393-бап. Айыптау үкiмi ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Айыптау үкiмi соттың сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiмiн қамтиды.
2. Айыптау үкiмi:
1) сотталушы өтеуге тиiсті қылмыстық жаза тағайындала отырып;
2) адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып;
3) қылмыстық жаза тағайындалып және оны өтеуден босата отырып;
4) қылмыстық жаза тағайындалмай;
5) қылмыстық жазаны өтеу кейiнге қалдырыла отырып шығарылады.
3. Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады.
4. Сот сотталған адам өтеуге тиiсті жазаны тағайындай отырып, айыптау үкiмiн шығарып, жазаның түрiн, мөлшерiн, режимiн және оны өтеу мерзімін есептеудiң басталуын дәл айқындауға тиіс.
5. Сот, егер осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi өтiп кетсе, сондай-ақ осы Кодекстiң 36-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, айыптау үкiмiн адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып шығарады.
6. Сот, егер үкiм шығару кезiнде:
1) сотталған адамға осы үкiммен тағайындалған жазаны қолданудан немесе өтеуден босататын рақымшылық жасау актiсi шығарылған;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62-бабында белгiленген алдын ала қамауға алуды есепке жатқызу қағидаларын ескере отырып, осы iс бойынша сотталушының күзетілуде болу уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыған жағдайларда, айыптау үкiмiн жазаны тағайындап және одан босата отырып шығарады.
7. Егер айыптау үкiмiн шығару кезiнде сотталушы қайтыс болса, сот iстi тоқтатады немесе тараптардың өтiнiшхаты бойынша айыптау үкiмiн жазаны тағайындамай шығарады.
8. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабында және 76-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда сот айыптау үкiмiн қылмыстық жазаны өтеудi кейiнге қалдыра отырып шығарады.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы