Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 430-бабына түсініктеме. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 430-бабына түсініктеме. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 430-бабына түсініктеме. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау

1. Заңды күшіне енген үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты алты айдан астам уақыт орындамау, сол сияқты олардың орындалуына кедергі келтіру —

сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Дәл сол әрекеттерді өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адам —

бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, өндіріп алу сомасы қылмыс жасалған кездегі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен асатын әрекеттер, сол сияқты олардың орындалуына кедергі келтіру —

бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.

Ескерту. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген қылмысты жасаған және сот үкімі шығарылғанға дейін берешектің барлық сомасын өтеген адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабы 3-тармағына сәйкес соттардың шешімдері, үкімдері және өзге де қаулылары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күшке ие.

Қарастырылып отырған әрекеттің қоғамдық қауіптілігі соттың биліктің дербес тармағы ретіндегі беделіне нұқсан келтіруінен, сот төрелігін жүзеге асыру тәртібі мен сот актілерінің жалпыға міндеттілігі қағидатын бұзуынан, сондай-ақ өздері пайдасына шығарылған азаматтардың, мекемелер мен ұйымдардың залалды өтеу, бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру мүмкіндігінен айыруынан көрінеді.

ҚР ҚПК-нің 472-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген үкім мен сот қаулысы барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға жатады. Сот үкімін, қаулысын орындамау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

ҚР АПК-нің 21-бабының 2-бөлігі негізінде заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады. Сот актілерін орындамау, сондай-ақ сотты құрметтемеудің өзге де көріністері заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады (АПК-нің 21-бабының 3-бөлігі).

ҚР ӘҚБтК-нің 884-бабының 1-бөлігінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама барлық мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, жеке тұлғалардың және олардың бірлестіктерінің, заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті екендігі бекітілген.

Осыған ұқсас түсіндірмелер ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысының 1-тармағында берілген.

Қылмыстың объектісі — сот төрелігінің мүдделері және қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерінің, сондай-ақ атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін органдардың қалыпты қызметі. Қосымша объект ретінде мемлекеттің, заңды және жеке тұлғалардың мүліктік және өзге де мүдделері танылады.

Қылмыстың заты — үкім, шешім немесе өзге де сот актісі, атқарушылық құжат (бұл ұғымдар ҚР ҚК-нің 416-бабына берілген түсініктемеде егжей-тегжейлі талданған).

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 9-бабының 1-бөлігіне сәйкес атқарушылық құжаттардың тізбесі ҚР ҚК-нің 420-бабына берілген түсініктемеде келтірілген.

Қылмыстың объективтік жағы заңды күшіне енген үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты алты айдан астам уақыт орындамаудан, сол сияқты сот шешімдерінің орындалуына кедергі келтіруден көрінеді.

Сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау субъектінің сот актісінде тұжырымдалған талаптарды орындау жөніндегі өзіне жүктелген міндетті орындаудан жалтаруынан көрінеді, бұл ретте оның оны орындауға нақты мүмкіндігі болады. Сонымен қатар міндетті орындаудан жалтару тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін екенін, оның ішінде белсенді әрекеттер арқылы да көрініс табуы мүмкін екенін ескеру қажет.

ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес сот актісі мен атқарушылық құжатты орындамау деп борышкердің сот актісін орындау үшін шаралар қабылдамауын, өндіріп алу қолданылуы мүмкін жалақысы мен өзге де мүлкін жасыруын, жұмыс орны туралы, заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін кірістері туралы ақпарат бермеуін, міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасасуын, сондай-ақ ақша қаражаты мен мүлікті басқа мақсаттарға пайдалануға байланысты өзге де әрекеттерін түсіну керек.

Борышкердің сот актісін орындаудан жалтару мақсатында міндеттемені толық көлемде орындау мүмкіндігі бола тұра, болмашы ақшалай сомаларды енгізуін орындамау ретінде қарастыру қажет.

ҚР ҚК-нің 430-бабы бойынша жауаптылық заңды күшіне енген үкімнің, сот шешімінің немесе өзге де сот актісінің не атқарушылық құжаттың алты айдан астам уақыт бойы орындалмағаны анықталған жағдайда ғана туындайды.

ҚР ҚК-нің 430-бабында көзделген алты айлық мерзім сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап есептелуге тиіс.

Заңды күшіне енген сот актісін не атқарушылық құжатты алты айдан аз уақыт орындамау ҚР ҚК-нің 430-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соқпайды. Мұндай жағдайларда ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауаптылық көзделген.

Сот актісінің не атқарушылық құжаттың орындалуына кедергі келтіру деп сот актісінің орындалуын мүмкін емес етуге бағытталған кез келген қасақана әрекеттерді (әрекетсіздікті) түсіну қажет.

Кедергі келтіру сот орындаушысының мүлікті тізімдеуге, бағалауға, оған тыйым салуға, сауда-саттық өткізуге, борышкердің мүлкі болуы мүмкін тұрғын және өзге де үй-жайларды, қоймаларды қарауға қол жеткізуін шектеуден, жұмыс беруші ұйымның атқарушылық құжат бойынша берешекті өтеу есебіне борышкерден ақша қаражатын ұстап қалуды жүзеге асырмауынан, кірістерді жасыру мақсатында сот орындаушысына белгісіз шоттар ашудан және орындауға кедергі келтіретін басқа да әрекеттерден (әрекетсіздіктен) көрінуі мүмкін.

Кедергі келтіру сот орындаушысын сатып алу, оны жаңылыстыру немесе сот актісін орындауға міндетті тұлғаға оның орындалуына жол бермеу мақсатында ықпал етудің кез келген өзге де нысандарын пайдалану түрінде де көрініс табуы мүмкін.

Қылмыстық істер бойынша сот актісін орындау тәртібі мен мерзімдері ҚР ҚПК-нің 470–477-баптарымен реттеледі. ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 11-бабында атқарушылық құжаттарды орындауға ұсыну мерзімдері белгіленген, ал Заңның 39-бабында атқарушылық құжаттарды орындау мерзімдері белгіленген. Аталған Заңның 39-бабында көрсетілген мерзімдер өткен сәттен бастап ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық туындауы мүмкін.

Баптың диспозициясында негізінен Қазақстан Республикасы соттары шығарған сот актілерін, сондай-ақ атқарушылық құжатты орындамау туралы сөз болады. ҚР АПК-нің 501-бабына сәйкес заңда немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда өзара түсіністік қағидаты негізінде шет мемлекеттер соттарының, халықаралық соттар мен төреліктердің қаулыларын орындамаған кезде де, шешім заңды күшіне енген сәттен бастап үш жыл ішінде, қылмыс құрамы болуы мүмкін.

Шет мемлекеттердің төрелік шешімдерін міндетті түрде орындау 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қабылданған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындауға келтіру туралы конвенциямен, сондай-ақ 1992 жылғы 20 наурызда Киевте қабылданған Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісіммен айқындалған.

Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Ол сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін оны орындаудың алты айлық мерзімі өткен сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Заңды күшіне енген сот актісінің орындалуына кедергі келтіру сот актісінің немесе атқарушылық құжаттың орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.

ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысының 1-тармағына сәйкес борышкердің сот актісін белгілі бір бөлігінде немесе толық көлемде орындауға нақты мүмкіндігінің болмауы адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндігін жоққа шығарады.

Сот актісін, атқарушылық құжатты орындаудың нақты мүмкін еместігі деп борышкердің өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкі мен ақша қаражатының болмауын; жұмыс берушінің жалақы төлемеуін; зейнетақы мен жәрдемақы төлеудің тоқтатылуын; еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы мен жалақы алмайтын, емделуде болуына байланысты ұзақ уақытқа созылған ауруын; сот қаулысы бойынша алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан және туберкулезден мәжбүрлеп емделуде болуын; борышкер бұрын иеленбеген мамандық бойынша болашақта басқа жұмысқа орналасу мақсатында қайта оқытудан өтуін және борышкердің белгілі бір уақыт ішінде сот актісін орындауға нақты мүмкіндігі болмауына себеп болатын өзге де мән-жайларды түсіну қажет.

Көрсетілген жағдайларда борышкерді сот актісін, атқарушылық құжатты орындамағаны үшін жауаптылықтан босату, аталған мән-жайлар жойылғаннан кейін, оның ішінде қалыптасқан берешекті ескере отырып, сот актісін, атқарушылық құжатты заңға сәйкес орындау міндетін жоққа шығармайды.

Алайда сот актісін немесе атқарушылық құжатты уақтылы орындамау, бірақ оны ерікті түрде орындау, мысалы, қысқа мерзімге (бірнеше күнге) кешіктіріп орындау, егер мұндай кешіктірудің қандай да бір елеулі теріс салдары болмаса, қоғамдық қауіптілік туғызбайтын болмашы әрекет ретінде қарастырылуы мүмкін (ҚР ҚК-нің 10-бабының 4-бөлігі).

Сот актісі мен атқарушылық құжатты орындамағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің басталуын заңды күшіне енген үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін алты айдан астам уақыт орындамауды, сол сияқты олардың орындалуына кедергі келтіруді куәландыратын әрекеттер нақты жасалған сәттен бастап есептеу қажет. Егер өндіріп алушы атқарушылық құжатты орындауға ұсыну үшін заңда белгіленген мерзімді өткізіп алса және ол қалпына келтірілмесе, адам сот актісін не атқарушылық құжатты орындамағаны үшін жауаптылыққа тартылмайды.

Әрекеттің субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адам заңды күшіне енген үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындауға міндетті екенін және оны орындауға нақты мүмкіндігі бар екенін біле тұра орындамайтынын не олардың орындалуына кедергі келтіретінін сезінеді, теріс салдардың туындауын болжайды және соны қалайды.

Қылмыстың себептері әртүрлі болуы мүмкін (пайдакүнемдік, жеке мүдделілік, қызмет мүдделерін теріс түсіну және т.б.), олар саралауға әсер етпейді, бірақ жаза тағайындау кезінде сот тарапынан ескеріледі.

ҚР ҚК-нің 430-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстың субъектісі он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға болуы мүмкін.

ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес сот актісін орындамағаны үшін, сондай-ақ оның орындалуына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа үкімге, шешімге немесе өзге де сот актісіне байланысты атқарушылық іс жүргізу барысында белгілі бір әрекеттер жасауға міндетті тұлғалар ғана тартылуы мүмкін.

Сот актісінің орындалуына кедергі келтіретін әрекеттерді жасаған өзге тұлғаларға қатысты сот орындаушысының өмірі мен денсаулығына қол сұғу, жала жабу, өлтіремін деп қорқыту, зиян келтіру және басқа да әрекеттер үшін жауаптылық көздейтін ҚК-нің тиісті баптары бойынша қылмыстық қудалау жүзеге асырылуы мүмкін.

Осылайша, ҚР Жоғарғы Сотының түсіндірмесінде қарастырылып отырған қылмыстың субъектісі болып табылатын тұлғалар тобы айқындалған. Олардың қатарына, ең алдымен, сотталғандарды, азаматтық істер бойынша жауапкерлерді, сот әкімшілік жаза қолданған тұлғаларды жатқызу қажет.

ҚР ҚК-нің 430-бабының 2-бөлігінде дәл сол әрекеттерді адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасауы саралаушы белгі ретінде көзделген. Қызмет бабын пайдалану адамның атқаратын лауазымына байланысты өзіне берілген функцияларды, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруын білдіреді.

Кінәлі адамның көрсетілген процестік актілерді орындамауы, әдетте, лауазымды адамның әрекетсіздігін білдіреді. Мысалы, лауазымды адам кінәлі адамды атқарып отырған лауазымынан босату туралы сот шешімін орындамайды немесе сот органы тыйым салған тұлғаның қызметін тоқтатпайды, сот шешімімен жұмысына қайта алынған қызметкерді жұмысқа жібермейді, өзіне бағынысты қызметкерден ақшалай қаражат өндіріп алу, мүлікті қайтару, айыппұл сомасын өндіріп алу туралы атқару парағын қозғалыссыз қалдырады және т.б.

Мемлекеттік сот орындаушысы ҚР ҚК-нің 430-бабының 2-бөлігі бойынша қарастырылып отырған қылмыстың субъектісі деп танылуы мүмкін, өйткені ол мемлекеттік қызметте тұратын және заңмен өзіне жүктелген атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау функцияларын орындайтын лауазымды адам болып табылады.

Қызмет мүдделеріне қайшы келіп, борышкерлерге заңды күшіне енген сот актілері мен атқарушылық құжаттарды орындаудан жалтаруға заңсыз түрде жәрдемдескен сот орындаушылары қарастырылып отырған қылмысты топ болып жасауға сыбайлас қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

ҚР ҚК-нің 430-бабының 3-бөлігі осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген, өндіріп алу сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында қылмыс жасалған кездегі белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен асатын әрекеттер, сол сияқты олардың орындалуына кедергі келтіргені үшін жауаптылық белгілейді.

Заңды күшіне енген үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамағаны, сол сияқты олардың орындалуына кедергі келтіргені үшін жауаптылық заңның жалпы нормасында (ҚР ҚК-нің 430-бабы), сондай-ақ арнайы нормаларда (ҚР ҚК-нің 139, 152, 346, 431-баптары) көзделген.

Сот істі қарау кезінде жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігін ескере отырып, ҚР ҚК-нің тиісті баптарының диспозицияларындағы ережелерді сақтауға тиіс.

Сот актісінің орындалуына кедергі келтіру әрекеттерін жасаған, сот орындаушысының өмірі мен денсаулығына қол сұғумен, өлтіремін деп қорқытумен, денсаулыққа зиян келтіремін деп қорқытумен және өзге де қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтармен қатар жүретін тұлғаларға қатысты аталған әрекеттер үшін жауаптылық көздейтін ҚК-нің баптары қосымша қолданылуы мүмкін.

Түсіндіріліп отырған бапқа ескертуге сәйкес, ҚР ҚК-нің 430-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмысты жасаған және сот үкімі шығарылғанға дейін берешектің барлық сомасын өтеген адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды. Бұл жағдайда кінәлі адамға берешектің барлық сомасын (айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен кем емес) сот үкімі шығарылғанға дейін өтеу мүмкіндігі беріледі (көрсетілген кезеңнен басқа қылмыстық процестің, сот талқылауының кез келген сатысында), оның орнына оған бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, жаза тағайындалуы мүмкін.

ҚР ҚК-нің 430-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.

ҚР ҚК-нің 430-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.

 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар

 

430-бап. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

430-бап. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Заңды күшiне енген сот үкімін,...

Толық оқу »

362-бапқа түсініктеме. Сот үкімін, сот шешімін немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК өзге де сот актісін орындамау

362-бапқа түсініктеме. Сот үкімін, сот шешімін немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК өзге де сот актісін орындамау 1. Заңды күшіне енген сот үкімін, сот ше...

Толық оқу »

669-бап. Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі

669-бап. Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі     1. Сот үк...

Толық оқу »

Түсініктеме 669-бабқа  Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау туралы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің

Түсініктеме 669-бабқа Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау туралы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы к...

Толық оқу »