Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 424-бабына түсініктеме. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету
1. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету, егер бұл әрекет аталған мәліметтер сеніп тапсырылған немесе қызметтік қызметіне байланысты өзіне белгілі болған адам жасаған болса, —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не қылмыстық топтың мүддесінде жасалған дәл сол әрекет —
алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты сот қабылдаған қауіпсіздік шараларының, жеке адамның қол сұғылмаушылығы, барлығының заң мен сот алдында теңдігі туралы конституциялық қағидаттардың бұзылуынан тұрады. Қоғамдық қауіптілігі қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтер жария етілген кезде мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіп-қатерге ұшырауында көрініс табады.
1979 жылғы 17 желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 34/169 қарарымен қабылданған Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі лауазымды адамдардың мінез-құлық кодексінің 4-бабына сәйкес, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі лауазымды адамдар алатын құпия сипаттағы мәліметтер, егер міндеттерді орындау немесе сот төрелігінің талаптары өзгеше жағдайды қажет етпесе, құпия сақталады.
Қылмыстың объектісі соттың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қалыпты қызметі, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігі болып табылады.
Қылмыс құрамының міндетті белгілеріне мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтер түріндегі қылмыс нысанасы жатады. Қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтер дәл мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңының 3-бабына сәйкес: «Қылмыстық-процестік кодекске және осы Заңға сәйкес мемлекеттік қорғауға мыналар жатады: 1) судьялар; 2) алқабилер; 3) прокурорлар; 4) тергеушілер; 5) анықтаушылар; 6) жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын адамдар; 6-1) жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтар; 6-2) жеке айыптаушылар; 7) қорғаушылар; 8) сарапшылар; 9) мамандар; 10) сот отырысының хатшылары, сот приставтары, сот орындаушылары; 11) жәбірленушілер; 12) куәлар; 13) күдіктілер; 14) айыпталушылар, сотталушылар, сотталғандар, сондай-ақ өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған немесе сот ақтау үкімін шығарған адамдар; 15) аудармашылар; 16) куәгерлер; 17) заңды өкілдер, өкілдер; 18) азаматтық талапкерлер, азаматтық жауапкерлер; 19) осы баптың 1)–18) тармақшаларында аталған адамдардың отбасы мүшелері, жақын туыстары.
Мемлекеттік қорғау шаралары қылмыстардың алдын алуға немесе оларды ашуға жәрдемдесетін адамдарға қатысты да, оларға қарсы зорлық-зомбылық жасау немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де әрекет жасау қаупі нақты болған кезде қолданылуы мүмкін».
Қарастырылып отырған қылмыстың объективтік жағы мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария етуден тұрады, егер бұл әрекетті аталған мәліметтер сеніп тапсырылған немесе қызметтік қызметіне байланысты өзіне белгілі болған адам жасаған болса.
Мәліметтерді жария ету әрекет түрінде жасалуы мүмкін: ауызша әңгімелесу, құжаттарды беру, аудио- немесе бейнежазбаны көрсету, баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, телефон арқылы сөйлесу, электрондық пошта арқылы хат алмасу және т.б. Қауіпсіздік шаралары әрекетсіздік арқылы да жария етілуі мүмкін: қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтері бар құжаттарды бөгде адамдар үшін қолжетімді жерде қалдыру және т.б.
Жария ету деп мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді кемінде бір бөгде адамның назарына жеткізуді тану қажет. Бөгде адам деп тиісті қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерге қол жеткізуге рұқсаты жоқ кез келген адамды есептеу керек. Оларға қауіпсіздік шаралары қолданылатын адамның отбасы мүшелері, достары, туыстары, сондай-ақ кінәлінің әріптестері және т.б. жатады.
Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары әртүрлі болады. Қазақстан Республикасының «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңының 5-бабына сәйкес мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету мыналардан тұрады:
қорғалатын адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ олардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдардың қауіпсіздік шараларын қолдануы;
олардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне қол сұғушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін құқықтық қорғау шараларын қолдану;
осы Заңда белгіленген олардың қаза болуы (қайтыс болуы), дене жарақаттарын алуы немесе денсаулығына өзге де зиян келтірілуі, мүлкінің жойылуы немесе бүлінуі жағдайында материалдық өтемақы алу құқығын іске асыруды көздейтін әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру.
Қорғалатын адамдардың жеке және мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында анықтау, алдын ала тергеу жүргізу немесе сот талқылауы барысында қылмыстық процесті жүргізетін орган нақты мән-жайларды ескере отырып, мынадай процестік және өзге де қауіпсіздік шараларын қолдануға құқылы:
зорлық-зомбылық жасау немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупі туындайтын адамға оны қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндігі туралы ресми ескерту жасау;
қорғалатын адам туралы мәліметтерге қол жеткізуді шектеу;
айыпталушыға (күдіктіге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты зорлық-зомбылық қолдану немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (ұйымдастыру) мүмкіндігін болдырмайтын бұлтартпау шарасын таңдау;
сот отырысы залынан жекелеген адамдарды шығару;
соттың жабық отырысын өткізу;
куәдан оның жеке басы туралы деректерді жария етпей, бүркеншік ат пайдалана отырып; оны тануға мүмкіндік бермейтін жағдайларда; сот талқылауының басқа қатысушыларының оны көзбен көруін болдырмайтын жағдайда жауап алу; қажет болған кезде жауап алуды бейне-, дыбысжазбаға түсіруге және оны тіркеудің өзге де тәсілдерін қолдануға тыйым салу;
жеке күзет, тұрғын үйді және өзге де мүлікті күзету;
белгіленген тәртіппен қару-жарақпен, жеке қорғану құралдарымен және техникалық құралдармен қамтамасыз ету;
қауіпсіз жерге уақытша орналастыру;
- қорғалатын адамдар туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету;
- басқа тұрғылықты жерге көшіру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
- құжаттарды ауыстыру;
- сыртқы келбетін өзгерту.
Басқа тұрғылықты жерге көшу, құжаттарды ауыстыру және сыртқы келбетін өзгерту қауіпсіздік шараларының айрықша түрлері болып табылады және қорғалатын адамның қауіпсіздігін басқа қауіпсіздік шараларын қолдану арқылы қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайларда қолданылады.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қылмыс бұл мәліметтер тиісті қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратқа қол жеткізуге рұқсаты жоқ кемінде бір адамға белгілі болған сәттен бастап аяқталған деп танылады. Бұл ретте бөгде адамның өзіне жеткізілген ақпараттың мәнін түсінуі қажет. Егер аталған адам жария етілген ақпаратты түсінбесе, онда ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 424-бабында көзделген қылмысқа оқталу орын алады.
Қылмысты саралау үшін қауіпсіздік шаралары туралы аталған мәліметтерді білген адамның бұл мәліметтерді сот төрелігінің мүдделеріне қайшы пайдаланған-пайдаланбағаны маңызды емес.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақана, тікелей де, жанама да қасақаналықпен жасалуы мүмкін.
Тікелей қасақаналықпен әрекет ететін адам мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария етудің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, олардың жария етілуін алдын ала біледі және мұндай мәліметтерді жария етуді қалайды.
Жанама қасақаналықпен әрекет ететін адам қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария етудің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, мәліметтердің жария етілу мүмкіндігін алдын ала біледі, оны қаламайды, бірақ саналы түрде жол береді не оған немқұрайды қарайды. Мысалы, жабық есіктер жағдайында қамтамасыз етілмеген кабинетте куәгердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланады, соның салдарынан бұл мәліметтер бөгде адамдарға белгілі болады.
Қылмыстың субъектісі арнайы болып табылады. Оларға қарастырылып отырған мәліметтер сеніп тапсырылған немесе бұл мәліметтер қызметтік қызметіне байланысты белгілі болған адам жатады. Соңғыларына Қазақстан Республикасының «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңының 21-бабында көзделген адамдар жатады.
«Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мынадай органдармен жүзеге асырылады:
Қылмыстық іс жүргізіліп жатқан органдар:
зорлық-зомбылық жасау немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупі туындайтын адамға оны қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндігі туралы ресми ескерту жасау;
қорғалатын адам туралы мәліметтерге қол жеткізуді шектеу;
айыпталушыға (күдіктіге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты зорлық-зомбылық қолдану немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (ұйымдастыру) мүмкіндігін болдырмайтын бұлтартпау шарасын таңдау;
жеке күзет, тұрғын үйді және өзге де мүлікті күзету;
белгіленген тәртіппен қару-жарақпен, жеке қорғану құралдарымен және техникалық құралдармен қамтамасыз ету;
қауіпсіз жерге уақытша орналастыру;
қорғалатын адамдар туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету;
Уәкілетті мемлекеттік органдар — құжаттарды ауыстыру;
Соттар:
сот отырысы залынан жекелеген адамдарды шығару;
соттың жабық отырысын өткізу;
куәдан оның жеке басы туралы деректерді жария етпей, бүркеншік ат пайдалана отырып; оны тануға мүмкіндік бермейтін жағдайларда; сот талқылауының басқа қатысушыларының оны көзбен көруін болдырмайтын жағдайда жауап алу; қажет болған кезде жауап алуды бейне-, дыбысжазбаға түсіруге және оны тіркеудің өзге де тәсілдерін қолдануға тыйым салу;
Қылмыстық іс жүргізіліп жатқан орган және қажет болған жағдайда денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік органмен бірлесіп — сыртқы келбетін өзгерту;
Қылмыстық іс жүргізіліп жатқан орган жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп:
басқа тұрғылықты жерге көшіру;
жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру;
жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету.
Әскери соттардың судьяларына, прокурорларға, әскери полицияның, әскери-тергеу бөлімшелерінің әскери қызметшілеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қатысты қауіпсіздік шараларын тиісті әскери бөлімнің қолбасшылығы немесе тиісті әскери мекеменің бастығы да жүзеге асыра алады («Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңның 21-бабының 2-бөлігі).
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде саралаушы белгілер көзделген: 1) ауыр зардаптарға әкеп соққан; 2) қылмыстық топтың мүддесінде жасалған.
Ауыр зардаптарға қауіпсіздік шаралары қолданылған қылмыстық процеске қатысушыларды немесе олардың жақындарын өлтіру, осы адамдарға денсаулыққа ауыр зиян келтіру, олардың мүлкін жою, қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария етудің салдарын жоюға жұмсалған елеулі материалдық шығындар, қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен құқық қорғау органы қызметкерінің қаза болуы және т.б. жатқызылуы мүмкін. Бұл ретте туындаған ауыр зардап кінәлінің қорғалатын адамға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария етуімен себептік байланыста болуы тиіс.
ҚК-нің 424-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс құрамы материалдық болып табылады. Қылмыс қоғамға қауіпті зардаптар туындаған сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Бұл құрамның субъективтік жағы тікелей немесе жанама қасақаналық түріндегі кінәмен, сондай-ақ кінәнің екі нысанымен (ҚК-нің 22-бабы) сипатталуы мүмкін.
Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
ҚК-нің 424-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 424-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ІІМ қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар