246-бап. Сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру және оның мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмiн немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің
1. Іс бойынша шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот, сондай-ақ шешім орындалатын жердегі сот, егер атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн емес ететiн мән-жайлар туындаса, сот орындаушысының өтінішхаты бойынша және (немесе) тараптардың арызы бойынша атқарушылық iс жүргiзуде оны орындау тәсiлiн немесе тәртiбiн өзгертуі, атқарушылық iс жүргiзуде тараптардың арызы бойынша сот шешімін орындауды кейінге қалдыруы немесе оның мерзімін ұзартуы мүмкін.
2. Атқарушылық іс жүргізу тараптарының арызы бойынша сот олардың арасында жасалған татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуге құқылы.
3. Атқарушылық iс жүргiзуде сот орындаушысының өтінішхаты немесе тараптардың арызы, сондай-ақ олардың арасында жасалған татуласу келiсiмі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот отырысында қаралады. Iске қатысатын адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi өтінішхатты немесе арызды шешуге кедергi болып табылмайды.
Сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру және оның мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы арызды, өтінішхатты сот арыз сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
4. Соттың осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген:
осы Кодекстің 238-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру, оның мерзiмiн ұзарту туралы, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы;
осы Кодекстің 177-бабының жетінші бөлігіне сәйкес татуласу келiсiмін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы ұйғарымдарына жеке шағымдар берілуі, прокурор өтінішхаттар келтіруі мүмкін.
Ескерту. 246-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2020 № 342-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы