Он алты жасқа толмағанмен бірнеше рет сексуалдық әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп танылған
Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2017 жылғы 20 қазандағы үкімімен: Қ. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 122-бабының үшінші бөлігімен бала тәрбиесімен айналысу құқығынан өмір бойына айрылып, 10 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге сотталған. Қылмыстық іс апелляциялық және кассациялық тәртіппен қаралмаған. Сот үкімімен Қ. он алты жасқа толмаған жәбірленуші Б.-мен бірнеше рет сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Бас Прокурор наразылығында Қ. туғаннан психофизикалық өсуде артта қалғанын, мүгедек бала екендігін, мектепте сабақ үлгерімінің төмен болуына байланысты қосалқы мектепте және үйінде көмекші мектеп бағдарламасымен оқығанын, психиатриялық стационарда бірнеше рет емделіп, есепте тұрғанын көрсетіп, Қ.-ға тағайындалған жаза мерзімін 7 жыл 6 айға төмендетіп, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге белгілеуді сұраған. Сотталған Қ.-ның кінәсі іс бойынша жинақталған және сот отырысында жан-жақты, толық, объективті бағаланып, зерттелген, дәйектілігі жағынан ешбір күмән келтірмейтін дәлелдемелермен толық бекітілген. Сотталған Қ.-ның қылмыстық іс-әрекеттерін сот дұрыс саралаған. Алайда сот жаза тағайындау барысында бірқатар мән-жайларды ескермеген. «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы нормативтік қаулысының 1, 3-тармақтарына сәйкес соттар сотталушының жеке басына қатысты мәлiметтердiң жазаның түрi мен мөлшерiн белгiлеу үшiн елеулi мәнi бар екенін назарға ала отырып, оларды жан-жақты, толық және объективтi түрде зерттеуге тиіс. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, еңбекке қабiлеттiлiгiн, еңбекке, білімге көзқарасын, соттылығы және отбасылық жағдайы туралы мәлiметтердi анықтауы қажет Соттар ҚК-нің тиісті бабында белгіленген шектерде және ҚК-нің Жалпы бөлігінің ережелерін ескеріп, әділ жаза тағайындаулары қажет. Іс материалдарынан анықталғандай, сотталған Қ. қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған кезде 19 жаста болған және мүгедек ретінде психиатрдың есебінде тұрған.
Он алты жасқа толмағанмен бірнеше рет сексуалдық әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп танылған
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысында Қ.-ның бала кезінен тұлғаның органикалық бұзылу белгілері анықталған. Қ. туғаннан бастап психофизикалық өсуде артта қалып, мектепте сабақ үлгерімі төмен болған, қосалқы мектепте, кейіннен үйінде көмекші мектеп бағдарламасымен оқытылған, медициналық-педагогикалық комиссиясының жолдамасымен психиатрға қаралып, психиатриялық есепке алынып, психиатриялық стационарда бірнеше рет емделген. Қ.-ға 16 жасқа толғаннан кейін психикалық ауруына байланысты 2-топ мүгедектігі тағайындалған. Қосымша сот-психиатриялық сараптама қорытындысымен алғашқы сот-психиатриялық сараптама қорытындысы толық расталған. Аталған сараптамалар Қ.-ның өз жасына сай дамымағанын көрсетеді. ҚК-нің 90-бабының талаптарына сәйкес он сегіз бен жиырма бір жас аралығындағы қылмыс жасаған адамдарға, жасаған іс-әрекетінің сипатын және жеке басын ескере отырып, сот айрықша жағдайларда, оларға кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы жөніндегі бөлімнің ережелерін қолдана алатыны бекітілген. ҚК-нің 81-бабының жетінші бөлігінде кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасын он жылдан асыруға болмайтыны (адам өлтіру немесе терроризм қылмыстарын есептемегенде) көрсетілген. ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігінің 3) тармағында жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңілдететін мән-жайлар болып, ауырлататын мән-жайлар болмағанда, аса ауыр қылмыс жасаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген ең жоғарғы мерзімінің төрттен үшінен асыруға болмайтыны көрсетілген. ҚК-нің 17-бабының екінші бөлігінде есінің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психиканың бұзылуын сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алатындығы бекітілген.
Бірінші сатыдағы сот Қ.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайларды анықтамаған. Сот алқасы істің мән-жайларын ескеріп, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығында көрсетілген сотталған Қ.-ның жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуді тағайындау туралы уәждерін дұрыс деп есептейді. Мұндай тұрғыда Қ.-ның жеке басының ерекшелігін, оның дамуы өз жасына сәйкес келмейтіндігін ескеріп, Қ.-ға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның ең жоғарғы мерзімі 10 жыл, ал осы мерзімнің төрттен үш бөлігі 7 жыл 6 айды құрайды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Қ.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп, Қ.-ға ҚК-нің 122-бабының үшінші бөлігімен педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Қ.-ға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленіп, үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы