Тұрғын үй комиссияларының шешімдеріне дау айту туралы талап қоюлар бойынша дәлелдемелер және дәлелдеу
ӘПК-нің 129-бабына сәйкес, дау айту туралы талап қоюлар бойынша дәлелдеу ауыртпалығы әкімшілік органға жүктелгеніне қарамастан, органның/тұрғын үй комиссиясының иелігінде мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу жүйелерінде қамтылған деректер ғана болады. ЖАО шешімдер қабылдау кезінде, әдетте, кезекте тұрған азаматтардан қосымша құжаттарды талап етпейді.
Сонымен бірге, тұрғын үй даулары бойынша дәлелдеу сипаты заңмен қорғалатын немесе мазмұнына байланысты тек талап қоюшы ұсына алатын мәліметтерді (ипотекалық шарттар, банктерден анықтамалар, жұмыс орнынан, оқу орнынан анықтамалар, қызметтік тізімдер), сондай-ақ жеке сипаттағы мәліметтерді (отбасы құрамы туралы мәліметтер) ұсынуды талап етеді.
Осылайша, дәлелдемелер ретінде:
а) ЖАО тұрғын үй комиссияларының кезекте тұрған азаматтардың тізімінен шығару туралы шешімдеріне дау айту туралы талап қоюлар бойынша талап қоюшылар мынадай құжаттарды ұсына алады:
- кезекте тұруға жататын санатқа жатқызылғанын растайтын құжаттар (персоналды басқару бөлімдерінен алынған қызметтік тізімдер, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнынан анықтамалары, мүгедектігі туралы анықтамалар, барлық балаларының туу туралы куәліктері, некені бұзу туралы куәліктер, отбасының барлық мүшелерінің мүлікке тіркелген құқықтарының бар-жоғы туралы анықтамалар және т.б.);
- тұратынын (елден шықпағанын) растайтын дәлелдемелер ретінде талап қоюшылар оқу орнынан, жұмыс орнынан анықтамаларды, куәлардың айғақтарын, учаскелік полиция инспекторларының рапорттарын (мінездемелерін) ұсынады.
Тұрғылықты жері бойынша тіркелу тарихын соттар көші-қон полициясынан сұратуға мәжбүр, өйткені ПСО АЖ жүйесінің базасында тек ағымдағы деректер ғана бар (ПСО АЖ жүйесінде тұрақты/уақытша тіркелу/тіркеуден шығу күндері көрсетілген тарих жоқ), ал eGov веб-қосымшаларындағы жеке кабинеттерде мұндай деректер ұсынылмайды.
Жауапкерлер ретінде:
- есепке қою туралы шешімдер;
- тұрғын үй комиссиясының кезектен шығару туралы шешімдері;
- kezekte.kz ақпараттық жүйесіндегі мәліметтер;
- кезекте тұрған азаматтардың істері бойынша материалдар ұсынылады.
б) Тұрғын үй комиссияларының тұрғын үйге мұқтаж деп тану және БТЖ, ТЖВ төлеу туралы шешімдеріне дау айту туралы талап қоюлар бойынша мынадай құжаттар ұсынылады:
талап қоюшылар:
- сатып алу құқығымен жалдау шарттары;
- ипотекалық шарттар;
- мүліктің бар-жоғы/жоқтығы туралы анықтамалар;
жауапкерлер:
- тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою туралы тұрғын үй комиссиясының шешімдері;
- есептен шығару туралы шешімдер;
- БТЖ – ТЖВ төлеуден бас тарту туралы шешімдер;
- мүліктің бар-жоғы/жоқтығы туралы анықтамалар;
- жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар;
- қызметтік тізімдер;
- шарт мерзімінің аяқталуына байланысты жұмыстан босату туралы бұйрықтар және т.б.;
- кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй төлемдерін алушылардың істері бойынша материалдар.
ӘПК-нің 129-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, талап қоюшы өзінің мүмкіндіктеріне қарай дәлелдемелерді жинауға қатысуға міндетті. Талап қоюдың берілген түріне қарамастан, талап қоюшы өзінің құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын білген уақытын, сондай-ақ шеккен залалдарының мөлшерін дәлелдеуге міндетті.
Көп жағдайда тұрғын үй алуға есепте тұрған тұлғаға не оның өкіліне уәкілетті орган кезектен шығарылғаны немесе басқа санаттағы кезекке ауыстырылғаны туралы хабарламайды, ал Заңның есептен шығару туралы 73-бабының 3-тармағына сәйкес мүдделі тұлғалар есептен шығару туралы шешім қабылданғаннан кейін он күн ішінде есептен шығарудың негіздері көрсетіле отырып, жазбаша түрде хабардар етілуге тиіс.
Осыған байланысты сот талап қоюды беру мерзімін өткізіп алуды қалпына келтіру мәселесін қараған кезде жауапкер талап қоюшының кезектен шығарылғаны немесе басқа санатқа ауыстырылғаны туралы жазбаша хабарламаны, оның мүдделі тұлғаға жеткізілгені және/немесе табыс етілгені туралы белгісімен бірге дәлелдеме ретінде ұсынуға міндетті.
Мұндай дәлелдемелердің болмауы талап қоюды сотқа беру мерзімін өткізіп алуды құрметті себеппен болған деп тануға негіз болып табылады.
Татуластыру рәсімдері
ӘПК жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша татуластыру рәсімдерін жүргізу мүмкіндігін көздейді, сонымен бірге тараптардың татуласуына жауапкердің әкімшілік қалау өкілеттігі болған жағдайда жол беріледі. Заңнама нормаларының мұндай ережесі азаматтың, заңды тұлғаның бұзылған құқықтарын мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның дауланған актінің күшін жоюы, қандай да бір әрекетті тоқтатуы арқылы қалпына келтіруге болатындығына байланысты негізді болып табылады.
Тараптар өзара жол берілген жеңілдіктер негізінде әкімшілік істі әкімшілік процестің барлық сатыларында (кезеңдерінде), сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, татуласу туралы келісім, медиация туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы толық немесе ішінара аяқтай алады.
Соттың тараптарды татуластыру жөнінде шаралар қабылдауы және оларға процестің барлық сатыларында дауды реттеуге жәрдемдесуі әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттерінен туындайды. Тараптардың талаптарына қатысты бейтарап ұстанымды сақтай отырып, сот тараптарға татуластыру рәсімдерін жүргізу құқығын және осындай келісімдерді жасасудың құқықтық салдарын түсіндіреді.
Сонымен бірге, әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде ӘПК қағидаттарын (соттың белсенді рөлі, әділдік, мөлшерлестік), процестік мәжбүрлеу шараларын (ақшалай өндіріп алу) және татуластыру рәсімдерін қолдану талданатын санаттағы істерді қараудың сапасын едәуір арттырды.
Мәселен, соттың белсенді рөлі қағидатын іске асыру дауды соттың шешуіне немесе даудың бейбіт жолмен реттелуіне не істі қараудың перспективаларын түсіндіруге байланысты талап қоюдан бас тартуға ықпал етеді. Мысалы, жауапкер дауланып отырған актінің күшін өзі жояды немесе соның нәтижесінде дау нысанасының болуы тоқтатылатын әрекеттерді жүзеге асырады.
Соттылық
Тұрғын үй құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар бойынша істерді қарау кезінде дауларды шешу үшін соттылық қағидаларын сақтау, талап қоюға құқығы бар тұлғалардың талап қоюы, талап қоюдың нысанасын дұрыс айқындау ерекше маңызға ие.
Соттылық ӘПК-нің 102, 103 және 106-баптарының қағидалары бойынша айқындалады. Талап қоюшының өтініші бойынша мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың соттылығына жатқызылған істер, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада, облыс орталықтарында орналасқан мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттарға соттылығы жататын істерді қоспағанда, талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша сотта қаралуы мүмкін.
ӘПК-нің 103-бабына сәйкес, әскери соттар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жатқан азаматтардың талап қоюлары бойынша әкімшілік істерді, егер жауапкер әскери басқару органдары, әскери бөлім болып табылса, басқа мамандандырылған соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, қарайды.
Егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында әскери сот құрылмаған болса, оның соттылығына жатқызылған әкімшілік істерді осы Кодексте белгіленген тәртіппен мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар қарайды.
Талдау көрсеткендей, соттарға келіп түскен талап қоюлардың басым бөлігі соттылық қағидалары сақтала отырып қабылданған және соттарда қандай да бір қиындықтар туғызбайды.
Сонымен бірге, өңірде әскери сот болған жағдайда ТЖВ тағайындау туралы талап қоюлар бойынша істердің соттылығын дұрыс айқындауға қатысты мәселелер туындайды.
Мәселен, ТЖВ қолданыстағы әскери қызметшілерге тағайындалады және олар бойынша даулардың соттылығы әскери соттардың құзыретіне жатқызылады. Ал ЕЖВ әскери қызметші жұмыстан босатылған кезде тағайындалады және даудың тараптарының бірі әскери қызметші мәртебесін жоғалтқандықтан, арнайы соттылық енді қолданылмайды.
Соттардың қалыптасқан практикасын ескере отырып, соттылықты дұрыс айқындау конституциялық норманың сақталуына байланысты маңызды болып табылатынын және әкімшілік істер бойынша оның сақталуы ӘПК-нің 102, 103-баптарына сәйкес қамтамасыз етілуге тиіс екенін атап өтеміз.
Іс бойынша іс жүргізу тәртібі
ӘПК-нің 146, 148-баптарының нормаларына сәйкес, әкімшілік іс ақылға қонымды мерзімдерде, бірақ талап қою берілген күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қаралады және шешіледі.
Сот талқылауы ӘПК-нің 147-бабында белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, ҚР Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Сот тараптардың келісімімен әкімшілік істі талап қою берілген күннен бастап ақылға қонымды мерзімде, бірақ үш айдан аспайтын мерзімде жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарауға құқылы.
Сот талап қоюды тіркегеннен кейін, алдын ала тыңдау және сот талқылауы кезеңдерінде соттың белсенді рөлі шеңберінде талап қоюшылардың дұрыс құқықтық ұстанымын қалыптастыруға жәрдем көрсетуді қамтамасыз етеді.
Көрсетілген санаттағы істердің басым бөлігі республика соттарында жоғарыда көрсетілген талаптар сақтала отырып қаралған.
Іске қатысатын тұлғалардың шеңбері
ӘПК-нің 26-бабына сәйкес әкімшілік процеске қатысушылар талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор болып табылады.
Бұл ретте тұрғын үй даулары бойынша ӘПК-нің 31-бабының ережелеріне сәйкес прокурор, әдетте, іске қатыспайды.
Іске қатысатын тұлғалардың шеңберін талап қоюшы сотқа талап қою берген кезде айқындайды. Сотқа талап қоюмен жүгінуге құқығы бар тұлғалар Заңның 67–68-баптарында көрсетілген.
Сот алдын ала тыңдау барысында құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделері әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетпен (әрекетсіздікпен) қозғалуы мүмкін тұлғалардың шеңберін анықтайды, кейіннен олар ӘПК-нің тиісті бабына сәйкес мүдделі тұлғалар ретінде іске тартылады.
Талдау көрсеткендей, әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің ТЖВ және ЕЖВ төлемдеріне байланысты талап қоюлары бойынша жауапкерлер ретінде тұрғын үй комиссиялары шешім шығарған тиісті аумақтық әкімшілік орган (әскери бөлімдер, ҚАЖК мекемелері, полиция департаменттері, желілік бөлімдер, күзет қызметтері және т.б.) қатысады. Қажет болған жағдайда жоғары тұрған мемлекеттік орган (Комитет, Министрлік) мүдделі тұлға ретінде іске тартылады.
Азаматтардың ЖАО-ға берген талап қоюлары бойынша жауапкер ретінде әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі және/немесе ТКШ бөлімі, тұрғын үй қатынастары бөлімі тартылады.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 31-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйін салуды және оны бөлуді ұйымдастырады.
Заңның 77-бабының 1-тармағына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үй өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органның шешімімен тұрғын үй комиссиясының шешімі негізінде беріледі.
Тұрақты негізде жұмыс істейтін ЖАО-ның тұрғын үй комиссиялары ЖАО жанынан құрылады. Уәкілетті орган болып тұрғын үй беретін ЖАО табылады.
Әрбір нақты жағдайда талап қоюшының талаптарының нысанасы мен негіздеріне, жауапкердің қарсылықтарына, қолданылуға жататын заңдарға, уәкілетті органдардың құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне қарай жауапкерлерді дұрыс айқындау қажет.
Тиісті емес жауапкерге талап қою берілген жағдайда, сот ӘПК-нің 16, 116-баптарына сәйкес, дауды қарау кезінде созбалаңға жол бермеу мақсатында талап қоюшыға тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыру тәртібін ӘПК-нің 29-бабына сәйкес түсіндіруге тиіс.
Жергілікті соттардың практикасына сүйенсек, тұрғын үй комиссияларының мүшелерін жауапкерлер ретінде іске тартудың қажеттілігі жоқ.
Талап қоюды қанағаттандыру туралы сот шешімін әкімшілік орган, әкім немесе ТКШ бөлімі орындайды. Заңды күшіне енген сот шешімдерін орындауға байланысты қиындықтар мен проблемалық мәселелер орын алмайды.
Талап қоюды беру мерзімдері
(мерзімдерді қалпына келтіру практикасы)
Талап қоюды беру мерзімдері ӘПК-нің 20-тарауында көзделген, атап айтқанда, ӘПК-нің 136-бабымен реттеледі.
Жалпы қағида бойынша, құрметті себеппен өткізіп алынған талап қоюды беру мерзімін сот ҚР Азаматтық процестік кодексінде белгіленген қағидалар бойынша қалпына келтіре алады. Талап қоюды сотқа беру мерзімін өткізіп алу себептері және олардың әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы сотпен алдын ала тыңдау барысында анықталады.
Талап қоюды сотқа беру мерзімінің құрметті себепсіз өткізіп алынуы, сондай-ақ өткізіп алынған сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтаруға негіз болып табылады.
Сонымен бірге, ӘПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімге қатыспаған, бірақ құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актімен қозғалатын тұлға әкімшілік актінің қабылданғанын білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей, сотқа талап қою беруге құқылы.
Процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану
Істі қарау барысында процестік заңнама нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда, ӘПК-нің 18-тарауына сәйкес процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
ӘПК-нің 127-бабына сәйкес сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерін орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелерді ұсыну, сот белгілеген тапсырмаларды дәлелді себептерсіз белгіленген мерзімді бұза отырып орындау жағдайларында, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына әкеп соқса, әрбір әрекеті (әрекетсіздігі) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолдануға құқылы.
Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы тұлғаның сот отырысына келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, пікірді уақтылы ұсынбағаны, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген тәртіп қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемейтінін анық көрсететін өзге де әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Сот шешімін, тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы сот ұйғарымын орындамағаны үшін сот жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады және сол сот актісінде оны орындау мерзімін көрсетеді, бұл мерзім бір айдан аспауға тиіс.
Талданатын кезең ішінде соттарда ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану практикасы қалыптасты.
Осы санаттағы даулар бойынша ақшалай өндіріп алу көбінесе жауапкерлерге мынадай себептер бойынша қолданылады:
- пікірді уақтылы ұсынбау;
- әкімшілік іс материалдарын уақтылы немесе толық көлемде ұсынбау;
- дәлелді себепсіз сот отырысына келмеу (немесе онлайн форматта қосылмау).
Пайдаланылған қысқартулар:
ӘПК – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі
АПК – Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі
АК – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі
ЖС НҚ – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы
АЖ – ақпараттық жүйе
ЖС ӘСК – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ӘСК немесе алқа – әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
МАӘС – мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот
ІІМ – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі
ҚМ – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі
ҰҚК – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті
БП – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
ТЖД – Төтенше жағдайлар департаменті
АМО – арнаулы мемлекеттік органдар
ПД – Полиция департаменті
ТЖВ – тұрғын үй төлемдері
БТЖ – біржолғы тұрғын үй төлемдері
МТҚ – мемлекеттік тұрғын үй қоры
ЖАО – жергілікті атқарушы органдар
Тұрғын үй даулары мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- ӘПК;
- АК;
- АПК;
- Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы (бұдан әрі – Тұрғын үй қатынастары туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы (бұдан әрі – Мемлекеттік мүлік туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы (бұдан әрі – Әскери қызмет туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңы (бұдан әрі – Құқық қорғау органдары туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңы (бұдан әрі – Құқықтық актілер туралы заң);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй-жайларды жекешелендіру туралы заңнаманы сот практикасы бойынша қолдану туралы» 1997 жылғы 18 шілдедегі № 9 нормативтік қаулысы.
Сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 қаулысымен бекітілген әскери қызметшілерді қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары (бұдан әрі – № 49 қағидалар);
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 50 қаулысымен бекітілген ақшалай өтемақы төлеу қағидалары (бұдан әрі – № 50 қағидалар);
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 524 қаулысымен бекітілген ішкі істер органдарының қызметкерлерін қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары, сондай-ақ тұрғын үй төлемдерін алуға құқығы бар ішкі істер органдары қызметкерлері лауазымдарының санаттары (бұдан әрі – № 524 қағидалар);
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысымен бекітілген мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидалары (бұдан әрі – № 673 қағидалар);
- Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 13 тамыздағы № 441 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 85 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары;
- Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № 168 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою қағидалары.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Тұрғын үй қатынастары туралы заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Құқықтық актілер туралы заңның 10 және 12-баптарына сәйкес кодекстердің заңдарға қарағанда заңдық күші жоғары; әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормалары арасында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.
АК-нің 4-бабында, Құқықтық актілер туралы заңның 43-бабында көзделген жалпы қағида бойынша нормативтік құқықтық актілер олар қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы