Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67-бабына түсініктеме. Процестік келісімнің талаптарын орындаған кезде қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережесі кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адамның он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайларын қоспағанда.
ҚР ҚПК-нің 7-бабының 37) тармағына сәйкес, процестік келісім — бұл ҚПК-де көзделген тәртіппен және негіздер бойынша қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы не сотталған адам арасында жасалатын келісім.
ҚПК-нің 612-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жасалған процестік келісім шеңберінде қылмыстық істерді тергеп-тексеру:
кінәні мойындау туралы мәміле нысанында — онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар немесе ауыр қылмыстар бойынша — күдіктінің, айыпталушының күдікпен, айыптаумен келісуі жағдайында;
ынтымақтастық туралы келісім нысанында — қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, басқа адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдесу кезінде қылмыстардың барлық санаттары бойынша жүргізіледі.
Кінәні мойындау туралы мәміле мен ынтымақтастық туралы келісім қылмыстық процестің міндеттері мен мақсаттарын ұтымды шешуге ықпал етуге арналған, сондай-ақ қылмыс жасаған адамдардың қажеттіліктері мен мүдделеріне жауап береді. Бұл ретте процестік жұмыстың көлемі едәуір азаяды.
Кінәні мойындау туралы мәмілеге онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар не олардың жиынтығы бойынша жол беріледі. Демек, кінәні мойындау туралы мәмілеге қылмыстық теріс қылықтар туралы және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша жол берілмейді. Мұндай мәміленің міндетті шарты күдіктінің, айыпталушының күдікпен, айыптаумен келісуі болып табылады (ҚПК-нің 612-бабы 1-бөлігінің 1) тармағы).
Кінәні мойындау туралы мәміледен айырмашылығы, ынтымақтастық туралы келісімнің негізінде белсенді өкінудің бір нысаны — қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, басқа адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдесу қолданылады (ҚПК-нің 612-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы).
Процестік келісім оның нысанына қарамастан, қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыс жасағаннан кейін психикасының бұзылуымен ауырған адамдармен жасалмайтынын ескеру қажет (ҚПК-нің 612-бабының 2-бөлігі).
Процестік келісім жасасу жәбірленуші деп танылған адамдар мен азаматтық талап қоюшы алдында адамның азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босатылуына негіз болып табылмайды (ҚПК-нің 612-бабының 3-бөлігі).
Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім мынадай шарттар болған кезде жасалуы мүмкін:
күдіктінің, айыпталушының процестік келісім жасасуға өз еркімен ниет білдіруі;
күдікті, айыпталушы күдікті, айыптауды және іс бойынша қылмыс жасағанын растайтын қолда бар дәлелдемелерді, сондай-ақ өздері келтірген зиянның сипаты мен мөлшерін дауламайды. Егер бұл адамдардың күдіктің, айыптаудың негізіне алынған дәлелдемелердің қатыстылығына, жол берілетіндігіне, анықтығына және жеткіліктілігіне қатысты негізді қарсылықтары болса, онда іс бойынша мәміле жасасу туралы сөз қозғауға болмайды. Күдікті, айыпталушы өздері келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне келіспеген жағдайларда да кінәні мойындау туралы мәміле жасасуға болмайды;
жәбірленушінің процестік келісім жасасуға келісімі. Жәбірленушінің келісімінсіз мәміле жасасуға болмайды. Егер іс бойынша бірнеше жәбірленуші болса, олардың әрқайсысының жеке-жеке келісімі талап етіледі және бұл процестік немесе тергеу әрекетінің хаттамасында тиісті түрде тіркелуге тиіс.
Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім қылмысты толық әрі уақтылы тергеп-тексеру мақсатында прокурор мен онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс жасаған адам арасында жасалады. Осы келісім шеңберінде тараптар белгіленген мерзімде орындалуға тиіс белгілі бір міндеттемелерді өздеріне алады. Мысалы, күдікті, айыпталушы процестік келісім жасалғаннан кейін қорғаушысы арқылы орындауға міндеттенетін әрекеттер. Олар сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісімнен бас тартуға құқылы (ҚПК-нің 614-бабының 2-бөлігі).
Күдікті, айыпталушы қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудің кез келген сәтінде кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтінішхат беруге құқылы. Процестік келісім прокурордың бастамасы бойынша да жасалуы мүмкін (ҚПК-нің 615-бабының 1-бөлігі).
Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша кінәні мойындау туралы келісім жасасу заңда көзделмеген. ҚР Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі «Соттардың қылмыстық істерді келісімдік іс жүргізуде қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес, адам қылмыстық теріс қылық және кінәні мойындау туралы келісім жасалатын қылмыс жасаған кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы олар бойынша істерді біріктірмеуге тиіс, өйткені қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша іс жүргізу сотқа дейінгі тергеп-тексерудің хаттамалық нысанында жүзеге асырылады, ал процестік келісім шеңберіндегі қылмыс туралы іс бойынша іс жүргізу ҚПК-нің 63-тарауында көзделген қағидаларға сәйкес жүргізіледі.
Адам қылмыстық теріс қылық және кінәні мойындау туралы келісімге қол жеткізілмеген және жасалмаған қылмыс жасаған кезде, ҚПК-нің 526-бабының 4-бөлігіне сәйкес, олар бойынша қылмыстық істер анықтау не алдын ала тергеу нысанында бірыңғай іс жүргізуге біріктірілуі мүмкін (ЖС НҚ-ның 5-тармағы).
Кінәні мойындау туралы келісімде сот сотталушыға жазаның белгілі бір түрі мен мөлшерін тағайындауға тиіс деген шарт болмауға тиіс, ал ҚПК-нің 616-бабы 1-бөлігінің 8) тармағына сәйкес, онда прокурордың сот алдында сұрайтын жазаның түрі мен мөлшері көрсетілуге тиіс.
Кінәні мойындау туралы келісім жасасу кезінде прокурор оны жасасудың шарты ретінде күдіктінің, айыпталушының өз кінәсін мойындауын талап етуге құқылы емес. ҚПК-нің 613-бабының 2) тармағына сәйкес, кінәні мойындау туралы келісімде күдіктінің, айыпталушының күдікті, айыптауды және іс бойынша қылмыс жасағанын растайтын қолда бар дәлелдемелерді, сондай-ақ өздері келтірген зиянның сипаты мен мөлшерін дауламайтыны туралы көрсету жеткілікті болып табылады.
Егер кінәні мойындау туралы келісімде алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж деп танылған сотталған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау туралы шарт болмаса, бұл мәжбүрлеу шарасын сот өз бастамасы бойынша тағайындай алмайды. Мұндай жағдайда сот ҚПК-нің 623-бабы 1-бөлігінің 3) тармағы немесе ҚПК-нің 626-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы негізінде жаңа келісім жасасу үшін қылмыстық істі прокурорға қайтаруға құқылы (ЖС НҚ-ның 16-тармағы).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 23-тармағына сәйкес, сот келісімдік іс жүргізудің нәтижелері бойынша сотталған адамға прокурордың кінәні мойындау туралы келісімге сәйкес сот алдында сұрайтын жазаның түрі мен мөлшерінен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға да, сондай-ақ процестік келісімде көрсетілген жазаның түрі мен мөлшеріне келіспеуіне байланысты жаңа келісім жасасу мүмкіндігін бере отырып, істі прокурорға қайтаруға да құқылы.
ҚПК-нің 618–621-баптарында ҚПК-нің 612-бабы 1-бөлігінің 2) тармағында көрсетілген процестік келісімнің екінші нысаны — ынтымақтастық туралы процестік келісім мәселелері реттеледі. Атап айтқанда, ҚПК-нің 612-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына және 619-бабына сәйкес, күдікті, айыпталушы, сотталушы және сотталған адам қылмыстық процесті жүргізетін органға немесе прокурорға ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
Күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен ынтымақтастық туралы процестік келісімді тиісінше облыс прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адаммен — Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның орынбасары бекітеді (ҚПК-нің 618-бабының 2-бөлігі).
Ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап үкімді орындау сатысына дейін қоса алғанда берілуі мүмкін (ҚПК-нің 618-бабының 3-бөлігі).
ҚПК-нің «Ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу тәртібі» атты 619-бабына сәйкес, ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты күдікті, айыпталушы, сотталушы және сотталған адам жазбаша түрде береді және оған міндетті түрде қорғаушы қол қояды (1-бөлік). Егер қорғаушыны күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе сотталған адам өзі, оның заңды өкілі не күдіктінің, айыпталушының, сотталушының немесе сотталған адамның тапсырмасы бойынша басқа адамдар шақырмаса, онда қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган не жазаны орындайтын мекеме немесе орган қамтамасыз етеді (2-бөлік).
Ынтымақтастық туралы процестік келісім прокурор мен күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның арасында олардың қорғаушыларының қатысуымен ҚПК-нің 615-бабы 3-бөлігінің 2) тармағында, 616-бабы 1-бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында, 2-бөлігінде көзделген талаптарды сақтай отырып жасалады. Қажет болған жағдайда, оның құпиялылығын ҚПК-нің 47-бабының қағидалары бойынша сақтай отырып және ҚПК-нің 12-тарауына сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, тиісінше облыс прокурорына немесе оған теңестірілген прокурорға, олардың орынбасарларына, ал сотталған адаммен жасалған келісім Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына не оның орынбасарына бекітуге жіберіледі (6-бөлік).
Облыс прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары — күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты, ал сотталған адамға қатысты Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның орынбасары бекітуге келіп түскен ынтымақтастық туралы процестік келісімді зерделейді, ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасудың заңдық және нақты негіздерін тексереді. Бұдан басқа, өтінішхатпен жүгінген адамдардың азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас түрлеріне немесе жазалауға ұшырамағанын, ынтымақтастық туралы процестік келісімді өз еркімен жасасқанын және оның құқықтық салдарын, сондай-ақ істің мән-жайларын түсінетінін анықтайды. Зерделеу қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіту немесе оны бекітуден бас тарту туралы қаулы шығарады (ҚПК-нің 620-бабы).
Көрсетілген тұлғалар ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіткен жағдайда, ынтымақтастық туралы процестік келісімге қол қойған прокурор келісімнің мәні болып табылатын қылмыстарды ашуды және кінәлі адамдарды әшкерелеуді ұйымдастыру жөнінде дереу шаралар қабылдайды, сондай-ақ ҚПК-нің 153-бабында көзделген тәртіппен күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту қажеттілігі туралы мәселені қарайды.
Егер ынтымақтастық туралы процестік келісімнің мәніне жататын қылмыстарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның жәрдемдесуі нәтижесінде аса ауыр қылмыстарды, қылмыстық топ құрамында қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды жасаған адамдар әшкереленсе және кінәлі адамдарға қатысты айыптау үкімі шығарылса, прокурор ынтымақтастық туралы процестік келісімнің талаптарын орындау жөнінде шаралар қабылдайды.
Ынтымақтастық туралы келісім жасасқан және оның талаптарын орындаған сотталған адамға қатысты прокурор ҚПК-нің 476–478-баптарына сәйкес сотқа өтінішхатпен жүгінеді (ҚПК-нің 621-бабы). Бұл заңнамалық ереже Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында да бекітілген. Атап айтқанда, «Соттардың қылмыстық істерді келісімдік іс жүргізуде қарау практикасы туралы» нормативтік қаулының 30-тармағында: «Келісімдік іс жүргізуде сотқа кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісіммен келіп түскен қылмыстық істер, сондай-ақ кінәні мойындау туралы келісім басты сот талқылауы барысында немесе істі апелляциялық іс жүргізуде қарау кезінде жасалған істер қаралады», — деп атап көрсетілген.
Ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасқан және оның талаптарын орындаған сотталған адамға қатысты прокурордың өтінішхаты бар іс келісімдік іс жүргізуде қаралуға жатпайды, ол ҚПК-нің 476, 477 және 478-баптарына сәйкес үкімді орындау тәртібімен қаралуға тиіс. Осы Қаулының 25-тармағында: «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67-бабын келісімдік іс жүргізуде қаралатын істі қарау кезінде қолдануға жол берілмейді, өйткені бұл норма ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасқан және келісімнің барлық талаптарын орындаған адамға ғана қолданылады», — деп көрсетілген.
Сонымен бірге құқық қолдану практикасында қылмыстық жауаптылықтан босатудың жекелеген түрлерін ажырату кезінде қиындықтар туындайтынын атап өткен жөн, ең алдымен, белсенді өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды (ҚК-нің 65-бабы) процестік келісімді орындаған кезде қылмыстық жауаптылықтан босатудан (ҚК-нің 67-бабы) ажырату туралы сөз болып отыр, өйткені өкіну мен қылмысты ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдесу белгілері қылмыстық жауаптылықтан босатудың екі түріне де тән.
Кінәні мойындау туралы келісім (ағылшын тілінен Plea bargain) — заңмен рұқсат етілген, айыпталушы мен қорғаушының айыптаушымен жасасатын жазбаша мәмілесі, онда көбінесе айыпталушының (сотталушының) өз кінәсін мойындауының орнына айыптаушы істің мән-жайларын шындықты анықтауға мүмкіндік беретін жан-жақты зерттеуден бас тартады, сондай-ақ неғұрлым ауыр қылмыс бойынша айыптауды қолдаудан бас тартады. Кінәні мойындау туралы келісім АҚШ-та, Англияда және Уэльсте, Үндістанда, Италияда, Ресейде, Францияда, Эстонияда, Израильде, Грузияда қолданылады.
Белсенді өкіну институты мен кінәні мойындау туралы келісімдердің арасында ұқсастық бар: англо-америкалық құқықта мұндай келісімдерді жасасу айыпталушының қылмыстан кейінгі оң мінез-құлқын, яғни оның белсенді өкінуін есепке алудың бір нысаны болып табылады.
Бұл институттардың елеулі айырмашылықтары да бар. Белсенді өкіну тараптарға (айыптау мен қорғауға) даудың нысанасына билік етуге мүмкіндік беретін заңдық акт болып табылмайды, керісінше, ол іс-әрекеттің, айыпталушы тұлғасының қоғамдық қауіптілік дәрежесін төмендететін мән-жай болып табылады және мемлекеттік органдарға оны қылмыстық қудалаудан бас тартуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босату мемлекеттің ізгілік танытуының көрінісі болып табылады.
Заң бойынша адамның белсенді өкінуін тану шарттарының бірі кінәсін өз еркімен мойындап келуі болып табылады, бұл ретте адам күдікті немесе айыпталушы ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылғаннан кейін жасаған «шын жүректен мойындауы» кінәсін өз еркімен мойындап келу деп танылмайды. Кінәсін өз еркімен мойындап келудің болуы адам ҚК-нің Ерекше бөлімінде көзделген арнайы негіздердің бірі бойынша жауаптылықтан босатылған жағдайда ғана талап етілмейді. Ал кінәні мойындау туралы мәмілелерді қылмыстық іс бойынша үкім шығарылғанға дейін кез келген уақытта, тіпті бастапқыда айыпталушы өз кінәсін мойындамаған болса да, жасасуға болады. Қылмыстық процесс ғылымында кінәні мойындау туралы мәмілелер іс жүзінде мемлекеттің қылмыстық процесте объективті шындықты анықтаудан бас тартуымен байланысты деген пікір айтылған. Мұндай келісімдерді жасасу кезінде прокурор мен айыпталушы тергеу барысында анықталған және дәлелдемелермен расталған іс мән-жайларын есепке алмауға уағдаласады; ал белсенді өкіну кезінде керісінше жағдай орын алады: тергеу қылмысты ашуға және дұрыс саралауға, оның барлық мән-жайларын дәлелдемелермен растауға тиіс, ал кінә қандай да бір саудаласу элементтерінсіз тек толық көлемде ғана мойындалуы мүмкін.
ҚК-нің 67-бабын енгізу мақсаты туралы айтқанда, оның ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа, экстремистік және террористік қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау, неғұрлым күрделі қылмыстық істерді тиімді тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін құқықтық база құруды көздейтінін атап өткен жөн.
ҚК-нің 65-бабы мен ҚПК-нің 612-бабының мағынасындағы кінәні мойындаудың айырмашылығы ҚК-нің 65-бабының қолданылуы қылмыстық теріс қылық жасаған не қылмысты алғаш рет жасаған адамға қатысты таралатынында да. Яғни қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасау қылмыстық жауаптылықтан босатудың міндетті шарты болып табылады. Кінәні мойындау туралы мәміле үшін қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасау міндетті шарт болып табылмайды. Ол бірнеше рет жасалуы мүмкін. Оның үстіне, ҚК-нің 65-бабының қолданылуы ҚК-нің 65-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды қоспағанда, қылмыстардың барлық санаттарына таралады. Кінәні мойындау туралы мәміле онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар бойынша жасалады. Демек, кінәні мойындау туралы мәміле қылмыстық теріс қылықтарға және аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Бұдан басқа, кінәні мойындау туралы мәміле күдіктінің, айыпталушының күдікпен, айыптаумен келісуі және жәбірленушінің процестік келісім жасасуға келісімі болған жағдайда жасалады. Бұл шарттар белсенді өкінуге қолданылмайды.
ҚК-нің 65-бабы мен ҚК-нің 67-бабының айырмашылығы. Белсенді өкіну кезінде адамның өзі алғаш рет жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдесуі туралы сөз болады, ал ынтымақтастық туралы келісім кезінде — қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, басқа адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдесу жағдайында қылмыстардың барлық санаттары бойынша сөз болады.
Басқа сыбайлас қатысушыларды әшкерелеуге және қылмыстық қудалауға жәрдемдесуді кең мағынада түсіндіру қажет: тек айыпталушыға тағылған қылмыс бойынша сыбайлас қатысушылар ғана емес, сонымен қатар айыпталушы қылмыстық қызметі туралы білетін басқа адамдар да қамтылады.
Белсенді өкіну қылмыстық-құқықтық даудың нысанасына, былайша айтқанда, ішкі бағытталса, ынтымақтастық туралы келісім ішкі бағытталумен қатар, қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаннан кейін айыпталушы мен мемлекет арасында туындаған қылмыстық-құқықтық қатынастың нысанасынан тыс бағытталатынын да ескеру қажет.
Егер белсенді өкіну айыпталушының өзі жасаған іс-әрекетінің шеңберімен шектелсе, онда ынтымақтастық туралы келісім, негізінен, осы қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа сыбайлас қатысушылары жасаған қылмыстарды ашуға, тергеп-тексеруге, сондай-ақ басқа адамдар жасаған, экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға, тергеп-тексеруге жәрдем алуға бағытталып жасалады. Жасалған ынтымақтастық туралы келісімнің арқасында қылмыстық қудалау тек айыпталушының өзіне ғана емес, сонымен қатар басқа да кінәлі адамдарға қарсы жүзеге асырылады.
Ынтымақтастықтың тағы бір дербес бағыты айыпталушының өзі де, басқа адамдар да қылмыстық жолмен алған мүлікті іздестіруге жәрдем көрсетуі болуы мүмкін. Ынтымақтастық туралы келісімнің белсенді өкінуден немесе кінәні мойындаудан айырмашылығы — айыпталушы тек өзіне тағылған қылмыстық құқық бұзушылыққа ғана емес, басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысты құқық қорғау және арнаулы органдармен ынтымақтасуға бағытталған оң сипаттағы, қылмыстан кейінгі әрекеттерді жасауға міндеттенеді, бұл ретте мемлекет тарапынан оған неғұрлым елеулі құқықтық көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкін.
Жалпы алғанда, кінәні мойындау туралы мәміле нысанында да, ынтымақтастық туралы келісім нысанында да процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігіне сәйкес, баптың 1-бөлігінің ережесі кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адамның он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайларын қоспағанда.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың тізбесі ҚК-нің 3-бабының 42) тармағында берілген (ҚК-нің 3-бабына түсініктемені қараңыз).
Сонымен бірге заң шығарушы кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адамның он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайында процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған адамды (түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігі) қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігіне жол береді.
**Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилұлы Борчашвили авторлығымен.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік қаулы Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заң қызметі Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар