасы); соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі шығарылған және түзеу жұмыстары түріндегі жаза тағайындалған сотталған адамнан өндіріп алынатын ақшалай өндіріп алулар (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 3) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі) (1-тармақтың 3) тармақшасы); регрестік талаптар тәртібімен өндіріп алынған ақша (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 4) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі) (1-тармақтың 4) тармақшасы); Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 5) тармақша Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі) (1-тармақтың 5) тармақшасы).
Сот айыптау үкімін шығарған кезде кінәлі адамдардан Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына ҚК-нің 98-1 және 98-2-баптары негізінде мәжбүрлі төлем өндіріп алынады (2-тармақ) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 2-тармақ Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі).
Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры ақшасының қалдықтары мемлекеттік бюджетке алып қоюға (аударуға) жатпайды (3-тармақ) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 3-тармақ Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі).
Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына инкассалық өкімдер қоюға жол берілмейді (4-тармақ) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 4-тармақ Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі).
Заңның жеке бір бабы регрестік талаптарға арналған (11-бап). Атап айтқанда, жәбірленушілерге өтемақы ретінде төленген ақшаны өтеу жөніндегі кінәлі адамдарға қатысты регрестік талаптарды прокуратура органдары сотта мемлекеттің мүдделерін білдіру және қорғау шеңберінде қояды (1-тармақ). Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорынан жәбірленушілерге төленген ақша сот арқылы мына тұлғалардан да өндіріп алынуға жатады: қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінен (2-тармақтың 1) тармақшасы); жеке тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зияны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болатын заңды тұлғалардан (2-тармақтың 2) тармақшасы); қылмыстық қудалауына қатысты ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 3—4), 12) тармақтарында немесе 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша іс тоқтатылған тұлғалардан (2-тармақтың 3) тармақшасы); өтемақы алу үшін дәйексіз мәліметтер ұсынғаны фактісі анықталған, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар Заңның 6-бабында көзделмеген құрамдарға қайта сараланған және қылмыстық іс тоқтатылған не қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты соттың ақтау үкімі заңды күшіне енген жағдайларда жәбірленушіден (2-тармақтың 4) тармақшасы) (ҚР НҚА эталондық бақылау банкіне ескерту! 11-бап Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі).
Заңды өкілдер мен заңды тұлғалар ҚК-нің 921—923, 925—928, 930—931-баптарында көзделген талаптар мен негіздер болған кезде әрекетті жасаған адамның орнына төлем жасауға міндетті екенін атап өту қажет (ҚПК-нің 173-бабының 2-бөлігінің 2—3) тармақшалары).
Әдетте, мәжбүрлі төлем адам жасаған нақты қылмыстық құқық бұзушылық үшін алынады. Егер адам қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығын жасап, оларды жасағаны үшін кінәлі деп танылса, мұндай төлемнің мөлшері сот үкімімен белгіленген олардың ішіндегі ең ауыр қылмыстық құқық бұзушылыққа қарай есептеледі. Қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобы жасаған жағдайда мәжбүрлі төлем әрбір кінәлі адамнан жеке-жеке өндіріп алынады (Заңның 10-бабының 2-тармағы).
Адамды ақтамайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылған кезде: рақымшылық актісіне байланысты, егер ол жасалған әрекеттер үшін жазаны қолдануды жоятын болса (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағы); қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағы); ҚК ережелеріне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 12) тармағы) – жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін төлем өндіріп алу мәселесі прокурордың мемлекет пен жәбірленушілердің мүддесі үшін берген талап қоюы бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешіледі (ҚПК-нің 58-бабының 2-бөлігі, 173-бабының 3-бөлігі).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Когамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік даулар Қазақстанның заң компаниясы https://zakonpravo.kz/ Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Норма Нота Қағида Бағдарлама Жарғы Хартия Келісімшарт Меморандум Әдістеме Ереже Жолдау Конвенция Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар