Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 374-бабына түсініктеме. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бұзу
1. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің қол сұғылмаушылық кепілдіктерін, оның ішінде мүлігінің, тұрғын және қызметтік үй-жайларының, жеке және қызметтік көлік құралдарының, хат-хабарларының, олар пайдаланатын байланыс құралдарының қол сұғылмаушылық кепілдіктерін, банктік құпия мен банк шоттарының қол сұғылмаушылығын, сондай-ақ оларға тиесілі құжаттардың қол сұғылмаушылығын кез келген нысанда бұзу –
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен кепілдік берілген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының саяси-құқықтық мәртебесін, артықшылықтары мен кепілдіктерін бұзудан, оның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің қол сұғылмаушылығына, оның ішінде мүлкінің, тұрғын және қызметтік үй-жайларының, жеке және қызметтік көлік құралдарының, хат-хабарларының, олар пайдаланатын байланыс құралдарының қол сұғылмаушылық кепілдіктеріне, банктік құпия мен банк шоттарының қол сұғылмаушылығына, сондай-ақ оларға тиесілі құжаттардың қол сұғылмаушылығына байланысты құқықтарды бұзудан көрінеді.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың заты болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі мүлік, тұрғын үй және қызметтік көлік құралдары, хат-хабарлар, олар пайдаланатын байланыс құралдары, банктік құпия және банк шоттары, сондай-ақ оларға тиесілі құжаттар танылуы мүмкін.
ҚК-нің 374-бабында көзделген қылмыстың объективтік жағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің қол сұғылмаушылық кепілдіктерін, оның ішінде мүлкінің, тұрғын және қызметтік үй-жайларының, жеке және қызметтік көлік құралдарының, хат-хабарларының, олар пайдаланатын байланыс құралдарының қол сұғылмаушылық кепілдіктерін, банктік құпия мен банк шоттарының қол сұғылмаушылығын, сондай-ақ оларға тиесілі құжаттардың қол сұғылмаушылығын кез келген нысанда бұзудан тұрады.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қол сұғылмаушылық құқығына ие. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде жасаған әрекеттері үшін, ал өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Ол ұстап алуға, қамауға алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, жауап алуға немесе жеке басын тексеруге жатпайды.
Қол сұғылмаушылық Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, хат-хабарларға, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Қол сұғылмаушылық Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік құпиясы мен банк шоттарының қол сұғылмаушылығына кепілдік беріледі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бұзу деп аталған адамдардың жеке бас бостандығына (заңсыз қамауға алу, ұстап алу, заңсыз тінту жүргізу және т.б.), тәндік (ұрып-соғу, азаптау, эксперименттер жүргізу және т.б.), психологиялық (бопсалау, қорқыту, қоқан-лоқы көрсету) қол сұғылмаушылығына кез келген қол сұғушылықты түсіну қажет.
Қызметтік үй-жайлар – персоналды орналастыруға және демалтуға арналған бөлмелер, бөлімшелер. Сонымен қатар, бұл санатқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және (немесе) оның отбасы мүшелерінің жабдықтары, құрал-саймандары, жеке заттары орналасқан кабинеттер мен бөлімдер жатады. Қызметтік үй-жайларға сондай-ақ аталған адамдардың мемлекеттік лауазымға тағайындалуына не мемлекеттік билік органдарына немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланбалы лауазымдарға сайлануына байланысты Елбасы және (немесе) оның отбасы мүшелері тұруға арналған үй-жайлар да жатады.
Жеке көлік деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының немесе оның отбасы мүшесінің атына тіркелген не аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негізде (сенімхат, өтеусіз пайдалану, жалға алу және т.б.) пайдаланатын жеке мақсаттағы көлік құралын (теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельсті көлік) түсіну қажет.
Қызметтік көлік – мемлекетке немесе компанияға тиесілі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының немесе оның отбасы мүшесінің уақытша не тұрақты пайдалануында болатын көлік.
Мүліктің, тұрғын және қызметтік үй-жайлардың, жеке және қызметтік көлік құралдарының қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бұзу деп оларға заңсыз кіруді, тінтуді, алып қоюды түсіну қажет.
Хат-хабарлар – хаттар арқылы жүзеге асырылатын қарым-қатынас. Хат алмасу мессенджерлердің – интернет арқылы хабарламалармен жедел алмасуға арналған бағдарламалардың (қосымшалардың), электрондық пошта арқылы электрондық хат алмасудың, сондай-ақ пошта хаттарының көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін.
Байланыс құралдары – электр байланысы хабарламаларын немесе пошта жөнелтілімдерін қалыптастыру, қабылдау, өңдеу, сақтау және жеткізу үшін пайдаланылатын техникалық және бағдарламалық құралдардың жиынтығы.
Хат-хабарлардың, пайдаланылатын байланыс құралдарының қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бұзу деп пошта корреспонденциясына заңсыз тыйым салуды, телефон арқылы сөйлесулерді тыңдауды, мессенджерлердегі хабарламаларды қарауды және т.б. түсіну қажет.
Банктік құпия – банктер мен өзге де кредиттік ұйымдар өз клиенттері мен корреспонденттерінің салымдары мен шоттары туралы мәліметтерді, шоттар бойынша банктік операциялар мен клиенттің мүддесі үшін жасалған мәмілелер туралы ақпаратты, сондай-ақ жария етілуі клиенттердің жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын бұзуы мүмкін мәліметтерді қорғайтын құқықтық қағидат.
Тарату процесіндегі банктен берілген кредиттер туралы мәліметтер банктік құпияға жатпайды.
Банк шоты – банктің заңды немесе жеке тұлғаларға қолма-қол ақшасыз ақша айналымына қатысуы және қолма-қол ақшасыз ақша қаражатын шотта жинақтап, оны нысаналы мақсатта пайдалануы үшін ашатын шоты.
Банктік құпия мен банк шоттарының қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бұзу деп банк шоттарына заңсыз тыйым салуды түсіну қажет.
Құжат – оны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар материалдық жеткізгіште тіркелген ақпарат. Бұл ұғымның өзге де анықтамалары бар. Мәселен, құжат деп жеке тұлғалар мен ұйымдар қызметін немесе міндеттемелерін растау мақсатында сақтайтын ақпаратты айтуға болады.
Құжат жазбаша, мәтіндік, қолжазба, машинкамен басылған, электрондық, бейнелік ақпаратты қамтуы мүмкін. Бұл бейнеқұжат, аудиоқұжат, фотосурет құжаты, сондай-ақ түпнұсқа және қаралама құжат болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі құжаттардың қол сұғылмаушылығын бұзу деп оларды заңсыз алып қоюды түсіну қажет.
Қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қылмысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің қол сұғылмаушылығы бұзылған сәттен бастап аяқталған деп есептеу қажет.
ҚК-нің 374-бабында көзделген қылмыстың субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады, яғни кінәлі адам Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің қол сұғылмаушылық кепілдіктерін заңда белгіленген тәртіппен бұзып отырғанын сезінеді және мұны қалайды.
Себеп пен мақсат қылмысты саралауға әсер етпейді. Себептер әртүрлі болуы мүмкін және жаза тағайындау кезінде ескерілуге тиіс.
Талданып отырған қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 374-бабында көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар