Лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2020 жылғы 12 ақпандағы үкімімен: Т. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 366-бабының екінші бөлігімен, мүлкі тәркіленусіз, мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзінөзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, ҚК-нің 55-бабының үшінші бөлігі қолданылып, параның отыз еселенген сомасы 13 200 000 теңге мөлшерінде айыппұл жазасына сотталған. ҚК-нің 49-бабының бірінші бөлігіне сәйкес Т. «полиция лейтенанты» арнаулы шенінен айырылған. Е. бұрын сотталмаған, ҚК-нің 368-бабының екінші бөлігімен, мүлкі тәркіленусіз, адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға, мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, ҚК-нің 55-бабының үшінші бөлігі қолданылып, параның он еселенген сомасы 4 400 000 теңге мөлшерінде айыппұл жазасына сотталған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде табылмаған пара құны есебінде Т.-дан 50 000 теңге, Е.-ден 30 000 теңге мемлекет кірісіне өндірілген. Т.-дан 43 111 теңге процестік шығындар өндірілген. Жәбірленушілерге өтемақы қорына Т. мен Е.-нің әрқайсысынан 50 500 теңгеден мәжбүрлі төлем өндірілген. Заттай дәлелдемелердің мәселесі Қазақстан Республикасы Қылмыстықпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 118-бабында бекітілген тәртіп бойынша шешілген.
Лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру
Процестік келісім тәртібімен қаралған қылмыстық іс бойынша сот үкімімен Т. лауазымды адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланып, пара берушінің пайдасына жасаған әрекеттері үшін пара алғаны, ал Е. осы парақорлыққа делдал болғаны үшін кінәлі деп танылған. Үкім апелляциялық тəртіппен қайта қаралмаған. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушы наразылығында, сотталғандар Т. мен Е.-нің (бұдан әрі – сотталғандар) жоғарыда аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша кінəларының дəлелденуі мен əрекеттерінің саралануын, негізгі жазаның түрі мен мөлшерін дауламай, оларға қосымша жаза тағайындағанда соттың қылмыстық заңды дұрыс қолданбауын көрсетіп, үкімді өзгертуді, қосымша жазаны қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы орын алған мезгілде қолданыста болған қылмыстық заңға сәйкес тағайындауды сұраған. Үкімде сипатталған мән-жайда Т.-ның лауазымды адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланып, пара беруші Ж.-ның пайдасына жасаған әрекеттері үшін одан 360 000 теңге көлемінде пара алғаны, ал Е.-нің осы парақорлыққа делдал болудағы кінәларының дәлелденгендігі туралы сот тұжырымы басты сот талқылауында жете зерттеліп, құқықтық тұрғыдан тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген және істің нақты мән-жайына сәйкес келеді. Іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілгенде ҚПК-нің талаптары сақталған, сондықтан бұл дәлелдемелердің заңдылығы қандай да бір күмән тудырмайды. ҚПК-нің 125-бабының талаптарына сәйкес сот дәлелдемелердің әрқайсысына - олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жинақталған дәлелдемелерге өз жиынтығында қылмыстық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан негізді баға беріп, Т.-ның әрекетін ҚК-нің 366-бабының екінші бөлігімен, Е.-нің әрекетін ҚК-нің 368-бабының екінші бөлігімен дұрыс саралаған. Сот, оларға жаза тағайындағанда ҚК-нің 52-бабының талаптарын басшылыққа алып, олардың қылмыстық әрекеттерінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жеке бастарына қатысты мәліметтерді, іс бойынша қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, сол сияқты жасалған процестік келісімнің шартарын ескере отырып, негізгі жазаны әділ тағайындаған. Олардың қылмыстық құқық бұзушылық бойынша кінәларының дәлелденуі мен әрекеттерінің саралануы, сол сияқты оларға тағайындалған негізгі жазаның түрі мен мөлшері наразылықта дауланбаған. Ал сотталғандарға міндетті қосымша жаза тағайындау барысында соттың заң бұзушылыққа жол бергені жөніндегі наразылықтың уәжі негізді.
Сотталғандар кінәлі деп танылған қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттер ҚК-нің 3-бабының 29) тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатына жатады. ҚК-нің 50-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін өмір бойына тыйым салу белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалуы тиіс. Қылмыстық іс материалдарынан анықталғандай, сотталғандар айыпты деп танылған қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттер 2019 жылғы 15 қыркүйекте орын алған, ал Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстықпроцестік заңнаманы жетілдіру жəне жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-VIЗРК Заңымен (бұдан әрі – Заң) ҚК-нің 50-бабының екінші бөлігіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бұл баптың жаңа редакциясында атқару мен айналысу құқығына өмір бойына тиым салуға жататын лауазымдар мен қызметтердің аясы кеңейтілген. ҚҚ-нің 5-бабына сәйкес іс-əрекеттің қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол іс-əрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалады. Қылмыстық заңның осы тұрғысынан алғанда, міндетті қосымша жазаны қатаңдатып, сотталғандардың «квазимемлекеттік сектор субъектілерінде» лауазымдарды атқаруына өмір бойына тиым салатын жоғарыда аталған Заң олардың жағдайларын нашарлатады. Ал ҚК-нің 6-бабына сәйкес іс-əрекеттің қылмыстылығы мен жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жауаптылығы немесе жазасын жеңілдететін жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның кері күші болады. Сондықтан сот оларға қосымша жазаны ҚК-нің 5 және 6-баптарының талаптарын ескере отырып, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігінің қылмыстық оқиға орын алған мезетте қолданыста болған редакциясына сәйкес тағайындауға тиіс болған. Мұндай жағдайда сотталғандарға міндетті қосымша жазаны ҚК-нің 50-бабының екінші бөлігінің жаңа редакциясы бойынша тағайындау жөніндегі соттың шешімі заңсыз болып табылады. Сонымен қатар «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мəселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 22-тармағында ҚК-нің 50-бабының ережелерінің негізінде нақ сол қылмыс үшін белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бір мезгілде айыруға жол берілмейді.
Е.-ге қосымша жаза тағайындау барысында сот бұл нормативтік қаулының талабын сақтамай, белгiлi бiр лауазымдарды атқару жəне белгiлi бiр қызмет пен айналысу құқығынан бір мезгілде айыруға жол беріп, оған қосымша жаза ретінде ҚК-нің 50-бабының екінші бөлігінде көзделген лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен қатар адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан да үш жылға айыруды заңсыз тағайындаған. ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағына сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға істі тергеп-тексеру немесе сотта қарау кезінде жол берілген заң бұзушылықтар, оның ішінде жазаның дұрыс тағайындалмауы негіз болып табылады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Т. мен Е.-ге қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп, Т. мен Е.-ге тағайындалған «мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жəне оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына» және тағайындалған «адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айыру қосымша жазаларының күштерін жойды. Т. мен Е.-ге «мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жəне оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда жəне жарғылық капиталында мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы аталған еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру» қосымша жазасы тағайындалды. Үкімнің қалған бөліктері өзгеріссіз қалдырылды. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушының наразылығы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру
228 рет жүктеп алынды