15-3-бап. Нақты мүдделер қақтығысын реттеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында мүдделер қақтығысы туралы хабардар етудің өзгеше тәртібі белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдар өздерінде мүдделер қақтығысының туындағаны туралы өздеріне белгілі болған кезден бастап дереу, бірақ екі жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы өзінің тікелей басшысын (ол болған кезде) бір мезгілде хабардар ете отырып, осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған адамдарды немесе қызметтерді жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
2. Осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған адамдар мен қызметтер мүдделер қақтығысының туындағаны туралы хабарламаны немесе өзге де ақпаратты қарау қорытындылары бойынша дереу, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей, нақты мүдделер қақтығысының болуы немесе болмауы туралы қорытынды шығарады.
Нақты мүдделер қақтығысы болған жағдайда оны реттеу жөніндегі ұсынымдары бар қорытынды нақты мүдделер қақтығысы туындаған адам, оның тікелей басшысы немесе өзге де мүдделі тұлғалар бір мезгілде хабардар етіле отырып, осы баптың 3-тармағында көзделген шараларды қабылдау жөніндегі өкілеттігі бар адамға ұсынылады.
Нақты мүдделер қақтығысы болмаған жағдайда, қорытынды мүдделер қақтығысының туындағаны туралы хабарлама жіберген адамға, оның тікелей басшысына немесе өзге де мүдделі тұлғаларға ұсынылады.
3. Шешім қабылдауға құқығы бар адам нақты мүдделер қақтығысының болуы туралы қорытындыны алған күннен бастап дереу, бірақ он жұмыс күнінен кешіктірмей, өз құзыреті шегінде оны реттеу жөніндегі мынадай шаралардың қандай да бірін қабылдауға:
1) мүдделер қақтығысы туындаған мәселе бойынша жұмыскердің (қызметшінің) лауазымдық өкілеттіктерін орындауды басқа жұмыскерге (қызметшіге) тапсыруға;
2) мүдделер қақтығысы туындаған жұмыскердің (қызметшінің) лауазымдық өкілеттіктерін өзгертуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) мемлекеттік органның, ұйымның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің ішкі актілерінде көзделген өзге де шараларды қабылдауға міндетті.
4. Мүдделер қақтығысы туындаған адам бұл жөнінде өзіне белгілі болған кезде мүдделер қақтығысына байланысты мәселе бойынша лауазымдық өкілеттіктерін орындауды осы баптың 3-тармағында көзделген шараларды қабылдауға өкілеттігі бар адамнан нұсқаулар алғанға дейін, бірақ он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге уақытша тоқтата тұруға міндетті.
Осы баптың 3-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін одан арғы әрекет туралы нұсқаулар алмаған адам тиісті мәселе бойынша өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындауды жалғастырады.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімде нақты мүдделер қақтығысын реттеу мүмкін болмаған жағдайда, нақты мүдделер қақтығысы туындаған адам тиісті қорытындыны алған күннен бастап үш айдан кешіктірмей, мүдделер қақтығысын болғызбайтын тең дәрежелі лауазымға тағайындалады, ал мұндай тағайындау мүмкін болмаған кезде бұл адамға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген жағдайда сол мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде өзге лауазым ұсынылуы мүмкін.
Ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда, нақты мүдделер қақтығысы туындаған адам жұмыстан шығарылуға немесе атқаратын лауазымынан өзгедей босатылуға тиіс, сол сияқты оның өкілеттігі осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім ішінде тоқтатылады.
6. Мемлекеттік органның, ұйымның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы мүдделер қақтығысы туындаған мәселе бойынша объективті шешім қабылдау үшін өкілеттіктерді өз орынбасарына немесе өзге де уәкілетті тұлғаға уақтылы беруге міндетті.
Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ.
Осы Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы