9-бап. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсi Бағалы қағаздар рыногы туралы Заңы
1. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсiнде мыналар қамтылуға тиіс:
1) эмитенттің атауы және оның орналасқан жері туралы ақпарат;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар туралы, оларды төлеу және олар бойынша кіріс алу тәсілдері туралы мәліметтер;
3) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру, айналысы, өтеу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ осы Заңның 15 және 18-4-баптарында белгіленбеген облигацияларды сатып алудың қосымша шарттары, олар бар болса;
4) ковенанттар (шектеулер), олар бар болса (акциялар шығарылымы проспектісін қоспағанда);
5) эмиссиялық бағалы қағаздарды конвертациялау шарттары, мерзімдері мен тәртібі (конвертацияланатын бағалы қағаздарды шығару кезінде);
6) шығарылған облигациялар бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара қамтамасыз ету болып табылатын облигациялар эмитенті мүлкінің құнын көрсете отырып, осы мүлік туралы мәліметтер (қамтамасыз етілген облигациялар бойынша);
7) облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны пайдаланудың нысаналы мақсаты туралы;
8) эмитенттің орналастырылған (акционерлік қоғам сатып алғандарын қоспағанда) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) он және одан көп пайызын иеленетін құрылтайшылары туралы немесе ірі акционерлері (қатысушылары) туралы мәліметтер;
9) эмитенттің басқару органы және атқарушы органы туралы мәліметтер (акциялар шығарылымының проспектісін қоспағанда);
10) эмитент қызметінің негізгі түрлерін көрсете отырып, эмитенттің қаржы-экономикалық және шаруашылық қызметінің көрсеткіштері;
11) эмитент туралы және ол орналастыратын эмиссиялық бағалы қағаздар туралы қосымша мәліметтер.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда, эмитент мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды олар туындаған немесе эмитенттің немесе облигацияларды ұстаушылардың тиісті органдары шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік емес облигациялар шығарылымының проспектісіндегі мәліметтерді өзгертуді эмитент облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешімі негізінде бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) орналастырылған (сатып алынғандарын қоспағанда) облигациялардың жалпы санының кемінде сексен бес пайызын иеленетін ұстаушылар осы шешім үшін дауыс берген кезде;
2) эмитент сатып алған облигацияларды қоспағанда, облигациялар ұстаушылардың құрамында осы шығарылым облигацияларының он пайызынан астамын дербес иеленген екі және одан көп тұлға болған жағдайда, шығарылым шарттарын өзгерту үшін осындай облигациялар ұстаушылардың жалпы санының жетпіс бес және одан көп пайызы дауыс берген кезде жүзеге асырады.
Осы тармақтың талабы қаржы ұйымдарына немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда олар қайта құрылымдауды жүргізген кезде қолданылмайды.
4. Эмитент:
1) орналастырылған акциялар санын азайтуды көздейтін акциялар шығарылымының проспектісіне;
2) жарияланған облигациялар санын ұлғайтуды көздейтін мемлекеттік емес облигациялар шығарылымының проспектісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы емес.
5. Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес арнайы қаржы компаниясы шығаратын облигациялар шығарылымының проспектісіне қойылатын қосымша талаптар Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасында белгіленеді.
6. Ислам бағалы қағаздары шығарылымының проспектісі исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңеспен келісуге жатады.
Эмитент ислам бағалы қағаздарын ұстаушылардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілетін жағдайларда, ислам бағалы қағаздары шығарылымының проспектісінде белгіленген ислам бағалы қағаздарын орналастыру, айналысы және өтеу шарттарын өзгертуге құқылы емес.
7. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсiн (облигациялық бағдарлама проспектiсiн), мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсiне (облигациялық бағдарлама проспектiсiне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды жасау және ресімдеу қағидалары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
8. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсi (облигациялық бағдарлама проспектiсi) уәкiлеттi органға қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Шетел валютасында номиналданған мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылған жағдайда, мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсi уәкілетті органға ағылшын тілінде қосымша ұсынылады.
9. Осы баптың талаптары айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын облигацияларға, жеке орналастыруға жататын мемлекеттік емес облигацияларға қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі N 461 Заңы.
Осы Заң эмиссиялық бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының шығарылуы, орналастырылуы, айналысы және өтелуi процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды, бағалы қағаздар нарығы субъектiлерiнiң құрылуы мен олардың қызметiнің ерекшелiктерiн реттейдi, бағалы қағаздар нарығының қауiпсiз, ашық және тиiмдi жұмыс iстеуiн, инвесторлардың және бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтарының қорғалуын, бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың адал бәсекелестігін қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздар нарығын реттеу, бақылау және қадағалау тәртiбiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы