629-5-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің құрылымы мен мазмұны ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Айыптау үкімінің кiрiспе бөлiгiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны;
3) үкiм шығарған соттың атауы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), оның туған жылы, айы, күнi және жерi, тұрғылықты жері, жұмыс орны, айналысатын кәсiбi, бiлiмi, отбасылық жағдайы және сотталушының жеке басы туралы, іс үшін маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасалғанына сотталушы айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ) көрсетiледi.
2. Айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде:
1) сотталушы кінәлі деп танылған, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаттамасы;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы;
3) кінәсінің нысаны, қылмыстық құқық бұзушылықтың уәждері мен салдары, келтірілген нұқсанның сипаты мен мөлшері;
4) сотталушыға айыппұл тағайындау уәждері;
5) азаматтық талап қою бойынша шешімнің уәждері;
6) заттай дәлелдемелердің тағдыры, процестік шығасыларды өндіріп алу көрсетіледі.
3. Айыптау үкімінің қарар бөлігінде мыналар көрсетілуге тиіс:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тану туралы шешім;
3) сотталушы кінәлі деп танылған қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ);
4) айыппұл мөлшері, оның ішінде теріс қылықтардың және (немесе) онша ауыр емес қылмыстардың жиынтығы кезінде әрбір қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58-бабы негізінде тағайындалған айыппұлдың түпкілікті мөлшері;
4-1) сотталушыны белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы шешім;
5) қойылған азаматтық талап бойынша шешім;
6) заттай дәлелдемелер туралы мәселенің шешілуі;
7) процестік шығасыларды бөлу туралы шешім;
8) үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат келтіру және үкімге шағым жасау тәртібі мен мерзімі туралы көрсету.
Ескерту. 629-5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы