Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / Сот үкімі туралы

Сот үкімі туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Сот үкімі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 56-тармақтан қараңыз.

      Сот үкімі – қылмыстық іс бойынша бүкіл іс жүргізудің қорытындысы шығарылатын құқық қолданудың аса маңызды актісі болып табылады.

      Сот практикасын жетілдіру, орын алған кемшіліктерді жою және үкімдердің сапасын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:

  1. Заңға сәйкес үкім – Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 77-бабының 3-тармағында және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 2-тарауында көрсетілген сот төрелігі қағидаттарын сақтай отырып, сотталушының кінәлілігі немесе кінәсіздігі және оған қатысты қылмыстық жазаны қолдану немесе қолданбау мәселесі бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысында қылмыстық іс бойынша Қазақстан Республикасының атынан шығарған шешімі.

       ҚПК-нің 431-бабы бірінші бөлігінің 4), 5) тармақтарында көзделген шешімдерді қабылдаған кезде апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот үкімінің (қаулысының) күшін жою туралы шешім шығарады, одан кейін ҚПК-нің 46-тарауының талаптарын сақтай отырып, жаңа үкім шығарады.

      Үкім барлық мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәріне бірдей міндетті және бұлжытпай орындауға жатады.

      Үкімнің мемлекеттің атынан шығарылуы, маңыздылығы судьялардан оның заңды және негізді болуы үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап етеді.

  1. Үкім, егер ол оның сотқа қарастылығы қағидалары сақталып, тараптарға дәлелдемелерді тең негізде зерттеуге мүмкіндік беру қамтамасыз етіле отырып, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатының негізінде сот талқылауын жүргізу туралы қылмыстық-процестік заңның талаптарына сәйкес, құқық нормалары дұрыс қолданыла отырып соттың заңды құрамымен шығарылса, заңды болып табылатынын соттардың ескергені жөн.

      Заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей сот отырысында толық, объективті және жан-жақты зерттеліп, талданған әрі тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген, сот түйіндері уәжделген үкім негізді болып табылады.

  1. Сот қабылдаған шешімдердің мазмұнын толық ашуға ықпал ететін үкімнің процестік нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды регламенттейтін процестік нормаларды сақтау маңыздылығына соттардың назары аударылсын. Ол нысаны мен мазмұны бойынша ҚПК-нің 395, 396, 397, 398, 399, 400, 401-баптарының талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      Үкімді дайындаған кезде заң техникасын және сот актілерін жасау параметрлері мәселелерін регламенттейтін сот жүйесінің ішкі құжаттарын басшылыққа алу қажет.

  1. Үкім сот ісін жүргізу тілінде, мағынасы бірдей сөздерді қайталамай, шұбатылған сөйлемдерсіз, анық, түсінікті түрде жазылуға тиіс. Үкім дәйекті түрде жазылады, ондағы әрбір жаңа жағдай алдыңғы жағдайдан туындап, онымен логикалық жағынан үйлесімді болуға тиіс. Қаралып жатқан іске қатысы жоқ оқиғаларды сипаттауға, анық емес тұжырымдарды, ресми құжаттарда қолданылмайтын қысқартулар мен сөздерді қолдануға жол берілмейді. Процеске қатысушылардың айғақтары үшінші жақта келтіріледі және қаралып отырған іске қатысты нақты мәліметтерді ғана қамтуы тиіс. Сот отырысы дыбыс-, бейнежазба құралдарымен жазылып алынған жағдайда, аталған адамнан жауап алу файлының нөмірі мен уақытын көрсету қажет.

       ҚПК-нің 395-бабының бесінші бөлігіне сәйкес үкімге түзетулер кеңесу бөлмесінде ғана енгізіледі, олар үкімнің тиісті бетінде айтылып, судьяның қолымен куәландырылуы тиіс. Үкім жарияланғаннан кейін оған қандай да болмасын түзетулер енгізуге жол берілмейді. Үкімдегі барлық мәселелер оны орындаған кезде қиындық тудырмайтындай болып шешілуге және жазылуға тиіс. Үкімнің толық мәтіні кеңесу бөлмесінде дайындалып, оған судья қол қояды, одан кейін ол істі талқылау аяқталған сол сот отырысында жарияланады. Үкімнің көшірмесі сотталғанға немесе ақталғанға, қорғаушы мен айыптаушыға ол жария етілгеннен кейін бес тәулік ішінде, ал көлемі ауқымды болған кезде – он бес тәуліктен кешіктірілмей табыс етілуге тиіс. Процестің басқа қатысушыларына үкімнің көшірмесі өтінішхат түскен сәттен бастап сол мерзімде табыс етіледі.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақтың үшінші абзацы 01.09.2018 бастап қолданысқа енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 нормативтік қаулысымен.

      Үкім жарияланғаннан кейін төрағалық етуші қабылданған шешімнің мәнін түсіндіреді, ол туралы сот отырсының хаттамасында белгі жасалады.

       Осы сот отырысында төрағалық етуші үкімге шағым беру мерзімі мен тәртібін, оны орындау тәртібін, үкімді орындамау салдарларын және КПК-нің 402-бабында көзделген өзге де мәселелерді түсіндіруге тиіс.

      Заңда белгіленген жазбаша нысанда жасалмаған және судья қол қоймаған ауызша түйіндерді жариялау сот үкімі болып табылмайды.

  1. Бір сот талқылауында әрбір іс бойынша сотталушылардың санына қарамастан тек бір ғана үкім шығарылатыны соттарға түсіндірілсін. Егер сотталушыға бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айып тағылса, сот негіздер болған жағдайда айыптаудың кейбір эпизодтары бойынша ақтау, басқа эпизодтары бойынша соттау жөнінде үкім шығарады.

      Сот бірнеше адамға қатысты істі қарау барысында анықталған мән-жайларға сәйкес бір үкімде біреулерін ақтау жөнінде, енді біреулерін айыпты деп тану туралы шешім шығара алады.

  1. Егер сот қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанын, осы қылмыстық құқық бұзушылықты сотталушы жасағанын, оны жасағаны үшін кінәлі екенін, кінәсі заң талаптары сақтала отырып жиналған дәлелдемелермен расталғанын даусыз анықтаса, айыптау үкімі шығарылады. Бұл ретте іс бойынша іс жүргізуді тоқтату үшін негіздер және істі прокурорға жіберуге ҚПК-нің 323-бабында көзделген негіздер болмауға тиіс. Егер сот кінәсіздік презумпциясын басшылыққа ала отырып, барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеп, барлық сейілмеген күдіктерді тиісті құқықтық рәсімнің шеңберінде сотталушының пайдасына шеше отырып, ҚПК-нің 390-бабында көзделген барлық сұрақтарға жауап берген жағдайда ғана адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі дәлелденген деп танылады.
  2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кінәлі адамға қатысты сотталушы өтеуге тиіс қылмыстық жазаны тағайындау жөніндегі айыптау үкімі, егер ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазалануға жатса және жазаны тағайындау мен өтеуге кедергі болмаған жағдайда шығарылады.
  3. Егер сот отырысында заңда көзделген мән-жайлар, атап айтқанда:

       егер үкімді шығарған кезде жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшін сотталушыға тағайындалған жазаны қолданудан немесе жазаны өтеуден босататын рақымшылық жасау актісі шығарылса;

       ҚК-нің 62-бабында белгіленген есепке алу қағидаларын ескере отырып, осы іс бойынша сотталушының қамауда болған уақыты сот тағайындаған жазаны сіңірсе, онда ҚПК-нің 393-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес айыптау үкімімен қылмыстық жаза тағайындалып және оны өтеуден босатылады.

       Қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамға қатысты айыптау үкімі төтенше мән-жайлардың салдарынан оның отбасы мүшелері үшiн аса ауыр зардапқа әкеп соққан жағдайда да қылмыстық жаза тағайындалып және оны өтеуден босатылып шығарылуы мүмкін (ҚК-нің 76-бабының бірінші бөлігі).

       Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін, бірақ сотқа айыптау актісімен келіп түскен іс бойынша үкім шығарылғанға дейін өзінің іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипатын және қоғамдық қауіптілігін ұғыну мүмкіндігінен айырылған адамның психикасының бұзылуы ҚК-нің 75-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кінәлі адамның жазасын өтей алмайтын мән-жайлар болып табылады. Мұндай жағдайларда сот жаза тағайындап, оны өтеуден босату түрінде айыптау үкімін шығарады. Сонымен бірге сот ҚК-нің 93-бабында көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қажеттілігі туралы мәселені шешеді.

       Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті есі дұрыс емес адам жасаған болса немесе адам үкім шығарылғаннан кейін жазаның орындалуына мүмкіндік бермейтіндей психикалық ауруға шалдықса, онда сот ҚПК-нің 521-бабы бірінші бөлігінің негізінде қаулы шығарады.

  1. Соттың қылмыстық істі рақымшылық актісінің негізінде қысқартуы туралы мәселе ҚПК-нің 321-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сотталушының қатысуымен алдын ала тыңдау өткізіліп қаралуға жатады. Осы ретте рақымшылық актісін қолдануға кедергі келтіретін мән-жайлар болмаған жағдайда, сот істі тоқтату туралы қаулы шығарады, онда істі тоқтатудың негіздері мен сотталушының рақымшылық актісін қолдануға келісімі көрсетіледі. Сотталушының келісімі деп сотталушының тағылған айыпты және мәлімделген азаматтық талапты толық мойындауы түсініледі. Істі тоқтату туралы қаулы ҚПК-нің 327-бабының талаптарына сәйкес келуі және азаматтық талапты өндіріп алу мәселелерін шешуі тиіс. Бұл ретте ҚПК-нің 170-бабы бірінші бөлігінің талаптары бойынша сот азаматтық талапты толық қанағаттандыруға тиіс. Сонымен қатар осы қаулыда сот заттай дәлелдемелер туралы мәселені ҚПК-нің 118-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен шешеді.

      Сотталушы өзін кінәлі емеспін деп есептеген немесе азаматтық талаппен келіспеген жағдайда, сот басты сот талқылауын тағайындайды және өткізеді, ал оған негіздер болған жағдайда кінәліге жаза тағайындалып және одан босату туралы айыптау үкімін шығарумен аяқталады.

       Егер сот тергеуі барысында рақымшылық актісін қолдану үшін кедергі келтіретін мән-жайлар анықталмаса, онда сот ҚПК-нің 343-бабына сәйкес істі рақымшылық актісіне байланысты тоқтатады.

       Қылмыстық жолмен жиналған ақшалар мен өзге де құндылықтар, заңсыз кәсіпкерліктің және контрабанданың нәрселері – заттай дәлелдемелер ретінде танылған қылмыстық істер бойынша рақымшылық актісін қолдану туралы мәселе басты сот талқылауында шешіледі, себебі бұл заттар ҚПК-нің 118-бабы үшінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес соттың үкімі бойынша мемлекеттің кірісіне алынуға жатады.

  1. Сотталушының қайтыс болуы ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 11) тармағының және 327, 343-баптарының негізінде қаулы шығару жолымен сот ісін жүргізудің кез келген сатысында тоқтатылатыны соттарға түсіндірілсін. Қайтыс болған адамды ақтау немесе онымен бірге қылмыстық құқық бұзушылық жасаған басқа адамдарға қатысты істі қарау үшін тараптардың өтінішхаты болған кезде, сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлікті, тәркілеуге жататын немесе келтірілген зиянның өтелуін қамтамасыз ететін ақшалай қаражаттар мен өзге де құндылықтарды анықтау үшін іс жүргізу жалғасады және осыларға негіз болған жағдайда қайтыс болған адамға қатысты айыптау үкімі шығарылып аяқталады. Бұл ретте оны қылмыстық заңның тиісті бабы бойынша айыпты деп тану жөніндегі түйін жаза тағайындаусыз үкімнің қарар бөлігінде көрсетіледі.

       ҚК-нің 83-бабында көзделген негіздер болған кезде кәмелетке толмағанға қатысты айыптау үкімі қылмыстық жаза тағайындаусыз не қылмыстық жауаптылықтан босату арқылы шығарылады. Бұл ретте кәмелетке толмағанға қатысты тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.

  1. ҚК-нің 71-бабында белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтіп кеткен жағдайда, іс жүргізу ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігі 4) тармағының, 327 және 343-баптарының негізінде қаулы шығару жолымен алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы кезінде тоқтатылатынын соттардың ескергендері жөн.

       Егер сотталушы істі аталған негіз бойынша тоқтатуға қарсы болса, онда іс жүргізу жалғасады және оған негіздер болған жағдайда айыптау үкімін шығарып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауаптылықтан босатады.

      Басты сот талқылауында, мысалы, қылмыстық құқық бұзушылық қайта сараланған жағдайда, ескіру мерзімінің өтіп кеткені анықталған кезде сот айыптау үкімін шығарып, кінәлі адамды қылмыстық жауаптылықтан босатады.

       Өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот басты сот талқылауында ғана үкім шығару жолымен шешеді. Бұл ретте сот ескіру мерзімін қолдануға, айыптау үкімін шығаруға және адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға құқылы. Егер сот ескіру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға мүмкіндік жоқ деп тапса, онда ол ҚК-нің 71-бабының бесінші бөлігіне сәйкес айыптау үкімін жаза тағайындай отырып шығарады.

  1. Сот ҚПК-нің 36-бабының бірінші бөлігіне сәйкес іс бойынша іс жүргізуді қаулымен тоқтатуға не кінәлі адамның шын өкінуіне, жәбірленушімен татуласуына, оның ішінде медиация тәртібімен татуласуына және қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан туындаған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғаныс шегiнен шыққан кезде, кәмелетке толмағанның психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалған кезде келтірілген зиянды қалпына келтірумен байланысты ақталмайтын негіздер бойынша, яғни ҚК-нің 65-бабының бірінші бөлігінде, 66, 67-баптарында, 68-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 83-бабының бірінші бөлігінде, 15-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда және Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлігінде тікелей көзделген қылмыстық жауаптылықтан босатудың басқа да ақталмайтын негіздері бойынша кінәлі адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып айыптау үкімін шығаруға құқылы.

       ҚК-нің 125, 175, 253 (1-тармағы), 255, 261, 267, 287, 288, 296 (2-тармағы), 347, 367 (2-тармағы), 426, 442, 444, 445, 446, 447, 453-баптарының ескертпелерінде көрсетілген мән-жайлар да айыптау үкімін қылмыстық жауаптылықтан босата отырып шығаруға әкеп соқтыратын, ақталмайтын негіздерге жатады.

       Осы барлық жағдайларда, егер тараптардың арасында қылмыстық жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлардың болуы туралы дау орын алмаса, іс бойынша іс жүргізу алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы сатысында ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 12) тармағы, 36-бабы бірінші бөлігі, 327 және 343-баптарының негізінде қаулымен тоқтатылады.

       Аталған негіздер бойынша айыптау үкімі ҚПК-нің 393-бабының бесінші бөлігіне сәйкес басты сот талқылауы аяқталғаннан кейін ғана қылмыстық жауаптылықтан босата отырып шығарылады.

  1. ҚПК-нің 393-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес жаза тағайындау және жазаны өтеуді кейінге қалдыру жөніндегі айыптау үкімі ҚК-нің 74-бабы бірінші бөлігінің негізінде, осы нормада белгіленген шектеулер ескеріле отырып, жүкті әйелдерге және жас балалары бар әйелдерге, жас балаларды бір өзі тәрбиелеп отырған еркектерге қатысты шығарылады.

       ҚК-нің 76-бабының екінші бөлігінің негізінде, осы нормада белгіленген шектеулер ескеріле отырып, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты жаза тағайындау және жазаны өтеуді кейінге қалдыру жөніндегі айыптау үкімі төтенше жағдайлар салдарынан оның отбасы мүшелеріне аса ауыр зардаптар төнген жағдайда шығарылады.

       Бұл ретте ҚК-нің 74-бабының бірінші бөлігінде немесе 76-бабының екінші бөлігінде көрсетілген негіздердің ең болмағанда біреуі орын алса, бұл жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы мәселені талқылауға және уәждерді келтіре отырып шешуге соттарды міндеттейтінін олардың ескергені жөн.

  1. Үкімнің кіріспе бөлігі ҚПК-нің 396-бабының талаптарына сәйкес келуі және ол Қазақстан Республикасының атынан шығарылатыны туралы көрсетіліп басталуы тиіс. Үкімнің шығарылған күні оның жарияланған күні, айы, жылы болып табылады. Шығарылған жері үкім қаралған және оған істі алқалы құрамда қараған кезде төрағалық етуші мен соттың құрамы қол қойған қала немесе өзге де елді мекен болып табылады.

       Сонымен бірге үкімнің осы бөлігінде үкім шығарған соттың толық және нақты атауы, лауазымдары көрсетілген сот құрамы, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, сот отырысының хатшысы, аудармашы, процеске қатысушы өзге де адамдар, егер қатысқан болса, олардың өкілдері көрсетілуі тиіс. Үкімнің кіріспе бөлігінде аталған әр адамның тегі ғана емес, сонымен бірге аты-жөні көрсетілуі тиіс. ҚПК-нің 396-бабының 4) тармағында көрсетілген сотталушы жөніндегі барлық мәліметтер көрсетіледі. Бұл ретте сотталғанның аты, әкесінің аты, тегі туған жері, жылы, айы, күні оның жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкес келуі тиіс. 

      Істің ашық немесе жабық отырыста қаралғаны, сот дыбыс-бейне жазбасын қолданғаны, жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу тәртібімен аяқталған істің қаралғаны, оның қысқартылған тәртіппен, келісімдік тәртіппен, бұйрық арқылы іс жүргізу немесе жеке айыптау тәртібімен қаралғаны да осында көрсетіледі.

  1. Соттарға қылмыстық іс үшін маңызы бар сотталушының жеке басы туралы өзге де мәліметтерге жаза тағайындағанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін белгілеген кезде, қылмыстың қайталану түрін анықтағанда, әрекетін саралағанда ескерілетін деректер жататыны түсіндірілсін. Оларға жойылмаған және алынып тасталмаған соттылықтары, рақымшылық жасау актісін қолдану, сотталушының мүгедектігі туралы және басқа да мәліметтер жатады. 

      Жойылмаған соттылығы туралы мәліметтер келтірілген кезде сотталған күні, қылмыстық заң, негізгі жазаның, сондай-ақ қосымша жазаның түрі мен мөлшері, жазаны бас бостандығынан айыру мекемелерінде өтеуі, жазадан босатудың негізі мен күні көрсетіледі. Сотталушыны бұрын соттаған соттың атауы, егер тағайындалған жаза өтелмесе және жаңа жаза қылмыстардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкін болған жағдайда ғана көрсетіледі.

      Жойылған және алынып тасталған соттылықтар үкімнің кіріспе бөлігінде көрсетілмейді. Сотталушыға бұрын рақымшылық актісі қолданылған жағдайда және бұл мән-жай жаңадан қабылданған рақымшылық актісін қолдану туралы мәселені шешу үшін маңызды болған жағдайда осы мәліметтер көрсетіледі.  Үкімнің кіріспе бөлігінде сотталушы айыпталып отырған және ол бойынша сотқа берілген қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтін қылмыстық заң (бабы, бөлігі, тармағы) көрсетілуге тиіс. Алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы барысында айыптау өзгертілген жағдайда, сотталушыға қай қылмыстар жасағаны үшін түпкілікті айыптың тағылғаны көрсетіледі.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

  1. Үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінің сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келуі заңды үкім шығару шарттарының бірі болып табылады. Осы бөлікті әзірлеген кезде сот ҚПК-нің 397-бабының талаптарын орындауға міндетті.

       Үкімнің сипаттау бөлігінде сот дәлелденді деп тапқан қылмыстық әрекеттің сипаттамасын, ол жасалған жерді, уақытты, оны жасау тәсілін, айып нысанын, қылмыстық құқық бұзушылықтың уәждері мен салдарларын қамтуы тиіс. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаса, онда әр сотталушының нақты қылмыстық әрекеттері сипатталуға тиіс.

       Көп эпизодты қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша үкімді дайындаған кезде оқиғалардың хронологиясын, дәйектілігін өзара байланыста сақтау қажет. Эпизодтардың сипатталуын 1, 2, 3 және т.б. цифрлармен нөмірлеуге болады.

       Үкімнің уәждеу бөлігінде сотталушының тағылған айыпқа көзқарасы көрсетіледі. Сотталушының тағылған айыпқа көзқарасы оның нақты тұжырымдалған ұстанымын, айыпты толық немесе ішінара мойындайтынын, айыптың қай бөлігі немесе қандай қылмыстық-құқықтық саралау бойынша өзін кінәлі деп мойындайтынын және айыптың қай бөлігімен келіспейтінін не кінәні толық мойындамайтынын қамтуы тиіс.

      Сонымен қатар үкімнің уәждеу бөлігінде жәбірленушінің, куәлардың айғақтары, сот отырысында зерттелген сақтауға қойылған айғақтардың, процестік әрекеттер хаттамаларының, іс материалдарының мазмұны көрсетіледі. Процестік әрекеттердің хаттамаларына және өзге де материалдарға сілтемеде қылмыстық істің томдары мен беттері көрсетілуі тиіс.

      Нормативтік құқықтық актілердің, қажет болған жағдайда ережелері қаралып отырған қылмыстық іске қатысы бар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қолданылуы да осы бөлікте негізделеді.

       Осында дәлелдемелердің талдауы, соттың айыптың дәлелденгені және әрекеттің саралануы туралы түйіндері, соттың бір дәлелдемелерді қабылдау, екіншілерінен бас тарту уәждері, қорғау және айыптау тарабының әрбір дәлелін бағалау, қылмыстың қайталануының түрі және жаза туралы шешімдері азаматтық талап бойынша, заттай дәлелдемелер, процестік шығындарды бөлу туралы және ҚПК-нің 390-бабында көзделген өзге де мәселелер бойынша негіздеме сол бірізділікпен келтіріледі. Уәждеу бөлігі қарар бөлігінде жазылатын шешімдердің негіздемесі болып табылады, сондықтан ол оған қайшы келмеуге тиіс.

  1. Айыптау үкімінің уәждеу бөлігінде өзінің көзқарасын негіздеуге келтірген сотталушының дәлелдеріне берілген баға жазылады.

       Сотталушы сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде іс бойынша берген айғақтарын өзгерткен жағдайда, сот оның барлық айғақтарын жан-жақты тексеріп, оларды өзгерту себебін анықтауы, оларға басқа дәлелдермен бірге объективті баға беруі тиіс.

       Мұндайда сотталушының айғақ беруден бас тартуы оның кінәлілігінің дәлелдемесі болып табылмайтынын ескерген жөн. Сотталушының кінәні мойындамауын және айғақ беруден бас тартуын өзіне тағылған айыптан қорғану тәсілі деп бағалаған жөн және бұл оның жеке басын жағымсыз тұрғыда сипаттайтын мән-жай ретінде қарастырылмауға тиіс.

       Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 9) тармақшасына сәйкес ешкімді өз мойындауы негізінде ғана соттауға болмайды. Осыған байланысты сотталушының өз кінәсін мойындауы іс бойынша жиналған өзге дәлелдердің жиынтығымен кінәлілігі расталған жағдайда ғана айыптау үкімінің негізіне алынатынын соттардың ескергендері жөн.

  1. Кінәсіздік презумпциясына орай және ҚПК-нің 19-бабына сәйкес айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол анық дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс.

      Үкімнің мәтіні қосымша дәлелдемелерге қатысты тараптардың өтінішхаттары, олардың қатыстылығы, жарамдылығы мен анықтығы жөнінде, егер басты сот талқылауында осы өтінішхаттар бойынша жеке қаулы ретінде шешім қабылданбаса, уәжді шешімді қамтуы тиіс.

      Іс бойынша туындаған барлық болжамдар зерттелуге тиіс. Дәлелдемелердің арасындағы қайшылықтар анықталуға әрі бағалануға жатады. Сотталушының кінәлілігі жөнінде сейілмеген күдік, сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолданған кезде туындайтын күмәндер оның пайдасына шешілуге тиіс.

  1. Үкімнің уәждеу бөлігінде дәлелдемелерді келтіре отырып, сот оларды атаумен және мазмұнын келтірумен ғана шектелмей, сонымен бірге оларды жан-жақты талдауға, сотталушыны кінәлайтын және ақтайтын, соттың түйіндерін бекітетін және осы түйіндерге қайшы келетін барлық дәлелдемелерге баға беруге міндетті.

       Бірнеше сотталушыға қатысты істі қараған кезде не сотталушы бірнеше қылмысты жасаған деп айыпталса, онда сот әр сотталушыға және әрбір айыптауға қатысты дәлелдемелерді талдауы қажет. Дәлелдемелерді келтіре отырып, олардың қандай мән-жайларды бекітетінін, қайсысын жоққа шығаратынын, қандай себеппен бір дәлелдемелер дұрыс деп танылып, екіншілері қабылданбайтынын көрсету қажет.

       Дәлелдемелерді бағалаған кезде соттардың Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 9) тармақшасында, ҚПК-нің 112 және 125-баптарында бекітілген ережелерді басшылыққа алғаны және заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердің заңды күшінің болмайтынын, сол себептен оларды айыптау үкімінің негізіне алуға, сондай-ақ ҚПК-нің 113-бабында көрсетілген кез келген мән-жайларды дәлелдеу кезінде қолдануға болмайтынын ескергендері жөн. Дәлелдемелер заңды бұзушылықпен алынған деп танылған жағдайда сот қандай заң бұзушылығы орын алғанын көрсетіп, оны іс жөніндегі дәлелдемелер жиынтығынан алып тастау туралы өз шешімін үкімде уәждеуге тиіс.

  1. Қылмыстық істерді қараған кезде соттар тікелей сот ісін жүргізу қағидатын сақтаулары қажет. ҚПК-нің 331-бабына сәйкес үкім тікелей басты сот талқылауында зерттелген дәлелдемелерге негізделуге тиіс. Егер дәлелдемелер сот отырысында тараптардың қатысуымен зерттелмеген болса, сот өз түйіндерін растау үшін үкімде оларға сілтеме жасауға құқылы емес.

       Сотталушының, жәбірленушінің, куәлардың сотқа дейінгі іс жүргізу барысында іс бойынша алынған айғақтарын жария етуге, сондай-ақ жауап алу хаттамасына қоса тіркелген олардың айғақтарының дыбыстық жазбасын, бейне жазбасын немесе киноға түсірілімдерді тыңдатып-көрсетуге және үкімде оларға сілтеме жасауға ҚПК-нің 368 және 372-баптарында көрсетілген жағдайларда ғана жол беріледі. Бұл айғақтардағы нақты деректер басты сот талқылауында тексеріліп, жан-жақты зерттеліп және расталғаннан кейін ғана сот түйіндерінің негізіне алынуы мүмкін.

      Сот тергеуі қысқартылған тәртіппен жүргізілсе, үкім тергеу және анықтау жүргізу барысында алынған және тараптар сотта дау айтпаған дәлелдемелерге негізделуі мүмкін. Сотқа дейінгі тексеру кезінде алынған дәлелдемелер туралы дау туындаған жағдайда, олар тікелей сот отырысында тексерілгені және зерттелгені жөн. Сот бұл ретте сот тергеуін толық көлемде жүргізу туралы қаулы шығаруға тиіс.

  1. Сотталушының жұбайы немесе жақын туысқаны болып табылатын жәбірленуші, куә айғақ беруден бас тартса, сондай-ақ сотталушының өзі немесе діни қызметші айғақ беруден бас тартса, соттың, егер іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында, жауап алар алдында оларға Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 7) тармақшасындағы, ҚПК-нің 28 және 78-баптарындағы ешкімнің өзіне, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына, сондай-ақ діни қызметші өзіне сеніп сырын ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруге міндетті емес екені туралы ережелер түсіндірілген жағдайда ғана үкімде осы адамдардың бұрын берген айғақтарына сілтеме жасауына болады.
  2. Сотта істі талқылау сотталушыларға ғана қатысты жүргізілетінін ескере отырып, сот үкімде сотқа тартылмаған басқа адамдардың қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін дәлелдейтін түйіндердің келтірілуіне жол бермеуге тиіс.

       Егер қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың кейбіреулері заңда көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылса, сот сотталушының қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу дәрежесін, оның әрекеттерін саралау және істің өзге де маңызды мән-жайларын анықтау үшін үкімде іс бойынша іс жүргізуді тоқтату негіздерін міндетті түрде көрсете отырып, сол адамдардың қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы туралы мәліметтерді келтіре алады.

       Егер кейбір айыпталушыларға қатысты іс жеке жүргізілуге бөлініп шығарылса, үкімде сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты басқа адамдармен бірігіп жасағаны олардың тегі ескерілмей көрсетіледі.

  1. Егер сотталушы қылмыстық заңның әр түрлі баптарымен (баптардың бөліктерімен) сараланатын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасаған деп айыпталса және олардың кейбіреулерін жасағаны жөніндегі айып расталмаса, онда сот үкімнің уәждеу бөлігінде сотталушыны кейбір қылмыстарды жасағаны үшін айыпты деп танудың және басқалары бойынша айыптан ақтаудың уәждерін келтіруге, ал үкімнің қарар бөлігінде сотталушыны қылмыстық заңның кейбір баптары бойынша айыпты деп тану және кейбір баптары бойынша ақтау туралы тиісті шешімді тұжырымдауға міндетті.
  2. Сотталушы қылмыстық заңның бір бабымен сараланатын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық (мысалы, бірнеше ұрлық немесе жалғасқан қылмыстық әрекеттің бірнеше эпизодтары) жасаған деп айыпталған жағдайда және кейбіреулері бойынша оның кінәсі расталмаса, сот үкімнің уәждеу бөлігінде дәлелдемелерді келтіре отырып, осы бөліктегі айыпты негізсіз деп тану туралы тұжырым жасағаны жөн, ал қарар бөлігінде сотталушыны жеке эпизодтар бойынша ақталғанын көрсетуі тиіс.
  3. Тағылған айыптаудың бөлігі дәлелденбеген жағдайда (саралаушы мән-жайлар дәлелденбесе немесе болмаса), егер бұл жасалған әрекеттің саралануын өзгертуге әкеліп соқтырса, сот үкімнің уәждеу бөлігінде айыптаудың осы бөлігін негізсіз деп тану туралы түйін жасап, қарар бөлігінде сотталушыны дәлелденген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы түпкілікті шешім қабылдайды.

      Тағылған айып бөлігінің дәлелденбеуі жасалған әрекеттің саралануын өзгертпесе (бап және баптың бөлігі бұрынғыдай қалса), онда соттың үкімнің уәждеу бөлігінде дәлелдемелерді келтіре отырып, айыптаудың сол бөлігін негізсіз деп тану туралы тұжырым жасауына жеткілікті болады.

  1. Егер сотталушы бір қылмыстық құқық бұзушылықты жасаса, алайда ол қылмыстық заңның бірнеше баптарымен қате сараланса, соттың үкімнің уәждеу бөлігінде тиісті уәждерді келтіре отырып, қате тағайындалған бапты (немесе баптарды) алып тастау туралы көрсетуі жеткілікті болады.
  2. Қылмыстық құқық бұзушылықты сотталушыға айып тағылмаған заңның бабы бойынша саралау қажет болған жағдайда, заңның жаңа бабы бойынша сараланған әрекеттер сотталушыға бұрын тағылып, неғұрлым ауыр қылмыстың белгілерін қамтымаған және нақты мән-жайлар бойынша басты сот талқылауында мемлекеттік айыптаушы қолдаған түпкілікті айыптан елеулі айырмашылықтары болмаған, ал айыптың өзгертілуі сотталушының жағдайын нашарлатпаған және оның қорғану құқығын бұзбаған жағдайда ғана қылмыстың саралануын осылай өзгертуге болатынын соттың ескергені жөн.

       Сонымен қатар, сотталушыға неғұрлым ауыр немесе алғашқысынан ерекше айыпты басты сот талқылауы барысында прокурор ҚПК-нің 340-бабының бесінші бөлігіне сәйкес жаңа айыптау актісін жасап тағуы мүмкін екенін ескерген жөн.

      Жәбірленушінің сотталушыға неғұрлым ауыр немесе бастапқыдан ерекшеленетін айыпты тағу туралы өтінішхаты оны прокурор қолдаған жағдайда ғана қанағаттандырылуға жатады.

       Санкциясы неғұрлым қатаң жазаны көздейтін қылмыстық заңның басқа нормасы (бабы, баптың бөлігі) қолданылған; жасалған әрекеттің заңдық бағасын өзгертпесе де айыптауға неғұрлым ауыр жазаны немесе айып көлемін ұлғайтуды көздейтін заңға қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануын өзгертуге әкеп соқтыратын сотталушыға қосымша тағылмаған фактілер мен эпизодтар, саралау белгілері, жағдайын ауырлататын мән-жайлар енгізілген кезде айыптау неғұрлым ауыр деп есептеледі.

       Нақты мән-жайлар бойынша алғашқыдан ерекше айыптау деп сотталушының қорғану құқығын бұзуға алып келетін ҚПК-нің 299-бабы үшінші бөлігінің 1), 2), 3) 4) тармақтарында аталған мән-жайлар мен мәліметтердің кез келген өзгеруін есептеген жөн.

  1. Егер бұрын тағылған айып тек жәбірленушінің шағымымен ғана қозғалуға жататын істер бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заңның бабына қайта саралануға жататын болса, (ҚПК-нің 32-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген), сот істе сотталушыны қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы жәбірленушінің арызы немесе сот отырысында ауызша өтініші болған жағдайда, сотталушының әрекеттерін қылмыстық заңның аталған баптары бойынша саралап, айыптау үкімін шығара алады.

       Істе жәбірленушінің сотталушыны қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызы (шағымы) болмаған жағдайда немесе ол сот отырысында айыптаудан бас тартса, немесе өзінің сотталушымен татуласқаны туралы мәлімдесе, онда сот сотталушының әрекеттерін қылмыстық заңның жоғарыда аталған баптары бойынша саралау қажеттігі туралы тұжырымды негіздеп, қаулымен ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағының және 343-бабының негізінде іс жүргізуді тоқтатады.

       Істе жәбірленушінің шағымы болмаған жағдайда не ол сотталушыны қылмыстық қудалаудан бас тартса, онда прокурор жеке немесе жеке-жариялы тәртіппен қудаланатын қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыптауды ҚПК-нің 32-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда ғана сот отырысында қолдауы мүмкін. Осындай мән-жайларда істі қарау негіздері болған жағдайда іс айыптау үкімін шығарумен аяқталады.

  1. Сотталушының әрекетін бағалауға жататын белгілер бойынша (мысалы, аса қатыгездік, қоғамды көрінеу сыйламау, елеулі түрде құқықтарды бұзу, туындаған ауыр салдар және т.б.) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп тани отырып, сот үкімнің уәжді бөлігінде жасалған әрекетте сол немесе өзге саралау белгісінің болуы туралы қорытынды жасау үшін негіз болып табылатын мән-жайларды келтіруге міндетті.
  2. Басты сот талқылауында анықталған қылмыстардың қайталануын тану негіздері үкімнің уәждеу бөлігінде жазылады. Қайталану түрі үкімнің қарар бөлігінде көрсетілуге тиіс.
  3. Бірнеше эпизодтан тұратын іс бойынша үкім шығарған кезде соттың қылмыстық құқық бұзушылықтың белгіленген мән-жайларын әр эпизод немесе қылмыстық құқық бұзушылық бойынша кінәлілік және әрекеттің заңдық бағасы туралы соттың түйіндерін растайтын оқиғалар мен дәлелдердің ретін ескере отырып, жеке баяндауға мүмкіндігі бар. Бұл ретте соттың дәлелдемелерді талдағаннан кейін және эпизодтар бойынша айыптылардың әрекеттерін саралағаннан кейін үкімнің уәждеу бөлігінде әр сотталушыға қатысты дәлелденген айыптың көлемі туралы және оның әрекеттерін түпкілікті саралау туралы жинақталған түйінді жалпы негіздегені жөн.
  4. ҚПК-нің 340-бабында көрсетілген басты сот талқылауының шегі тек айыпкерге қатысты және егер ол алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы барысында өзгертілмесе, сотқа берілген айыптаудың көлемінде ғана жүргізіледі.

       Егер мемлекеттік айыптаушы айыптауды өзгертсе және жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етпесе, онда сот шешім шығарған кезде сот тергеуі немесе сот жарыссөздері барысында түпкілікті тұжырымдалған жаңа айыптауды басшылыққа алады.

       Мемлекеттік айыптаушы және жәбірленуші айыптаудан толық бас тартқан жағдайда уәжді қаулы шығарылып, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады.

      Егер мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартып, жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етсе, онда сот прокурорды бұдан әрі процеске қатысудан босатып, жеке айыптаушының немесе оның өкілінің қатысуымен істі қарауды жалғастырады және сотталушы сотқа берілген айыптауды негізге ала отырып, анықталған мән-жайларға орай айыптау немесе ақтау үкімін шығарады.

       Мемлекеттік айыптаушы және жәбірленуші айыптаудан ішінара бас тартқан жағдайда сот бөлек қаулы шығару арқылы істің сол бөлігінде сот ісін жүргізуді тоқтатады. Бұл қаулы айыптаудың қалған бөлігі бойынша шығарылатын үкіммен бірге шығарылады.

      Айыптау өзгертілген жағдайда, сотта мемлекеттік айыптаушының жазбаша түрде ұсынған айыптаудың жаңа уәжді тұжырымдамасы болуға тиіс. Мемлекеттік айыптаушының айыптаудан толық не бір бөлігінен бас тартуы да сотқа уәждер келтіріліп, жазбаша түрде ұсынылуы қажет.

  1. Егер сотталушыға қылмыстық заңның бірнеше баптары бойынша айып тағылса және сот басты сот талқылауы кезінде олардың кейбіреулері бойынша істі тоқтату қажеттігі туралы түйін жасаса, онда бұл туралы шешім бөлек қаулыда баяндалады, ал үкімде сотталушыны басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша айыптаудың тоқтатылғаны көрсетіледі.
  2. Сотталушының әрекеттерін саралау мәселесін шешкеннен кейін сот үкімнің уәждеу бөлігінде ҚК-нің 52-ден бастап 64-ті қоса алғандағы баптарында, 81, 82, 83-баптарында көрсетілген қағидаларды сақтай отырып, кінәліні жазалау жөнінде түйін жасайды. Бірнеше адам айыпталған жағдайда жаза тағайындау туралы түйін әрқайсысына қатысты жеке жасалады.
  3. Айыптау үкімін шығарған кезде сот қылмыстық істе мәлімделген азаматтық талапты қарауға, ол бойынша тараптарға сөз беруге, үкімде олардың пікірін келтіруге және материалдық заңға сілтеме жасай отырып, ҚПК-нің 170-бабында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдауға міндетті. Қойылған талап толық не ішінара қанағаттандырылған жағдайда үкімде оны өз еркімен орындау үшін мерзім белгіленеді.

       Егер сот өз әрекеттерімен мүліктік зиян келтірген бірнеше сотталушыға қатысты істі қараса, онда үкімде дәлелдерін келтіре отырып, өндіріп алу азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің ортақ немесе үлестік нысанында жүзеге асырылатынын көрсетеді.

       Азаматтық талап арыз бойынша жан-жақты есеп-қисап жүргізу мүмкін болмаған жағдайда және бұл мән-жай қылмыстық құқық бұзушылықты саралауға әсер етпесе, сот уәждерін көрсете отырып, азаматтық талапкердің талап арызды қанағаттандыруға құқығын танып, оның мөлшері жөніндегі мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға тапсырады.

       Талап арыздан бас тартуды қабылдау туралы мәселені шешкен кезде сот бұл әрекеттердің заңға қайшы келмейтінін, басқа адамдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтынын тексереді. Бұл ретте ҚПК-нің 169-бабының үшінші бөлігіне сәйкес соттың талап арыздан бас тарту бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны сот талқылауының кез келген уақытында, бірақ үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін қабылдайтынын ескерген жөн.

  1. Қылмыстық іс бойынша азаматтық талап арыз берілген кезде мемлекеттік салықтан тек талапкер босатылатынын ескере отырып, сот талап арыз толық не ішінара қанағаттандырылған жағдайда, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 117-бабының бірінші бөлігінің негізінде жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекет кірісіне толық не талап арыздың қанағаттандырылған бөлігіне қарай мемлекеттік бажды өндіру туралы мәселені шешеді.

       Осыдан кейін заттай дәлелдемелердің мәселесі және процестік шығындар туралы шешімдердің уәждері келтіріледі, бұл ретте сот ҚПК-нің 118-бабы үшінші бөлігінің, 177, 178-баптарының талаптарын басшылыққа алады.

      ҚПК-нің 173-бабында көзделген жәбірленушілердің кейбір санаттарына өтемақыны "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңының (бұдан әрі – Қор туралы заң) ережелеріне сәйкес қылмыстық қудалау органының шешімі негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді. Сотталушыға регрестік талаптар бойынша Жәбірленушілерге өтемақы қорынан (бұдан әрі - Қор) өтемақы ретінде төленген ақшаны қайтару туралы, Қорға мәжбүрлі төлемдерді өндіріп алу туралы шешім және олардың мөлшері де айыптау үкімінің қарар бөлігінде көрсетілуі тиіс. Мәжбүрлі төлем мөлшері нормалары 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін ҚК-нің 98-1, 98-2-баптарында көзделген тәртіппен айқындалады.

      Ескерту. 36-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      36-1. Сотталған адамдардан Қорға мәжбүрлі төлемді өндіріп алуды сот ҚК-нің 98-1 және 98-2-баптарының және Қор туралы заңның нормаларына сәйкес жүзеге асыруы тиіс.

      Мәжбүрлі төлемді өндіріп алу сот әрбір айыптау үкімін шығарған кезде және әрбір сотталған адамнан, оның ішінде адамдар тобы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде де міндетті болып табылады.

      Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы кезінде сотталған адамнан неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтың тиісті санатына сәйкес келетін мәжбүрлі төлем өндіріп алынады.

      ҚК-нің 58-бабының алтыншы бөлігінің қағидаларына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындаған кезде сот екі үкім бойынша бір мәжбүрлі төлем өндіру туралы шешім қабылдауы тиіс. Егер бірінші үкім бойынша адам неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық бойынша сотталып, одан тиісті мәжбүрлі төлем өндірілген болса, онда соңғы үкіммен мәжбүрлі төлем қайтадан өндірілмейді. Егер соңғы үкім бойынша адам неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық бойынша сотталатын болса, онда мәжбүрлі төлем сомасы сол қылмыстық құқық бұзушылық санатына сәйкес бірінші үкім бойынша өндірілген төлем есепке алына отырып өндіріледі.

      Мәжбүрлі төлем сот арқылы қандай да бір ерекшеліктерсіз өндіріп алынады. Қылмыстық заң мәжбүрлі төлемнен босату үшін негіздерді қамтымайды. Мәжбүрлі төлемді өндіріп алу үшін іс бойынша жәбірленушінің бар-жоғы, азаматтық талап қою, не оның жоқтығы, залалды өтеу және өзге де мән-жайлар құқықтық маңызға ие емес.

      Мәжбүрлі төлем 2018 жылғы 30 маусымнан кейін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша жүргізіледі.

      Мәжбүрлі төлемнің мөлшерін анықтау кезінде қылмыстық әрекет жасалған кезде қолданылған айлық есептік көрсеткішті негізге алу керек.

      Егер бірінші сатыдағы сот айыптау үкімін шығару кезінде сотталған адамнан мәжбүрлі төлемді өндіріп алмаған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот оны прокурордың өтінішхаты (наразылығы) немесе жәбірленушінің шағымы бойынша өндіруге құқылы.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 36-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

  1. Үкімнің барлық бөліктері логикалық байланысты құжатты құрайтын болғандықтан, айыптау үкімінің қарар бөлігі ҚПК-нің 398-бабының талаптарына сәйкес келіп, кіріспе және сипаттау-уәждеу бөліктерінен туындауы тиіс. Үкімнің қарар бөлігінде шешілуге тиіс мәселелер заңда аталған тәртіппен баяндалады. Үкімнің қарар бөлігіндегі сотталушыны кінәлі деп тану туралы шешім қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ) көрсетіліп, сипаттау-уәждеу бөлігінде көрсетілген айыптау тұжырымдамасынан туындайды.

       Сонымен бірге, айыптау үкімінің қарар бөлігінде: сотталушы кінәлі деп танылған әр қылмыстық құқық бұзушылық үшін, ал тиісті жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықтың жиынтығы және үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалған негізгі және қосымша жазаның түрі мен мөлшері; шартты түрде сотталудың, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою немесе күшінде қалдыру туралы шешім; сотталушыны мемлекеттік наградаларынан, атақтарынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан айыру туралы; бұлтартпау шарасы туралы; жазаны есептеудің басталуы туралы; алдын ала қамауда болуын есепке алу туралы; мәжбүрлеп емдеуді тағайындау және сотталушыға қамқоршылық белгілеу туралы; қылмыстың қайталану түрі туралы көрсетілуі тиіс.

       Қылмыстық заңның бірнеше баптары бойынша бірнеше адам сотталған жағдайда олардың әрқайсысына алдымен кінәлі болып танылған әр қылмыстық құқық бұзушылық үшін, содан кейін әрқайсысына қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, негіздер болған жағдайда үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалады.

      Жаза ретінде бас бостандығынан айыру тағайындалған кезде сот үкімнің қарар бөлігінде оның мерзімі (жылдар санын жазбаша жазып), сотталушы жазасын өтеуге тиіс мекеме режимінің түрі, оны есептеудің басталуы, қамауда болған уақытын есепке алу туралы көрсетуі тиіс. Бас бостандығынан айыруды өтеудің тәртібі (белгілі бір режимдегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде) түпкілікті жаза тағайындалғаннан кейін ғана көрсетіледі.

  1. Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін заңда көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындалған жағдайда немесе баптың санкциясында міндетті ретінде көзделген қосымша жазаны қолданбаған жағдайда үкімнің қарар бөлігінде ҚК-нің 55-бабының негізінде жаза тағайындалғаны көрсетіледі. Бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі адамға жаза: бір немесе жасаған әрбір қылмыстық құқық бұзушылығы үшін алдымен ҚК-нің 55-бабы қолданылып, ал одан кейін ҚК-нің 58-бабының ережелері бойынша тағайындалады.
  2. Шартты соттау қолданғанда сот пробациялық бақылауды бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған кезеңіне, ал кәмелетке толмағандарға алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге белгілейді. Пробациялық бақылау ҚК-нің 44-бабының екінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді сотталушының орындауын қамтиды. Бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға ҚК-нің 63-бабы негізінде, шартты жаза тағайындау туралы шешім тек оған түпкілікті жаза тағайындалғаннан кейін ғана көрсетіледі.
  3. Сотталушыны заңда көрсетілген жағдайларда жазадан босату қажеттілігі туралы түйін жасай отырып, сот айыптау үкімінің қарар бөлігінде оны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жаза тағайындап, содан кейін заңға сілтеме жасай отырып, жазаны өтеуден босату туралы көрсетеді.

       Айыптау үкімін жаза тағайындаусыз шығарған кезде сот үкімнің қарар бөлігінде кінәлі деп тану туралы, заңға сілтеме жасап, жазаның тағайындалмайтыны туралы, ал кәмелетке толмағанға қатысты тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шараларын тағайындау туралы шешімді көрсетеді.

       Адамды қылмыстық жауаптылықтан босату жөніндегі айыптау үкімінің қарар бөлігінде сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тану туралы және заңға сілтеме жасап, оны қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешім қамтылады.

       Айыптау үкімін жазаны тағайындап және оның орындалуын кейінге қалдыра отырып шығарған кезде сот сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таниды, жаза тағайындайды және заңға сілтеме жасап, жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешімді тұжырымдайды және кейінге қалдырудың уақытын көрсетеді.

      Айыптаудың толық дәлелденбегенін тани отырып, сот айыптау үкімінің қарар бөлігінде дәлелденген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін соттау туралы шешімнен басқа, қылмыстық құқық бұзушылықтың жекелеген эпизодтары және қылмыстық заңның баптары бойынша ақтау туралы шешімді негіздерін көрсете отырып тұжырымдайды.

  1. Айыптау үкімінің қарар бөлігінде үкім заңды күшіне енгенге дейін сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы соттың шешімі әрқашанда қамтылуы тиіс. Бұл ретте қылмыстық жауаптылықтан босатып, жаза тағайындаусыз, жазадан босатып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындау немесе бас бостандығынан айыру және басқа да шартты жазалар тағайындау жөнінде айыптау үкімін шығарған кезде үкімнің қарар бөлігінде сотталушыны қамаудан дереу босату туралы шешім көрсетілуі тиіс екенін ескерген жөн.
  2. Мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жазаны тағайындау кезінде сот үкімнің қарар бөлігінде тәркіленуге жататын мүліктің көлемін көрсетеді. Тәркілеу тәртібі "Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысында айқындалған.
  3. Азаматтық талап бойынша шешім қабылдай отырып, сот үкімнің қарар бөлігінде өндірілуге жататын соманы көрсетіп, азаматтық талапты толық не ішінара қанағаттандыру не азаматтық талапкердің талапты қанағаттандыруға құқығын тану және оның мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беру туралы не азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тарту не азаматтық талапты қарамай қалдыру туралы, жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекет кірісіне өндірілуге жататын мемлекеттік баждың мөлшері туралы, үкімді азаматтық талап бөлігінде өз еркімен орындау үшін мерзім белгілеу туралы шешімді көрсетеді.

      Бірнеше сотталушыларға қойылған азаматтық талапты қанағаттандырған кезде, сот үкімнің қарар бөлігінде қандай нақты сомалар және кімнен, ортақ немесе үлестік тәртіппен өндірілуге жататынын көрсетеді.

  1. Айыптау үкімінің қарар бөлігінде соттың заттай дәлелдемелердің тағдыры және процестік шығындарды бөлу туралы қабылдаған шешімдері көрсетіледі. Заттай дәлелдемелер туралы шешімді тұжырымдай отырып, сот заттардың қайсысы жойылуға, қайсысы заңды иелеріне немесе өтінішхаттары бойынша мүдделі адамдар мен мекемелерге тапсырылуға, қайсысы мемлекет кірісіне алынуға, қайсысы істе қалуға жататынын нақты көрсетеді. Процестік шығындар туралы мәселе бойынша үкімнің қарар бөлігінде олардың қандай мөлшерде және кімге жүктелетіні немесе мемлекет есебіне қабылданатыны көрсетіледі.

      Үкімнің осы бөлігінде қорғалатын адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігінің бар-жоғы, азаматтық талап қоюды немесе мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданған болса, оларды сақтау туралы шешімді көрсетуі қажет.

       Апелляциялық шағымданудың немесе прокурордың үкімге өтінішхат келтіруінің тәртібі мен мерзімдері де осында түсіндіріледі.

  1. Бас бостандығынан айыруға сотталғанның, сондай-ақ жәбірленушінің қараусыз қалған кәмелетке толмаған балаларына, қарт ата-аналарына, асырауындағы өзге адамдарға жағдай жасау мәселелері, сондай-ақ олардың мүлкі мен үйлерін қорғау мәселелері үкімде емес, үкіммен бірге шығарылатын жеке қаулыда шешіледі.

      Заңдық көмек көрсету үшін бөлінген қорғаушыларға төленетін ақының мөлшері туралы мәселелерді сот мүдделі адамдардың арыздары бойынша бөлек қаулымен шешіп, оны үкіммен бірге немесе үкімді жариялағаннан кейін шығарады.

  1. Бұйрық арқылы іс жүргізу тәртібімен шығарылған айыптау үкімінің құрылымы мен мазмұны ҚПК-нің 629-5-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
  2. ҚПК-нің 394-бабының екінші бөлігінде ақтау үкімін шығару негіздерінің түпкілікті тізбесі белгіленгенін соттардың ескергені жөн. Ол бойынша сотқа тапсырылған айыптау немесе айыптау тарапы алдын ала тыңдау немесе басты сот отырысы талқылауында өзгерткен айыптау бойынша сот сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасамағанын мойындай отырып кінәсіз деп таниды.

       Егер сотталушы өзіне тағылған әрекетті жасамаса не егер аталған зардаптар зиян келтірілген адамның әрекеттерінен туындаса, не ешкімнің еркіне байланысты емес, мысалы, табиғат күштерінің әрекеті салдарынан туындаған жағдайда, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты ақтау үкімі шығарылады.

       Егер әрекетті сотталушы жасаса, бірақ ол қылмыстық заңмен қылмыстық әрекет болып танылмаса; ол жасаған әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық белгілері тек формальды түрде орын алып, өзінің маңызы шамалы болуына байланысты қоғамға қауіп төндірмейтін болса; қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болуын тану үшін заңда көзделген шарттар болмаса (әрекет бірнеше рет қайталанса, заңда көрсетілген салдарлардың белгілері орын алмаса және т.б.); әрекет қажетті қорғану немесе аса қажеттілік күйінде жасалса; адам қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудан өз еркімен бас тартса және т.б. жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтау үкімі шығарылады.

      Егер қоғамдық қауіпті әрекет және оның салдарларының фактісі анықталса, бірақ сот отырысында ұсынылған және зерделенген дәлелдемелер оларды сотталушының жасағанын жоққа шығарса немесе растамаса, сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың дәлелденбеуіне байланысты ақтау үкімін шығарады.

  1. Алдын ала тыңдау кезінде ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көрсетілген мән-жайлар анықталған жағдайда (қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауы; іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы) сот дау болмаған кезде ҚПК-нің 327-бабының негізінде іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады. Басты сот талқылауында нақ сол мән-жайлар анықталған жағдайда сот талқылауын соңына дейін жеткізіп, ақтау үкімін шығарады.
  2. Ақтау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігі ҚПК-нің 399-бабының талаптарына сәйкес келуі тиіс және сот жарыссөздері кезінде айыптау тарапынан қолдау тапқан айыптаудың тұжырымдамасын, істің мән-жайларының сипаттамасын, оларды сот қалай анықтағанын, дәлелдемелер мен олардың талдауын, айыптау негізіне алынған дәлелдемелерді соттың қабылдамау уәждерін және айыптаудың расталмағыны туралы соттың қорытынды түйінін қамтуы тиіс.

       Ақтау үкімінде ақталған адамның кінәсіздігіне күмән тудыратын тұжырымдамаларды қолдануға жол берілмейді.

       Қылмыстық заңның бір немесе бірнеше баптарымен сараланатын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін айыпталған адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған жағдайда сот үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінде уәждерді келтіре отырып, айыптаудың әр бабы немесе эпизоды бойынша тиісті ақтау негізін келтіре отырып, айыптауды негізсіз деп тану туралы түйін жасауы тиіс.

      Бірнеше адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған жағдайда сот үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінде дәлелдемелердің талдауын келтіре отырып, әрқайсысына қатысты негіздерді көрсетіп, ақтау туралы түйінін негіздеуі тиіс.

  1. Сот ақтау үкімін шығара отырып, ақтаудың негіздеріне қарай азаматтық талап қою бойынша уәждерін келтіріп:

       қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы болмаса немесе оны сотталушының жасағаны дәлелденбесе, азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы;

       сотталушының әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса, азаматтық талап арызды қарамай қалдыру туралы шешім қабылдайды.

  1. ҚК-нің 10-бабының төртінші бөлігінде, 19-бабының төртінші бөлігінде, 23-бабында, 26, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38-баптарының бірінші бөліктерінде, 253 (2-тармағы), 366, 367 (1-тармағы), 375, 376, 378, 421, 432, 434-баптарына ескертпелерде көрсетілген әрекеттер, сондай-ақ ҚК-нің 16-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар немесе ҚК-нің 15-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адамдар жасаған әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайтыны және қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соқтырмайтыны туралы соттарға түсіндірілсін.

       Қылмыстық жауаптылықты жоятын аталған мән-жайлар айқындалған жағдайда сот ҚПК-нің 391-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтау үкімін шығарады.

  1. Ақтау үкімінің қарар бөлігінде шешілетін мәселелер ҚПК-нің 400 және 401-баптарында көзделген тәртіп бойынша баяндалады.

       Ақтау үкімінің қарар бөлігін жазған кезде сот "үкім етті" деген сөзден кейін сотталушының атын, әкесінің атын, тегін қылмыстық жауаптылыққа тартылған қылмыстық заңды (бапты, бөлікті, тармақты), оны кінәсіз деп тану туралы және оны ақтау туралы шешімді негіздеп көрсетеді.

      Қылмыстық заңның бір бабымен сараланған бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны (мысалы, бірнеше ұрлық немесе жалғасып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтың эпизодтары) үшін кінәлі деп танылған адамға қатысты ақтау үкімі шығарылып, олар бойынша ақтау негіздері әртүрлі болған жағдайда үкімнің қарар бөлігінде заңда көрсетілген қандай негіздер және жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың қайсысы бойынша ақталғаны көрсетіледі.

  1. Сонымен бірге, ақтау үкімінің қарар бөлігінде: ақталғанның ҚПК-нің 39-бабына сәйкес қылмыстық процесті жүргізуші органдарының заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу құқығын тану туралы; азаматтық талап қою бойынша; бұлтартпау шараларының күшін жою туралы; егер мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ зиянды өтеуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданса, олардың күшін жою туралы; ҚПК-нің 118-бабының үшінші бөлігінің негізінде заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы; ҚПК-нің 178-бабының талаптарына сәйкес процестік шығындарды бөлу туралы шешімдер қамтылуы тиіс. Азаматтық талап қою қаралмай қалған жағдайда оны қамтамасыз ету шараларының күші жойылмайды.

      Ақтау үкімі қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғаны дәлелденбегендіктен шығарылған жағдайда, сот үкімнің қарар бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды анықтауға шаралар қолдану үшін істі прокурорға жіберу туралы шешімін көрсетуі тиіс.

  1. Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша үкімді ҚПК-нің 68-тарауында белгіленген тәртіппен төрағалық етуші шығарады. Бұл ретте, үкімнің мазмұны ҚПК-нің 658-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
  2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

       1) "Сот үкімі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 15 тамыздағы № 19 нормативтік қаулысы;

       2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Сот үкiмi туралы" 2002 жылғы 15 тамыздағы № 19 нормативтiк қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының 2006 жылғы 9 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысы;

       3) "Сот үкімі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 15 тамыздағы № 19 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы № 17 нормативтік қаулысы.

  1. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 4-тармақтың үшінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы

Ж.Асанов

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы

Г.Әлмағамбетова

 

Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы



© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК

Құжатты жүктеп алу

Комментарий к статье 125. Похищение человека УК РК Уголовного Кодекса Республики Казахстан

Комментарий к статье 125. Похищение человека УК РК Уголовного Кодекса Республики Казахстан 1. Похищение человека наказывается лишением свободы на срок от четырех до семи л...

Толық оқу »

Қылмыстық-процестік заңның сот отырысының хаттамасы жөніндегі нормаларын қолдану туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 23 желтоқсандағы N 11 нормативтік қаулысы.

Қылмыстық-процестік заңның сот отырысының хаттамасы жөніндегі нормаларын қолдану туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 23 желтоқсандағы N 11 нормативтік қа...

Толық оқу »

128-бап. Ұстап алу негіздері  ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

128-бап. Ұстап алу негіздері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi 1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы күдіктіні ұстап алу қылмыстық қудалау орган...

Толық оқу »

132-бап. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

132-бап. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының Он сегiз жасқа толған адамның кәмелетке тол...

Толық оқу »

175-бап. Мемлекетке опасыздық жасау  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

175-бап. Мемлекетке опасыздық жасау ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының Мемлекетке опасыздық жасау, яғни Қазақстан Республикасы азаматының қарулы қақтығыс...

Толық оқу »

177-бап. Процестік шығындар ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

177-бап. Процестік шығындар ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi Процестік шығындар: 1) куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың өкiлдерiне, сарапшы...

Толық оқу »

178-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өмiрiне қолсұғушылық  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

178-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өмiрiне қолсұғушылық ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы Президентiнiң өмiрiне оның мемле...

Толық оқу »

Комментарий к статье  128. Торговля людьми УК РК Уголовного Кодекса Республики Казахстан

Комментарий к статье 128. Торговля людьми УК РК Уголовного Кодекса Республики Казахстан 1. Купля-продажа или совершение иных сделок в отношении лица, а равно его эксплуатаци...

Толық оқу »

380-1-бап. Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

380-1-бап. Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының Құқық қо...

Толық оқу »

Комментарий к статье 634. Ходатайство о рассмотрении дела судом с участием присяжных заседателей Уголовно-процессуального кодекса Республики Казахстан

Комментарий к статье634. Ходатайство о рассмотрении дела судом с участием присяжных заседателейУголовно-процессуального кодекса Республики Казахстан Осуществление уголовно...

Толық оқу »

297-бап. Қылмыстық істің материалдарымен танысу аяқталған соң мәлімделген өтінішхаттарды қарау және шешу тәртібі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

297-бап. Қылмыстық істің материалдарымен танысу аяқталған соң мәлімделген өтінішхаттарды қарау және шешу тәртібі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi...

Толық оқу »

Комментарий к статье 638. Порядок предварительной случайной выборки кандидатов в присяжные заседатели для участия в судебном разбирательстве Уголовно-процессуального кодекса Республики Казахстан

Комментарий к статье 638. Порядок предварительной случайной выборки кандидатов в присяжные заседатели для участия в судебном разбирательствеУголовно-процессуального кодекса Ре...

Толық оқу »

638-бап. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау тәртiбi ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

638-бап. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау тәртiбi ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi 1. Судья істi алқ...

Толық оқу »

Алқабилерді қатыстырып қылмыстық істерді қарауды реттейтін заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы

Алқабилерді қатыстырып қылмыстық істерді қарауды реттейтін заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 23 тамыздағы № 4 Но...

Толық оқу »