Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабына түсініктеме. Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу
Қазақстан Республикасы азаматының жалдамалылық белгілері болмаған кезде шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе әскери іс-қимылдарға қасақана құқыққа қайшы қатысуы — бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Шетелде ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тартудың құқықтық тетіктерінің болмауына байланысты азаматтардың шет мемлекет аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылығы енгізілді. Мұндай бастама азаматтарымызды халықаралық террористік ұйымдар жағында ұрыс қимылдарына қатысу үшін Сирияға тартумен байланысты болды.
Бұған дейін шетелдегі қарулы қақтығыстарға немесе әскери іс-қимылдарға қатысқан адамдарға қатысты еліміздің құқық қорғау және арнаулы органдары Қылмыстық кодекстің 170-бабында көзделген «Жалдамалылық» қылмыстық құқық бұзушылығының белгілері бойынша қылмыстық істер қозғайтын.
1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенцияларына 1977 жылғы 8 маусымдағы халықаралық қарулы қақтығыстар құрбандарын қорғауға қатысты I Қосымша хаттаманың 47-бабына сәйкес, жалдамалы деп қарулы қақтығысқа идеологиялық, ұлттық, саяси себептермен немесе әскери міндетін орындау тәртібімен емес, өзінің жеке басының пайдасын көздеп қатысатын адам танылады. ҚР азаматтары шетелдегі қарулы қақтығыстарға, әдетте, діни және идеологиялық себептер бойынша қатысады.
Бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігі қазақстандықтардың диверсиялық-террористік тәжірибе жинақтап, отанына оралғаннан кейін «қарулы жиһад» ұйымдастыру әрекеттерін жасай бастауында. Діни-экстремистік топтардың құрамы сапалық тұрғыдан өзгеріп, олардың желісі кеңейеді, ал бұл алдын алу сипатындағы уақтылы шаралар қабылдауды талап етеді.
Қылмыстың объектісі болып қарулы қақтығыстарды құқықтық реттеу қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар табылады.
Қосымша объект — Қазақстанның бейтарап мемлекет мәртебесінен айырылуы және қарулы қақтығысқа тартылуы мүмкін екендігін білдіретін ҚР саяси қауіпсіздігі.
Объективтік жағы ҚР азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе әскери іс-қимылдарға құқыққа қайшы қатысуынан көрінеді.
ҚР азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысуына ҚР уәкілеттік бермеген жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай қатысу құқыққа қайшы деп есептеледі.
Қатысудың құқыққа қайшы екендігін шет мемлекет аумағындағы қарулы қақтығыстың тарабы болып табылатын мемлекеттің қарулы күштерін құруға көмек көрсету, әскери кадрларды даярлау, әскерлерді оқыту, жауынгерлік техника мен қару-жараққа қызмет көрсету, мемлекеттің қарулы күштері арқылы әскери іс-қимылдарды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі өкілеттіктерді растайтын ресми құжаттардың болмауы дәлелдейді.
1907 жылғы 18 қазандағы Құрлықтағы соғыс жағдайында бейтарап державалар мен адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы V Гаага конвенциясының 6-бабына сәйкес, жекелеген адамдар соғысушы мемлекеттердің бірінің қызметіне кіру үшін шекарадан өте алады. Халықаралық құқық тұрғысынан еріктінің әрекеттері, егер ол өз елін шетелдік агрессордан қорғау мақсатында әділетті соғыс жүргізіп жатқан армия қатарына ресми түрде кірсе, құқыққа сай деп есептеледі. Мұндай армия қатарына басқа мемлекеттің азаматының (азаматтығы жоқ адамның) кіруі қарулы қақтығыстар құқығының нормаларын бұзбайды. Еріктінің мәртебесін басқа себептерді басшылыққа алатын жалдамалылардан ажырату қажет. Міндетті белгі — жалдамалылық белгілерінің болмауы (ҚР ҚК-нің 170-бабы).
Жалдамалыларға басқа мемлекеттердің қарулы күштерінде немесе әскери ұйымының өзге де құрылымдарында келісімшарт бойынша әскери қызметті ресми түрде атқаратын басқа мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ мемлекеттің хабардар болуымен басқа мемлекеттердің қарулы күштерінде немесе әскери ұйымының өзге де құрылымдарында келісімшарт бойынша әскери қызметте ресми түрде жүрген мемлекеттің азаматтары жатпайды.
Сонымен қатар объективтік жақтың міндетті белгілеріне мән-жай — қарулы қақтығыс немесе әскери іс-қимылдар (ҚР ҚК-нің 170-бабына түсініктемені қараңыз) және қылмыс жасалған орын — шет мемлекеттің аумағы жатады.
Мемлекеттік аумақ — белгілі бір мемлекеттің егемендігіне жататын, яғни белгілі бір мемлекетке тиесілі және оның шегінде сол мемлекеттің аумақтық үстемдігі жүзеге асырылатын аумақ. Оның құрамына құрлық пен сулар, олардың астындағы жер қойнауы және құрлық пен сулардың үстіндегі әуе кеңістігі кіреді, олардың шектері мемлекеттік шекарамен айқындалады.
2013 жылғы 16 қаңтардағы ҚР «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының 1-бабының мазмұнына сәйкес, мемлекеттік шекара деп мемлекеттің аумағының (құрлықтың, сулардың, жер қойнауының, әуе кеңістігінің) шектерін және ҚР мемлекеттік егемендігінің кеңістіктегі қолданылу шегін айқындайтын сызық пен сол сызық бойымен өтетін тік жазықтық танылады.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қылмыс ҚР азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе әскери іс-қимылдарға қатысуы басталған сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналық нысанымен сипатталады. Кінәлі адам өзінің шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе әскери іс-қимылдарға қатысып жатқанын сезінеді және мұны қалайды.
Субъектісі — арнайы субъект, 16 жасқа толған, есі дұрыс, ҚР азаматы болып табылатын жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 172-бабында көзделген әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар