551-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің қол сұғылмау кепілдігінен айыруға берген келiсiмiнсiз ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келісім алу үшін Бас Прокурордың бірінші орынбасары Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну енгізеді. Ұсыну Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Президентінің шешімін алғаннан кейін іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы Кодекстің 547-бабының алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
6. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы мәселені астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
7. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды оның бірінші орынбасары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзартуды Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты, осы Кодекске сәйкес санкциялануға жататын тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарымен келісілген қаулысы негізінде береді.
8. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарына беріледi, ол осы Кодекстің 301 – 304-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жасаған айыптау актісі болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау