551-1-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оны бір тәулік ішінде міндетті түрде хабардар ете отырып жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры хабарламаны алғаннан кейін жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруға келісім беріп, бұл туралы қаулы шығарады не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелеріне қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайды.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді, қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, өзінің өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келісім алу үшін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну енгізеді. Ұсыну Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
3-1. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімін алғаннан кейін одан әрі іс бойынша іс жүргізу осы Кодекстің 547-бабының алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы мәселені астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген қаулысы негізінде шешеді. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келіскен кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
5. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты тергеу мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзартуды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізеді.
Осы Кодекске сәйкес санкциялануға жататын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияларды астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген қаулысы негізінде береді.
6. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бередi, ол осы Кодекстің 301 - 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жасаған айыптау актісі болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
Ескерту. 551-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.12.2021 № 91-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы