120-бап. Құжаттар ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Егер жеке, заңды тұлғалар және лауазымды адамдар құжаттарда баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы бар болса, құжаттар дәлелдемелер деп танылады.
2. "Жедел-iздестiру қызметi туралы", "Қарсы барлау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары сақтала отырып алынған, құқыққа қайшы әрекеттер туралы нақты деректер тіркелген материалдар құжаттар болып табылады және қылмыстық процесте дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
3. Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да тіркелген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге, осы Кодекстiң 122-бабында көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған түсiнiктемелер, түгендеулердің, ревизиялардың актiлерi, анықтамалар, салықтық тексерулер актілері, салық қызметі органдарының қорытындылары, сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото- және кинотүсірілімдер, дыбыс- және бейнежазбалар да жатады.
4. Құжаттар iске қосып тігіледі және оны сақтаудың бүкiл мерзiмi ішінде сонда сақталады. Алып қойылған және iске қосып тігілген құжаттар ағымдағы есепке алу, есептілік үшiн және заңды иесiнің өтінішхаты бойынша өзге де құқыққа сыйымды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар оған қайтарылуы немесе уақытша пайдалануға, оның ішінде электрондық жеткізгіштерден берілуі, егер бұл iс үшiн залалсыз болатын болса, не олардың көшiрмелерi, қажет болған кезде нотариус куәландырған көшірмелері берiп жіберілуі мүмкiн.
Берілетін құжаттардың көшірмесін жасауға, нотариустың олардың көшірмелерінің дұрыстығын куәландыруға байланысты шығыстар өтінішхат бастамашысының есебінен жүзеге асырылады.
Қылмыстық іс үшін маңызы жоқ құжаттар заңды иесіне қайтарылады.
5. Құжаттардың осы Кодекстiң 118-бабында көрсетiлген белгiлерi болған жағдайларда, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.
Ескерту. 120-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы