Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 50-бабына түсініктеме. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 50-бабына түсініктеме. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 50-бабына түсініктеме. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында белгілі бір лауазымдарды атқаруға не белгілі бір кәсіптік немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады.

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.

Қаржылық ұйымның, банктік және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері, ірі қатысушысы (ірі акционері) – жеке тұлға, қаржы ұйымының ірі қатысушысының (ірі акционерінің) – заңды тұлғаның басшысы, басқару органының мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері жасаған, осы Кодекстің 238-бабының екінші бөлігінде, 239-бабының екінші бөлігінде, 250-бабының екінші бөлігінде көзделген экономикалық қызмет саласындағы және қаржы ұйымдарындағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстарды, оның ішінде осы Кодекстің 239-бабының екінші бөлігінде көзделген қаржы ұйымының басқару органы немесе атқарушы органының функцияларын уақытша не арнайы өкілеттік бойынша орындайтын адамдар жасаған қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру бес жылдан бастап қаржы ұйымының, банктік және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқаруға және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болуға өмір бойына тыйым салу белгіленгенге дейінгі мерзімге белгіленеді.

Кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстарды, сондай-ақ осы Кодекстің 132-бабының екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде, 133-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және педагогикалық лауазымдарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.

Осы Кодекстің 345-1-бабының төртінші бөлігінде және 346-бабында көзделген көлік қылмыстарын жасағаны үшін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру көлік құралын басқару құқығына өмір бойына тыйым салудан тұрады.

Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, егер жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, сот оның белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығын сақтап қалуын мүмкін емес деп таныса, тиісті қылмыстық құқық бұзушылық үшін осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында қосымша жаза ретінде көзделмеген жағдайларда да тағайындалуы мүмкін.

Бұл жаза бас бостандығынан айыруға, қамаққа алуға қосымша жаза ретінде тағайындалған кезде, ол негізгі жазаны өтеудің бүкіл кезеңіне қолданылады, бірақ оның мерзімі бас бостандығынан айыруды, қамаққа алуды өтеген сәттен бастап есептеледі. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазаның басқа негізгі түрлеріне қосымша жаза ретінде тағайындалған кезде, сондай-ақ жазаны өтеуді кейінге қалдырған немесе шартты түрде соттаған жағдайда оның мерзімі сот үкімінің заңды күшіне енген сәтінен бастап есептеледі.

Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін негізгі жазамен қатар тағайындалатын қосымша жаза түрі болып табылады.

Жазаның осы түрінің мәні сотталған адамды сот үкімімен белгіленген белгілі бір мерзімге оның қызметтік жағдайына, лауазымдық өкілеттіктеріне, кәсіби немесе өзге де қызметіне байланысты құқықтарынан айырудан тұрады. Аталған құқықтарды пайдалана отырып, бұл адам қылмыстық құқық бұзушылық жасаған немесе оларды болашақта қылмыстық құқық бұзушылық жасау үшін пайдалануы мүмкін болған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 22-тармағында: «ҚК-нің 50-бабына сәйкес, адамның лауазымдық міндеттерін орындауына немесе белгілі бір қызметпен айналысуына байланысты қылмыс жасаған әрбір жағдайында сот жасалған қылмыстың сипатын ескере отырып, сотталушыны белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мәселесін талқылауға міндетті. Үкімнің қарар бөлігінде лауазымдар немесе қызмет түрі нақты көрсетілуге тиіс. Атап айтқанда, сотталған адамды қандай да бір салада немесе қандай да бір мекемелерде, ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан, ол атқара алмайтын лауазымдар шеңберін айқындамай айыруға жол берілмейді. Үкім шығарылған сәтте сотталушының қылмыс жасалуымен байланысты болған лауазымды атқармауы немесе қызметпен айналыспауы аталған қосымша жазаны қолдануға кедергі болып табылмайды. ҚК-нің 50-бабының ережелеріне сәйкес, бір қылмыс үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын бір мезгілде тағайындауға жол берілмейді.

Жазаның осы түрін қосымша жаза ретінде тағайындаған кезде сот оны өмір бойына тағайындау ҚК-нің 50-бабының екінші бөлігінде тікелей көрсетілген қылмыстардың жекелеген санаттары үшін ғана көзделгенін ескеруі тиіс. Осы тізбеге кірмейтін басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, тіпті ҚК бабының санкциясында осы қосымша жаза міндетті жаза ретінде көзделсе де, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру тағайындалмайды. Мұндай жағдайларда сот осы қосымша жаза түрін тағайындаудың жалпы негіздері мен шарттарын басшылыққа алуы тиіс, оған сәйкес бұл жаза бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.

Егер жиынтыққа кіретін екі немесе одан да көп қылмыстық құқық бұзушылық бойынша негізгі жазамен қатар белгілі бір мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалса, онда жазаларды ішінара немесе толық қосу кезінде оның түпкілікті мерзімі немесе мөлшері ҚК-нің Жалпы бөлімінде осы жаза түрі үшін көзделген ең жоғары мерзімнен немесе мөлшерден, яғни он жылдан аспауға тиіс.

Көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды сот қылмыстық заңның санкциясына сәйкес, бұл адамның мұндай құқығы болмағанына немесе әкімшілік жаза тәртібімен одан айырылғанына қарамастан, қосымша жаза ретінде тағайындай алады».

Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау кезінде соттар ҚК-нің 50-бабының 2-бөлігінде экономикалық қызмет саласында және қаржы ұйымдарындағы қызмет мүдделеріне қарсы, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы, сыбайлас жемқорлық және көлік қылмыстарын жасаған адамдарға қатысты көзделген ерекшеліктерді ескеруі тиіс.

Егер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабының санкциясында көзделмесе, сот жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, ҚК-нің 50-бабының 3-бөлігінің ережелері бойынша оған осындай қосымша жаза тағайындау мәселесін талқылауға тиіс.

2020 жылғы 10 қаңтардан кейін жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 22-1-тармағының 3-абзацына сәйкес, мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалады.

«Қызмет бабын пайдалану» ұғымының заңнамалық анықтамасы жоқ. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 18 шілдедегі «Контрабанда үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының түсіндірмелерін келтіру қажет. Аталған нормативтік құқықтық актінің 9-тармағына сәйкес, «...қызмет бабын пайдалана отырып контрабанда жасаған лауазымды адам деп қызметтік міндетіне сәйкес кедендік немесе шекаралық бақылауды жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға немесе өзге де құндылықтар мен заттарға тексеру жүргізуге байланысты тиісті әрекеттерді жасауға және шекарадан өтуге рұқсат беруге міндетті адамды түсіну керек. Мұндай лауазымды адамдардың қызмет бабын пайдалана отырып жасаған контрабандасы лауазымдық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық заң баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді. Қызмет бабын пайдалана отырып контрабанда жасаған өзге де лауазымды адамдар жауаптылыққа жалпы негіздерде, яғни қолданылуға жататын лауазымдық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық заң нормасында және осы саралау белгісіне сілтеме жасамай контрабанда туралы ҚК бабының тиісті бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша тартылады».

Осылайша, қызмет бабын пайдалану адамның мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құрамындағы атқаратын лауазымына байланысты өзіне берілген функцияларды, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруын білдіреді.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 1-бабының 9) тармағына сәйкес, лауазымдық өкілеттіктер деп мемлекеттік қызметшілер қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келетін нақты мемлекеттік лауазымда көзделген құқықтар мен міндеттер түсініледі.

Жазаның осы түрінің ерекшелігі оны тағайындау негіздерінің жасалған іс-әрекеттің сипатымен қатар, адамның бұл ретте арнайы субъект ретінде әрекет етуімен де айқындалатындығында.

Белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында көзделген лауазымдарға ғана қолданылады және мемлекеттік емес ұйымдар мен мекемелердегі лауазымдарды атқаруға қолданылмайды. Бұл жазаны орындау сотталған адамның белгілі бір лауазымды пайдалана отырып, жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауына жол бермейді.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 1-бабының 6) тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардағы лауазымдық өкілеттіктерді орындау жөніндегі қызметі ретінде айқындалған.

Жоғарыда аталған Заңның 1-бабының 12) тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметші — Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан ақы төленетін, мемлекеттік органда мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 1-бабының 10) тармағына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына Заңға сәйкес жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу жөніндегі функциялар жүктелген органдар жатады.

Белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолданылуы мүмкін субъектілердің шеңберін айқындау қажет.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 7-бабының 3-тармағына сәйкес, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Тізілім бойынша мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік лауазымдары саяси және әкімшілік болып бөлінеді. Бұл ретте әкімшілік мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекеттік лауазымдардың санаттары белгіленеді, ал саяси мемлекеттік қызметшілер үшін лауазым санаттары белгіленбейді («Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 7-бабының 2-тармағы).

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 1-бабының 16) тармағына сәйкес, саяси мемлекеттік қызметші болып тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметі саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына жауапты мемлекеттік қызметші табылады.

Азаматтарды саяси мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметіне қабылдау тағайындау немесе сайлау негізінде, сондай-ақ басқа жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттармен жүзеге асырылады (Заңның 14-бабы).

Әкімшілік мемлекеттік қызметші — Қазақстан Республикасының заңдарында және Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші (Заңның 1-бабының 10) тармағы).

Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімі бойынша әкімшілік мемлекеттік лауазымдар «А» корпусы және «Б» корпусы болып бөлінеді, олар өз кезегінде санаттарға бөлінеді.

Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру меншік нысанына қарамастан кез келген ұйымдар мен кәсіпорындарда кәсіби қызметпен айналысатын адамдарға қолданылуы мүмкін. Мұндай құрамдарда субъектінің арнайы белгісі — адамның кәсіби тиесілігі де көрсетіледі.

Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру педагог, дәрігер, кәсіби жүргізуші және т.б. сияқты белгілі бір кәсіп бойынша жұмыс істеуге тыйым салуды да, сондай-ақ белгілі бір кәсіпке байланысты емес өзге де қызмет түрлерімен — адвокаттық, нотариаттық, жеке еңбек қызметімен, жеке көлікті басқарумен, аңшылықпен, балық аулаумен және т.б. айналысуға тыйым салуды да көздейді.

Белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салу көптеген жағдайларда сотталған адамды онымен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан іс жүзінде айырумен де ұштасады.

Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде тағайындалатын жаза мерзімі белгіленген. Жазаның осы түрін тағайындаудың ең төменгі мерзімін заң шығарушы бір жыл, ал ең жоғарғы мерзімін он жыл деп белгілеген.

Экономикалық қызмет саласындағы және қаржы ұйымдарындағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстарды жасағаны үшін қаржы ұйымының, банктік және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері, ірі қатысушысы (ірі акционері) – жеке тұлға, қаржы ұйымының ірі қатысушысының (ірі акционерінің) – заңды тұлғаның басшысы, басқару органының мүшесі, атқарушы органының мүшесі, бас бухгалтері жасаған, азаматқа, заңды тұлғаға, қаржы ұйымына немесе мемлекетке ірі залал келтіруге әкеп соққан және ҚК-нің 238-бабының 2-бөлігінде, 239-бабының 2-бөлігінде, 250-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстар үшін белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру бес жылдан бастап қаржы ұйымының, банктік және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқаруға және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болуға өмір бойына тыйым салу белгіленгенге дейінгі мерзімге белгіленеді.

Кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстарды, сондай-ақ ҚК-нің 132-бабының 2, 3, 4 және 5-бөліктерінде, 133-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және педагогикалық лауазымдарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.

Бірқатар қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны міндетті түрде тағайындау да көзделген, ол педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады. Оларға ҚК-нің 120-бабының «Зорлау» 3-1, 3-2 және 4-бөліктерінде; ҚК-нің 121-бабының «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» 3-1, 3-2 және 4-бөліктерінде; ҚК-нің 122-бабының «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» 2 және 3-бөліктерінде; ҚК-нің 124-бабының «Жас балаларды азғындату» 2 және 3-бөліктерінде; ҚК-нің 132-бабының «Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту» 2, 3, 4, 5-бөліктерінде; ҚК-нің 133-бабының «Кәмелетке толмаған адамды қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту» 2 және 3-бөліктерінде; ҚК-нің 134-бабының «Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту» 4-бөлігінің 2) тармағында; ҚК-нің 312-бабының «Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды дайындау және олардың айналымы не оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына тарту» 3-бөлігінің 1), 2) тармақтарында көзделген қылмыстар жатады.

ҚК-нің 345-1-бабының 4-бөлігінде және 346-бабында көзделген көлік қылмыстарын жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру көлік құралын басқару құқығына өмір бойына тыйым салудан тұрады.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны міндетті түрде тағайындау да көзделген, ол мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.

Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігіне сәйкес, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру ҚК-нің Ерекше бөлімінің баптарының санкцияларында көзделген жағдайларда ғана емес, сондай-ақ ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабында қосымша жаза ретінде көзделмеген жағдайларда да мүмкін болады. Бұл жағдайда сот белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны тиісті қылмыстық құқық бұзушылық үшін қосымша жаза ретінде тағайындай алады. Бұл ретте жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі және кінәлі адамның жеке басы ескеріледі. Сонымен қатар сот сотталған адамның белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығын сақтап қалуы мүмкін еместігін тануы қажет.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 21-тармағына сәйкес, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қылмыстық құқық бұзушылық сараланған ҚК-нің Ерекше бөлімінің бабында жаза ретінде көзделмеген жағдайларда да тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдайда үкімнің қарар бөлігінде қосымша жаза тағайындау туралы шешімде тиісінше ҚК-нің 50-бабына сілтеме жасалуға тиіс.

Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігіне сәйкес, бұл жаза бас бостандығынан айыруға, қамаққа алуға қосымша жаза ретінде тағайындалған кезде, ол негізгі жазаны өтеудің бүкіл кезеңіне қолданылады, бірақ оның мерзімі бас бостандығынан айыруды, қамаққа алуды өтеген сәттен бастап есептеледі. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазаның басқа негізгі түрлеріне қосымша жаза ретінде тағайындалған кезде, сондай-ақ жазаны өтеуді кейінге қалдырған немесе шартты түрде соттаған жағдайда оның мерзімі сот үкімінің заңды күшіне енген сәтінен бастап есептеледі.

ҚР ҚК-де заң шығарушы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзімдерін есептеудің екі тәсілін көздеген — негізгі жазаны өтегеннен кейін орындау және негізгі жазамен бір мезгілде орындау.

Жазаның осы түрін орындау тәртібі ҚАК-нің 72–76-баптарымен реттеледі.

ҚАК-нің 24-бабының 2-бөлігіне сәйкес, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны орындауды сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі не бас бостандығынан айыру түріндегі жаза орындалған кезде мекеме жүзеге асырады.

Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімін сотталған адамның жұмыс орны бойынша ұйымның әкімшілігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілі бір қызметпен айналысуға берілген рұқсатты кері қайтарып алуға құзыретті органдар орындайды.

Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру туралы сот үкімінің орындалуын уәкілетті мемлекеттік органдар бақылайды (ҚАК-нің 24-бабының 3-бөлігі).

Педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы сот үкімі ҚАК-нің 72-бабының 1-бөлігіне сәйкес, меншік нысанына қарамастан ұйымдармен білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен орындалады.

Белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы сот үкімін ҚР ҚК-де көрсетілген мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың әкімшіліктері орындайды (ҚАК-нің 72-бабының 2-бөлігі).

Бас бостандығынан айыруға немесе қамаққа алуға қосымша жаза ретінде тағайындалған белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын орындауды ұйымдастыру негізгі жазаны орындайтын мекеме немесе орган арқылы жүзеге асырылады, ал негізгі жазалар өтелгеннен кейін сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жүзеге асырады (ҚАК-нің 72-бабының 3-бөлігі).

Жазаның басқа түрлеріне қосымша жаза ретінде тағайындалған, сондай-ақ жазаны өтеуді кейінге қалдырған немесе шартты түрде соттаған кезде осы жазаның орындалуын ұйымдастыру сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі арқылы жүзеге асырылады (ҚАК-нің 72-бабының 4-бөлігі).

Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталған адам:

  1. жұмыс және тұрғылықты жері, олардың өзгеруі, жұмыстан босатылуы туралы пробация қызметіне хабарлауға;
  2. пробация қызметінің шақыруы бойынша келуге міндетті (ҚАК-нің 74-бабының 1-бөлігі).

ҚАК-нің 53-бабының 2-бөлігінде көрсетілген дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда сотталған адам мәжбүрлеп әкелуге ұшыратылуы мүмкін (ҚАК-нің 74-бабының 2-бөлігі).

Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталған, жазаны орындаудан жалтарған адам заңда белгіленген жауаптылықта болады (ҚАК-нің 74-бабының 3-бөлігі).

Жазаның осы түрін орындау кезінде сотталған адам жұмыс істейтін ұйымның әкімшілігіне де міндеттер жүктеледі.

ҚАК-нің 75-бабының 1-бөлігіне сәйкес, меншік нысанына қарамастан ұйымдар белгілі бір лауазымға үміткерлерді педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудың бар-жоғына тексереді.

Белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру туралы сот үкімі мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әкімшіліктері үшін міндетті болып табылады. Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімі сотталған адамның жұмыс орны бойынша ұйымның әкімшілігі үшін міндетті болып табылады (ҚАК-нің 75-бабының 2-бөлігі).

Сотталған адамның жұмыс орны бойынша ұйымның әкімшілігі:

заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесін немесе пробация қызметінің хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей сотталған адамды өзі құқығынан айырылған лауазымнан немесе қызмет түрінен босатуға, сот үкімінің орындалғаны туралы пробация қызметіне хабарлама жіберуге;

пробация қызметінің талабы бойынша жазаның орындалуына байланысты құжаттарды ұсынуға;

сотталған адаммен еңбек шарты өзгерген немесе тоқтатылған жағдайларда бұл туралы үш жұмыс күні ішінде пробация қызметіне хабарлауға міндетті (ҚАК-нің 75-бабының 3-бөлігі).

Белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру түріндегі жазаны орындау туралы сот үкімін орындау міндеттері жүктелген ұйымдардың оны орындамауына кінәлі лауазымды адамдары заңда белгіленген жауаптылықта болады (ҚАК-нің 75-бабының 4-бөлігі).

Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімін сотталған адамның орындауы тиісті қызмет түрімен айналысуға берілген рұқсатты кері қайтарып алуға құзыретті органдар үшін міндетті болып табылады (ҚАК-нің 76-бабының 1-бөлігі). Аталған органдар сот үкімінің заңды күшіне енген көшірмесін, пробация қызметінің хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей сотталған адамға тыйым салынған қызмет түрімен айналысуға берілген рұқсатты кері қайтарып алуға, осы адамға аталған қызмет түрімен айналысу құқығын беретін тиісті құжатты алып қоюға және бұл туралы пробация қызметіне хабарлама жіберуге міндетті (ҚАК-нің 76-бабының 2-бөлігі).

Белгілі бір қызметпен айналысуға берілген рұқсатты кері қайтарып алуға құзыретті органдардың сотталған адамның белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімін орындамауына кінәлі лауазымды адамдары заңда белгіленген жауаптылықта болады (ҚАК-нің 76-бабының 3-бөлігі).

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар

Заң қызметтерін көрсетумен айналысу құқығынан өмір бойы айыру түрінде қосымша жаза тағайындау

Заң қызметтерін көрсетумен айналысу құқығынан өмір бойы айыру түрінде қосымша жаза тағайындау2016 жылғы 19 шілдедегі Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының № 2 сотының үкімі...

Толық оқу »

Бас бостандығынан айыру, оның құқықтары мен өкілеттіктерінен асып кеткені үшін мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, пайда табу мақсатында бас бостандығынан айыру

Бас бостандығынан айыру, оның құқықтары мен өкілеттіктерінен асып кеткені үшін мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, пайда табу мақсатында бас бостандығынан...

Толық оқу »

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруҚазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (ҚК РК) 50-бабында белгілі бір лауазымды атқар...

Толық оқу »

50-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

50-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1. Белгiлi бiр лауазымды атқару не...

Толық оқу »

41-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру

41-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру 1. Белгілі бір лауа...

Толық оқу »

Көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды сот қосымша жаза ретінде тағайындай алады

Көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды сот қосымша жаза ретінде тағайындай алады"Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты...

Толық оқу »

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру заңмен бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленеді

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру заңмен бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленедіАқтөбе облысы Ақтөбе қаласының 2017 ж...

Толық оқу »

25-бап. Тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану құқығынан айыру Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Заңы

25-бап. Тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану құқығынан айыруТарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Заңы      Тарих және мәдениет ескерткішін пайдала...

Толық оқу »