549-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасына, Төрағасының орынбасарына, судьясына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Ескерту. 549-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасына, Төрағасының орынбасарына, судьясына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Төрағасының орынбасары, судьясы қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасына, Төрағасының орынбасарына, судьясына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының, Төрағасы орынбасарының, судьясының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Төрағасының орынбасарын, судьясын өз өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Төрағасының орынбасарын, судьясын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасына, Төрағасының орынбасарына, судьясына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Төрағасының орынбасарын, судьясын күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде шешеді. Көрсетілген адамдарға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейін iс бойынша одан әрі iс жүргiзу осы Кодекстiң 547-бабының алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
Ескерту. 549-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 291-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы