488-бап. Заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын қайта қарау туралы кассациялық шағым, наразылық беру тәртібі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Ескерту. 488-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы кассациялық шағым, наразылық жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында кассациялық сотқа беріледі. Кассациялық шағымда, наразылықта осы Кодекстің 423-бабында санамаланған мән-жайлардан басқа, іс бойынша іс жүргізу кезінде қандай заң бұзушылыққа жол берілгені және осы бұзушылықтар шығарылған сот шешімдерінде қалай көрініс тапқаны және шағым жасалып отырған сот актісін қайта қарау үшін осы Кодекстің 485-бабында санамаланған негіздердің қайсысы бар екені көрсетілуге тиіс. Кассациялық шағымға оны берген адамдардың қатысуымен немесе қатысуынсыз қаралатыны туралы көрсетілуге тиіс.
1-1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына беріледі.- Исключен Законом РК.
2. Кассациялық шағымға, наразылыққа кассациялық шағым, наразылық дәлелдерінің негізділігін растайтын материалдар қоса берілуге тиіс.
3. Заңды күшіне енген сот үкімдеріне, қаулыларына берілген, өзге мемлекеттік органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға жолданған кассациялық шағым кассациялық соттың іс жүргізуіне қабылданбайды.
4. Осы Кодекстің 493-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы кассациялық шағымның, наразылықтың берілуі олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Кассациялық шағым не наразылық берген адам сот отырысы басталғанға дейін өзінің кассациялық шағымын, наразылығын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасаудың осы Кодекстің 487-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімі өткен соң берген қосымша кассациялық шағымында, егер бастапқы наразылықта, кассациялық шағымда сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап жазылмаған болса, осындай мәселе қойыла алмайды.
6. Кассациялық шағымды, наразылықты берген адам іс кассациялық сатыда қаралғанға дейін оларды кері қайтарып алуы мүмкін. Сотталған адам өзінің мүддесінде өз қорғаушысы немесе заңды өкілі берген кассациялық шағымды кері қайтарып алуға құқылы.
Ескерту. 488-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы