Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 42-бабына түсініктеме. Түзеу жұмыстары

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 42-бабына түсініктеме. Түзеу жұмыстары

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 42-бабына түсініктеме. Түзеу жұмыстары

1. Түзеу жұмыстары — Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштердің белгілі бір санына сәйкес мөлшерде, осы Кодексте көзделген шектерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.

2. Түзеу жұмыстары сотталған адамның жалақысынан (ақшалай қаражатынан) алименттерді төлеу, мертігу немесе денсаулыққа өзге де зақым келтіру, сондай-ақ асыраушысынан айырылу салдарынан келтірілген зиянды өтеу есебіне мерзімді түрде төленуге (өндіріп алынуға) жататын қаражатты шегергеннен кейін оннан елу пайызға дейінгі мөлшерде ай сайын ұстап қалу және оны Жәбірленушілерге өтемақы қорына аудару арқылы орындалады.

3. Қылмыстық теріс қылықтар үшін түзеу жұмыстары жиырмадан екі жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, қылмыстар үшін — екі жүзден он мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді.

4. Түзеу жұмыстарын тағайындау кезінде сот олардың мөлшерін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын ескере отырып айқындайды.

5. Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда сотталған адам жазаның қалған бөлігін өтеуден босатылуы мүмкін не жазаның орындалмаған бөлігі айыппұлмен ауыстырылады. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар туындаған жағдайда, олар:

1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға — өндіріп алынбаған бір айлық есептік көрсеткіш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебінен қоғамдық жұмыстарға тартумен не өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бір тәулік қамаққа алумен;

2) ауырлығы онша емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға — өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығын шектеумен не бас бостандығынан айырумен;

3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға — өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.

6. Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындалған, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындалған, сондай-ақ жазаны ауыстырған кезде түзеу жұмыстарының мөлшері осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.

7. Еңбекке қабілетсіз деп танылған не тұрақты жұмысы жоқ немесе өндірістен қол үзіп оқу орындарында білім алып жүрген адамдарға түзеу жұмыстары тағайындалмайды.

Түзеу жұмыстары жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың және оны жасаған адамның қоғамдық қауіптілігі сотталған адамды қоғамнан міндетті түрде оқшаулауды талап етпеген, ал жазаның мақсаттарына сотталған адамға материалдық шектеулер қолдану процесінде де қол жеткізуге болатын жағдайларда ықпал етудің тиімді шарасы болып табылады.

Түзеу жұмыстары — Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштердің белгілі бір санына сәйкес мөлшерде, қылмыстық заңнамада көзделген шектерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.

ҚР ҚК-нің 42-бабына (ҚК-нің 41-бабы сияқты) заң шығарушы 2018 жылғы 10 қаңтардағы және 2018 жылғы 12 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарымен елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізгенін атап өткен жөн. Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға дейін түсініктеме беріліп отырған бап үш бөліктен тұрса, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, ол жеті бөліктен тұрады. Бұл өзгерістер мен толықтырулар менің түсініктемелерімде көрініс тапқанына қарамастан, кейбір ерекшеліктерге назар аударғым келеді.

Біріншіден, егер бұрын түзеу жұмыстары сотталған адамның жалақысының (ақшалай қаражатының) жиырмадан қырық пайызға дейінгі мөлшерін ай сайын мемлекет кірісіне аудару арқылы орындалса, қолданыстағы редакция бойынша түзеу жұмыстары сотталған адамның жалақысынан (ақшалай қаражатынан) алименттерді төлеу, мертігу немесе денсаулыққа өзге де зақым келтіру, сондай-ақ асыраушысынан айырылу салдарынан келтірілген зиянды өтеу есебіне мерзімді түрде төленуге (өндіріп алынуға) жататын қаражатты шегергеннен кейін оннан елу пайызға дейінгі мөлшерде ай сайын ұстап қалу және оны Жәбірленушілерге өтемақы қорына аудару арқылы орындалады.

Екіншіден, қылмыстық теріс қылықтар үшін түзеу жұмыстары жиырма бестен бес жүзге дейінгі АЕК мөлшерінде, қылмыстар үшін — бес жүзден он мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде белгіленген болатын, ал енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес: қылмыстық теріс қылықтар үшін түзеу жұмыстары жиырмадан екі жүзге дейінгі АЕК мөлшерінде, қылмыстар үшін — екі жүзден он мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде белгіленеді.

Үшіншіден, өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін заң шығарушы ҚК-нің 42-бабында түзеу жұмыстарының мөлшерін айқындау кезінде қандай мән-жайлар негізге алынуға тиіс екенін белгілемеген болатын. Түсініктеме беріліп отырған баптың жаңа 4-бөлігіне сәйкес: «Түзеу жұмыстарын тағайындау кезінде сот олардың мөлшерін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын ескере отырып айқындайды».

Төртіншіден, бұрынғы редакцияда: «Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайларда, қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігі ҚК-нің 43 және 45-баптарының ережелерін ескере отырып, қоғамдық жұмыстарға тартумен... және қамаққа алумен..., ал қылмыс үшін — ҚР ҚК-нің 46-бабының ережелерін ескере отырып, бас бостандығынан айырумен ауыстырылады» деп көзделген болатын. Қазіргі редакцияда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, түсініктеме беріліп отырған баптың жаңа 5-бөлігінде: «Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда сотталған адам жазаның қалған бөлігін өтеуден босатылуы мүмкін не жазаның орындалмаған бөлігі айыппұлмен ауыстырылады. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар туындаған жағдайда, олар: 1) қылмыстық теріс қылықтар үшін — қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен...; 2) ауырлығы онша емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін — бас бостандығын шектеумен не бас бостандығынан айырумен; 3) ауыр қылмыс үшін — бас бостандығынан айырумен...» және т.б. ауыстырылады деп көрсетілген.

Түзеу жұмыстары негізгі жұмыс орны бойынша орындалады. Осы жазаға сотталған адамдар бұрын сотталғанға дейін жұмыс істеген сол кәсіпорында, мекемеде, ұйымда бұрынғы лауазымында немесе жұмысында еңбек етуді жалғастырады. Мұндай сотталған адамдарды басқа лауазымға немесе жұмысқа ауыстыру еңбек туралы заңнамада көзделген жалпы негіздер бойынша жүзеге асырылады.

Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны тағайындау кезінде сот үкімде Жәбірленушілерге өтемақы қорына ұстап қалуға және аударуға жататын ақшалай қаражаттың мөлшерін көрсетуге тиіс.

Сотталған адамның жалақысынан Жәбірленушілерге өтемақы қорына ұстап қалу және аудару мөлшері мынадай шектерде айқындалады: қылмыстық теріс қылықтар үшін түзеу жұмыстары жиырмадан екі жүзге дейінгі АЕК мөлшерінде, қылмыстар үшін — екі жүзден он мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде белгіленеді (ҚК-нің 42-бабының 3-бөлігі).

Түзеу жұмыстарын тағайындау кезінде сот олардың мөлшерін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын ескере отырып айқындайды (ҚК-нің 42-бабының 4-бөлігі).

Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайларда сотталған адам жазаның қалған бөлігін өтеуден босатылуы мүмкін не жазаның орындалмаған бөлігі айыппұлмен ауыстырылады. Егер түзеу жұмыстарын орындауға мүмкіндік бермейтін өзге де мән-жайлар туындаса, онда ҚК-нің 42-бабының 5-бөлігіне сәйкес олар:

қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға — өндіріп алынбаған бір АЕК үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебінен қоғамдық жұмыстарға тартумен не өндіріп алынбаған төрт АЕК үшін бір тәулік қамаққа алумен;

ауырлығы онша емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталғандарға — өндіріп алынбаған төрт АЕК үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығын шектеумен не бас бостандығынан айырумен;

ауыр қылмыс үшін сотталғандарға — өндіріп алынбаған төрт АЕК үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.

Егер ҚК-нің 55-бабына сәйкес осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындалса немесе ҚК-нің 56-бабына сәйкес аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындалса, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде түзеу жұмыстарының мөлшері түсініктеме беріліп отырған бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.

ҚК-нің 42-бабының 7-бөлігінде заң шығарушы түзеу жұмыстары тағайындалмайтын адамдар санатын белгіледі. Мұндай адамдарға еңбекке қабілетсіз деп танылған не тұрақты жұмысы жоқ немесе өндірістен қол үзіп оқу орындарында білім алып жүрген адамдар жатады.

ҚР ҚАК-нің 24-бабының 7-бөлігіне сәйкес түзеу жұмыстары түріндегі жазаны орындау сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметтеріне жүктеледі. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны орындау тәртібі ҚР ҚАК-нің 52–56-баптарында және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 15 тамыздағы № 511 бұйрығымен бекітілген Пробация қызметінің қызметін ұйымдастыру қағидаларында айқындалған.

Түзеу жұмыстарына қатысты үкімдер соттың тиісті өкімі сот үкімінің көшірмесімен бірге пробация қызметіне келіп түскен күннен бастап он бес күндік мерзімнен кешіктірілмей орындауға жіберіледі (ҚАК-нің 52-бабының 2-бөлігі).

Ұстап қалулар сотталған адамның негізгі жұмыс орны бойынша жалақысының барлық түрінен, атқарушылық құжаттар бойынша сотталған адамға қатысты талаптардың бар-жоғына қарамастан, әрбір жұмыс істеген ай үшін жалақы төленген кезде жүргізіледі (ҚАК-нің 52-бабының 3-бөлігі). Ұстап қалулар сотталғандардың жалақысының ақшалай және заттай бөлігінен жүзеге асырылады. Сотталғандардың жалақысынан ұстап қалған заттай бөлігі жұмыс берушінің иелігінде қалады, ал оның құны жұмыс беруші тарапынан ай сайын Жәбірленушілерге өтемақы қорына аударылады (ҚАК-нің 52-бабының 4-бөлігі).

Әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру тәртібімен алынатын жәрдемақылардан, біржолғы сипаттағы төлемдерден ұстап қалулар жүргізілмейді (ҚАК-нің 52-бабының 5-бөлігі).

Түзеу жұмыстарына сотталған адамдарға уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақылар сот үкімімен тағайындалған ұстап қалулар шегерілмеген жалақыдан есептеледі (ҚАК-нің 52-бабының 6-бөлігі).

Сотталған адамның материалдық жағдайы нашарлаған жағдайда оның жалақысынан ұстап қалу мөлшері төмендетілуі мүмкін. Ұстап қалу мөлшерін төмендету туралы шешім сотталған адамның барлық кірістері ескеріле отырып шығарылады. Сотқа өтінішхатпен сотталған адамның өзі, пробация қызметі немесе сотталған адам жұмыс істейтін ұйымның әкімшілігі жүгіне алады (ҚАК-нің 52-бабының 7-бөлігі).

Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны орындау:

сотталған әйел жүкті болған жағдайда, жүктілікке және босануға байланысты демалыс берілген күннен бастап кейінге қалдырылуы мүмкін (ҚАК-нің 52-бабының 8-бөлігі);

сотталған адам бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған жағдайда тоқтатылып, сотталған адам оны одан әрі өтеуден босатылады (ҚАК-нің 52-бабының 9-бөлігі).

Іс тоқтатылуына байланысты үкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайларда сотталған адамға оның жалақысынан ұстап қалынған сомалар толық көлемде немесе артық ұстап қалынған сомалар қайтарылады (ҚАК-нің 52-бабының 10-бөлігі).

Түзеу жұмыстарына сотталған адамдар:

ҚАК-те белгіленген жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын сақтауға;

профилактикалық әңгімелесуге қатысу үшін айына бір рет пробация қызметіне келуге;

жұмыс орнының және (немесе) тұрғылықты жерінің өзгергені туралы пробация қызметіне жазбаша хабарлауға міндетті (ҚАК-нің 53-бабы).

Сотталған адамның белгіленген мерзімде пробация қызметіне келмеуінің дәлелді себептері деп шақыру қағазының уақтылы алынбауы, сондай-ақ оның шақыру бойынша уақтылы келу мүмкіндігінен айыратын ауруы және басқа да құжатпен расталған мән-жайлар танылады (ҚАК-нің 53-бабының 2-бөлігі).

ҚР ҚАК-те сотталған адамның түзеу жұмыстарын өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін пробация қызметі оны ҚР ҚК-де көзделген жауаптылық туралы жазбаша түрде ескертеді (ҚАК-нің 54-бабының 1-бөлігі).

Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден жалтарған не жұмысынан айырылған немесе еңбек шарты бұзылған күннен бастап үш ай ішінде жұмысқа орналастырылмаған сотталған адамға қатысты пробация қызметі сотқа қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен, ал қылмыс үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін — бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ұсыныс енгізеді (ҚАК-нің 54-бабының 2-бөлігі).

Заң түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден жалтарушы деп мынадай сотталған адамды таниды: 1) бір жыл ішінде ҚАК-нің 53-бабының 1-бөлігінде көрсетілген міндеттерді қайталап орындамаған; 2) жазаны өтеуден жалтару мақсатында жасырынған; 3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен адам (ҚАК-нің 54-бабының 3-бөлігі).

Жазаны өтеуден жасырынған деп пробация қызметіне тіркелу үшін келмеген күннен бастап он бес күннен астам уақыт бойы жүрген жері анықталмаған сотталған адам танылады (ҚАК-нің 54-бабының 4-бөлігі).

ҚАК-нің 55-бабына сәйкес пробация қызметі:

сотталған адамдардың есебін жүргізеді;

сотталған адамдарға жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ жазаны өтеу барысын бақылау тәртібін түсіндіреді;

сотталған адамдардың жалақысынан ұстап қалулардың дұрыс және уақтылы жүргізілуіне және ұстап қалған сомалардың Жәбірленушілерге өтемақы қорына аударылуына бақылау жасайды;

сотталған адаммен айына бір рет профилактикалық әңгімелесу жүргізеді;

қажет болған жағдайда сотталған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамту орталықтарына жібереді;

жазаны өтеуден жалтару мақсатында жасырынған сотталған адамға қатысты бастапқы іздестіру іс-шараларын жүзеге асырады және сотқа оны іздестіру жариялау туралы ұсыныс енгізеді.

Түзеу жұмыстарын орындауға байланысты белгілі бір міндеттер сотталған адам жұмыс істейтін ұйымның әкімшілігіне жүктеледі. Мәселен, ҚР ҚАК-нің 56-бабына сәйкес түзеу жұмыстары түріндегі жаза өтелетін жердегі ұйымның әкімшілігі:

сотталған адамның жалақысынан ұстап қалынған сомаларды Жәбірленушілерге өтемақы қорына уақтылы аударуға және бұл туралы айына бір рет пробация қызметіне растайтын құжаттарды ұсынуға;

сотталған адамның жазаны өтеуден жалтарғаны туралы үш жұмыс күні ішінде пробация қызметіне хабарлауға;

сотталған адамды басқа лауазымдарға ауыстыру немесе жұмыстан босату туралы пробация қызметін алдын ала хабардар етуге міндетті.

Түзеу жұмыстары түріндегі жаза өтелетін жердегі ұйым әкімшілігінің көрсетілген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

 

Еңбекке жарамсыз деп танылған немесе оқу орындарында білім алып жүрген адамдарға түзеу жұмыстары тағайындалмайды

Еңбекке жарамсыз деп танылған немесе оқу орындарында білім алып жүрген адамдарға түзеу жұмыстары тағайындалмайдыҚазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (ҚК РК) 42-бабы...

Толық оқу »

43-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК түзеу жұмыстары

43-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК түзеу жұмыстары 1. Түзеу жұмыстары екі айдан екі жылға дейінгі мерзімге белгіленеді және сотталған ада...

Толық оқу »