234-бап. Экономикалық контрабанда ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының
1. Кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендіру құралдарын алдап пайдалана отырып жасалған не декларацияламаумен немесе көрінеу анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште не уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар болып табылатын, уақытша әкетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен, оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен ұштасқан, iрi мөлшерде тауарларды немесе өзге де заттарды, оның ішінде осы Кодекстiң 286-бабында көрсетiлгендерді қоспағанда, кедендiк шекара арқылы өткiзуге тыйым салынған немесе шектелген, кедендiк шекара арқылы өткiзудiң арнайы қағидалары белгiленген тауарларды, заттар мен құндылықтарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткiзу не Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізуге тыйым салу немесе шектеу белгіленген тауарларды немесе өзге де заттарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізу –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) бiрнеше рет;
2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолданып;
4) аса iрi мөлшерде;
5) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса;
2) қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, ал 1) тармақта көзделген жағдайларда белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (коментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы