Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 52-бабына түсініктеме. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 52-бабына түсініктеме. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 52-бабына түсініктеме. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері

1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында белгіленген шектерде және осы Кодекстің Жалпы бөлігінің ережелері ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалады.

2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оны түзеу және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс. Егер жазаның неғұрлым жеңіл түрі жазаның мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ете алмаса ғана, жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазалар қатарынан неғұрлым қатаң жаза түрі тағайындалады. Жасалған іс-әрекет үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы немесе үкімдер жиынтығы бойынша осы Кодекстің 58 және 60-баптарына сәйкес тағайындалуы мүмкін. Осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында жасалған іс-әрекет үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау негіздері осы Кодекстің 55-бабында айқындалады.

3. Жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, кінәлінің жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың өмір сүру жағдайларына ықпалы ескеріледі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабына сәйкес, сот билігін тек сот қана жүзеге асырады. Адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігі туралы түпкілікті қорытынды жасау және ол үшін жаза тағайындау құқығы тек сотқа ғана берілген. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жаза тағайындалатын адамдардың да құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды өзінің мақсаты етіп қояды.

Сот жазаны оның мақсаттарына сүйене отырып, қылмыстық заңнаманы дәлме-дәл сақтай отырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін санкциясында белгіленген шектерде тағайындайды.

Заңды, негізделген және әділ жаза тағайындау қылмыстылықпен күресудің және құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызды құралы болып табылады, қажетті жазалау ықпалын қамтамасыз етеді, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, сотталғандарды түзеуге, сондай-ақ сотталғандардың өздері де, басқа адамдар да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал етеді.

ҚПК-нің 7-бабының 52) тармағына сәйкес, үкім — бірінші, апелляциялық сатыдағы соттың айыпталушының кінәлілігі немесе кінәсіздігі және оған жаза қолдану немесе қолданбау мәселесі бойынша шығарған сот шешімі.

ҚПК-нің 431-бабы 1-бөлігінің 4), 5) тармақтарында көзделген шешімдерді қабылдаған кезде апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың үкімін (қаулысын) жою туралы қаулы шығарады, содан кейін ҚПК-нің 46-тарабының талаптарын сақтай отырып, жаңа үкім шығарады.

Үкім барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады және мүлтіксіз орындалуға жатады.

Мемлекет атынан үкім шығару және оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілікті сезінуді талап етеді.

Үкім, егер ол соттың заңды құрамымен, соттылық қағидаларын сақтай отырып, сот жарыспалылығы мен тараптардың тең құқықтылығы қағидаттарына негізделген сот талқылауының рәсімі туралы қылмыстық-процестік заң талаптарын дәл сақтай отырып, дәлелдемелерді зерттеуге тараптардың тең негізде қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы және құқық нормаларын дұрыс қолдану шартымен шығарылса, заңды болып табылады.

Үкімнің негізділігі оның заң талаптарын сақтай отырып жиналған және сот отырысында тікелей толық, объективті әрі жан-жақты зерттелген, талдаудан өткізілген, тиісті бағасы берілген дәлелдемелерге негізделетінін білдіреді, ал сот қорытындылары уәжді болуға тиіс.

Сот қабылдаған шешімдердің мазмұнын толық ашу үшін үкім нысаны мен мазмұны жағынан ҚПК-нің 395, 396, 397, 398, 399, 400, 401-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

ҚК-нің 52-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабында белгіленген шектерде және ҚК-нің Жалпы бөлігінің ережелері ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалады.

Қарастырылып отырған нормада кінәлінің қоғам алдындағы жауаптылық шарасын айқындау кезінде басшылыққа алынуға тиіс негізгі бағыттар мен қағидаттар көрсетілген. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық құқықтың заңдылық, ізгілік, әділеттілік және жазаны даралау сияқты қағидаттарын басшылыққа алады. Олар ҚК-нің 52-бабының мәнінен туындайды.

Жаза тағайындау кезінде заңдылық қағидаты соттың жазаны жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін заң бабының санкциясында белгіленген дәл шектерде тағайындауынан көрінеді. Бұл санкциялардың шектері нақты қылмыстық құқық бұзушылықтардың және кінәлі адамның жеке басының ерекшеліктерін ескеруге толық жеткілікті.

Жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің Жалпы бөлігінің ережелерін қатаң сақтауға тиіс. Бұл жаза түрі мен мөлшерін таңдау мәселелерін шешу кезінде соттың:

жасалған іс-әрекеттің қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық болып табылатынын, яғни оның ҚК-нің 10-бабының 2 және 3-бөліктерінің белгілеріне (қоғамдық қауіптілік, қылмыстық құқыққа қайшылық, кінәлілік, жазаланушылық) сәйкес келетінін анықтауы; іс-әрекетте ҚК-нің 10-бабының 4-бөлігінде көзделген белгілердің жоқтығын, яғни іс-әрекетте немесе әрекетсіздікте ҚК-нің Ерекше бөлігінде көзделген қандай да бір іс-әрекеттің белгілері формальды түрде болғанымен, маңыздылығының аздығына байланысты қоғамдық қауіптілік тудырмайтынын анықтауы;

осы жағдайда іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігін, демек, жауаптылық пен жазаланушылықты жоққа шығаратын мән-жайлардың бар-жоғын анықтауы (қажетті қорғаныс — ҚК-нің 32-бабы, қол сұғушылық жасаған адамды ұстап алу кезінде зиян келтіру — ҚК-нің 33-бабы, аса қажеттілік — ҚК-нің 34-бабы және т.б.);

қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз болатын мән-жайлардың жоқтығын анықтауы, мұндай жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін (тиімді өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату — ҚК-нің 65-бабы; қажетті қорғаныс шегінен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату — ҚК-нің 66-бабы; процестік келісімнің талаптарын орындаған кезде қылмыстық жауаптылықтан босату — ҚК-нің 67-бабы; татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату — ҚК-нің 68-бабы; жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату — ҚК-нің 70-бабы; ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату — ҚК-нің 71-бабы);

қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды жазадан босатуға негіз болатын мән-жайлардың жоқтығын анықтауы, мұндай негіздер болған кезде адам жазадан босатылуға тиіс (кепілдік белгілеумен жазадан босату — ҚК-нің 69-бабы; науқастануына байланысты жазадан босату — ҚК-нің 75-бабы; ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан босату және жазаны өтеуді кейінге қалдыру — ҚК-нің 76-бабы; айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазаны өтеуден босату — ҚК-нің 77-бабы; рақымшылық жасау немесе кешірім жасау актісі негізінде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату — ҚК-нің 78-бабы);

қылмыстық ниеттің жүзеге асырылу дәрежесін және қылмыстың аяғына дейін жеткізілмеу себептерін (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу — ҚК-нің 24-бабы) ескеруі, бұл ретте қылмыстық нәтиженің туындауына жақындаған сайын іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігі артатынын негізге алуы;

адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысу дәрежесі мен сипатын (қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың түрлері — ҚК-нің 28-бабы, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың жауаптылығы — ҚК-нің 29-бабы) ескеруі;

жазаның әртүрлі түрлерін қолдану тәртібін қатаң сақтауы (жазалар жүйесі, оларды негізгі және қосымша түрлерге бөлу — ҚК-нің 40-бабы, жазаның әртүрлі түрлерін қолдану тәртібі мен шектеулері — ҚК-нің 41–51-баптары). Соттар жазаның белгілі бір түрлерін заңнамада белгіленген оларды қолдану тәртібі мен шарттарын дәл сақтаған жағдайда ғана қолдана алады.

Жаза тағайындау кезінде ізгілік қағидаты мыналардан көрінеді:

сот нақты жаза шарасын таңдай отырып, кінәлі адамға тән азабын келтіруді немесе оның адамдық қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді (ҚК-нің 39-бабы);

өлім жазасы, бас бостандығынан айыру сияқты жаза түрлерін қолдану шектеледі;

ерекше мән-жайлар болған кезде сот осы қылмыс үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындай алады (ҚК-нің 55-бабы);

соттың ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясында көзделген ең жоғары шектен қатаң жаза тағайындауға құқығы жоқ;

жасалған іс-әрекет үшін ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы немесе үкімдер жиынтығы бойынша ҚК-нің 58 және 60-баптарына сәйкес тағайындалуы мүмкін (ҚК-нің 52-бабының 2-бөлігі);

сот жеткілікті негіздер болған кезде шартты түрде соттауды кеңінен қолданады (ҚК-нің 63-бабы).

Сонымен қатар, әділ жаза тағайындау кінәлі адамға қатысты сот төрелігінің негізгі қағидаттарының бірі және міндетті шарты болып табылады. Құқықтық тұрғыдан алғанда, әділ жаза дегеніміз — заңға негізделген, іс бойынша мән-жайлар толық, объективті және жан-жақты зерттелген, қылмыстық құқық бұзушылық дұрыс сараланған және кінәлі адамның жеке басы, істің барлық жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлары ескеріле отырып тағайындалған жаза. Әділ жаза тағайындау қағидаты кінәлі адамға тағайындалған жазаның түрі мен мөлшері шамадан тыс жеңіл немесе шамадан тыс қатаң болмауға тиіс екенін білдіреді. Мәселен, ҚПК-нің 438-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейтін жаза деп жаза тағайындаудың жалпы негіздерін ескермей тағайындалған және ҚК-нің тиісті бабының санкциясында көзделген шектерден шықпаса да, өзінің түрі мен мөлшері бойынша шамадан тыс жеңілдігі немесе шамадан тыс қатаңдығы салдарынан әділетсіз болып табылатын жаза танылады.

Жазаның әділеттілігі қылмыстық заңнаманың талаптарының бірі болып табылады. Жазаның әділеттілігі — қоғамымызға тән ізгіліктің көрінісі.

Тек кінәлі адамның түзелуін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамның барлық мүшелерінің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғай отырып, оларды қылмыстық қол сұғушылықтардан сақтайтын жаза ғана әділ болып табылады. Әрбір кінәлі адам тек өзіне лайықты жазаға тартылуға тиіс. Сот жазаның әділдігіне қоғамды көрнекі түрде сендіруге тиіс.

Жазаны даралау қағидаты оны тағайындау кезінде соттың заң мен сот төрелігі негізінде жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне және нақты қылмыскердің жеке басына сәйкес келетін нақты жаза шарасын таңдауы, кінәлі адамның жеке басының ерекшеліктерін және жауаптылықты жеңілдететін әрі ауырлататын істің мән-жайларын ескеруі болып табылады.

Сот кінәлі адамға жаза тағайындау кезінде өз қалауы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарға заңда көзделгеннен өзгеше баға беруге құқылы емес. Осылайша, белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін айқындау — заң шығарушының айрықша құзыреті. Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік сипаты оның ҚК-нің 11-бабына сәйкес белгілі бір ауырлық санатына жатқызылуымен айқындалады, ал қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін айқындау барлық өзге мән-жайлардың жиынтығына, атап айтқанда, нақты қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жағдайларға байланысты болады.

Қоғамдық қауіптілік дәрежесі — нақты қылмыстық іс-әрекетті сипаттайтын белгі. Қоғамдық қауіптілік сипаты бойынша бірдей қылмыстық құқық бұзушылықтар өздерінің қоғамдық қауіптілік дәрежесі бойынша ерекшеленуі мүмкін. Қоғамдық қауіптілік дәрежесі қол сұғушылық объектісіне және өзге де объектілерге келтірілген залалдың мөлшері мен сипатына, қылмыстық құқық бұзушылық жасау тәсіліне, кінәнің сипаты мен дәрежесіне, уәжіне, мақсатына және т.б. байланысты болады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулысының 6-тармағына сәйкес, сот қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғанын, осы қылмыстық құқық бұзушылықты сотталушының жасағанын, оның оны жасауда кінәлі екенін және кінәсінің заң талаптарын сақтай отырып жиналған дәлелдемелермен расталғанын даусыз анықтаған жағдайда айыптау үкімі шығарылады. Бұл ретте іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға және ҚПК-нің 323-бабында көзделген істі прокурорға жіберуге негіздер болмауға тиіс. Адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігі сот кінәсіздік презумпциясын басшылыққа ала отырып, барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеп, жойылмайтын барлық күмәнді сотталушының пайдасына түсіндіріп, тиісті құқықтық рәсім шеңберінде ҚПК-нің 390-бабында көрсетілген барлық сұрақтарға жауап берген жағдайларда ғана дәлелденген деп танылады.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 9) тармақшасына сәйкес, ешкім де өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сотталуға тиіс емес. Осыған байланысты соттар сотталушының өз кінәсін мойындауы айыптау үкімінің негізіне тек оның кінәлілігі іс бойынша жиналған басқа дәлелдемелердің жиынтығымен расталған жағдайда ғана алынуы мүмкін екенін ескеруге тиіс.

Дәлелдемелерді бағалау кезінде соттар сондай-ақ Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 9) тармақшасында, ҚПК-нің 112 және 125-баптарында бекітілген ережелерді басшылыққа алуға тиіс және заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердің заңды күші болмайтынын, сондықтан олардың айыптау үкімінің негізіне алынбайтынын, сондай-ақ ҚПК-нің 113-бабында көрсетілген кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдаланылмайтынын ескеруі қажет.

ҚПК-нің 331-бабына сәйкес, үкім тек басты сот талқылауында тікелей зерттелген дәлелдемелерге негізделуге тиіс. Сот тараптардың қатысуымен сот отырысында зерттеу нысанасы болмаған дәлелдемелерге үкімде өзінің қорытындыларын растау үшін сілтеме жасауға құқылы емес.

Сотталушының әрекеттерін саралау мәселелерін шешкеннен кейін сот ҚК-нің 52–64-баптарында, 81, 82, 83-баптарында көрсетілген қағидаларды сақтай отырып, кінәлі адамға тағайындалатын жаза туралы қорытындыны негіздеуге міндетті.

Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оны түзеу және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс. Егер жазаның неғұрлым жеңіл түрі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаның мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ете алмаса ғана, жазаның неғұрлым қатаң түрі тағайындалады. Жасалған іс-әрекет үшін ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы немесе үкімдер жиынтығы бойынша ҚК-нің 58 және 60-баптарына сәйкес тағайындалуы мүмкін. Жасалған іс-әрекет үшін ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау негіздері ҚК-нің 55-бабында айқындалады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 1-тармағында былай делінген: «Қазақстан Республикасы Конституциясының заң мен сот алдында барлығының теңдігі туралы ережелерін негізге ала отырып және ешкім де соттың заңды күшіне енген үкімі бойынша ғана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін еместігін ескере отырып, соттардың назары әрбір қылмыстық істің жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына, қызметтік және қоғамдық жағдайына қарамастан, заңды қатаң сақтай отырып шешілуге тиіс екеніне аударылсын. Қылмыстық жаза тағайындау кезінде соттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы қағидаларын мүлтіксіз сақтауы, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтың санатын, қылмыстың қайталануы мен оның түрін, қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалу сатысын, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысу дәрежесін, оның қылмыстық құқық бұзушылық мақсатына қол жеткізу үшін жасаған әрекеттерінің маңызын және келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен мөлшеріне ықпалын, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығының бар-жоғын, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын, осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау негіздерін ескеруге тиіс».

Шамадан тыс қатаңдығы немесе жеңілдігі салдарынан әділетсіз жаза жазаның мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етпейді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 2) тармағында соттардың назары «...қылмыстық топтардың құрамында, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамдарға, сондай-ақ түзелу жолына түскісі келмейтін бұрын сотталған адамдарға заңда көзделген қатаң жаза шараларын міндетті түрде талқылау және қолдану қажеттілігіне» аударылады.

Егер адам кінәлі деп танылатын қылмыстық заңда бас бостандығынан айырумен қатар жазаның неғұрлым жеңіл түрлері де көзделсе, сот үкім шығару кезінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындау мәселесін талқылауға міндетті. Өзге неғұрлым жеңіл жаза болған жағдайда дәл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау үкімде уәжделуге тиіс.

Заң сотты жаза тағайындау кезінде жазаның сотталған адамның түзелуіне ықпалын алдын ала болжауға, бұл жазаның негізгі мақсаттарының бірі болып табылатынын ескере отырып, мүмкіндігінше ең аз ауыр жаза түрін таңдауға және оның мөлшерін барлық мән-жайларды ескере отырып белгілеуге міндеттейді.

Сонымен қатар, ізгілік қағидатын басшылыққа ала отырып, сот кінәлі адамға тағайындалған жазаның оның отбасының, сондай-ақ оның асырауындағы адамдардың өмір сүру жағдайларына ықтимал ықпалын ескеруге тиіс. Алайда бұл мән-жайлар басым маңызға ие болмауға тиіс, өйткені ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамға жазаны шамадан тыс жеңілдету жәбірленушіге де, жалпы қоғамға да қатысты ізгілік қағидатына қайшы болады. Баламалы санкцияда көзделген жазалардың ішінен лайықсыз түрде неғұрлым жеңіл жаза тағайындау сотталғандардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауына әкеп соғуы (ал кейде соған әкеліп те соғады) мүмкін, бұл жазаның іргелі мақсаты — қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатына қол жеткізілмейтінін білдіреді.

Шамадан тыс жеңіл жаза қылмыскерде де, халық арасында да биліктің әлсіздігі, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жазасыз қалуы туралы әсер қалыптастыруы мүмкін, ал шамадан тыс қатаң жаза керісінше нәтижеге, сотталған адамның негізді ашу-ызасына, жазаға әлеуметтік тұрғыдан жазалау шарасы ретінде қарауға алып келуі мүмкін деп айтуға болады. Әділетсіз жаза өзге де жағымсыз салдарға әкеп соғады. Жаза, ең алдымен, сотталған адамның өзіне, содан кейін басқа адамдарға да жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың заңды салдары ретінде қабылдануға тиіс.

Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін айқындау кезінде соттар ҚК-нің 11-бабында көзделген оның ауырлығын және ол жасалған кездегі мән-жайлардың жиынтығын (жасалу тәсілі, кінәнің нысаны, уәждері мен мақсаттары, іс-әрекеттің аяқталу сатысы, туындаған зардаптардың қоғамдық қауіптілік дәрежесі және т.б.) ескеруге тиіс.

ҚК-нің 52-бабының 3-бөлігінде соттың әділ жаза айқындау кезінде кінәлі адамның жеке басын ескеру қажеттілігіне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, онда былай делінген: «Жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, кінәлінің жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың өмір сүру жағдайларына ықпалы ескеріледі».

Істі қарау кезінде жеке тұлғаны зерттеу жаза тағайындау үшін ерекше рөл атқарады. Жазаның мақсаты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірумен қатар сотталған адамды түзеу және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу болғандықтан, сот биологиялық та, әлеуметтік те жеке ерекшеліктерді мұқият зерттеуге тиіс. Кейбір жағдайларда жазаның түрі мен мөлшеріне кінәлі адамның жынысы, жасы, денсаулық жағдайы әсер етеді. Қылмыстық әрекеттердің мақсаты мен уәжі, кінәлі адамды сипаттайтын мәліметтер үлкен маңызға ие.

Жаза тағайындау кезінде кінәлі адамның жеке басын ескеру қажеттілігі тек осы адамға тән әлеуметтік және психобиологиялық ерекшеліктерді есепке алуды көздейді.

Қылмыстық құқық теориясында әлеуметтік ерекшеліктер деп осы тұлғаның өмірлік құндылықтар жүйесі, оның жеке санасының бұрмалану түрі мен тереңдігі түсініледі. Психобиологиялық ерекшеліктерге адамның психикалық жай-күйі, жасы, дене денсаулығының жай-күйі және басқалары жатады. Сонымен бірге қылмыстық-құқықтық маңызға тек жасалған қылмыстық құқық бұзушылықты және оны жасаған адамды бағалауға ықпал ететін факторлар ғана ие болады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 3-тармағында былай делінген: «Соттар сотталушының жеке басы туралы деректерді жан-жақты, толық және объективті зерттеуге тиіс, өйткені олардың жаза түрі мен мөлшерін айқындау үшін елеулі маңызы бар. Атап айтқанда, сотталушының денсаулық жағдайын, еңбекке қабілеттілігін, еңбекке, оқуға деген көзқарасын, сотталғандығы туралы мәліметтерді және отбасылық жағдайын анықтау қажет. Соттар ҚК-нің 52-бабының үшінші бөлігіне сәйкес жаза тағайындау кезінде тағайындалған жазаның сотталушының отбасының және оның асырауындағы адамдардың өмір сүру жағдайларына ықпалын ескеруге тиіс».

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аталған нормативтік қаулысының 5-тармағында соттардың жаза тағайындау кезінде әрбір сотталушыға қатысты оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды үкімде міндетті түрде көрсету қажеттілігіне назар аударылады.

Жазаның белгілі бір түрін тағайындай отырып, сот оның сотталған адамға ықпалын болжауға, таңдалған жаза түрі мен мөлшерінің сотталған адамды түзеу үшін жеткілікті-жеткіліксіз екенін анықтауға тиіс. Сондықтан жаза тағайындаудың жалпы негіздері жүйесінің элементтерінің бірі жаза тағайындау кезінде тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың өмір сүру жағдайларына ықпалын ескеру талабы болып табылады.

Жазаны даралау қағидатын дәйекті және мүлтіксіз жүзеге асыруға әрбір нақты жағдайда істің барлық мән-жайлары, қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлық дәрежесі, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жеке басын сипаттайтын қасиеттер жиынтығында ескерілген жағдайда қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, сот жаза тағайындау кезінде іс бойынша бар жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды ескеруге міндетті (ҚК-нің 53 және 54-баптары).

Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезінде сот қарастырылып отырған мән-жайлардан басқа, оның өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын, психикалық даму деңгейін, жеке басының өзге де ерекшеліктерін, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың ықпалын ескереді (ҚК-нің 82-бабы). Заң шығарушының мұндай тәсілі толық негізделген, өйткені кәмелетке толмаған құқық бұзушының жеке басының қалыптасуында елеулі рөл атқаратын аталған мән-жайлар оған тағайындалатын жазаға әсер етуге тиіс.

Кінәлі адамға тағайындалған жаза оны жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаудан тежеп, оның әлеуметтік пайдалы қызметке қайта оралуына ықпал етуге тиіс.

Исидор Шамилович Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Баяндама Бағдарлама Қағидалар

52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан РеспубликасыныңҚылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға осы КодекстiңЕрекше б...

Толық оқу »

469-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексінің ісін жаңа қарау кезінде жаза тағайындау шектері

469-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексінің ісін жаңа қарау кезінде жаза тағайындау шектеріЕгер бірінші апелляциялық үкім, қаулы сотталған...

Толық оқу »

52-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жаза тағайындаудың жалпы негіздері

52-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жаза тағайындаудың жалпы негіздері1. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға осы Кодекстің Ерекше бөл...

Толық оқу »