486-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне өтінішхат беруге, наразылық келтіруге құқығы бар адамдар ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Ескерту. 486-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты осы Кодекстің 414-бабының бірінші бөлігінде аталған адамдар және сот актілері мүдделерін қозғайтын басқа адамдар және олардың өкілдері беруі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылықты өз бастамасы бойынша да, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаты бойынша да, осы Кодекстің 485-бабында көрсетілген негіздер бойынша да енгізуге құқылы.
Өтінішхат наразылыққа қоса тіркеледі.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, облыстың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар қылмыстық істі тиісті соттан кассациялық тәртіппен тексеру үшін талап етіп алдыруы мүмкін.
4. Сот істі талап етіп алдыру туралы сұрауды келіп түскен күнінен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей орындайды. Сұрау жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында жіберілуі мүмкін.
Іс талап етіп алдырылған жағдайда наразылық келтіру туралы өтінішхат іс прокуратураға келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде прокурордың кассациялық тәртіпте қарауына жатады. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Ескерту. 486-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы