15-2-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы сақтандыру шартын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде сақтандыру ұйымына және интернет-ресурстарға қойылатын талаптар Сақтандыру қызметі туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе сақтандыру қағидаларында көзделген жағдайларда, электрондық нысанда сақтандыру шарттарын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым, сақтандырушы мен сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жүзеге асырылады.
2. Сақтандыру ұйымы мен дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу сақтандыру ұйымының интернет-ресурсын және (немесе) ақпараттық жүйесін дерекқормен интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен, сақтандыру ұйымының және тиісті келісім негізінде сақтандыру ұйымының әріптестері болып табылатын басқа да ұйымдардың интернет-ресурстары арқылы жүзеге асырылады.
Сақтандыру ұйымы әріптестерінің электрондық ақпараттық ресурстар алмасу үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында сақтандыру ұйымының электрондық нысанда сақтандыру шартын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу үшін пайдаланылатын интернет-ресурсына сілтеме орналастырылады.
3. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым мен сақтандырушы, сақтандырушы мен сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
4. Сақтандыру ұйымы осы баптың 1-тармағына және 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес сақтандырушының интернет-ресурсын және (немесе) басқа ұйымдардың интернет-ресурстарын пайдаланған кезде:
1) сақтанушыға сақтандыру шартын жасасу не оны жасасудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы электрондық хабар түрінде хабарламаның дереу жөнелтілуін;
2) сақтанушыны (сақтандырылушыны) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен, сақтандыру жағдайын реттеу үшін құжаттарды қабылдаудан бас тартуды (бас тарту себептерін көрсете отырып) қоса алғанда, реттеу процесінің негізгі кезеңдері туралы электрондық хабар түрінде хабардар етуді;
3) сақтанушының (сақтандырылушының) жасалған сақтандыру шарты жөніндегі ақпаратты сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында тексеру мүмкіндігін;
4) сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) сақтандыру жағдайы жөніндегі ақпаратты сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында тексеру мүмкіндігін;
5) сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) үшін сақтандыру ұйымының интернет-ресурсына тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, сақтандыру шартының электрондық нысанда және сақтандыру жағдайы жөніндегі ақпараттың сақталуын;
6) сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының):
сақтандыру шартын жасасуға және өзгертуге;
сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға;
сақтандыру жағдайының (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиғаның) басталғаны туралы хабардар етуге;
келтірілген зиян мөлшерін айқындауға;
сақтандыру төлемін алуға;
осы Заңның 86-бабының 1-тармағында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сақтандыру омбудсманына келіспеушіліктердің бар екендігі туралы ақпарат жіберу үшін сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеуге қажетті ақпаратты (өтінішті, хабарламаны және (немесе) өзге де құжаттарды, мәліметтерді) электрондық нысанда жасау және сақтандыру ұйымына жөнелту мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Сақтандыру шартын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу туралы хабарлама уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан жіберіледі;
7) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес дербес деректерді жинау мен өңдеуді жүзеге асыру кезінде дербес деректерді қорғауды;
8) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен сақтандыру шартының қолданылу мерзімінің өтуі туралы сақтанушыны (сақтандырылушыны) алдын ала хабардар етуді қамтамасыз етеді.
5. Сақтандыру шарты электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасалған кезде, егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысы бөліп төленген жағдайда бірінші сақтандыру жарнасын) төлеген күннен бастап сақтандыру шарты жасалды деп есептеледі.
6. Сақтандыру шарты электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасалған кезде сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысы бөліп төленген жағдайда, бірінші сақтандыру жарнасын) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сақтандырудың үлгілік шарттарымен не сақтандыру қағидаларымен танысқаннан кейін төлейді, осы арқылы сақтандыру шартын өзіне ұсынылған шарттармен жасасуға келісетінін растайды.
7. Міндетті сақтандыру шарттарын жасасу кезінде сақтандыру агенттерінің қызметіне жол берілмейді.
Ескерту. 3-тарау 15-2-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы N 126 Заңы.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы