Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 343-бабына түсініктеме. Экологиялық ластану зардаптарын жою жөнінде шаралар қабылдамау
1. Экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын жүргізуге міндетті адамдардың мұндай іс-шараларды жүргізуден жалтаруы немесе тиісінше жүргізбеуі –
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Адамның өліміне әкеп соғу қатерін тудырған не адамның денсаулығына ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіруге әкеп соққан не ірі залал келтірген дәл сол іс-әрекет –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамның өліміне не адамдардың жаппай ауруға шалдығуына не аса ірі залал келтіруге әкеп соққан іс-әрекеттер –
екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың (1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктері – қылмыстар) қоғамдық қауіптілігі экологиялық қауіпсіздікке нұқсан келтіруде, адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіруде, адамдардың жаппай ауруға шалдығуына әкеп соғуында көрініс табады. Сонымен қатар табиғи объектілерге де (өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, атмосфералық ауаның, судың, топырақтың жай-күйіне және т.б.) зиян келтіріледі.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі – экологиялық қауіпсіздік. Қосымша объектілері – адамның өмірі мен денсаулығы.
ҚК-нің 343-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын мынадай белгілер құрайды:
экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын жүргізуден жалтару;
экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын тиісінше жүргізбеу.
Жалтару дегеніміз – экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу жөніндегі әрекеттерді жасаудан толықтай шеттету, ал экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын тиісінше жүргізбеу дегеніміз – оларды тиісті дәрежеде орындамау, толық көлемде орындамау немесе экологиялық талаптар мен нұсқамаларға сәйкес келмейтін түрде орындау.
Дезактивация деп әртүрлі заттар мен құрылыстардың беткі қабатынан радиоактивті ластануды жоюды түсіну керек.
Дезактивация ішінара және толық болуы мүмкін. Ішінара дезактивация кезінде радиоактивті ластану деңгейі тек төмендетіледі, ал толық дезактивация кезінде ластану деңгейі сыртқы сәулелену және радиоактивті заттардың тері қабатына түсуінен немесе организмнің ішіне енуінен зақымдану ықтималдығы барынша аз болатын дәрежеге дейін төмендетіледі.
ҚК-нің 343-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған деп танылады, яғни өзінің құрылымы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың формальды құрамына жатады.
Субъективтік жағынан қылмыстық құқық бұзушылық жанама қасақаналықпен сипатталады (ҚК-нің 324-бабының 1-бөлігінде көзделген экологиялық қылмысты талдауды қараңыз).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі – арнаулы субъект, яғни экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу міндеті нормативтік құқықтық актімен жүктелген адам.
ҚК-нің 343-бабының 2-бөлігі бойынша экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын жүргізуден жалтару немесе тиісінше жүргізбеу, соның салдарынан адамның өліміне әкеп соғу қатері туындаған не адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілген не ірі залал келтірілген жағдайда жауаптылық туындайды.
Адамның өліміне әкеп соғу қатері деп адамның өліміне әкеп соғуы мүмкін нақты қауіптің болуын немесе уақтылы қабылданған шаралармен не кінәлінің еркіне байланысты емес өзге де мән-жайлармен алдын алмаған жағдайда адамның өліміне әкеп соғуы мүмкін осындай жағдайдың немесе мән-жайлардың туындауын түсіну керек. Денсаулыққа ауыр зиян және денсаулыққа ауырлығы орташа зиян ұғымдары ҚР ҚК-нің 3-бабының 11), 12) тармақтарында қамтылған.
Егер экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын жүргізуден жалтару немесе оларды тиісінше жүргізбеу кезінде адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілсе, кінәлі адамның әрекеттері ҚК-нің 343-бабының 2-бөлігі бойынша саралануға тиіс, өйткені заң шығарушы аталған белгілерді қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың диспозициясында көздеген.
Ірі залал ұғымы ҚК-нің 335-бабы 4-бөлігінің 1) тармағына берілген түсініктемеде көрсетілген.
ҚК-нің 343-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс өзінің құрылымы бойынша формальды-материалдық болып табылады, яғни адам өліміне әкеп соғу қатері туындаған жағдайда формальды құрам ретінде танылады және тиісінше, оны жасау кезінде адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілген не ірі залал келтірілген жағдайларда материалдық құрам ретінде танылады және аяқталған болып есептеледі.
ҚК-нің 343-бабының 3-бөлігі бойынша экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру іс-шараларын жүргізуден жалтару немесе оларды тиісінше жүргізбеу салдарынан адамның өліміне не адамдардың жаппай ауруға шалдығуына не аса ірі залал келтіруге әкеп соққан кінәлі адамның әрекеттері саралануға тиіс.
Адам өліміне және адамдардың жаппай ауруға шалдығуына әкеп соғу түріндегі қылмыстық салдарлар ҚК-нің 324-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты талдау кезінде қарастырылған.
«Аса ірі залал» ерекше ауырлататын белгісі ҚК-нің 334-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты талдау кезінде қарастырылған.
ҚК-нің 343-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 343-бабының 2-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 343-бабының 3-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстандағы заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Послания