Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 30-бабына түсініктеме. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушының шектен шығуы
Қатысушының шектен шығуы деп адамның басқа қатысушылардың қасақаналығымен қамтылмаған қылмыстық құқық бұзушылық жасауы танылады. Шектен шығу үшін басқа қатысушылар қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.
Қылмыстық кодекстің 30-бабына сәйкес, қатысушының шектен шығуы деп адамның басқа қатысушылардың қасақаналығымен қамтылмаған қылмыстық құқық бұзушылық жасауы танылады. Шектен шығуды қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың кез келгені (орындаушы, ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші) жасауы мүмкін. Қатысушыларға жауаптылық олардың қасақаналығымен қамтылған әрекеттері үшін ғана жүктеледі. Қатысушылықтың субъективтік белгілерінің бірі барлық қатысушылардың қасақаналығының бірлігі болып табылатындықтан, яғни олардың әрқайсысы қандай әрекетті жасауға қатысып отырғанын сезінетіндіктен, олардың кез келгенінің шектен шығуы басқа қатысушылардың жауаптылығын жоққа шығарады. Мысалы, егер орындаушы басқа қатысушылармен келісілген пәтер ұрлығын жасаумен қатар, кенеттен пайда болған пәтер иесін өлтірсе және бұл туралы басқа қатысушылармен алдын ала келісілмеген болса, онда қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушының шектен шығуы орын алады.
Орындаушының қатысушылар арасында жасалған келісімнен ауытқу дәрежесіне қарай сандық және сапалық шектен шығу түрлері ажыратылады. Кейбір жағдайларда орындаушы қалған қатысушылармен келісілген әрекетті жасау барысында келісім шегінен не саралаушы мән-жай бойынша, не қол сұғушылық нысаны бойынша шығып кетеді. Ал басқа жағдайларда орындаушы келісілген қылмыстық құқық бұзушылықтың орнына өзге, басқа қорғау объектісіне зиян келтіретін қылмыстық құқық бұзушылық жасайды (мысалы, ұрлықтың орнына зорлау).
Сандық шектен шығу кезінде сол біртекті объектіге қол сұғатын неғұрлым қауіпті, бірақ біртекті қылмыс жасалады (мысалы, өмір мен денсаулық әртүрлі болғанымен, біртекті объектілер болып табылады). Бір объектінің орнына екі объектіге зиян келтіру де сандық шектен шығу деп танылуға тиіс. Сапалық шектен шығу өзге, біртекті емес объектіге зиян келтіруді білдіреді. Орындаушының сандық және сапалық шектен шығуын ажыратудың практикалық маңызы негізінен орындаушының шектен шығуы қасақаналығымен қамтылмаған қылмысқа қатысушылардың әрекеттерін саралауға байланысты. Орындаушының сандық шектен шығуы кезінде айдап салушы орындаушыны жасауға көндірген қылмысқа айдап салғаны үшін жауаптылықта болады. Мәселен, егер айдап салушы орындаушыны жәбірленушіге қатысты күш қолдануға (мысалы, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруге) көндірсе, бірақ оның қасақаналығымен жәбірленушіні өмірінен айыру қамтылмаса, ал орындаушы кісі өлтірсе, онда айдап салушы денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруге айдап салғаны үшін жауаптылыққа тартылады (ҚК-нің 107-бабы). Сапалық шектен шығу кезінде, яғни орындаушы өзге, біртекті емес қылмыс жасау туралы шешім қабылдағанда, қатысушылықтың өзі болмайды, ал айдап салушының әрекеттері тек қылмысқа дайындалу (сәтсіз аяқталған айдап салу) ретінде ғана саралануы мүмкін.
Бұл ретте орындаушының шектен шығуы қатысушылардың қасақаналықтарының бағыттылығындағы айырмашылықты білдіретінін ескеру қажет. Егер қасақаналықтың бағыттылығы бірдей болып, бірақ орындаушы қылмыстың объективтік жағын іс жүзінде орындай алмаса, мұндай жағдайда орындаушының шектен шығуы болмайды. Жасалуы оқталу сатысында үзілген қылмысқа айдап салу әрекеті ҚК-нің 24-бабына да, 28-бабына да сілтеме жасала отырып сараланады.
Басқа қатысушылардың қасақаналығымен қамтылмаған қылмысты жасаған адамның әрекеттері топ құрамында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, ұйымдасқан топ, қылмыстық қоғамдастық, қылмыстық ұйым құрамында) жасалған деп сараланбайды. Мәселен, егер адам қылмыстық ұйымның немесе қылмыстық қоғамдастықтың қатысушысы бола тұра, қылмыстық ұйымның немесе қылмыстық қоғамдастықтың басқа қатысушыларының қасақаналығымен қамтылмаған қылмыс жасаса, онда оның осы бөліктегі әрекеттері орындаушының шектен шығуы ретінде, егер мұндай әрекет қылмыстық ұйымның немесе қылмыстық қоғамдастықтың жоспарларымен байланысты жасалмаса, ҚК-нің 262, 263-баптарына сілтеме жасалмай, ҚК Ерекше бөлімінің тиісті бабы бойынша саралануға тиіс.
Бұл ретте шектен шығу үшін басқа қатысушылар қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Басқаша айтқанда, орындаушының шектен шығуы — бұл келісілген шеңберден тыс шығу, яғни басқа қатысушылардың қасақаналығынан тыс өз бетінше жасалған қылмыстық құқық бұзушылық. Бұл ретте мұндай құқық бұзушылық қатысушылар келісіп жасауды көздеген әрекетпен салыстырғанда неғұрлым ауыр немесе неғұрлым жеңіл болуы мүмкін (мысалы, орындаушы пәтер ұрлығын жасауы тиіс болған, алайда ол ұрлықпен қатар кісі өлтіруді де жасайды).
Орындаушының шектен шығуы кезінде қылмыстарды саралау қағидалары туралы мәселе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Ұрлық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысында көрініс тапқан. Оған сәйкес: «Егер алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының ұрлық немесе тонау жасау ниеті болып, ал қатысушылардың бірі қылмыстық құқық бұзушылық жасау барысында жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданса не оны қолданамын деп қорқытса (қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушының шектен шығуы), онда оның әрекеттері қарақшылық ретінде, ал қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа қатысушыларының әрекеттері тиісінше ұрлық немесе тонау ретінде саралануға тиіс, егер олар күш қолдануға тікелей ықпал етпесе немесе жәбірленушінің мүлкін иелену үшін оны пайдаланбаса» (9-тармақ).
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстандық заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар