Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабына түсініктеме. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың түрлері

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабына түсініктеме. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың түрлері

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабына түсініктеме. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың түрлері

Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылар деп орындаушымен қатар ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесуші танылады.

Орындаушы деп қылмыстық құқық бұзушылықты тікелей жасаған не оны басқа адамдармен (қоса орындаушылармен) бірлесіп тікелей жасауға қатысқан адам, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жасына толмауына, есінің дұрыс болмауына немесе басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты абайсызда әрекет жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам танылады.

Ұйымдастырушы деп қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық жасаған адам, сондай-ақ қылмыстық топ құрған не оған басшылық жасаған адам танылады.

Айдап салушы деп басқа адамды үгіттеу, сатып алу, қорқыту немесе өзге де тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндірген адам танылады.

Көмектесуші деп қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға кеңестерімен, нұсқауларымен, ақпарат беруімен, осы әрекетті жасау құралдарын немесе қаруларын беруімен не оны жасауға кедергілерді жоюымен жәрдемдескен адам, сондай-ақ орындаушыны, қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралдарын немесе өзге де құралдарын, осы әрекеттің іздерін не құқыққа қарсы жолмен табылған заттарды жасыруға алдын ала уәде берген, сол сияқты осындай заттарды алдын ала сатып алуға немесе өткізуге уәде берген адам танылады.

Қылмыстық құқық құқық бұзушылықты басқа адамдармен бірлесіп жасау кезінде адамның жауаптылық дәрежесін шешуді оның атқарған қызметіне сөзсіз тәуелді етпейді. Жауаптылықты даралау міндеті өзгеше шешіледі: қатысушылардың түрлерін айқындай отырып, яғни олардың әрқайсысының құқыққа қарсы қызметінің белгілерін жалпы түрде аша отырып, қылмыстық құқық сотқа нақты қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезінде кез келген қатысушының қызметінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.

Қатысушылардың әрқайсысы ортақ іске өз үлесін қосады, яғни онда белгілі бір қатысу үлесі болады. Нақты қылмыстық құқық бұзушылық құрамының объективтік жағын тек орындаушы ғана жүзеге асырады.

Заң шығарушы екі немесе одан да көп адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысу сипаты мен дәрежесіне қарай қатысушылардың төрт түрін айқындайды: орындаушы, ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесуші. Бұл ретте қатысу сипаты деп белгілі бір адамның жасаған әрекеттерінің сапалық жағын, яғни оның қоғамдық қауіпті әрекетінің нақты неден көрінгенін түсіну қажет. Қатысу дәрежесі деп қатысушылардың әрқайсысының өздері көздеген құқыққа қарсы нәтижеге қол жеткізудегі нақты рөлі түсініледі.

ҚК-нің 28-бабының 1-бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылар деп орындаушымен қатар ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушінің танылатынын белгілей отырып, заң шығарушы осылайша қатысудың акцессорлық табиғатын бекітті. Қатысудың акцессорлық теориясының мәні қатысудағы негізгі тұлға орындаушы болып табылатындығында. Орындаушысыз қатысу туралы сөз болуы мүмкін емес, ал ұйымдастырушысыз, көмектесушісіз, айдап салушысыз қатысу болуы мүмкін (мысалы, екі немесе одан да көп орындаушының болуымен сипатталатын қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласпай, адамдар тобының жасауы).

Орындаушы өз әрекеттерін бастағанға дейін ұйымдастырушының, айдап салушының, көмектесушінің қоғамдық қауіпті әрекеттері қатысу ретінде саралануы мүмкін емес.

Ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші орындаушыны өздері қалаған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға көндіре алмаған жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу емес, қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау сатылары институты орын алады.

Қатысушылардың түрлерін анықтау — олардың әрқайсысының жеке рөлін белгілеу болып табылады. ҚК-нің 28-бабының 2-бөлігіне сәйкес орындаушы деп қылмыстық құқық бұзушылықты тікелей жасаған не оны басқа адамдармен (қоса орындаушылармен) бірлесіп тікелей жасауға қатысқан адам, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жасына толмауына, есінің дұрыс болмауына немесе басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты абайсызда әрекет жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам танылады.

Қылмыстық құқық ғылымында орындаушы топтық қылмысқа қатысушылардың, оның ішінде ұйымдастырушының арасындағы ең қауіпті тұлға болып табылады деген пікір айтылған. Орындаушы топтық қылмыс кезінде елеулі қауіп төндіретініне және жасалатын әрекеттің мәні оның іс-әрекетіне, ептілігіне, айлакерлігіне және ерік-жігеріне байланысты екеніне қарамастан, орындаушы қылмысты ұйымдастырушыға қарағанда анағұрлым қауіпті тұлға деп айту екіталай.

Қылмыстық құқық бұзушылықты орындаушы қылмыстық заңның жалпы талаптарына — есі дұрыс болуға және қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа толуға — сондай-ақ Ерекше бөлімнің нақты құрамдарына қойылатын арнайы талаптарға, яғни қылмыстық құқық бұзушылықтың арнаулы субъектісіне тән қажетті белгілерге ие болуға тиіс. Басқаша айтқанда, бірлескен қызметке қатысушы орындаушы болу үшін адам жеке орындаушыға тән барлық белгілерге ие болуы керек.

Орындаушылардың әрекеттері тікелей орындаушы жүзеге асырған қылмыстық құқық бұзушылық құрамын көздейтін ҚК бабы бойынша сараланады. Бірнеше орындаушы болған кезде осы қағидадан ерекшеліктер болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда олардың әрекеттерін бір баптың бір бөлігі бойынша саралау міндетті емес. Мысалы, бір орындаушы кісі өлтіруді алғаш рет, ҚК-нің 99-бабының 2 немесе 3-бөліктерінде көрсетілген ауырлататын мән-жайларсыз жасады, ал екіншісі кісі өлтіруді қайталап жасады. Біріншісінің әрекеттері ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі бойынша сараланады, ал екіншісінің әрекеттері, егер ол бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған болса (ҚК-нің 100–104-баптарында көзделген әрекеттерді қоспағанда), ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 13) тармағында көзделген белгілерге сәйкес келеді.

Егер қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға бір орындаушы қатысып, ал басқа адамдар ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші ретінде қатысса, онда мұндай жағдайларда орындаушының әрекеттері өзге саралаушы белгілердің болуына қарай осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін баптың тиісті тармақтары мен бөліктері бойынша тікелей саралануға тиіс, ал басқа қатысушылардың әрекеттері ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасала отырып сараланады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың бандитизм және қатысумен жасалған басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 3-тармағының 5-абзацында: «Ұйымдастырушының, айдап салушының немесе көмектесушінің жауаптылығы, олар бір мезгілде қылмыстық құқық бұзушылықтың қоса орындаушылары болған жағдайларды қоспағанда, ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасала отырып, нақты қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің тиісті бабы бойынша туындайды», — деп көрсетілген.

Қылмыстық құқық бұзушылыққа басқа қатысушылармен алдын ала сөз байласпаған, бірақ оны басқа адамдар жасаған кезде оларға қосылып, тікелей қатысқан адам нақты өзі жасаған әрекеттері үшін қылмыстық құқық бұзушылықтың қоса орындаушысы ретінде жауаптылықта болуға тиіс.

Заң шығарушы тікелей орындаушылық пен қоса орындаушылықтан басқа, орындаушылықтың тағы бір түрін — қылмыстық құқық бұзушылық жасау үшін мынадай адамдарды пайдаланатын делдалдық орындаушылықты бөліп көрсетеді: 1) есі дұрыс емес адамдарды; 2) қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды; 3) абайсызда әрекет еткен адамдарды. Бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылықты орындау деп қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайтын әрекеттерді тікелей жасауды ғана емес, сондай-ақ осы мақсатта әртүрлі заттарды, құрылғыларды, тетіктерді және тағы басқаларды пайдалануды да, сонымен қатар жануарларды, тіпті делдалдық себепкерлік деп аталатын жағдайда адамдарды, яғни адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы ретінде пайдалануды да түсіну қажет.

Мәселен, қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылықты жасау үшін есі дұрыс емес адамдарды (болып жатқан оқиғаларға есеп бере алмайтын және өз әрекеттерін басқара алмайтын адамдар — ҚК-нің 16-бабы), сондай-ақ ҚК-нің 15-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адамдарды (мысалы, 14 жасқа толмаған жасөспірімдерді пайдалану арқылы) пайдаланатын адам қылмыстық құқық бұзушылықтың делдалдық орындаушысы деп танылады.

Психикалық дамуының тежелуі психикалық бұзылумен байланысты болмай, қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде өзінің әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық көлемде түсіне алмаған не оларды басқара алмаған, ҚК-нің 15-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыстық жауаптылық жасына толған кәмелетке толмаған адаммен бірлесіп қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам да делдалдық орындаушы деп танылуға тиіс (ҚК-нің 15-бабының 3-бөлігі).

Бұл ретте кінәлі адамның қылмыс жасау үшін қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын кәмелетке толмаған адамды, есі дұрыстығын жоққа шығаратын психикалық бұзылудан зардап шегетін адамды немесе қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа көрінеу толғанымен, психикалық дамуының тежелуіне байланысты өз әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық түсінбейтін және жасаған әрекеті үшін қылмыстық жауаптылық көтере алмайтын кәмелетке толмаған адамды пайдаланатынын түсінген-түсінбегенінің маңызы жоқ. Сондай-ақ осы объективті-субъективті мән-жайлар оның санасында қамтылған-қамтылмағаны да маңызды емес.

Кінәлі адамның осы мәселеге қатысты кез келген жаңылысуының (негізді немесе негізсіз) оны делдалдық орындаушы деп тану үшін маңызы жоқ. Басқа мәселе — ересек адамның қылмыс жасау үшін өзі пайдаланған кәмелетке толмаған адамның жасына қатысты жаңылысуы оған ҚК-нің 132-бабында көзделген әрекетті қосымша тағуға нақты әсер ететін жағдай. Егер ересек адам адамның кәмелетке толмағанын білмесе, ол ҚК-нің осы бабы бойынша жауаптылыққа тартылмайды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 11 сәуірдегі «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары және оларды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өзге де қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 23-тармағында: «Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға немесе қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту туралы істерді тергеген және қараған кезде бұл қылмыстық құқық бұзушылықтардың тікелей қасақаналықпен жасалатынын ескеру қажет.

Бұл ретте кінәлі адам тартылған адамның кәмелетке толмаған жасын анық білген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылық туындайтынын негізге алу қажет», — делінген.

Қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адаммен не есі дұрыс емес деп танылған адаммен қасақана бірлесіп жасалған әрекет адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған деп сараланбайды. Мысалы, қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адаммен бірге ұрлық (ҚК-нің 188-бабы) жасалған кезде қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі болып танылатын адам жымқырудың орындаушысы деп танылуға тиіс және бұған қоса, тиісті негіздер болған кезде оның әрекеттері кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту ретінде ҚК-нің 132-бабы бойынша қосымша саралануға тиіс.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары және оларды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өзге де қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 27-тармағында: «Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқан және оған қатысқан ересек адамның әрекеттері жасөспіріммен қатысып жасалған нақты қылмыстық құқық бұзушылық үшін де, оны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқаны үшін де жауаптылық көздейтін ҚК баптарының жиынтығы бойынша саралануға жатады. Бұл ретте қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адаммен бірлесіп жасалған қылмыстық құқық бұзушылық адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық ретінде сараланбайды. Мұндай жағдайларда ҚК-нің 28-бабының екінші бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқан ересек адам қылмыстық құқық бұзушылықтың орындаушысы деп танылуға тиіс», — деп көрсетілген.

Делдалдық себепкерлік арнаулы субъект көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарда мүмкін емес. Мұнда адам қылмыстық құқық бұзушылықтың орындаушысы ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартыла алмайтын, өйткені оның қылмыстық құқық бұзушылықтың арнаулы субъектісіне тән белгілері жоқ жағдайлар туралы сөз болып отыр.

Пара алу, егер қылмысқа ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген екі немесе одан да көп арнаулы субъект өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала келіскен жағдайда, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған деп танылады. Демек, арнаулы субъект болып табылмайтын (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам немесе лауазымды адам және т.б. болып табылмайтын) және онымен алдын ала сөз байласып, онымен бірге іс жүзінде пара алуға қатысқан адам пара алғаны үшін жауаптылық көтере алмайды.

Делдалдық орындаушылықтың түрі ретінде абайсызда әрекет ететін адамды пайдалану деп кінәлі адамның қылмыстық-құқықтық мағынада кінәсіз әрекет ететін, өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігі мен құқыққа қайшылығын түсінбейтін және олардың зиянды салдарын болжап білмейтін адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартатын жағдайды ғана түсіну қажет. Мұндай жағдайда әрекеттер жиынтығы да, рөлдерді бөлу арқылы қатысу да туындамайды. Бұл ретте абайсызда әрекет жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады.

Физикалық немесе психикалық мәжбүрлеу зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам өз әрекеттерін (әрекетсіздігін) басқара алмайтын жағдайда, адамның әрекеттерін делдалдық орындаушының әрекеттері ретінде саралауға негіз болады. Заң шығарушы да осы ұстанымды басшылыққа алады. Мәселен, ҚК-нің 37-бабының 1-бөлігіне сәйкес: «Егер осы мәжбүрлеудің салдарынан адам өзінің әрекеттерін (әрекетсіздігін) басқара алмаса, Қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге физикалық немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесінде зиян келтіру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды». Адам өз әрекеттерін басқару мүмкіндігін сақтап қалған физикалық немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесінде ҚК қорғайтын мүдделерге зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық мәселесі ҚК-нің 34-бабының «Аса қажеттілік» ережелерін ескере отырып шешіледі (ҚК-нің 37-бабының 2-бөлігі).

Адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіруге қабілетті жануарларды пайдаланатын адам қылмыстық құқық бұзушылықтың делдалдық орындаушысы деп танылады. Бұл жағдайда жануарлар қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралына теңестіріледі (мысалы, ит — бөтеннің мүлкін жымқыру құралы). Заң әдебиетінде дұрыс атап өтілгендей, жануарлардың «тірі жан» болуы, командаларды түсініп, орындай алатын тіршілік иелеріне жатуы кінәлі адамға оларды қоғамдық қауіпті әрекетті жасау кезінде басқарылатын делдал ретінде пайдалануға мүмкіндік береді, сондықтан (теориялық тұрғыдан) бұл жағдайды тұтастай алғанда делдалдық себепкерлік ретінде қарастыруға негіз болады. Жануарды делдалдық орындаушы ретінде пайдаланатын адамның қылмыстық жауаптылығы мұндай әрекетті жасауға бағытталған қасақаналық болған жағдайда ғана туындауы мүмкін. Жануарды қылмыстық мақсатта пайдалануға қасақаналығы болмаған жағдайда, оған иелік ететін адам жануар келтірген зиян үшін делдалдық орындаушы ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды, ал азаматтық немесе әкімшілік заңнама нормалары бойынша жауап береді.

Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының объективтік жағын жанама түрде орындау (делдалдық себепкерлік) кейбір өзге де жағдайларда орын алуы мүмкін. Мәселен, жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелген жұмыссыз адамды делдал ретінде пайдалану арқылы кәсіпкерлік қызметін іс жүзінде өзі жүзеге асыратын адам салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған жағдайларда оның әрекеттері ҚК-нің 244-бабы бойынша осы қылмыстың орындаушысының әрекеттері ретінде сараланады.

Нақты қылмыстық құқық бұзушылықты дайындауға басшылық жасау ұйымдастырушының әрекеттері ретінде бағаланады. Заң әдебиетінде мұндай қызметті жүзеге асыру кезінде мынадай функциялар бөлініп көрсетіледі:

  • қылмыс жасауға дайындалу жөніндегі бірлескен қызметке қатысушыларды іздестіру және тарту;
  • қылмыстық қол сұғушылық объектісін айқындау;
  • қатысушылар арасында функционалдық міндеттерді (рөлдерді) бөлу;
  • қылмыс жасау жоспарын әзірлеу және қылмысқа қатысушыларға нұсқау беру;
  • қылмыстың орнын, уақытын, құралдарын және тәсілдерін айқындау;
  • қылмыс жасау үшін қолайлы жағдайлар жасау;
  • қатысушыларды қылмыс жасау құралдарымен және жабдықтарымен қамтамасыз ету;
  • қылмыс жасау үшін бірлескен күш-жігерді бағыттау;
  • қылмыс құралдары мен іздерін, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған құндылықтарды жасыруға басшылық жасау.

Көрсетілген және басқа да ықтимал қызмет түрлерін қылмысты ұйымдасқан түрде жасаудың барлық жағдайлары үшін міндетті деп тануға болмайтынын ескеру қажет. Олардың көлемі мен үйлесімі әртүрлі болуы мүмкін. Адамды ұйымдастырушы деп тану үшін оның әрекеттерінде аталған функциялардың кем дегенде біреуін орындау белгілерінің болуы жеткілікті.

Нақты қылмысты жасаудағы ұйымдастырушылық қызметтің нысаны әрбір нақты жағдайда жеке сипатта болады. Ұйымдастырушы басқа қатысушылардан жоғары тұрғандай болып, бірлескен қызметті айқындайды және бағыттайды деп айтуға болады.

Қылмыстық құқық бұзушылықты орындаушыға басшылық жасау қылмыстық құқық бұзушылық басталып кеткен кезде ұйымдастырушылық функцияларды жүзеге асыруды білдіреді. Сондықтан қылмыс басшысы деп қылмыстық қол сұғушылықты басқаратын, оны жасау барысында қатысушыларға нұсқаулар беретін, олардың әрекеттерін үйлестіретін, осы әрекеттердің орындалуын бақылайтын, құқық қорғау органдарының назарын басқа жаққа аударатын және т.б. адамды түсіну қажет.

Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы бойынша ұйымдастырушы деп жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтарды дайындау және жасау функцияларын жүзеге асыратын адам ғана емес, қылмыстық топ құрған немесе оған басшылық жасаған адам да танылады.

ҚК-нің 3-бабының 24) тармағына сәйкес қылмыстық топ — ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда, заңсыз әскерилендірілген құралым.

Ұйымдасқан топ — бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатында алдын ала біріккен екі немесе одан да көп адамның тұрақты тобы (ҚК-нің 3-бабының 36) тармағы).

Қылмыстық ұйым — қатысушылары ұйымдық, функционалдық және (немесе) аумақтық жағынан оқшауланған топтарға (құрылымдық бөлімшелерге) бөлінген ұйымдасқан топ (ҚК-нің 3-бабының 25) тармағы).

Қылмыстық қоғамдастық — бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасау үшін сөз байласқан екі немесе одан да көп қылмыстық ұйымның бірлестігі, сондай-ақ осы қылмыстық ұйымдардың кез келгенінің бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты дербес жасауы үшін жағдайлар жасау (ҚК-нің 3-бабының 23) тармағы).

Трансұлттық ұйымдасқан топ — екі немесе одан да көп мемлекеттің аумағында не бір мемлекеттің аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтардың біреуін немесе бірнешеуін жасау мақсатын көздейтін, бұл ретте әрекетті жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуына басшылық жасау басқа мемлекеттің аумағынан жүзеге асырылатын, сондай-ақ оған басқа мемлекеттің азаматтары қатысатын ұйымдасқан топ (ҚК-нің 3-бабының 35) тармағы).

Трансұлттық қылмыстық ұйым — екі немесе одан да көп мемлекеттің аумағында не бір мемлекеттің аумағында бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатын көздейтін, бұл ретте әрекетті жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуына басшылық жасау басқа мемлекеттің аумағынан жүзеге асырылатын, сондай-ақ оған басқа мемлекеттің азаматтары қатысатын қылмыстық ұйым (ҚК-нің 3-бабының 34) тармағы).

Трансұлттық қылмыстық қоғамдастық — екі немесе одан да көп трансұлттық қылмыстық ұйымның бірлестігі (ҚК-нің 3-бабының 33) тармағы).

Террористік топ — бір немесе бірнеше террористік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ (ҚК-нің 3-бабының 31) тармағы).

Террористік қылмыстар — ҚК-нің 170, 171, 173, 177, 178, 184, 255, 256, 257, 258, 259, 260, 261, 269 және 270-баптарында көзделген әрекеттер (ҚК-нің 3-бабының 30) тармағы).

Экстремистік топ — бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ (ҚК-нің 3-бабының 40) тармағы).

Экстремистік қылмыстар — ҚК-нің 174, 179, 180, 181, 182, 184, 258, 259, 260, 267, 404-баптарының (2 және 3-бөліктері) және 405-баптың нормаларында көзделген әрекеттер (ҚК-нің 3-бабының 39) тармағы).

Банда — азаматтарға немесе ұйымдарға қару қолдана отырып не қару қолданамын деп қорқыта отырып шабуыл жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ (ҚК-нің 3-бабының 7) тармағы).

Заңсыз әскерилендірілген құралым — Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген, әскери үлгідегі ұйымдық құрылымы бар, дара басшылыққа, жауынгерлік қабілетке және қатаң тәртіпке ие үш және одан да көп адамнан тұратын құралым (бірлестік, жасақ, дружина немесе өзге де топ) (ҚК-нің 3-бабының 18) тармағы).

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың бандитизм және қатысумен жасалған басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 6-тармағында: «ҚК-нің 31-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қылмыстық топ деп ҚК-нің 262, 263, 264, 265-баптарының бірінші бөліктерінде құрылуы үшін жауаптылық көзделген ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды, қылмыстық қоғамдастықты, трансұлттық қылмыстық ұйымды, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықты ғана емес, сондай-ақ құрылуы үшін жауаптылық ҚК-нің 257, 268 және 267-баптарының бірінші бөліктерінде көзделген террористік топты, экстремистік топты, тұрақты қарулы топты (банданы) және заңсыз әскерилендірілген құралымды да түсіну қажет», — деп көрсетілген.

Ұйымдастырушы деп қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық жасаған адам, сондай-ақ қылмыстық топ құрған немесе оған басшылық жасаған адам танылады (ҚК-нің 28-бабының 3-бөлігі). Ұйымдастырушы — бірлескен құқыққа қарсы қызметтің ең қауіпті қатысушысы. Ұйымдастырушы қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың дем берушісі және бастамашысы болып табылады. Қылмысты ұйымдастырушыны басқа қатысушылардан, ең алдымен, қылмыстық құқық бұзушылыққа дайындық кезінде танытқан бастамашылдығы, яғни басқа адамдарды тартуы, бірлескен қызмет жоспарын әзірлеуге белсенді қатысуы және топ жасаған қылмысқа белсенді түрде қатысуы мүмкін екендігі ерекшелейді.

Мысалы, лауазымды адамның өз ұйымының мүддесі үшін қалаған әрекетке (әрекетсіздікке) қол жеткізу мақсатында қызметі бойынша өзіне бағынысты қызметкерге лауазымды адамға пара беруді ұсынған жағдайларын қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастыру ретінде қарастыру қажет. Бұл жағдайда ол ҚК-нің 367-бабының тиісті бөлігі бойынша қылмыстың орындаушысы ретінде жауаптылықта болады, ал оның тапсырмасын орындаған қызметкер пара беруге қатысушы ретінде жауаптылыққа тартылады.

Егер адам қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын тікелей немесе жанама түрде орындамаса, ол орындаушы деп таныла алмайды. Мәселен, бөтеннің мүлкін жымқыруға тікелей қатыспаған, бірақ осы қылмысты жасауға кеңестерімен, нұсқауларымен жәрдемдескен не қылмыстың іздерін жасыруға, тікелей орындаушыларға көмек көрсетуге байланысты емес кедергілерді жоюға, ұрланған мүлікті өткізуге және т.б. алдын ала уәде берген адамның әрекеттері ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігіне сілтеме жасала отырып, көмектесушілік нысанындағы қатысу ретінде саралануға тиіс.

Қылмыстық топты ұйымдастырушының қызметі белгілі бір белгілермен сипатталады. Ұйымдастырушы қылмыстық топ құрудың бастамашысы ретінде, ең алдымен, адамдарды оған қатысуға көндіреді, басқа қатысушылардың күш-жігерін қоғамдық қауіпті нәтижеге қол жеткізуге бағыттайды, оларды біріктіреді, өзінің беделі және басқа да әдістер арқылы белгілі бір корпоративтік тәртіпті қолдайды, ұйым мүшелері арасындағы байланыс нысандарын әзірлейді. Ұйымдастырушы құқыққа қарсы қызмет жоспарын әзірлейді, оны жүзеге асыру тәсілін белгілейді, қылмыстық топ мүшелері арасында рөлдерді бөледі, яғни қылмысқа дайындық жасау жөніндегі ұйым қызметіне басшылық етеді. Өз қызметі арқылы ұйымдастырушы қатысушылардың қоғамдық қауіпті әлеуетін, олардың қауіптілігін арттырады. Ақырында, ұйымдастырушы құқыққа қарсы қол сұғушылықтарды жүзеге асыру кезінде ұйым мүшелеріне тікелей басшылық жасайды.

Ұйымдастырушылық қызмет қылмыстық топ шеңберінде де, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау кезінде де жүзеге асырылуы мүмкін. Ұйымдастырушылық қызмет әрдайым қылмыстық ниетпен жүзеге асырылады. Ұйымдастырушы топтың мақсаттарын, оларға қол жеткізу әдістерін түсінеді, өзінің қызметі нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалатынын алдын ала біледі және соны қалайды.

Банда немесе басқа қылмыстық топ құру деп аталған ұйымдасқан топтардың немесе қоғамдастықтардың нақты құрылуына әкеп соққан кез келген белсенді, мақсатты іс-әрекеттерді түсіну қажет. Мұндай әрекеттер қатысушыларды іздестіру, қару-жарақ, оқ-дәрілер, байланыс құралдары, құжаттар, көлік және өзге де құралдарды табу, құрылым мен қылмыстық жоспарларды әзірлеу, адамдарды тарту арқылы көрініс табуы мүмкін.

Банданы немесе басқа қылмыстық топты құру қандай да бір қылмыстар жасау жоспарланған-жоспарланбағанына қарамастан, аяқталған қылмыс құрамын білдіреді. Көрсетілген қылмыстық құрылымдарды қалыптастыру процесінің өзін қылмыс жасауға дайындалу ретінде қарастыру қажет.

Егер аталған құрылымдарды нақты ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасау үшін (мысалы, адам өлтіру үшін) құру көзделгені анықталса, онда адамдардың әрекеттері осы қылмысты жасауға дайындалу ретінде де саралануға тиіс (ҚР Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы нормативтік қаулысының 12-тармағы).

Бандаға немесе басқа қылмыстық топқа басшылық жасау деп банданың қылмыстық қызметін жоспарлауға, материалдық жағынан қамтамасыз етуге және ұйымдастыруға, сондай-ақ оның нақты қылмыстық құқық бұзушылықтарды дайындауы мен жасауына байланысты шешімдер қабылдауды түсіну қажет. Бандаға немесе басқа қылмыстық топқа бір адам да, бірнеше адам да басшылық жасай алады.

Бандаға немесе басқа қылмыстық топқа нақты адамның (адамдардың) басшылық жасағанын растайтын дәлелдемелердің анықталмауы банданың немесе басқа қылмыстық топтың болуын жоққа шығармайды.

Дербес қылмыс ретінде бір немесе бірнеше қылмысты бірлесіп жасау мақсатында қылмыстық қоғамдастықты (қылмыстық ұйымды) құру немесе осындай қоғамдастыққа (ұйымға) басшылық жасау ғана емес (ҚК-нің 263-бабы), сондай-ақ ұйымдасқан топтардың (қылмыстық ұйымдардың) басшыларын немесе өзге де қатысушыларын біріктіруді құру немесе дербес әрекет ететін ұйымдасқан топтардың (қылмыстық ұйымдардың) қылмыстық әрекеттерін үйлестіру, осындай топтардың қылмыс жасау жоспарларын әзірлеу және жағдайлар жасау, олардың арасындағы қылмыстық ықпал ету салалары мен қылмыстық кірістерді бөлісу, ұйымдасқан топтардың қатысушыларына ықпалын пайдалана отырып жасалған әрекеттер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді үйлестіру мақсатында ұйымдасқан топтардың, қылмыстық ұйымдардың басшыларының (көшбасшыларының) немесе өзге де өкілдерінің жиналысына қатысу да жазаланады.

Қылмыстық қоғамдастық иерархиясында ұйымдасқан топтардың (қылмыстық ұйымдардың) басшылары арасында үстем жағдайға ие адамға ерекше рөл беріледі (ҚК-нің 263-бабының 5-бөлігі).

ҚК-нің 3-бабының 22) тармағына сәйкес қылмыстық әрекеттерді үйлестіру — қылмыстарды бірлесіп жасау мақсатында ұйымдасқан топтар (қылмыстық ұйымдар) арасындағы келісу (ұйымдасқан топтардың (қылмыстық ұйымдардың) басшылары немесе өзге де қатысушылары арасында тұрақты байланыстар орнату, қылмыс жасау жоспарлары мен жағдайларын әзірлеу, сондай-ақ қылмыстық ықпал ету салаларын және қылмыстық қызметтен алынған кірістерді бөлісу).

ҚК-нің 3-бабының 32) тармағына сәйкес үстем жағдайға ие адам деп ұйымдасқан топтардың (қылмыстық ұйымдардың) басшылары қылмыстық әрекеттерді үйлестіру жөніндегі өкілеттіктер берген адам не топ мүшелері өздерінің мүдделеріне қатысты және олардың қылмыстық қызметінің бағыты мен сипатын айқындайтын аса жауапты шешімдерді өз мойнына алу құқығын мойындайтын адам танылады.

Айдап салушы деп басқа адамды үгіттеу, сатып алу, қорқыту немесе өзге де тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндірген адам танылады (ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі). Демек, айдап салушының рөлі болжамды орындаушының санасы мен ерік-жігеріне тікелей ықпал ету арқылы, оның нақты қылмыстық әрекетті жасауға деген шешімін (ниетін) туындату мақсатында қылмыстық әрекетті бастамалаудан тұрады.

Заңда айдап салу тәсілдерінің тек үлгілік тізбесі ғана келтірілген. Олардың барлығын атап шығу мүмкін емес, өйткені олар алуан түрлі және нақты жағдайға, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндірілетін адамның қасиеттері мен ерекшеліктеріне қарай қолданылады. Айдап салудың ең көп таралған тәсілдері — үгіттеу, сатып алу, қорқыту. Алайда айдап салу өтініш жасау, ұсыныс білдіру, жағымпаздану, қызғаныш, көре алмаушылық, кек алу сезімдерін қоздыру арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Бұйрық, өкім сияқты мәжбүрлеу тәсілдері белгілі бір адам үшін міндетті болып табылатын, мысалы, әскери қызметші орындауға тиіс әрекеттер болып табылады.

Үгіттеу — адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға сендіру. Үгіттеу дегеніміз — көндірілетін адамды белгілі бір әрекетті жасау қажеттілігіне иландыру. Әдетте, айдап салушы тарапынан бірнеше рет ықпал ету талап етіледі.

Сатып алу көндірілетін адамға ақша, мүлік, материалдық сипаттағы қызметтер түрінде материалдық пайда беруге немесе материалдық міндеттемелерден босатуға уәде беруден көрінеді.

Қорқыту — физикалық күш қолдану, мүлікті жою, бопсалау ниетін білдіру.

Орындаушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіре отырып, айдап салушы оның тікелей жасалуына өзі қатыспайды. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға айдап салуды оны тікелей жасауға қатысумен ұштастыратын адам (бастамашы) орындаушы ретінде жауаптылыққа тартылады, ал оның қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіру жөніндегі әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысу дәрежесін сипаттайтын нақты мән-жайлар ретінде бағаланады.

Айдап салу, ең алдымен, орындаушыда нақты қылмыстық құқық бұзушылық жасауға деген шешімді қалыптастыруға объективті түрде бағытталған әрекетті жасаумен сипатталады. Айдап салу әрдайым әрекет арқылы жүзеге асырылады. Белгілі бір жағдайларда әрекетсіздік қылмыстық құқық бұзушылық жасауға жәрдемдесіп, осылайша көмектесушілікке жатуы мүмкін, алайда әрекетсіздік арқылы адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіру мүмкін емес. Тіпті әрекетсіздіктің артында орындаушының шешімін беделді түрде мақұлдау жасырынған және қоғамдық қауіпті әрекеттің жасалуы әрекетсіздік танытқан адамның ұстанымына тәуелді болып, оның бір ғана «жоқ» деген сөзі қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына еңсерілмейтін кедергі болар еді деген жағдайлардың өзінде де сөз тек орындаушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға деген шешімін нығайтатын интеллектуалдық көмектесушілік туралы болуы мүмкін, бірақ айдап салу туралы емес.

Адамда топтық қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушы болуға немесе қылмыстық құқық бұзушылықты өз бетінше жасауға деген ниеттің қалыптасып қойғанын мақұлдау айдап салу болып табылмайды. Алайда орындаушының қылмыс жасау мүмкіндігіне қатысты күмәні белгілі бір адамның сыртқы ықпалының әсерінен сейілсе, онда ол айдап салушы болып табылады.

Айдап салушы әрекеттерінің қатысушылардың бірлескен қызметінің түпкілікті нәтижесімен себептік байланысы айдап салудың объективтік белгілерінің қажетті шарты болып табылады. Айдап салу кезінде себептілік процесінің бастапқы нүктесі айдап салушының әрекеті болып табылады, басқаша айтқанда, себептілік айдап салушының орындаушының еркі мен санасына ықпал етуінен басталады. Осы ықпалдың алғашқы нәтижесі орындаушыда белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық жасауға деген шешімнің пайда болуы болып табылады. Айдап салу кезіндегі себептілік процесінің келесі буыны орындаушының қылмыстық құқық бұзушылықты жүзеге асыруға тікелей бағытталған әрекетті немесе әрекетсіздікті жасауы болып табылады. Осылайша айдап салушының әрекеті мен нақты қоғамдық қауіпті нәтиже арасындағы себептік байланыс белгіленеді, бұл айдап салушының осы нәтиже үшін жауаптылығының объективтік алғышартын құрайды. Айдап салушының жауаптылық дәрежесі оның басқа адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндірудегі рөлінің қаншалықты маңызды болғанына байланысты.

Айдап салу қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіруден тұрады. Бұл айдап салушының қылмыстық ойдың авторы болған-болмағаны немесе оны үшінші тұлғадан қабылдаған-қабылдамағаны айдап салудың болуы үшін маңызды емес екенін білдіреді. Айдап салушының қызметі орындаушыда бір немесе бірнеше нақты қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға деген шешім туындатуға бағытталуға тиіс. Бір адамның екінші адамға теріс ықпал етуі, төмен ниеттерін, ұмтылыстарын қоздыруы және осыған ұқсас қызметі белгілі бір жағдайларда дербес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.

Айдап салу әрдайым қасақана жасалады. Айдап салушы өз әрекеттерінің қоғамдық қауіпті сипатын және олардың салдарын алдын ала біледі. Ол орындаушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіріп отырғанын түсінеді және өзінің ықпалымен орындаушының бұған бел бууын қалайды немесе оған саналы түрде жол береді.

Қылмыстық құқық ғылымында абайсызда айдап салу негізінен мүмкін деген пікір айтылған, алайда ол қылмыс құрамын құрамайды. Мәселен, егер субъект қылмыс жасау арқылы материалдық әл-ауқатқа қол жеткізгенін мақтан тұтса, бірақ нақты бір қылмыс жасауға деген ниетті қоздыру мақсатын көздемесе, оның әрекеттері қылмыс жасауға деген ықыластың қалыптасуына ықпал етуі мүмкін, алайда олар қылмыстық жазаланатын әрекеттер болып табылмайды.

Адамды нақты бір қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіру сипатына ие емес, тек заңды «айналып өтуді» білетін адамдарды мақұлдауды білдіретін үндеулер мен пікірлерді айдап салу ретінде қарастыруға болмайды. Егер адам нақты бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың мүмкіндігі мен тіпті қалаулы екендігі туралы идеяны білдірсе, бірақ ол нақты бір орындаушыға тікелей бағытталмаса да, айдап салу болмайды.

Қылмысқа айдап салудың ерекше жағдайы қылмысты арандату болып табылады, яғни кінәлі адамды кейіннен әшкерелеу мақсатында құқық қорғау немесе арнаулы органдардың лауазымды адамының оны белгілі бір қылмыс жасауға көндіруі. Мұндай лауазымды адамдардың әрекеттері билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану (ҚК-нің 362-бабы); қылмысты арандату (ҚК-нің 412-1-бабы), коммерциялық сатып алуды не парақорлықты арандату (ҚК-нің 417-бабы) құрамдарын құрайды. ҚК-нің 417-бабына сәйкес қылмыс жасаудың жасанды дәлелдемелерін жасау немесе бопсалау мақсатында қабылдаушы адамның келісімінсіз пара немесе сатып алу нысанасын беру қылмыстық жазаланатын арандату болып табылады. Осындай әрекеттердің нәтижесінде ҚК-нің 366-бабының диспозициясында көрсетілген сыбайлас жемқорлық қылмыстар субъектісінің немесе коммерциялық не өзге де ұйымда басқарушылық функцияларды орындайтын адамның (ҚК-нің 253-бабының 4, 5 және 6-бөліктері) қылмыстық әрекетін растайтын жасанды дәлелдемелер жасалады.

Айдап салуды белгілі бір қылмыс жасауға көндіру түрінде көрініс табатын қылмыстық жазаланатын әрекеттерден ажырату қажет: терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру (ҚК-нің 256-бабы); кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту (ҚК-нің 132, 133-баптары); кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту (ҚК-нің 134-бабы); билік өкілдерінің заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру не жаппай тәртіпсіздіктерді арандату, сондай-ақ азаматтарға қатысты зорлық-зомбылық жасауға шақыру (ҚК-нің 272-бабының 3-бөлігі). Айдап салу кезінде көндіру әрдайым нақты адамға немесе адамдарға бағытталып, оларда белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға деген ықыласты оятуға арналса, жаппай тәртіпсіздіктерге шақырулардың адресаты адамдардың белгісіз кең тобы болып табылады. Ал ҚК-нің 132, 133 және 134-баптарында көзделген қылмыстар олардың ерекшеліктерін (тартылатын адамдардың ерекше санаты, көзделетін қылмыстардың ерекше сипаты) ескере отырып, қатысу ретінде емес, ерекше сипаттағы қылмыс ретінде қарастырылады.

Айдап салушы мен ұйымдастырушының айырмашылығы мынада: айдап салушы қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда анағұрлым аз белсенді рөл атқарады: ол тек орындаушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартады және одан әрі оның сәтті жүзеге асырылуына ешқандай жәрдем көрсетпейді. Сонымен қатар айдап салушы ұйымдастырушыдан айырмашылығы, қылмыстық құқық бұзушылық жасауды жоспарламайды, оны дайындауға немесе жасауға басшылық етпейді, басқа қатысушыларды басқармайды. Егер адам басқа адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіріп қана қоймай, кейіннен ұйымдастырушылық әрекеттерді де орындаса, қатысушының әрекеттері тек ұйымдастырушылық әрекеттер ретінде саралануға тиіс, өйткені мәні бойынша олар айдап салушылық әрекеттерге қарағанда қауіпті болып табылады. Бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру басқа адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіруге бағытталған әрекеттерді де қамтиды.

Айдап салушы мен орындаушының мақсаттары сәйкес келмеуі мүмкін; олардың ниеттері де әртүрлі болуы мүмкін (мысалы, айдап салушы қызғаныштан адамды материалдық сыйақы беруге уәде етіп, кісі өлтіруге көндіреді). Соған қарамастан, айдап салушының әрекеттеріне қылмыстық-құқықтық баға беру орындаушының қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде басшылыққа алған мақсаттары мен ниеттеріне байланысты болады (егер олар белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері ретінде көрсетілсе және айдап салушының қасақаналығымен қамтылса). Бұл қатысудың акцессорлық табиғатынан көрініс табады.

Сәтсіз айдап салу кезінде, яғни адамның басқа адамды белгілі бір әрекетті жасауға көндіру жөніндегі әрекеттері нәтижесіз болған жағдайда, мұндай мінез-құлық қылмыстық құқық бұзушылық жасауға жағдай туғызатын әрекет ретінде қылмыстық құқық бұзушылыққа дайындалуды құрайды. ҚК-нің 29-бабының 4-бөлігінің 2-абзацында: «Қылмысты жасауға басқа адамдарды көндіре алмаған адам да, егер оған байланысты емес мән-жайлар бойынша мұны істей алмаса, қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылықта болады», — деп көрсетілген.

Көмектесуші деп қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға кеңестерімен, нұсқауларымен, ақпарат беруімен, қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралдарын немесе қаруларын беруімен не қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кедергілерді жоюымен жәрдемдескен адам, сондай-ақ кінәлі адамды, қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралдарын немесе өзге де құралдарын, қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін не қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыруға алдын ала уәде берген, сол сияқты осындай заттарды алдын ала сатып алуға немесе өткізуге уәде берген адам танылады (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі).

Орындаушыға жәрдем көрсете отырып, көмектесуші осылайша қылмыстық заңмен қорғалатын нақты қоғамдық қатынастарға қол сұғады және дәл осы мән-жай оның жасаған әрекетінің қоғамдық қауіптілігін айқындайды. Әрбір жағдайда көмектесушінің әрекетінің қоғамдық қауіптілік дәрежесі, біріншіден, қол сұғылған қоғамдық қатынастардың сипатына және, екіншіден, көрсетілген көмектің қоғамдық қауіпті нәтижеге қол жеткізудегі маңыздылығына байланысты болады.

Қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға көрсетілген, елеулі қауіп төндірмейтін мардымсыз көмек көмектесушіліктің белгілерін құрамайды. Бұл жерде ҚК-нің 10-бабының 4-бөлігінде бекітілген ережені келтіру орынды, онда ҚК-де көзделген қандай да бір әрекеттің белгілері формальды түрде болғанымен, маңызы шамалы болғандықтан қоғамдық қауіптілік туғызбайтын іс-әрекет немесе әрекетсіздік қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайтыны атап көрсетілген.

Көмектесушіліктің заңнамалық анықтамасында қамтылған жәрдем көрсету тәсілдерінің тізбесі толық болып табылады. Көмектесушілік мынадай әрекеттер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін: кеңестер беру; нұсқаулар беру; құралдар ұсыну; кедергілерді жою; қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды, қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралдары мен жабдықтарын, қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін немесе қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыруға уәде беру; осындай заттарды сатып алуға немесе өткізуге уәде беру.

Мәселен, қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанға дейін орындаушыға алдын ала берілген оған кедергі жасамау және ол туралы хабарламау не қылмыстық жолмен табылған заттарды сатып алу немесе өткізу туралы уәде орындаушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға деген шешімін нығайтады. Бұл уәде қылмыстық құқық бұзушылықты жүзеге асыру жолындағы кедергілерді іс жүзінде жоятын көмектесушілік ретінде қарастырылуға тиіс.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы «Қылмысқа қатыстылық және қылмыстық құқық бұзушылыққа көмектескені үшін жауаптылық туралы заңнаманы соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағында: «Көмектесушілікке қатысты кеңестер мен нұсқаулар деп қылмыстық құқық бұзушылықты неғұрлым нәтижелі әрі қауіпсіз түрде қалай дайындауға, оны қандай жолмен жасаудың орынды екеніне, ойластырылған әрекетті жүзеге асыруды қай уақытта бастаған дұрыс екеніне, кімдерді қатысуға тартуға болатынына және т.б. қатысты ауызша және жазбаша ұсынымдар мен түсіндірмелерді түсіну қажет», — деп көрсетілген.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кедергілерді жою деп көмектесушінің қылмыстық құқық бұзушылықты сәтті жасау үшін қажетті жағдайларды қалыптастыруға бағытталған кез келген әрекеттерін түсіну қажет (мысалы, электр желісін ажырату, дабыл жүйесін істен шығару, күзеттің назарын басқа жаққа аудару, күзет итін улау, жалған шақыру жасау, есептік құжаттаманы жою және т.б.).

Көмек көрсету тәсіліне қарай көмектесушілік физикалық және интеллектуалдық болып бөлінуі мүмкін. Физикалық көмектесушілік орындаушыға қылмыстық құқық бұзушылық жасау үшін қажетті материалдық құралдарды беруден немесе қылмыстық құқық бұзушылықты жүзеге асыруға кедергілерді жоюдан тұрады, мысалы, кісі өлтіру немесе қарақшылық шабуыл жасау үшін қару беру, ұрлық жасау үшін көлік құралдарын ұсыну және т.б. Интеллектуалдық көмектесушілік орындаушыға қылмыстық құқық бұзушылық жасауға жәрдемдесетін кеңестер мен нұсқаулар беруден, мысалы, кісі өлтіру үшін қаруды қай жерден сатып алуға болатыны, ұрлық жасау үшін қоймаға қалай кіруге болатыны туралы нұсқаулар беруден, сондай-ақ орындаушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға деген шешімін нығайтудан тұрады.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанға дейін алдын ала берілген, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін жасыруға, дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарламауға немесе оны жасауға кедергі келтірмеуге қатысты уәде интеллектуалдық көмектесушілік болып табылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмысқа қатыстылық және қылмыстық құқық бұзушылыққа көмектескені үшін жауаптылық туралы заңнаманы соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 13-тармағына сәйкес: «Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру, егер кінәлі адамның жасаған әрекеттері орындаушыға қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанға дейін немесе оны жасау барысында уәде етілсе не басқа себептер бойынша орындаушының мұндай жәрдемге алдын ала және толық көлемде сенуіне негіз болған жағдайда (мысалы, қылмыстық жолмен табылған мүлікті бірнеше рет жасыру, сатып алу немесе өткізу; бұрын орындаушымен бірлесіп басқа қылмыстық құқық бұзушылық жасау; қылмыстық топтың, оның ішінде қылмыстық ұйымның, террористік топтың, экстремистік топтың, банданың және заңсыз әскерилендірілген құралымның идеялары мен мақсаттарын көрінеу мақұлдау немесе оларға келісім беру және т.б. мән-жайларға байланысты), көмектесушілік түріндегі қатысу ретінде танылуы мүмкін».

Алдын ала уәде етілген жасыруды жасаған адам күрделі қатысудың көмектесушісі болып табылады, осыған байланысты оның әрекеттері ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасау белгісімен, ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігіне сілтеме жасала отырып саралануға жатады (Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 14-тармағы).

Қылмыстық жолмен табылған мүлікті алдын ала уәде етілген түрде сатып алу немесе өткізу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала уәде етілген түрде жасыру қылмыстық құқық бұзушылыққа көмектесушілік түріндегі қатысу деп танылады.

Егер қылмыстық жолмен табылғаны көрінеу белгілі мүлікті сатып алуға және өткізуге алдын ала берілген уәде орындаушыда қылмыстық ниетті туындатып, осылайша оны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндірсе, мұндай әрекеттерді көмектесушілік емес, айдап салушылық деп тану қажет. Бұл ретте кінәлінің әрекеттері нақты қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін ҚК-нің тиісті бабы бойынша, ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігіне сілтеме жасала отырып сараланады.

Қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала уәде етілген түрде жасыруды қылмысты алдын ала уәде берілмей жасырудан ажырату қажет.

Алдын ала уәде етілген жасыру, хабарламау және жол беру кезінде орындаушыға жәрдем көрсету дәл осы уәдеде көрініс табатындықтан, орындаушының шешімін нығайтатын мұндай уәде берген адамның қызметінің мәні уәдеден кейін жасалатын әрекеттерде немесе әрекетсіздікте емес, уәде беру фактісінде болады. Уәдені орындамау, мысалы, қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаннан кейін оны жасаған адамды жасырудан бас тарту, жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін, бірақ қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысуды жоққа шығармайды.

Интеллектуалдық көмектесушілік тек белгілі бір әрекеттерді жасау арқылы көрініс табуы мүмкін, ал физикалық көмектесушілік әрекеттер арқылы да, әрекетсіздік арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін (бұл жерде адамның өзіне жүктелген арнайы құқықтық міндетіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына кедергі келтіруге міндетті бола тұра, саналы түрде әрекетсіздік танытуы және осылайша, мәні бойынша, құқыққа қарсы қызметті жүзеге асыру жолындағы кедергіні жоюы жағдайлары туралы сөз болып отыр).

Көмектесушілік әрдайым белгілі бір адамның немесе адамдар тобының құқыққа қарсы қызметіне қатысты көрсетіледі. Ол тек орындаушының ғана емес, сонымен қатар басқа да қатысушылардың: ұйымдастырушылардың, айдап салушылардың және көмектесушілердің қызметіне қатысты болуы мүмкін. Айдап салу сияқты көмектесушілік те тек белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте көмектесушінің түсінігінде өзі жәрдем көрсетіп отырған қылмыстық құқық бұзушылық нақты белгілерімен емес, жалпы, салыстырмалы түрде айқын белгілерімен сипатталса жеткілікті.

Көмектесуші өз әрекеттерімен оны жүзеге асырудың нақты мүмкіндігін қалыптастыра отырып, орындаушыға қылмыстық құқық бұзушылық жасауға жәрдемдеседі. Осылайша көмектесушінің әрекеті белгілі бір қоғамдық қауіпті әрекеттің жасалуына әкелетін жалпы себептілік қатарына қосылады. Көмектесушінің қоғамдық қауіпті нәтиже келтіруі осы нәтиже үшін жауаптылықтың объективтік алғышарты болып табылады. Көмектесушінің әрекеті мен туындаған қоғамдық қауіпті нәтиже арасында себептік байланыстың болуын талап ету қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қандай да бір түрде байланысты болғанымен, оны жасауға жәрдемдесу болып табылмайтын барлық әрекеттерді көмектесушіліктің, демек, қатысудың шеңберінен тыс қалдырады. Атап айтқанда, осы себепті алдын ала уәде берілмеген жасыру көмектесушілік ретінде қарастырылмайды.

Адамды көмектесуші деп тану үшін осы адамның әрекеттері мен қылмыстық құқық бұзушылықты орындаушы жасаған әрекеттер арасындағы себептік байланысты ғана емес, сонымен қатар осындай жәрдем көрсетуге бағытталған қасақаналықтың болуын да анықтау қажет. Орындаушыға қылмыстық құқық бұзушылықты абайсызда жасауға жәрдем көрсету көмектесушіліктің белгілерін құрамайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 18-тармағына сәйкес: «Қылмыстық заң көмектесушіліктің басқа қатысу түрлерімен салыстырғанда қауіптілік дәрежесінің төмен екенін белгілемейді. Көмектесушінің әрекетінің қоғамдық қауіптілігі оның қылмыстық құқық бұзушылықты тікелей жасауға қатыспаса да, өз әрекеттерімен орындаушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға деген шешімін нығайтып, оны жасауды елеулі түрде жеңілдететіндігінде көрінеді. Осыған байланысты көмектесуші ҚК-нің 52-бабының ережелері ескеріле отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа қатысушыларымен тең дәрежеде жауаптылыққа тартылып, жазаға тартылуға тиіс. Бұл ретте істің мән-жайларын ескере отырып, сот көмектесушіге басқа қатысушыларға қарағанда неғұрлым жеңіл де, неғұрлым қатаң да жаза тағайындай алады».

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік қызмет Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

 

28-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК қылмысқа қатысушыларының түрлері

28-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК қылмысқа қатысушыларының түрлері 1. Ұйымдастырушы, арандатушы және көмекші қылмыстың орындаушымен бірг...

Толық оқу »

28-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

28-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан РеспубликасыныңҰйымдастырушы, айдап салушы және көмектесушi орындаушымен...

Толық оқу »