347-бап. Қауіпті қалдықтарды есепке алу Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар, қауіпті қалдықтарды түзушілер, қауіпті қалдықтарды жинау, тасу және (немесе) залалсыздандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері қалдықтардың көлемін, түрін, шығу тегін, межелі пункттерін, қауіпті қалдықтарға қатысты көзделген жинау жиілігін, тасу әдісін және жұмыс істеу әдісін хронологиялық есепке алуды жүзеге асыруға және осы ақпаратты осы баптың 3-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беруге міндетті.
2. Қауіпті қалдықтарды тасу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінде кемінде он екі ай сақталуға тиісті есепке алу жазбаларын қоспағанда, қауіпті қалдықтар бойынша есепке алу жазбалары кемінде бес жыл сақталуға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар қауіпті қалдықтарды түгендеу жөніндегі есепті жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан 1 наурызына дейінгі жағдай бойынша электрондық нысанда ұсынуға міндетті.
4. Қауіпті қалдықтарды басқару жөніндегі операцияның аяқталғанын құжаттамалық растауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе қалдықтардың бұрынғы иесінің сұратуы бойынша осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар ұсынуға тиіс.
5. Қалдықтарды басқару саласындағы бастапқы статистикалық деректерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы осы Кодекстің 384-бабында айқындалатын тәртіппен қалдықтарды басқаруды жүзеге асыратын тұлғалар ұсынатын есептілік негізінде қалдықтардың мемлекеттік кадастрындағы мәліметтерге сәйкес қалыптастырады және олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес статистика жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы