128-бап. Ұстап алу негіздері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы күдіктіні ұстап алу – қылмыстық қудалау органы қылмыстың жолын кесу және оған күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселенi шешу мақсатында немесе адамның жасырынуы не неғұрлым ауыр қылмыс жасауы мүмкін деп пайымдауға негіздер болса, қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолданатын процестік мәжбүрлеу шарасы.
2. Қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы, мына негiздердiң бiрi:
1) осы адам қылмыс жасау кезiнде немесе тiкелей оны жасағаннан кейiн ұсталған;
2) көзімен көргендер (куәлар), оның iшiнде жәбiрленушiлер қылмыс жасаған адам ретінде осы адамды тікелей көрсетсе не ол адамды осы Кодекстiң 130-бабында көзделген тәртiппен ұстап алған кезде;
3) осы адамда немесе оның киімінде, өзiнің бойында немесе тұрғынжайында қылмыстың анық iздерi табылған кезде;
4) жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiнiң және (немесе) жасырын тергеу іс-қимылдарының заңға сәйкес алынған материалдарында адамға қатысты ол жасаған немесе жасауға дайындап жатқан қылмыс туралы анық деректер болғанда, бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалуы мүмкін қылмыс жасады деп күдiк келтірілетін адамды ұстап алуға құқылы.
3. Осы баптың екінші бөлігінің 1) тармағында көзделген негіздерді қоспағанда, адамдарды қылмыс жасады деген күдікпен ұстап алу кейінге қалдыруға болмайтын қажетті тергеу әрекеттері өткізілгеннен кейін жүргізіледі.
4. Адамға қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтіруге негiз беретiн өзге де деректер болған кезде, егер ол адам жасырынуға әрекет жасаса не оның тұрақты тұрғылықты жерi болмаса немесе күдіктінің жеке басы анықталмаса не сотқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберілсе ғана ұстап алынуы мүмкін.
5. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды ұстап алу мерзімі нақты ұстап алған кезден бастап есептеледі және жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс.
Ескерту. 128-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы