Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы № 1 Нормативтік қаулысы
ЗҚАИ-ның ескертпесі! Осы Нормативтік қаулы 01.07.2025 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
Заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау тәртібін регламенттейтін қолданыстағы заңнаманы біркелкі және дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсініктемелер беруге қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 76-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес заңды күшіне енген сот үкімдері мен өзге де қаулыларының республика аумағында міндетті күші болады және Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 472-бабы бірінші бөлігіне сәйкес бұлжытпай орындалуға жатады. Осыған байланысты қылмыстық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау ҚПК-нің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуға және олардың орындалуына кедергі келтірмеуге тиіс.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот (бұдан әрі – кассациялық сот) қылмыстық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор), оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының наразылығы, ҚПК-нің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда енгізілген облыстық не оған теңестірілген сот төрағасының ұсынуы не ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың кассациялық шағымдары бойынша қайта қарайды.
2. ҚПК-нің 485-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген қылмыстық және (немесе) қылмыстық-процестік заңдар дұрыс қолданылмаған жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады. Негіздердің тізбесі толық болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.
ҚПК-нің 484-бабы екінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында санамаланған заңды күшіне енген сот актілері кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайды.
Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілері, сот актілеріне шағымданудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, олар ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер болған кезде Бас Прокурордың, оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының наразылығы бойынша ғана қайта қаралуы мүмкін.
3. Ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша бірінші сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулыларына, олар апелляциялық сатыдағы сотта қаралғаннан кейін, апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулыларына ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер болған кезде Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас әскери прокурор, Бас көлік прокуроры наразылық білдіруі, сондай-ақ ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар кассациялық сатыдағы сотқа шағым жасауы мүмкін.
Ауырлығы орташа қылмыс, ауыр не аса ауыр қылмыс жасады деген айыптаумен сотқа берілген адамдарға қатысты істер бойынша олардың әрекеттерін төмен тұрған соттар қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс ретінде саралаған кезде, сот актілерін қайта қарау туралы кассациялық шағым осындай қайта саралаумен келіспеген және іс-әрекетті бұрынғы неғұрлым ауыр бап бойынша саралау туралы мәселе қойылған жағдайда ғана берілуі мүмкін.
4. Сот актілеріне шағымданудың апелляциялық тәртібі сақталмаған деп бірінші сатыдағы соттың сот актісіне:
шағым жасалмаған (өтінішхат келтірілмеген) және ол заңды күшіне енген;
шағым жасалған (өтінішхат келтірілген), бірақ заңда белгіленген тәртіппен апелляциялық (жеке) шағым, прокурордың өтінішхаты ол қаралғанға дейін кері қайтарып алынған;
шағым жасалған (өтінішхат келтірілген), бірақ апелляциялық шағым жасау мерзімін өткізіп алуына байланысты шағым, прокурордың өтінішхаты қараусыз қайтарылған;
сотталған (ақталған) адамға қатысты қайта қаралмаған, бірақ шағым жасалған (өтінішхат келтірілген) және осы іс бойынша басқа адамдарға қатысты апелляциялық сатыдағы сотта қайта қаралған жағдайлар танылады.
5. ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде санамаланған адамдар ҚПК-нің 484-бабының бірінші бөлігінің талаптары сақталған кезде және олар істі бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда қарау кезінде қатыспаған жағдайларда кассациялық шағым беруге құқылы.
Кассациялық шағым беруге құқығы бар басқа адамдардың қатарына белгіленген тәртіппен процеске қатысушы деп танылмаған, бірақ өзінің нақты жағдайының негізінде өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғауға құқығы бар адам (бұдан әрі – мүдделі тұлға) жатады. Мұндай адамдарға мүлкі тәркіленген немесе мүлкіне тыйым салынған мүліктің иесі не кепіл ұстаушы және басқа да адамдар жатқызылуы мүмкін.
Мүдделі адамның кассациялық шағымында сот актісінің қай бөлігі оның құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтыны, істі қарау кезінде қандай заң нормалары бұзылғаны, сондай-ақ сот актілерін қайта қарауға әкеп соғатын негіздер көрсетіліп, өтініштің мәні көрсетілуге тиіс.
ҚПК-нің 484-бабы бірінші бөлігінің сот актілеріне шағым жасаудың апелляциялық тәртібін міндетті түрде сақтау туралы талаптары мүдделі тұлғаға да қолданылады. Мүдделі тұлға бірінші сатыдағы соттың сот актілеріне апелляциялық шағым жасау мерзімі өткеннен кейін өзінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын анықтаған жағдайда, мұндай адам ҚПК-нің 419-бабының тәртібімен өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы сотқа жүгінуге құқылы.
Кәмелетке толмаған сотталған адамның (ақталғанның), жәбірленушінің заңды өкілі заңды күшіне енген сот актілеріне сотталған адам (ақталған), жәбірленуші кәмелет жасқа толғанға дейін ғана кассациялық шағым беруге құқылы.
6. Жәбірленуші, оның өкілі немесе заңды өкілі ҚПК-нің 484-бабы бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілеріне ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша шағым жасауға құқылы.
ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағында көзделген негіз бойынша жәбірленушінің ҚПК-нің 71-бабының алтыншы бөлігінде, 72-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде және 76-бабының үшінші бөлігінде көзделген құқықтары бұзылған жағдайда, атап айтқанда прокурор айыптаудан бас тартқан кезде жәбірленушіні жекеше айыптаушы деп танымау, оны сот талқылауына қатысу, сот жарыссөздерінде сөз сөйлеу құқығынан айыру, жәбірленуші (азаматтық талапкер) мәлімдеген азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеу және қылмыстық істі мәні бойынша шешудің дұрыстығына әсер еткен басқа да бұзушылықтар болған кезде сот актілері қайта қаралуы мүмкін.
7. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы кассациялық шағымның, наразылықтың мазмұны ҚПК-нің 488-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Кассациялық шағым мен наразылық кассациялық сотқа жіберіледі және онда мыналар:
кассациялық шағым берген адамның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, онымен хабарласудың байланыс құралдарының нөмірлері көрсетіле отырып, ол туралы деректер;
шағым жасалған сот актілері және оларды шығарған соттардың атауын көрсету;
сот актісінің қай бөлігінде немесе оған толық көлемде кассациялық шағым берілгенін, наразылық келтірілгенін көрсету;
сот актісін қайта қарау үшін негізді көздейтін ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің тиісті тармағына сілтеме;
сот актісінің дұрыс еместігі неде екендігі, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру немесе істі алдыңғы сот сатыларында қарау кезінде заңның қандай нормаларының бұзылғаны және бұл бұзушылықтардың шығарылған сот шешімдеріне қалай әсер еткені туралы дәлелдері және оның өтінуінің мәні;
кассациялық шағымның, наразылықтың талаптарын негіздейтін дәлелдемелер;
кассациялық шағымды берген адамның қатысуымен немесе қатысуынсыз оның қаралуын көрсету;
кассациялық шағымға, наразылыққа қоса берілетін материалдардың тізбесі;
кассациялық шағым, наразылық берілген күні және шағым авторының, наразылық келтірілген прокурордың қолтаңбасы қамтылуы тиіс.
Кассациялық шағым, наразылық қылмыстық іс бойынша белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жасалуы тиіс. Шағым жасалған сот актілерінің көшірмелері шағымға қоса берілуге тиіс.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан сотталған адамның кассациялық шағымы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әкімшілігі арқылы беріледі.
8. Бас Прокурордың, оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының ҚПК-нің 485-бабы екінші бөлігінің 1), 4) тармақтарының негізінде келтірген наразылығында, қайта қарауға жататын сот актісінің қалай мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғағаны не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін екені, сондай-ақ соттардың құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануындағы біркелкілікті бұзатыны туралы негіздеме болуы тиіс.
Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда кассациялық шағым, наразылық хатпен қараусыз кері қайтарылады.
Кассациялық шағым немесе өзге арыздар, олардың мазмұнында әдепсіз сөздер, нормативтік емес лексика, сот ісін жүргізуге қатысушыларды және басқа да адамдарды қорлау, сондай-ақ іске қатысы жоқ мән-жайлар келтірілген жағдайда ҚПК-нің 488-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес келмейтіндіктен кері қайтарылуға жатады.
Бұрын берілген шағымның, наразылықтың ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағы бойынша қайтаруға негіз болған кемшіліктер жойылғаннан кейін шағым кассациялық сатыға қайта түскен жағдайда ҚПК-нің 487-бабының екінші бөлігінде белгіленген, сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын негіздер бойынша сот актілеріне шағым келтірудің мерзімдері бұрын берілген шағымның, наразылықтың түскен сәтінен бастап есептеледі.
9. ҚПК-нің 489-бабының үшінші бөлігінің ережелеріне сәйкес кассациялық шағым, наразылық ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 5) тармақтарында көзделген негіздер бойынша шағымның, наразылықтың судьяға табысталған уақытынан үш тәуліктен аспайтын мерзім ішінде кассациялық сот судьясының хатымен, ал ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағында көзделген жағдайда – соттың қаулысымен қараусыз кері қайтарылады.
10. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар шығарған жекеше қаулыға оның заңсыздығы мен негізсіздігі туралы уәждермен кассациялық тәртіппен шағым жасалуы (наразылық келтірілуі) мүмкін.
Бірінші сатыдағы соттың жекеше қаулысын кассациялық сатыдағы сот құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын тұлғаның шағымы бойынша оған шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталған жағдайда ғана қайта қарауы мүмкін. Бұл шарт сақталмаған жағдайда шағым оны берген адамға кассациялық сот судьясының хатымен қайтарылады.
11. ҚПК-нің 492-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағым түскеннен кейін қылмыстық істі тиісті соттан талап етіп алдыртуға тиіс. Істі алғаннан кейін 10 тәулік ішінде тараптарға кассациялық шағымның, наразылықтың көшірмелері және істі қарау туралы хабарлама жіберіледі немесе олар соттың интернет-ресурсы арқылы олардың электрондық көшірмелерімен танысу мүмкіндігі туралы хабардар етіледі.
Сот кассациялық сатыдағы сотта істің қаралатыны туралы хабарламада сот отырысының болатын күнін, уақытын және орнын көрсетуге және тараптардың кассациялық шағымға қоса тіркелген қосымша материалдармен танысу құқығын түсіндіруге міндетті.
Кассациялық шағымға, наразылыққа қарсылық түскен жағдайда олар іске қатысушы тараптарға жолданады.
ҚПК-нің 23-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес сот объективтiлiктi және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың өз процестік мiндеттерін орындауы және өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдайларды жасауға міндетті. Көрсетілген норманы ескере отырып, істі кассациялық сатыда қарау күнін сот отырысына қатысуға құқығы бар адамдарды, сондай-ақ оларға қатысты сот актісін қайта қарау туралы кассациялық шағым берілген, наразылық келтірілген адамдарды тиісінше хабардар ету мүмкіндігі ескеріліп, белгілеген жөн.
Шағымдарды, наразылықтарды, ұсынуларды қарау жөніндегі сот отырысы ҚПК-нің 494-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Кассациялық сатыдағы сотта қылмыстық іс ақылға қонымды мерзімде, бірақ ол сотқа келіп түскен күнінен бастап алты айдан аспайтын мерзімде қаралуға тиіс.
12. Кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағымның, наразылықтың барлық дәлелдерін, сондай-ақ іс бойынша сот актілерінің заңдылығын, негізділігі мен әділдігін толық көлемде тексереді және қарау қорытындылары бойынша ҚПК-нің 494-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін шығарады.
Кассациялық сатыдағы сот сотталған адамның жағдайын бұл туралы прокурордың наразылығында немесе жәбірленушінің кассациялық шағымында көрсетілгенде ғана нашарлатуға құқылы. Кассациялық сатыдағы сот ақтау үкімінің не қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жойған кезде адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тануға құқылы емес. Бұл жағдайда қылмыстық іс ҚПК-нің 494-бабы жетінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес апелляциялық немесе бірінші сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жіберіледі.
Кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағым, наразылық келтірілмеген басқа сотталған адамдарға – қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушыларға қатысты сот актісіне, егер бұл ретте олардың жағдайы нашарламайтын болса, кез келген өзгерістерді енгізуге құқылы.
13. Кассациялық сатыдағы соттың тексеру нысанасы тек құқық мәселелері, яғни сот актілерінің заңдылығы, соттардың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың нормаларын дұрыс қолдануы болып табылады.
Кассациялық сатыдағы сот ҚПК-нің 494-бабы он төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес сот талқылауының нысанасы болмаған фактілерді анықтауға немесе дәлелденген деп санауға құқылы емес.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін анықталған, іс бойынша елеулі мәні бар мән-жайлар, оның ішінде сот актілері заңды күшіне енген соң ұсынылған сарапшылардың қорытындылары мен түйіндері кассациялық сатыдағы соттың қарау нысанасы бола алмайды, өйткені олар бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттарда қаралмаған және қаралуы мүмкін болмаған. Бұл мән-жайлар ҚПК-нің 53-тарауында көзделген қағидалармен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау үшін ғана негіз бола алады.
Кассациялық шағымға (наразылыққа) қоса берілуі мүмкін қосымша материалдар деп анық мәліметтерді, оның ішінде сипаттамаларды, залалдың мөлшері туралы анықтамалар мен бағалауды және дәлелдемелер ретінде тануды талап етпейтін өзге де материалдарды қамтитын құжаттарды түсіну керек.
Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың материалдық немесе процестік заңды қолдануының, дәлелдемелерді бағалауының қате екендігін куәландыратын, соның негізінде сот айыптаудың дәлелденгені (дәлелденбегені), сотталған адамның рөлі мен кінәсінің дәрежесі туралы түйін жасаған қосымша материалдар істі жаңадан сот қарауына жібере отырып, сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алады.
Сот тергеуінің толық болмауы, оның ішінде бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың тараптар ұсынған дәлелдемелерге бағалауды жүзеге асырмауы да сот актілерінің күшін жоюға және істі жаңадан сот қарауына жіберу үшін негіз бола алады.
14. Соттың келісімдік іс жүргізу шеңберінде шығарған сот актілерін кассациялық сатыдағы сот кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді жасасу және істі қарау кезінде қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың елеулі түрде бұзылуына жол берілген жағдайларда ғана сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлату бағытында күшін жоюы, өзгертуі мүмкін.
15. Қылмыстық заңның кері күші туралы нормаларды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6-бабы (бұдан әрі – ҚК)) не рақымшылық жасау туралы актіні қолдану туралы ғана жазылған кассациялық шағымдар, наразылықтар кассациялық тәртіппен қаралмайды, өйткені үкімді орындауға байланысты мәселелерді шешетін соттардың соттылығына жатқызылған. Мұндай шағымдар ҚПК-нің 489-бабының бірінші бөлігі 5) тармағының талаптарына сәйкес ҚПК-нің 476, 477-баптарында көзделген тәртіппен үкім орындалатын орны бойынша сотқа жүгіну құқығы түсіндіріле отырып, кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайтын болып, кассациялық сот судьясының хатымен қараусыз қайтарылады.
Егер көрсетілген мән-жайлар істі кассациялық сатыдағы соттың отырысында қарау кезінде анықталса, онда кассациялық шағымды, наразылықты қараусыз қалдыру соттың қаулысымен ресімделеді.
Іс ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер бойынша қаралатын, сонымен бір мезгілде ҚК-нің 6-бабының нормаларын не рақымшылық жасау туралы актіні қолдануға мүмкіндік беретін мән-жайлар белгілі болған жағдайларда, кассациялық сатыдағы сот көрсетілген нормаларды қолдана отырып шешім қабылдайды.
16. Азаматтық талап қоюдың дұрыс шешілмеуі заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау негіздерінің бірі болып табылады. Егер азаматтық талап қоюды қарау кезде қойылған талапты мәні бойынша құқықтық бағалауды қажет етпейтін азаматтық талап қоюды қате есептеуге байланысты арифметикалық немесе техникалық қателер жіберілген болса, онда бұл мәселелер ҚПК-нің 406-1-бабының тәртібімен қосымша қаулы шығару жолымен не ҚПК-нің 476-бабының 23) тармағында көзделген тәртіппен үкімді орындау сатысында үкім заңды күшіне енгенге дейін соттың қарауына жатады.
17. "Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы" 2022 жылғы 10 наурыздағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.
18. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан РеспубликасыЖоғарғы Сотының Төрағасы | А. Мерғалиев |
Қазақстан РеспубликасыЖоғарғы сотының судьясы,жалпы отырыс хатшысы | Г. Әлмағамбетов |
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы