Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 369-бабына түсініктеме. Қызметтік жалғандық
1. Қызметтік жалғандық, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе лауазымды адамның ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізуі не олардың нақты мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгізуі, не көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттарды беруі, егер бұл әрекеттер өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу немесе басқа адамдарға не ұйымдарға зиян келтіру мақсатында жасалса, -
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
2. 2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI ҚР Заңымен алып тасталды. 2-1.
2-1. Осы әрекетті құқық қорғау органының қызметкері жасаған жағдайда, -
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған жағдайда, -
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам немесе судья жасаған жағдайда, -
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
Қызметтік жалғандықтың қоғамдық қауіптілігі оны жасау нәтижесінде қызметтік іс жүргізудің белгіленген тәртібі бұзылып, соның салдарынан бюджет қаражатын жымқыруға және басқа да сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға жағдайлар туындайтынында.
Қызметтік жалғандықтың объектісі мемлекеттік билік органдары мен лауазымды адамдардың заңмен белгіленген жұмыс істеу тәртібінде көрініс табатын мемлекеттік қызмет мүдделері болып табылады.
Қылмыстың нысанасы құқықтар беруге немесе олардан айыруға, міндеттер жүктеуге немесе олардан босатуға, құқықтар мен міндеттердің көлемін өзгертуге әкеп соғатын заңдық салдар туындататын фактілерді куәландыратын ресми құжат болып табылады. Мұндай құжаттарға, атап айтқанда, уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары, медициналық кітапшалар, емтихан ведомостары, сынақ кітапшалары, жалақы туралы анықтамалар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жөніндегі комиссиялардың хаттамалары, автомобильді тіркеу туралы куәліктер жатады.
ҚК-нің 3-бабының 28-1) тармағына сәйкес, ресми құжат – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген және куәландырылған, жеке немесе заңды тұлға жасаған құжат.
Қызметтік жалғандық құрамының объективтік жағы мынадай белсенді әрекеттерді жасаудан көрінеді:
ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізу;
ресми құжаттарға олардың нақты мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгізу;
көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттарды беру.
Ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізу деп аталған құжаттарға шындыққа сәйкес келмейтін, нақты мән-жайлар мен фактілерді көрсетпейтін мәліметтерді енгізуді түсінеміз. Бұл ретте аталған әрекет бұрыннан бар ресми құжаттарға (тазарту, қосып жазу және т.б.) мәліметтер енгізу арқылы да, тиісті құжаттың бланкісін пайдалана отырып, жаңа құжат жасау арқылы да жасалуы мүмкін. Көрінеулілік белгісі кінәлі адамның мұндай құжаттарға өзі енгізетін мәліметтердің жалған әрі шындыққа сәйкес келмейтінін толық білуін білдіреді.
Мысалы, мұндай әрекеттерге мемлекеттік сатып алу туралы шарттар шеңберінде орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының шындыққа сәйкес келмейтін көлемдері көрсетілген орындалған жұмыстар актілеріне қол қою немесе іс жүзінде әкімшілік құқық бұзушылық жасамаған адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау жағдайлары жатады.
Ресми құжаттарға олардың нақты мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгізу деп құжаттарда бұрыннан бар мәліметтерді бұрмалау мақсатында оларға түзетулер енгізуге бағытталған әрекеттер түсініледі. Мұндай әрекеттерге, мысалы, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тағайындалатын бухгалтерлік анықтамадағы цифрларды түзету (өзгерту) немесе жұмыс орнында іс жүзінде болмаған қызметкер кейіннен оған заңсыз жалақы төленуі үшін жұмыс уақытын есепке алу табеліне бұрын толтырылған мәліметтерге түзетулер енгізу жатқызылуы мүмкін.
Көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттарды беру деп құқықтар мен өкілеттіктер беретін немесе міндеттер жүктейтін, бірақ шын мәнінде жалған мәліметтерді қамтитын не қолдан жасау сипатында болатын ресми құжаттарды беруді танимыз. Мысалы, құқық қорғау органында қызмет атқармайтын адамға осы орган қызметкерінің қызметтік куәлігін заңсыз беру немесе түпнұсқадан еш айырмашылығы болмаса да, тиісті емес адамның атына жасалған осындай куәлікті қолдан жасау.
Қызметтік жалғандық құжатқа көрінеу жалған мәліметтер мен түзетулер енгізу кінәлі адамның қызметтік функцияларымен байланысты болған жағдайда ғана орын алады, яғни ол өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты жүзеге асырылады. Егер ҚК-нің 369-бабында көрсетілген субъектілер осындай әрекеттерді қызмет бойынша өздеріне берілген мүмкіндіктерге қатыссыз жасаса, онда бұл қылмыстың құрамы болмайды. Белгілі бір жағдайларда бұл әрекетті ҚК-нің 385-бабы бойынша саралау қажет.
Қылмыс құрамы формальды болып табылады. Қылмысты ресми құжатқа жалған мәліметтер енгізілген немесе оның нақты мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгізілген сәттен бастап, мұндай құжаттың кейіннен пайдаланылған-пайдаланылмағанына қарамастан, аяқталған деп есептеу қажет. Егер кінәлі адам қандай да бір қылмысты жасау кезінде қолдан жасалған құжатты пайдаланса, оның әрекеттері қылмыстардың жиынтығы бойынша: қызметтік жалғандық және тиісті қылмыс (мысалы, ҚК-нің 189, 190-баптарында көзделген қылмыстар) бойынша саралануы тиіс.
Ресми құжатқа кейіннен ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасау үшін пайдалану мақсатында жалған мәліметтер немесе түзетулер енгізуді қылмыстардың жиынтығы ретінде: қызметтік жалғандық және тиісті ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалу ретінде қарастыру қажет.
ҚК-нің 24-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
Қызметтік жалғандық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам ресми құжатқа жалған мәліметтер немесе оның нақты мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгізіп жатқанын сезінеді және осындай әрекеттерді жасауды қалайды. Субъективтік жақтың міндетті белгісі қылмыстың уәжі – өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру болып табылады.
Бұл кінәлі адам жоғарыда көрсетілген мақсаттарды көздемеген жағдайда қызметтік жалғандықтың өзі аяқталған қылмыс құрамын құра алмайтынын білдіреді. Пайда мен артықшылықтар материалдық та, материалдық емес те сипатта болуы мүмкін.
Материалдық пайда деп мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды түсінеміз. Оларды алу деп қылмыс субъектісіне жататын адамның өтеусіз көрсетілетін немесе ақысын төлеу талап етілетін әртүрлі қызметтерді қабылдауын не меншікке, құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізуге, санаторий немесе туристік жолдамалар, жол жүру билеттерін беруге, жеңілдікті шарттармен қарыздар немесе кредиттер ұсынуға және т.б. артықшылықты құқық беретін жеңілдіктерді заңсыз пайдалануын түсіну қажет.
Материалдық емес пайда мен артықшылықтар деп жұмыстың тиімділігін, оның көрсеткіштері мен нәтижелілігін жалған түрде жақсартуды және т.б. түсіну қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сыбайлас жемқорлықтың кейбір қылмыстарын қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес, мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды алу деп қылмыс субъектісіне жататын адамның тек өзі үшін ғана емес, басқа адамдар немесе ұйымдар үшін де өтеусіз көрсетілетін немесе ақысын төлеу талап етілетін әртүрлі қызметтерді қабылдауын не жеңілдіктерді заңсыз пайдалануын, құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізуді, санаторий немесе туристік жолдамалар, жол жүру билеттерін, жеңілдікті шарттармен қарыздар немесе кредиттер беруді және т.б. түсіну қажет.
Қылмыс субъектілері аталған фактілерді куәландыруға өкілеттіктер берілген адам, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам немесе лауазымды адам, олардың ұғымдары ҚК-нің 3-бабының 26), 27) және 28) тармақтарымен реттелетін тұлғалар, сондай-ақ құқық қорғау органының қызметкері болуы мүмкін. Аталған адамдардың белгілері мен олардың тізбесі ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемеде егжей-тегжейлі келтірілген.
Қызметтік жалғандықты лауазымды адам жасағаны белгісі бойынша дұрыс саралау үшін кінәлі адамның өкілеттіктерін ҚК-нің 3-бабының 5), 9) және 37) тармақтарында келтірілген билік өкілінің, ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функциялардың ұғымдарымен салыстырмалы талдау жүргізу қажет.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-1-бөлігі ҚК-нің 369-бабының 1-бөлігінде көрсетілген дәл сол әрекетті құқық қорғау органының қызметкері жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді (ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігінде осы қылмысты жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның жасауы саралаушы белгі ретінде көзделген (ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
Заң шығарушы түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінде осы қылмысты құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам немесе судья жасаған жағдайда жоғары қылмыстық жауаптылық белгіледі.
ҚК-нің 369-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатпайтын онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
ҚК-нің 369-бабының 2-1 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 369-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме. Авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Арыз Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нота Ереже Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ереже Жолдаулар