157-бап. Күштеп әкелу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә, жәбiрленушi шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, соттың уәждi қаулысы бойынша күштеп әкелінуі (мәжбүрлеп жеткізілуі) мүмкін.
2. Шақырту туралы тиiсті түрде хабарланған адамның келмеуiнiң дәлелдi себептерi болып: адамды келу мүмкiндiгiнен айырған ауруы, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, адамды белгіленген уақытта келу мүмкiндiгiнен айыратын өзге де себептер танылады. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә және жәбiрленушi шақыру бойынша белгіленген мерзiмде келуге кедергi келтiретiн дәлелдi себептер туралы өздерiн шақырған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Күштеп әкелу туралы қаулы күдіктіге, айыпталушыға, сондай-ақ куәға және жәбiрленушiге оны орындаудың алдында хабарланады, бұл олардың қаулыға қол қоюымен куәландырылады.
4. Күштеп әкелуді түнгi уақытта жүргiзуге болмайды.
5. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар, ал он сегiз жасқа толмаған адамдар – олардың заңды өкiлiне хабарланбастан, жүктi әйелдер, сондай-ақ дәрiгердiң куәландыруына жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң жатқан орнынан кете алмайтын немесе кетпеуге тиiс науқастар күштеп әкелінуге жатпайды.
6. Соттың күштеп әкелу туралы қаулысын – сот приставы немесе iшкi iстер органы; прокурордың, анықтаушының, тергеушiнiң қаулысын анықтау, алдын ала тергеу жүргiзетiн орган немесе iшкi iстер органы орындайды.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы