Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына түсініктеме. Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту
1. Ауырлығы онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамға, егер ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзуға жол бермеген болса, жазаның өтелмеген қалған бөлігі сот арқылы жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін. Бұл ретте адам өмір бойына тағайындалған жазаларды қоспағанда, қосымша жаза түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
2. Жазаның өтелмеген бөлігі сотталған адам ауырлығы онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін, ауыр қылмыстар жасағаны үшін жаза мерзімінің кемінде үштен бірін нақты өтегеннен кейін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға, мұндай қылмысты он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның басқа кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайын қоспағанда, адамдардың қаза болуына әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс үшін сотталған адамдарға жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру қолданылмайды.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жазаның өтелмеген бөлігі Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберумен немесе онсыз тек айыппұлға ауыстырылуы мүмкін.
2-1. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылған жағдайда, осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер жазаның қалған өтелмеген бөлігін негізге ала отырып есептеледі, ал осы Кодекстің 72-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген тәртіппен үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалған кезде — түпкілікті тағайындалған жазаны негізге ала отырып есептеледі.
3. Жазаның өтелмеген бөлігін ауыстырған кезде сот бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір айлық есептік көрсеткіш есебінен айыппұлды не бас бостандығынан айырудың бір күніне бас бостандығын шектеудің бір күні есебінен бас бостандығын шектеуді таңдай алады. Айыппұлға ауыстырудың шарты қылмыспен келтірілген залалдың толық өтелуі болып табылады.
4. Ауырлығы онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық топ жасаған қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдескен не процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, жазаның өтелмеген қалған бөлігі сот арқылы жартысынан аспайтын мөлшерде қысқартылуы мүмкін. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға, мұндай қылмысты он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның басқа кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайын қоспағанда, жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту қолданылмайды.
Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру институты, шартты түрде мерзімінен бұрын босату институты сияқты, гуманизм, қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орынды үнемдеу және әділеттілік қағидаттарын іске асыру болып табылады әрі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде (бұдан әрі – ҚР ҚК) көзделген жазаның барлық мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етуге арналған. Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруды қолдану — мемлекет тарапынан сотталған адамға білдірілген сенім актісі, өйткені ол өзінің мінез-құлқымен өзіне қатысты құқықтық шектеулердің неғұрлым жеңіл болуы мүмкін екенін көрсетті. Сонымен қатар, жазаны ауыстыру сотталған адамды одан әрі заңға бағынатын мінез-құлыққа ынталандыру болып табылады.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан айырмашылығы, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру тек ауырлығы онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамдарға ғана қолданылуы мүмкін. Жазаның басқа түрлерін өтеп жүрген сотталғандарға, сондай-ақ аса ауыр санатқа жататын қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жүрген адамдарға жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру көзделмеген.
Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырудың шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан тағы бір айырмашылығы — сот шешімінің күшін жою және сотталған адамды бұрынғы жазасын орындау үшін қайтару мүмкіндігінің болмауы. Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру жазаны ауыстырғаннан кейін сотталған адамның тиісінше емес мінез-құлқына байланысты күшін жоя алмайды. ҚР Жоғарғы Соты да осындай ұстанымды қолдайды. Атап айтқанда, оның «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру және тағайындалған жаза мерзімін қысқарту туралы сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 20-тармағында сот үкімімен тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылған адамдар кейіннен ҚК-нің 72-бабы негізінде жазаның жаңа неғұрлым жеңіл түрін өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін екендігі айтылған.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан айырмашылығы, бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру сотталған адамның тиісінше емес мінез-құлқына байланысты күшін жоя алмайды.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігіне сәйкес, ауырлығы онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамға, егер ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзуға жол бермеген болса, жазаның өтелмеген қалған бөлігі сот арқылы жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін. Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінің мазмұнынан сот тағайындаған жазаның өтелмеген қалған бөлігін жазаның басқа неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру үшін мынадай негіздердің болуы міндетті екені туындайды:
адам ауырлығы онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүруі тиіс;
қылмыспен келтірілген залал толық өтелуге тиіс не сотталған адам жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзуға жол бермеуі тиіс.
Қылмыспен келтірілген залалды толық өтеу немесе жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзудың болмауы баламалы түрде көрсетілген, сондықтан түсіндіріліп отырған норманы қолдану үшін ауырлығы онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеумен қатар, жоғарыда көрсетілген негіздердің біреуінің болуы жеткілікті.
Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 130-бабына сәйкес, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзу деп ҚАК-те және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген талаптарды орындамау танылады. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзу ұғымы туралы ҚК-нің 72-бабына берілген түсініктемені қараңыз.
Жазаның өтелмеген бөлігін ауыстырған кезде сот ҚК-нің 40-бабында көрсетілген жаза түрлерінің кез келген неғұрлым жеңіл түрін, ҚК-де жазаның әрбір түрі үшін көзделген шектерде таңдай алады.
ҚР Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы жоғарыда келтірілген нормативтік қаулысының 21-тармағында: «ҚК-нің 73-бабына сәйкес, сотталған адамның мінез-құлқын ескере отырып, ауырлығы онша ауыр емес, ауырлығы орташа және ауыр қылмыстар үшін тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімінің өтелмеген бөлігі оған ҚК-нің 40-бабында көрсетілген жазаның неғұрлым жеңіл түрімен: айыппұлмен, бас бостандығын шектеумен ауыстырылуы мүмкін», — деп атап өтілген.
Бұл норма сотқа жазаның өтелмеген бөлігін оның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру құқығын береді, бірақ сотты оны міндетті түрде ауыстыруға міндеттемейді.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жүрген кәмелетке толмаған сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі ҚК-нің 87-бабына сәйкес сот арқылы тек бас бостандығын шектеуге ауыстырылады.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігіне сәйкес, жазаның өтелмеген бөлігі сотталған адам ауырлығы онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін, ауыр қылмыстар жасағаны үшін жаза мерзімінің кемінде үштен бірін нақты өтегеннен кейін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жазаның өтелмеген бөлігі Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберумен немесе онсыз тек айыппұлға ауыстырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен ҚК-нің 73-бабы мынадай мазмұндағы 2-1-бөлікпен толықтырылды:
«Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылған жағдайда, осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер жазаның қалған өтелмеген бөлігін негізге ала отырып есептеледі, ал осы Кодекстің 72-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген тәртіппен үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалған кезде — түпкілікті тағайындалған жазаны негізге ала отырып есептеледі».
Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырған кезде адам өмір бойына тағайындалған жазаларды қоспағанда, қосымша жаза түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін. Өмір бойына белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін (ҚК-нің 50-бабы).
Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігіне сәйкес, жазаның өтелмеген бөлігін ауыстырған кезде сот бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір АЕК есебінен айыппұлды не бас бостандығынан айырудың бір күніне бас бостандығын шектеудің бір күні есебінен бас бостандығын шектеуді таңдай алады. Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстырудың міндетті шарты қылмыспен келтірілген залалдың толық өтелуі болып табылатынын ескеру қажет.
Сотталған адам жазаның неғұрлым жеңіл түрін өтеу кезінде жаңа қасақана қылмыс жасаған жағдайда, жаңа қылмыс үшін тағайындалған жазаға бас бостандығынан айыру жазасын ауыстыру кезінде тағайындалған жазаның тек өтелмеген бөлігі ғана толық немесе ішінара қосылады.
Сотталған адамға бастапқыда тағайындалған жаза рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен не жоғары тұрған соттың қаулысымен жеңілдетілген жағдайларда, сот ҚК-нің 73-бабын қолдану кезінде нақты өтелген жаза бөлігін рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен не жоғары тұрған соттың қаулысымен белгіленген жаза мерзімін негізге ала отырып есептеуге тиіс.
Егер адам қылмыстар жиынтығы бойынша не әртүрлі ауырлық санаттарына жататын құқық бұзушылықтар жасағаны үшін үкімдердің жиынтығы бойынша сотталған болса, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы мәселені шешу кезінде сот жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруды қолдануға болатын нақты өтелген мерзімді ҚК-нің 73-бабының 2-бөлігінде көзделген қағидалар бойынша есептеуге тиіс.
Сотталған адамның ҚК-нің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңда көзделген жаза мерзімінің бір бөлігін нақты өтеуі жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру үшін сөзсіз негіз бола алмайды.
Тағайындалған жазаны жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы мәселені шешу кезінде соттар жеке тәсілді қамтамасыз етуге және әрбір нақты жағдайда өтінішхатта және өзге де материалдарда тағайындалған жазаны жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру үшін мәліметтердің жеткілікті-жеткіліксіз екенін анықтауға, яғни сотталған адамның мінез-құлқындағы оң өзгерістерді бағалауға тиіс.
Сотталған адамның мінез-құлқын бағалау кезінде соттар оның ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауын, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің талаптарын орындауын, тәрбиелік сипаттағы іс-шараларға және мекеменің қоғамдық өміріне қатысуын, көтермелеулерін, тәртіптік жазаларын, туыстарымен және сотталған адамдармен қарым-қатынасын, оқуға оң немесе теріс көзқарасын, залалды өтеуін, ұстаудың жеңілдетілген жағдайларына ауыстырылуын және сотталған адамның түзелгенін куәландыруы мүмкін басқа да мән-жайларды ескеруге тиіс.
Соттың сотталған адамның түзелгені туралы қорытындысы оның өтінішхатты қарау алдындағы тікелей кезеңдегі ғана емес, үкім шығарылғанға дейін қамауда ұсталған уақытты қоса алғанда, мекемеде болған бүкіл кезеңдегі мінез-құлқы туралы деректерді жан-жақты есепке алуға негізделуге тиіс.
ҚАК-нің 130-бабында көзделген талаптардың орындалуы соттың жеке істің материалдарын мұқият зерттеуі негізінде анықталады. Сотталған адамға жазаны өтеудің бүкіл кезеңі ішінде қолданылған, алып тасталған және өтелгендерін қоспағанда, тәртіптік жазалар жол берілген бұзушылықтардың сипатын ескере отырып, оны сипаттайтын басқа да деректермен жиынтықта соттың бағалауына жатады.
Сотталған адамның түзелу дәрежесін зерттеу кезінде оған тәртіптік жаза қолданудың әрбір фактісін осы бұзушылықтардың қаскөйлікпен жасалған-жасалмағаны тұрғысынан зерделеу қажет.
Қылмыспен келтірілген зиян (азаматтық талап қою бойынша материалдық залал және моральдық зиян) сотталған адамның мүгедектігі немесе жұмысқа орналасуына кедергі келтіретін ауруларының болуы және т.б. сияқты объективті себептерге байланысты өтелмеген жағдайларда, сот осы негіз бойынша ғана жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырудан бас тартуға құқылы емес.
Сонымен бірге сотталған адамның қылмыспен келтірілген зиянды өтеуден жалтаруының анықталған фактілері (мүлкін, кірістерін жасыру, жұмыстан жалтару және т.б.) басқа да мән-жайлармен қатар жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруға кедергі болуы мүмкін.
Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан әрі – ҚПК) 480-бабының 5-бөлігінің талаптарына сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселе сотта сотталған адамның міндетті түрде қатысуымен қаралады, ал шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартқан кезде сот ҚПК-нің 480-бабы 7-бөлігінің 3) тармағына сәйкес, сотталған адамның тиісті өтінішхаты болған жағдайда, кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін осы отырыстың өзінде жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы шешім қабылдауға құқылы.
Сотталған адамның қарсылығы болған жағдайда, сот жазаның өтелмеген бөлігін басқа неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыруға құқылы емес.
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігіне сәйкес, ауырлығы онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық топ жасаған қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдескен не процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, жазаның өтелмеген қалған бөлігі сот арқылы жартысынан аспайтын мөлшерде қысқартылуы мүмкін. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға, мұндай қылмысты он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның басқа кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайын қоспағанда, жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту қолданылмайды.
ҚР Жоғарғы Сотының «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру және тағайындалған жаза мерзімін қысқарту туралы сот практикасы туралы» нормативтік қаулысында (24-тармақ) ҚПК-нің 621-бабының 3-бөлігіне сәйкес енгізілген ҚР Бас прокурорының немесе оның орынбасарының жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту туралы өтінішхатын қарау кезінде соттар сотталған адаммен процестік келісім жасасу барысында ҚПК-нің 618-бабының 2-бөлігінің сақталғанын, сотталған адамның ынтымақтастық туралы процестік келісімнің нысанасына жататын қылмыстарды ашуға, ауыр қылмыстар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстар жасаған адамдарды әшкерелеуге жәрдемдескен-жәрдемдеспегенін және кінәлі адамдарға қатысты заңды күшіне енген айыптау үкімінің бар-жоғын анықтауы қажет екендігі де атап өтіледі. Бұл ретте жазаның өтелмеген бөлігі сот арқылы жартысынан аспайтын мөлшерде қысқартылуы мүмкін.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін, мұндай қылмысты он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның басқа кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайын қоспағанда, адамдардың қаза болуына әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс үшін сотталған адамдарға жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру қолданылмайды.
Қылмыстар тізбесі: кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар — ҚК-нің 3-бабының 42) тармағында; террористік қылмыстар — 30) тармағында; экстремистік қылмыстар — ҚК-нің 3-бабының 39) тармағында берілген (ҚК-нің 3-бабына түсініктемені қараңыз). Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағына берілген түсініктемеде көрсетілген.
ҚК-нің 11-бабының 5-бөлігіне сәйкес, жасалғаны үшін ҚК-нің Ерекше бөлігінің бабының немесе бап бөлігінің санкциясында он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жаза көзделген қасақана іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар