490-бап. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сот актісін қайта қарау туралы өтінішхатты кассациялық сатының судьясы зерделеп, он тәуліктен аспайтын мерзімде мынадай:
1) өтінішхатты осы Кодекстің 489-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша кері қайтаруға негіздердің бар-жоғы туралы;
Ескертпе!
ҚР Конституциялық Сотының 16.05.2023 № 13 нормативтік қаулысын қараңыз.
2) сот ісін талап етіп алдыруға негіздердің бар-жоғы туралы;
3) тараптарды шақыра отырып, өтінішхатты алдын ала қарау күні туралы мәселелерді шешеді.
2. Өтінішхат кассациялық сатыдағы сотқа келіп түскен күнінен бастап отыз тәулік ішінде, ал іс талап етіп алдырылған жағдайда іс келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қаралуға тиіс. Осы Кодекстің 486-бабында көрсетілген бірнеше адамның белгілі бір іс бойынша берілген өтінішхаттары біріктірілуі және бірге қаралуы мүмкін. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелді себептер болған кезде кассациялық сатыдағы соттың қаулысымен, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
3. Өтінішхатты алдын ала қарағанға дейін судья тиісті мамандарға қаралып отырған қылмыстық іс бойынша қолданылған заңдардың нормаларына қатысты ғылыми қорытынды дайындауды тапсыруға құқылы. Қажет болған жағдайларда мамандар кассациялық сот алқасының отырысында түсініктемелер бере алады.
3-1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарауды үш судья тараптарды шақыра отырып, ашық сот отырысында жүргізеді, олардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі келтірмейді.
3-2. Өтінішхатты алдын ала қарау кезінде судьялар өтінішхаттың дәлелдерін де, осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздердің бар-жоғын да тексереді.
4. Осы Кодекстің 490 және 491-баптарында көзделген қағидалар Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығына, облыстық сот төрағасының осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігіне сәйкес енгізілетін ұсынуына, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамдардың немесе олардың қорғаушыларының өтінішхаттарына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.
Ескерту. 490-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы