17-бап. Тергеу судьясының жәбірленушіден, куәдан жауап алу ерекшеліктері (айғақтарды сақтауға қою) ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Прокурор, тергеуші, анықтау органының бастығы, күдікті немесе оның іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокаты, сондай-ақ жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокат, егер жәбірленуші, куә болып табылатын адамнан сотқа дейінгі тергеп-тексеру не сот отырысы барысында неғұрлым кешірек жауап алу объективті себептерге (Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұруы, шетелге шығуы, денсаулығының ауыр жағдайы, қауіпсіздік шараларын қолдану) байланысты мүмкін болмауы ықтимал деп пайымдауға негіз болған жағдайда, сондай-ақ психикасын жарақаттаушы әсер етуді болдырмау үшін кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілерден кейіннен жауап алуды болдырмау мақсатында тергеу судьясының олардан жауап алуы туралы өтінішхат беруге құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жолданымға қылмыстық істің жәбірленушінің, куәнің айғақтарын сақтауға қою қажеттігін растайтын материалдарын қоса береді.
2. Тергеу судьясы өтінішхатты алынған кезінен бастап жиырма төрт сағат ішінде қарайды және оның нәтижелері бойынша өтінішхатты қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, тергеу судьясы алғаш мүмкіндік болған кезде жауап алу уақытын тағайындайды, бұл туралы прокурорға, күдіктіге және оның іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокатына, сондай-ақ жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокатқа хабарланады. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалады және осы қаулы прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралады. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуы айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты сотқа жіберу үшін негіздердің бар екенін көрсететін мән-жайлар туындаған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың қайтадан жүгінуіне кедергі болмайды. Кәмелетке толмағандардың айғақтарын сақтауға қою туралы өтінішхат міндетті түрде қанағаттандыруға жатады.
Ескертпе!
ҚР Конституциялық Сотының 22.05.2023 № 15 нормативтік қаулысын қараңыз.
3. Тергеу судьясының жәбiрленушi мен куәдан жауап алуы прокурордың, күдіктінің (ол болған жағдайда), қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокатының, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың, ал қажет болған жағдайларда процеске басқа да қатысушылардың қатысуымен жүргiзiледi. Егер күдiктiнiң жауап алуға қатысуы жәбiрленушiнiң, куәнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса, күдiктi жауап алуға шақырылмайды. Айғақтарды сақтауға қою кезiнде адамдардың сот отырысына қатысу үшiн келуiн қамтамасыз ету тергеу судьясына өтiнiш мәлімдеген адамдарға жүктеледi. Күдiктiнiң қорғаушысы адамды шақыру үшiн тергеу судьясына адамның жауап алуға келуiн қамтамасыз етуге көмек көрсету туралы өтiнiш мәлімдеуі мүмкiн.
Прокурордың, қорғаушының, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың, күдіктінің дәлелді себептер бойынша келмей қалуына байланысты жауап алуды жүргізу, егер осы баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацында санамаланған мән-жайлар бұған кедергі келтірмесе, кейінге қалдырылуы мүмкін.
4. Тергеу судьясының жауап алуы мен жауап алу хаттамасын жүргізуі осы Кодекстің 347, 369, 370, 371-баптарының қағидалары сақтала отырып жүргізіледі.
5. Жауап алынатын адамның тергеу судьясы сақтауға қойған айғақтары тiркелген сот отырысының хаттамасына судья мен сот отырысының хатшысы қол қояды. Айғақтарды сақтауға қою кезiнде болған процеске қатысушылар сот отырысы хаттамасының көшiрмесiн алуға және оған қол қойылғаннан кейін бес тәулік ішінде өз ескертулерін келтiруге құқылы. Тергеу судьясы хаттамаға ескертулерді келіп түскен күні қарап, олардың қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы қаулы шығарады. Содан соң сот отырысының хаттамасы, егер хаттамаға ескертулер келтiрiлген болса, осы ескертулер және судьяның оларды қарау туралы қаулысы қылмыстық iс материалдарына қосып тiгу үшiн сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға жiберiледi.
Ескерту. 217-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.12.2017 № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы