Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 195-бабына түсініктеме. Алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіру
1. Жымқыру белгілері болмаған кезде алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы меншік иесіне немесе өзге де мүлік иеленушіге мүліктік залал келтіру —
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекетті бірнеше рет жасау —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
3) ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу не телекоммуникация желілері арқылы берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасаған кезде —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) ірі залал келтірген болса, —
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1 және 2-бөліктері — қылмыстық теріс қылықтар, 3 және 4-бөліктері — қылмыстар) меншік қатынастарының бұзылуынан көрінеді. Бұл қылмыстық құқық бұзушылық меншік иесін немесе өзге де мүлік иеленушіні алуға тиіс болған материалдық игіліктерінен айыру арқылы оларға мүліктік залал келтіру жолымен аталған қатынастарға нұқсан келтіреді.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі меншік қатынастары болып табылады.
Объективтік жағынан қарастырылып отырған іс-әрекет мыналардан тұрады:
жымқыру белгілері болмаған кезде алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіруге бағытталған әрекеттердің (әрекетсіздіктің) жиынтығы;
жіберіп алған пайда түріндегі мүліктік залал түріндегі зардаптар;
кінәлі адамның іс-әрекеті мен жіберіп алған пайда арасындағы себепті байланыс.
Іс-әрекетті жасау тәсілдері осы құрамның міндетті белгісі болып табылады: залал алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы келтіріледі. Бұл ұғымдардың мазмұны алаяқтық кезіндегі осындай ұғымдармен сәйкес келеді, сондықтан олар егжей-тегжейлі қарастырылмайды.
Аталған іс-әрекеттердің айрықша белгісі — қарастырылып отырған іс-әрекеттің жымқыру болып табылмайтындығында, ал алаяқтықтың жымқыру болып табылатындығында. Жымқыру кезінде мүліктің құқыққа сай иелену қорынан құқыққа қайшы иеленуге өтуі міндетті болып табылады. Алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы жымқыру белгілерінсіз мүліктік залал келтіру мүлік меншік иесінің қорына әлі түспеген, бірақ түсуге тиіс болған жағдайда орын алады, яғни осы іс-әрекетті жасау кезінде заңды меншік иесі өзі алуға тиіс материалдық игіліктерді алмайды.
Алаяқтық кезінде бөтен мүлікті алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемдену және (немесе) оған құқықты иемдену орын алады. Талданып отырған іс-әрекеттің құрамында кінәлі адам сенімді қарым-қатынастарды пайдалана отырып немесе алдау жолымен мүліктің меншік иесіне өтуіне жол бермейді. Мысалы, ҚК-нің 195-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы заңды тұлғаларға немесе өзге де меншік иелеріне тиесілі көлік құралын немесе басқа да жылжымайтын мүлікті ақы төлемей пайдаланатын адамға, не халыққа тұрмыстық және өзге де қызмет көрсету бойынша жұмыстарды орындағаны немесе қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлемейтін адамға және т.б. қатысты кінә тағылуға тиіс.
Сондай-ақ алаяқтық кезіндегі алдау немесе сенімді теріс пайдалану жәбірленушіге бағытталады және оның тарапынан белгілі бір мүліктік билік ету әрекетін туындатуға себеп болады. Ал қарастырылып отырған жағдайда алдау, негізінен, қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру тәсілі болып табылады және кез келген жағдайда жәбірленушінің мүліктік билік ету әрекетін шарттамауға тиіс. Кінәлі адам мүлікті өзі ұстап қалады. Жәбірленуші оны бермейді, өйткені оның иелігінде ондай мүлік жоқ. Ал сенімді теріс пайдалану, өз кезегінде, бөтен мүлікті иемденуге ұқсас болғанымен, заттық-құқықтық қатынастардың сипаты мен нысанасы бойынша да ерекшеленеді. Ұсталып қалған мүлік кінәлі адамға берілмеген және жәбірленушінің меншігінде болмаған. Осы айырмашылықтарды ескере отырып, алдау немесе сенімді теріс пайдалану әртүрлі әрекеттермен немесе әрекетсіздікпен жүзеге асырылуы мүмкін.
Алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы жымқыру белгілерінсіз меншік иесіне мүліктік залал келтіруге қатысты ҚК-нің 219-бабында көзделген кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану, ҚК-нің 236-бабында көзделген кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару, ҚК-нің 244-бабында көзделген азаматтың салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы, ҚК-нің 245-бабында көзделген ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару сияқты қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары арнайы құрамдар болып табылады.
Қылмыстық құқық бұзушылық меншік иесіне мүліктік залал келтірілген сәттен бастап аяқталған болып танылады. Келтірілген залалдың сипатын анықтау үшін мүліктің жәбірленушінің қорына қай сәттен бастап түсетінін айқындаудың маңызы бар. Мұны дұрыс белгілеуге жасалған іс-әрекеттің мүлікті иемдену, яғни жымқыру құрамы ретінде не меншік иесінің қорында әлі болмаған, бірақ оған берілуге тиіс мүлікті өз пайдасына айналдыру, яғни жымқыру белгілерінсіз алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы меншік иесіне мүліктік залал келтіру ретінде саралануы байланысты болады.
Бұл ретте кінәлі адамның аталған мүлікті алуға белгілі бір өкілеттіктері болған-болмағанын анықтау шешуші мәнге ие. Егер мүлік оны алуға өкілеттігі жоқ, бірақ алдау әрекеттері арқылы өзін осындай өкілеттігі бар адам ретінде көрсеткен тұлғаға берілсе, онда ол жәбірленушінің меншігіне өтіп үлгермейді. Осыған байланысты мұндай адамның әрекеттері тиісті қордан ақша қаражатын жымқыру болып табылмайды, керісінше, жымқыру белгілері болмаған кезде алдау арқылы мүліктік залал келтіру болып табылады.
Жымқырудан айырмашылығы, мүліктік залал мүліктің азаюынан емес, тиесілі нәрсені алмаудан, яғни жіберіп алған пайда түрінде көрінеді.
Жіберіп алған пайданы анықтау да азаматтық-құқықтық қатынастарды талдауды талап ететін күрделі мәселе болып табылады. Бұл мәселені шешу мыналарды қамтиды: а) тұлғаның шынымен де өтелуіне құқығы бар жіберіп алған пайданың бар-жоғын анықтау; б) жіберіп алған пайданың мөлшерін есептеу (ҚР АК-нің 9-бабы).
ҚР АК-нің 9-бабының 4-тармағына сәйкес залал деп құқығы бұзылған тұлға жасаған немесе жасауға тиіс болған шығыстар, оның мүлкінің жоғалуы немесе бүлінуі (нақты залал), сондай-ақ егер оның құқығы бұзылмаған болса, ол азаматтық айналымның қалыпты жағдайларында алуға тиіс болған, бірақ ала алмаған кірістер (жіберіп алған пайда) түсініледі.
Мүліктік залал ұғымы бағалау сипатында болады, яғни едәуір дәрежеде жәбірленушінің немесе құқық қолданушының пікіріне байланысты. Сонымен бірге жәбірленуші тараптың пікірін анықтауды осы белгіні белгілеу кезінде міндетті талап ретінде қарастыруға болмайды. Залал — азаматтық-құқықтық ұғым, ал азаматтық заңнама бұл санаттың субъективтік сипатын көрсетпейді. Залалдың келтірілген-келтірілмегенін жәбірленуші анықтамайды, ол тек азаматтық-құқықтық құралдар арқылы өз құқықтарын қалпына келтіруге ниетті екенін білдіреді. Сондықтан жәбірленуші тараптың өзінде талап-арыз жоқ екені туралы мәлімдемесі оның тергеліп жатқан іс шеңберінде азаматтық талап қою арқылы өз талаптарын іске асыруға ниеті жоқ екенін білдіреді, алайда бұл одан әрі тергеу жүргізуге еш кедергі келтірмейді.
Меншік иесінің немесе өзге де мүлік иеленушінің мүлікті тиісінше пайдаланбауы салдарынан оның мүлкіне мүліктік залал келуі кінәлі адамның әрекеттерінен туындауға тиіс. Меншік иесінің немесе өзге де мүлік иеленушінің сенім қатынастарын тиімсіз немесе заңдық тұрғыдан құқыққа қайшы белгілеуімен байланысты дұрыс емес әрекеттерінен туындаған мүліктік залал жағдайлары алып тасталуға тиіс. Мысалы, тауарды жоғары бағамен сатуға нұсқау беріліп, сатушы өзінің сыйақысын толығымен өзінде қалдырып, меншік иесінің (сенім білдірушінің) пайдасын азайтқан жағдайда осындай жағдай орын алуы мүмкін.
Кінәлі адамның меншік иесіне немесе өзге де мүлік иеленушіге мүліктік залал келтіру үшін жағдайларды қасақана жасауы алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіруге дайындалу ретінде қарастырылуға тиіс. ҚК-нің 24-бабының 2-бөлігіне сәйкес мұндай дайындалу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды, өйткені қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық ауыр немесе аса ауыр қылмыс санатына, сондай-ақ террористік қылмысқа жатпайды. Бұл жағдайда тек азаматтық-құқықтық немесе тәртіптік жауаптылық туындауы мүмкін.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы тікелей қасақаналық және пайдакүнемдік мақсат түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адам жәбірленушіні жаңылыстыру немесе онымен сенімді қарым-қатынас орнату жөніндегі өзінің әрекеттері нәтижесінде мүліктің меншік иесіне өтуіне жол бермейтінін сезінеді және соны қалайды.
Мыналар пайдакүнемдік мақсат болып табылмайды: а) егер бұл субъектінің немесе үшінші тұлғалардың баюына әкеп соқпаса, мүлікті нақты өкілеттіктер негізінде, бірақ белгіленген мақсаттарға сәйкес келмейтін түрде пайдалану (мысалы, бюджеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану); б) мүлікті уақытша пайдалануға алу не мүлікті төлеу мерзімін қасақана кешіктіре отырып алу; в) меншік иесін қорқытуға, оны барынша мұқият болуға итермелеуге ұмтылу.
Субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты бірнеше рет жасау оның саралаушы белгісі болып табылады (ҚК-нің 195-бабының 2-бөлігі).
ҚК-нің 195-бабының 3-бөлігі осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді мынадай жағдайларда жасағаны үшін неғұрлым қатаң жауаптылықты көздейді:
адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
адамның өзінің қызмет бабын пайдалануы арқылы;
ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу не телекоммуникация желілері арқылы берілетін ақпаратты өзгерту жолымен.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты қылмыстық топ жасаған немесе ірі залал келтірілген жағдайда, іс-әрекет ҚК-нің 195-бабының 4-бөлігі бойынша сараланады.
Талдап отырған құрамға қатысты жекелеген саралаушы және аса саралаушы белгілердің мазмұны ашып көрсетілмейді, өйткені олар ұрлықтың қылмыстық-құқықтық сипаттамасын қарастыру кезінде баяндалған (ҚК-нің 188-бабына түсініктемені қараңыз).
Қызмет бабын пайдалана отырып, алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіру (ҚК-нің 195-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденуге немесе ысырап етуге ұқсас. Олардың аражігі қылмыстық қолсұғушылық нысанасы бойынша ажыратылады. Мысалы, кінәлі адам электр энергиясын, жылу энергиясын және т.б. «жымқырса», оның әрекеттері жалпы алғанда жымқыру ретінде сараланбайды, өйткені қылмыстық құқық бұзушылықтың заты ретінде материалдық дүниенің заты жоқ.
Иемдену немесе ысырап ету кезінде, кез келген өзге де жымқыру нысаны сияқты, кінәлі адамның әрекеттерінен келтірілген негізгі залал жіберіп алған пайда түрінде көрініс табуы мүмкін емес.
ҚК-нің 195-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 195-бабының 3-бөлігінде көзделген іс-әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 195-бабының 4-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар