Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 38-бабына түсініктеме. Қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды өтетуге құқығы бар адамдар
1. Заңсыз ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамаққа алу, лауазымынан уақытша шеттету, арнаулы медициналық ұйымға орналастыру, соттау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану нәтижесінде адамға келтірілген зиян қылмыстық процесті жүргізетін органның кінәсіне қарамастан, бюджет қаражаты есебінен толық көлемде өтеледі.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін органның тиісті заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды өтету құқығы:
1) осы Кодекстің 37-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға;
2) егер осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлігінде көзделген мән-жайлар болмағанына қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайлар анықталған кезден бастап тоқтатылмаған болса, осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша өздеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылуға жататын адамдарға;
3) егер осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайлар анықталған кезден бастап қылмыстық іс тоқтатылуға тиіс болған, бірақ мұндай адамдардың қылмыстық істі тоқтатуға келісім бергеніне қарамастан, қылмыстық қудалау заңсыз түрде жалғастырылған болса, өздеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылуға тиіс адамдарға;
4) бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін бабына жасалған әрекеттің саралануы өзгертілген, оған күдіктену немесе айыптау кезінде осы Кодекске сәйкес ұстап алуға немесе күзетпен ұстауға жол берілмейтін жағдайларда, не осы бап бойынша жаңа, неғұрлым жеңіл жаза тағайындалған немесе айыптаудың бір бөлігі алынып тасталып, осыған байланысты жаза төмендетілген, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын немесе тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы заңсыз сот шешімі күшін жойған жағдайларда қамауға, бас бостандығынан айыруға сотталған, ұстап алынған немесе күзетпен ұсталған адамға. Нақты өтелген қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру мерзімі кінәлі жасаған әрекет қайта сараланған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бабында көзделген қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның ең жоғары мөлшерінен асатын бөлігінде заңсыз өтелген болып есептеледі;
5) заңды негізсіз белгіленген мерзімнен артық күзетпен ұсталған, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында өзге де кез келген процестік мәжбүрлеу шараларына заңсыз ұшыраған адамға;
6) өзіне қатысты кейіннен сот тәртібімен заңсыз деп танылған жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адамға беріледі.
3. Азамат қайтыс болған жағдайда зиянды өтету құқығы белгіленген тәртіппен оның мұрагерлеріне, ал төленуі тоқтатыла тұрған зейнетақылар мен жәрдемақыларды алу бөлігінде асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етілетін адамдар қатарына жататын отбасы мүшелеріне өтеді.
4. Егер адамның сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында өз еркімен өзін-өзі айыптауы арқылы ақиқатты анықтауға кедергі келтіргені және осылайша осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген салдардың туындауына ықпал еткені дәлелденсе, оған келтірілген зиян өтелуге жатпайды.
5. Осы баптың екінші бөлігінің 3) тармағында көрсетілген мән-жайлар болмаған кезде, осы баптың қағидалары адамға қатысты қолданылған процестік мәжбүрлеу шараларының немесе шығарылған айыптау үкімінің рақымшылық немесе кешірім жасау актілерінің шығарылуына, ескіру мерзімдерінің өтуіне, қылмыстық жауаптылықты жоятын немесе жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты күші жойылған немесе өзгертілген жағдайларға қолданылмайды.
6. Өзге мән-жайлар зиянды өтетуге негіз болып табылмайды.
Ескерту. 38-бапқа Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI Заңымен өзгерістер енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 Нормативтік қаулысының түсіндірмесіне сәйкес, ҚПК-нің 38-бабында көрсетілген қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды өтетуге құқығы бар адамдардың тізбесі түпкілікті болып табылады. Іс бойынша сот ісін жүргізуге қатысқан басқа адамдарға (куәларға, куәгерлерге, аудармашыларға және т.б.) келтірілген зиянды өтеу мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешілуге жатады (3-тармақ).
ҚПК-нің 38-бабының 1-бөлігінің мағынасында қылмыстық процесті жүргізетін органның кінәсіне қарамастан, республикалық бюджет қаражаты есебінен тікелей зиянды толық көлемде өтеу олардың жекелеген процестік мәжбүрлеу шараларын (ҚПК-нің 128—135, 136—140, 146—153-баптары), арнаулы медициналық мекемеге орналастыруды (ҚПК-нің 14-бабының 2-бөлігі, 279-бабы), есі дұрыс емес адамдарға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын (ҚПК-нің 509—524-баптары), соттауды заңсыз қолдану жағдайларына қатысты. Көрсетілген жағдайлардың барлығында анықтаушылар, тергеушілер, прокурорлар, судьялар іс бойынша жалпы іс жүргізу үшін немесе нақты процестік әрекетті жүзеге асыру және тиісті процестік шешім қабылдау үшін ҚПК нормаларында белгіленген талаптардан, шарттардан, негіздерден, дәйектіліктен және тәртіптен елеулі түрде ауытқуға жол береді.
Тікелей зияннан басқа, зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан, азаматқа мемлекеттік қазына (республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты) есебінен моральдық зиян да өтелуі мүмкін. Бұл ретте мемлекеттік қазына (республикалық немесе жергілікті бюджет) есебінен моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюлар бойынша жауапкер мемлекет болып табылады және бұл санаттағы істердің соттылығы мемлекеттік қазына өкілінің орналасқан жері бойынша айқындалуға тиіс. Мемлекеттік қазынаның өкілдері ретінде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі немесе мемлекеттік қазынаның мүдделерін білдіруге арнайы өкілеттіктері бар өзге де мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар немесе азаматтар болуы мүмкін. Соттар істердің осы санатын қарау кезінде мемлекеттік қазынаның нақты өкілін және тиісті бюджеттік бағдарламаның әкімшісін анықтап, оларды іске қатысуға тартуы қажет (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 «Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Нормативтік қаулысының 11—12-тармақтары).
3. ҚПК-нің 38-бабының 2-бөлігінің нормасын талдау қылмыстық процесті жүргізетін органдардың ҚПК-нің 35-бабындағы «Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар» туралы ережелерін қолданбауының барлық жағдайлары, егер қылмыс оқиғасының, қылмыс құрамының жоқтығы және өзге де мән-жайлардың бар екендігі дәлелденген кезде оларды тиісті түрде қолдану қажет болған болса, заңсыз процестік әрекеттер болып саналатынын көрсетеді. Ал мұндай құқық қолдану қылмыстық процесті жүргізетін органның міндеті емес, құқығы болған жағдайларда, күдіктілерге, айыпталушыларға, сотталушыларға, сотталғандарға осы құқықтарды пайдалануға немесе пайдаланбауға мүмкіндік беретін тиісті түсіндіруді қамтамасыз ету қажет. Мұндай шешімді қабылдаған кезде, Жоғарғы Сот түсіндіргендей, қылмыстық процесті жүргізетін орган ҚПК-нің 39-бабына сәйкес, негіздер болған жағдайда ақтау үкімінде немесе істі тоқтату туралы қаулыда, өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы қаулыда қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды өтету құқығын адамның мойындағанын көрсетуге тиіс (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 Нормативтік қаулысының 6-тармағы). Жоғарғы Соттың зиян мөлшерін есептеу және оны өтетуге құқығы бар адамдардың шеңберін анықтау зиян келтірілген кезде қолданыста болған заңға сәйкес жүзеге асырылатыны туралы түсіндірмесі де аса маңызды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін келтірілген зиянның мөлшері КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1981 жылғы 18 мамырдағы Жарлығымен бекітілген «Анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының азаматқа келтірген залалын өтеу тәртібі туралы» ережеде белгіленген қағидалар бойынша айқындалады.
ҚПК нормаларына сәйкес зиян мөлшерін анықтау кезінде қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әрекеттері заңсыз деп танылатын сәттер мен мерзімдерді айқындайтын мән-жайларға назар аудару қажет. Атап айтқанда, ҚПК-нің 38-бабы 2-бөлігінің 4) тармағына сәйкес, жасалған әрекеттің Қылмыстық кодекстің неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін бабына саралануы өзгертілген, оған күдіктену немесе айыптау кезінде ұстап алуға немесе күзетпен ұстауға жол берілмейтін жағдайларда, не осы бап бойынша неғұрлым жеңіл жаза тағайындалған немесе айыптаудың бір бөлігі алынып тасталып, осыған байланысты жаза төмендетілген, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын немесе тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы заңсыз сот шешімінің күші жойылған жағдайларда, ұстап алу немесе бұлтартпау шарасын қолдану арқылы күзетпен ұстауға байланысты, сондай-ақ қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны өтеу кезінде адамның қамауда болуы заңсыз деп танылуға тиіс. Бұл ретте күзетпен ұстаудың, қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны нақты өтеудің мерзімі кінәлі жасаған әрекет қайта сараланған Қылмыстық кодекстің бабында көзделген қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның ең жоғары мөлшерінен асатын бөлігінде заңсыз өтелген болып есептеледі. Егер қылмыстық құқық бұзушылық қайта сараланған Қылмыстық кодекстің бабы жаза ретінде қамауға алуды немесе бас бостандығынан айыруды көздемесе, онда күзетпен ұстау, қамауға алу және бас бостандығынан айыру мерзімдері көрсетілген Қылмыстық кодекстің бабында көзделген жазамен есепке жатқызылуы мүмкін болмайтын бөлігінде заңсыз өтелген болып есептеледі (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 Нормативтік қаулысының 12-тармағы).
Күзетпен ұстау мерзімдері, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізу барысында өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібі ҚПК-нің 151—153, 155—165-баптарымен реттеледі. Бұл ретте бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау мерзімдері және оны ұзарту тәртібі ҚПК-нің 151-бабында көзделген. Күзетпен ұстаудың осы мерзімдері мен оны ұзарту рәсімін бұзу қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері ретінде қарастырылады. Соттың санкциясынсыз адам жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ғана ұстап алынуы мүмкін (Конституцияның 16-бабының 2-тармағы, ҚПК-нің 128-бабының 5-бөлігі). Егер күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылмаса, оның күдікті ретінде қамауда болу мерзімдерінің ҚПК-де белгіленген шектен асуы да ҚПК нормаларын өрескел бұзу болып табылады (ҚПК-нің 131-бабының 4-бөлігі). Заңсыз деп танылуы мүмкін өзге де процестік мәжбүрлеу шараларына мыналарды қолдану кезіндегі процестік нысанды бұзу жатады: анықтаушыға, тергеушіге, сотқа келу туралы міндеттеме (ҚПК-нің 156-бабы); күштеп әкелу (ҚПК-нің 157-бабы); лауазымынан уақытша шеттету (ҚПК-нің 158-бабы); ақшалай өндіріп алу (ҚПК-нің 159—160-баптары); мүлікке тыйым салу (ҚПК-нің 161—164-баптары), жақындауға тыйым салу (ҚПК-нің 165-бабы).
ҚПК-нің 40-бабының 3-бөлігіне сәйкес, мүліктік зиянды өтеу туралы талаппен ҚПК-нің 38-бабының 2-бөлігінде көрсетілген адамдардың өздері де, олардың заңды өкілдері де жүгіне алады. ҚПК-нің 38-бабының 3-бөлігінде көзделген жағдайларда зиянды өтеу туралы талаппен мұрагерлер, сондай-ақ зейнетақы заңнамасына сәйкес асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар отбасы мүшелері де жүгіне алады (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 Нормативтік қаулысының 8-тармағы).
6. «Егер қандай да бір адам түпкілікті шешіммен қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталып, кейіннен оның үкімі сот қатесінің бар екенін сөзсіз дәлелдейтін қандай да бір жаңа немесе жаңадан анықталған мән-жайдың негізінде күшін жойса немесе оған кешірім жасалса, онда осы соттау нәтижесінде жазасын өтеген адам, егер көрсетілген белгісіз мән-жайдың сол кезде анықталмауы тек оның кінәсінен немесе ішінара оның кінәсінен болмағаны дәлелденбесе, заңға сәйкес өтемақы алады», — делінген Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабының 6-тармағында. Осыған байланысты ҚПК өзіне қатысты процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылған және т.б. жағдайларда өзін-өзі айыптаған адамға зиянды өтеу тәртібінің тәсілдерін регламенттейді. Жалпы қағида бойынша мұндай зиян өтелмейді. Алайда егер іс бойынша тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістерінің қолданылғаны немесе күдіктінің, айыпталушының, сотталушының өзін-өзі айыптауына немесе жалған айғақтар беруіне себеп болуы мүмкін басқа да заңдылықты бұзушылықтар анықталса, заңсыз соттау немесе қылмыстық процесті жүргізетін органдардың өзге де заңсыз әрекеттері нәтижесінде адамға келтірілген зиян өтелуге жатады (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 Нормативтік қаулысының 13-тармағы).
ҚПК-нің 38-бабының 5-бөлігінің қағидалары осы баптың 2-бөлігінің 3) тармағын қолдану ерекшеліктерін нақтылайды. Қылмыстық іс рақымшылық жасау, кешірім жасау актісінің қабылдануына, ескіру мерзімдерінің өтуіне, қылмыстық жауаптылықты жоятын немесе жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты тоқтатылған кезде, зиянды өтеу туралы талап тек адам осы негіздер бойынша істің тоқтатылуына келісім берген жағдайда, қылмыстық қудалауды тоқтату және процестік мәжбүрлеу шараларының күшін жою туралы шешім уақтылы қабылданбаған кезең үшін ғана қанағаттандырылуға жатады (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 Нормативтік қаулысының 14-тармағы).
Осылайша, ҚПК-нің 38-бабының нормалары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 Нормативтік қаулысында қамтылған түсіндірмелерді ескере отырып, бюджет қаражаты есебінен зиянды міндетті түрде өтеуге байланысты адамдардың және процестік жағдайлардың түпкілікті тізбесін реттейді. Барлық өзге де мән-жайлар зиянды өтеу туралы мәселе қоюға негіз бола алмайды, — бұл ҚПК-нің 38-бабының 6-бөлігінде бекітілген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы — Қоғам қайраткері Марат Чекишұлы Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік даулар Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар