Туыстық қатынастар фактісін сот тәртібімен анықтау
Азаматтық хал актілері жазбаларының қате болуына байланысты туыстық қатынастар фактісін анықтау туралы арыздарды қанағаттандыру жөнінде шешімдер қабылданатын жағдайлар кездеседі.
Б. сотқа туыстық қатынастар фактісін анықтау туралы арызбен жүгініп, туыстық қатынастар анықталмайынша мұраға құқық туралы куәлік ала алмайтынын, себебі аты-жөнінің жазылуында сәйкессіздіктер бар екенін көрсеткен.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл аудандық сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы шешімімен арыз қанағаттандырылған.
Сот арызданушыға мұра қалдырушымен туыстық қатынасты анықтау мүмкін болмағандықтан мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тартылғанын анықтаған. Сондай-ақ арызданушыға азаматтық хал актісі жазбасына түзетулер енгізуден де бас тартылған.
Қайтыс болу туралы куәлікте мұра қалдырушының аты «Р.» деп көрсетілсе, туу туралы куәлікте «Р.» деп көрсетілген. Сонымен қатар қайтыс болу туралы куәлікте әкесінің тегі «Б.» деп көрсетілген, ал туу туралы анықтамада «Б.» деп жазылған.
Бұл жағдайда сот туыстық қатынастар фактісін анықтау туралы арызды негізсіз қанағаттандырған. Негізінде арыз берушілерге ҚР Азаматтық процестік кодексінің 44-тарауына сәйкес азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыс еместігін анықтау туралы арызбен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілуі тиіс еді.
Жалпы ережелер
Нормативтік қаулының 1-тармағының талаптарына сәйкес, мұрагерлікке байланысты дауларды қарау кезінде соттар мұра ашылған күні қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алуы тиіс.
Мұрагерлік қатынастарды реттеудің бұрынғы тәртібіне қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң оның қолданысқа енгізілуінен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттерге қолданылады.
Бұған дейінгі қорытындылауда 1999 жылғы 1 шілдеден бастап, яғни Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) қолданысқа енгізілгеннен кейін мұраны қабылдаудың бұрын қолданылған тәртібі өзгергені түсіндірілген болатын.
1999 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болған Қазақ КСР Азаматтық кодексінің 542-бабына сәйкес мұраны иелену үшін мұрагер оны қабылдауға міндетті болған.
Мұрагер мұраны нақты иеленуге немесе басқаруға кіріскенде не мұра ашылған жердегі мемлекеттік нотариат кеңсесіне мұраны қабылдау туралы өтініш бергенде мұраны қабылдады деп танылған.
Аталған әрекеттер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде жасалуы тиіс болған.
1999 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) күшіне енгеннен кейін мұраны қабылдау қағидалары едәуір өзгерді. «Мұраны қабылдау презумпциясы» қолданысқа енгізілді, яғни мұрагер кейіннен мұрадан бас тартпаса, мұрагерлік құқығынан айырылмаса және оны мұрагер етіп тағайындау туралы өсиеттік өкім жарамсыз деп танылмаса, мұра ашылған сәттен бастап өзіне тиесілі мұраға құқық алатын болды.
2007 жылғы 3 ақпаннан бастап мұраны қабылдаудың бұрынғы тәртібі қайтадан қолданыла бастады («Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы және Ерекше бөлімдер) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заң).
Кейбір жағдайларда соттар істі қарау кезінде мұра ашылған күні қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алу қажеттігін ескермейді.
Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы шешімімен Г.В.В.-ның «Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне қарсы мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және оны мұраны қабылдаған деп тану туралы талабы қанағаттандырылған. Іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған.
Іс материалдары бойынша мұра қалдырушы Г.В.Н. 2000 жылғы 13 желтоқсанда қайтыс болған, яғни мұраны қабылдау презумпциясы қолданылған кезеңде қайтыс болғанына қарамастан, талапкер Ақтөбе нотариаттық округінің нотариусы К.-ға мұраға құқық туралы куәлік алу үшін жүгінген кезде оған мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алған деген негізбен бас тартылған.
Мұндай қателіктер жүйелі сипатқа ие. Кейбір нотариустардың заң талаптарын білмеуі азаматтардың соттарға негізсіз жүгінуіне әкеледі, ал соттар нотариустардың заңсыз әрекеттерінің жолын кеспей, азаматтардың құқықтарының одан әрі бұзылуына ықпал етеді.
Соттар мұрагерлер шеңбері де мұра ашылған кезде қолданыста болған заңнамаға сәйкес айқындалатынын білуі тиіс. Қазақ КСР Азаматтық кодексі қолданылған кезде мұрагерлердің тек үш кезегі болған. 1999 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Азаматтық кодексімен заң бойынша мұрагерлердің алты кезегі белгіленді, ал 2007 жылғы 3 ақпаннан бастап мұрагерлер шеңбері қайта өзгертілді.
1999 жылғы 1 шілде мен 2007 жылғы 3 ақпан аралығында Азаматтық кодексте мұрагерлік трансмиссия институты болмаған. 2007 жылғы 3 ақпаннан бастап ұсыну құқығы бойынша мұрагерлік ету қағидалары өзгертілді.
Осылайша, әртүрлі кезеңдерде бір мәселенің құқықтық реттелуі әртүрлі болғандықтан, соттар мұра ашылған кездегі қолданыста болған құқық нормаларын қолдануы тиіс.
Соттылық
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (АПК) сәйкес мұрагерлік құқықтық қатынастардан туындайтын азаматтық істердің соттылығы мынадай тәртіппен айқындалады.
АПК-нің 31-бабының 3-бөлігімен лайықсыз мұрагер деп тану, мұраны иесіз (мұрагерсіз) мүлік деп тану, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрадан бас тарту мерзімін ұзарту туралы талаптар бойынша істердің айрықша соттылығы белгіленген.
Аталған талаптар бойынша істер мұра ашылған жер бойынша қаралады.
Бұрынғы қорытындылауда Нормативтік қаулының 12-тармағы мен АПК-нің 31-бабы 3-бөлігінің арасындағы қайшылыққа байланысты мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талаптардың соттылығы мәселелері түсіндірілген болатын. Нормативтік қаулыға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін соттарға АПК нормаларын басшылыққа алу ұсынылған, яғни мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру немесе мұрадан бас тарту мерзімін ұзарту туралы талаптар мұра ашылған жердегі сотқа берілуге тиіс.
Азаматтық кодекстің 1043-бабына сәйкес мұра ашылған жер болып мұра қалдырушының соңғы тұрғылықты жері танылады, ал ол белгісіз болған жағдайда – мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан жері танылады.
Жетісу облысы Ақсу аудандық сотының 2024 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен А.Т.-ның О.-ға және басқа тұлғаларға қатысты мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап арызы осы сотқа соттылығы жоқ деген негізбен негізсіз қайтарылған. Сот талап арызды қайтару негізі ретінде қайтыс болған А.М.-ның Талдықорған қаласында тіркелгенін көрсеткен.
Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшін жойып, талап арыз сол сотқа қайта қарауға жіберілген.
Құқық қорғау және арнайы органдардың ақпараттық алмасу жүйесінің мәліметтеріне сәйкес А.М. тірі кезінде Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында тіркелген. Мұра қалдырушының соңғы тұрғылықты жері туралы осындай ақпаратты полиция органдары да ұсынған. Сонымен қатар А.М.-ның атына аталған мекенжайда тұрғын үй меншік құқығымен тіркелген.
АПК-нің 31-бабының 2-бөлігімен мұра қалдырушының кредиторларының мұрагерлерге немесе өсиетті орындаушыға (мұраны сенімгерлік басқарушыға) қоятын талаптары бойынша айрықша соттылық белгіленген. Мұндай талаптар осы баптың бірінші бөлігінде көзделген ережелерге сәйкес, яғни жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша қаралады.
Егер мұра құрамына жылжымалы мүлік (банктік салымдар, шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлес, кооперативтегі пай және т.б.) кірсе, онда кредиторлардың талаптарына жалпы соттылық қағидасы қолданылады, яғни жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралады.
АПК-нің 27-бабының 3-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған балалардың мұрагерлік құқықтарын қорғауға байланысты дауларды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды.
Кейбір жағдайларда соттар істерді негізсіз түрде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттарға жолдайды.
Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 2 қазандағы ұйғарымымен И.-дің А.-ға қарсы мұрадан бас тарту туралы өтінішті заңсыз деп тану және мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп тану туралы талабы Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілген. Бұған жауапкердің талапкер алдындағы кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алимент бойынша берешегінің болуы негіз ретінде көрсетілген.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіспей, ұйғарымның күшін жойып, істі мәні бойынша қарау үшін сол сотқа қайтарған. Алқа бұл талаптың мұра қалдырушының мұрагерлері болып табылмайтын кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін берілмегенін көрсеткен.
Жалпы соттылық қағидасы (жауапкердің орналасқан жері бойынша) мұрагерлік құқықтардан туындайтын өзге де барлық істерге қолданылады (өсиетті жарамсыз деп тану, мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп тану, жылжымайтын мүлікке құқық туралы куәліктерді қоспағанда және т.б.).
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы ұйғарымымен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық соттың 2025 жылғы 16 қаңтардағы ұйғарымының күші жойылған. Аталған ұйғарыммен ЖШС-нің С. мен Ф.-ға қарсы заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп тану туралы талабы қайтарылған болатын.
Талап арызды қайтару кезінде бірінші сатыдағы сот талапкердің заңды тұлға екендігін, ал жауапкер С.-ның жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін, дау фермер қожалығындағы ортақ үлестік меншіктегі үлеске қатысты туындағанын негізге алып, мұны корпоративтік дау деп бағалап, істі мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың соттылығына жатқызған.
Сот алқасы бұл қорытындыларды негізсіз деп танып, С.-ның ЖШС немесе фермер қожалығының қатысушысы, сондай-ақ олардың басшысы немесе бұрынғы басшысы болып табылмайтынын көрсетті. Сондықтан даудың корпоративтік сипатта екендігі туралы тұжырым АПК-нің 27-бабының мазмұнына қайшы келеді. С.-ның жеке кәсіпкер мәртебесі істі экономикалық соттың соттылығына жатқызуға негіз бола алмайды, себебі ЖШС-нің талабы жеке тұлға болып табылатын жауапкердің құқық белгілейтін құжатын даулауға байланысты қойылған.
АПК-нің 307-бабына сәйкес заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арыз өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша беріледі. Жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оған билік етуді растайтын құжаттардың бар екендігі фактісін анықтау туралы арыздар ғана жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа беріледі.
Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы шешімімен Л.Т.-ның мұра ашылған жердің заңдық фактісін анықтау туралы арызы қанағаттандырылған. 1999 жылғы 24 қазанда қайтыс болған Л.С.-дан кейін ашылған мұраның ашылу орны ретінде Тараз қаласы белгіленген.
Сотқа жүгінуге нотариус С.-ның 2024 жылғы 11 қазандағы қаулысы негіз болған. Аталған қаулымен өтініш берушіге жұбайы қайтыс болғаннан кейін мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тартылып, мұра ашылған жерді анықтау үшін сотқа жүгіну ұсынылған, себебі жұбайы мұра құрамына кіретін пәтер орналасқан Тараз қаласында тіркелмеген және тіркеуден шығарылған.
Бұл жағдайда нотариус мұраға құқық туралы куәлік беруден негізсіз бас тартқан. Себебі АК-нің 1043-бабына сәйкес мұра ашылған жер мұра қалдырушының соңғы тұрғылықты жері болып табылады, ал ол белгісіз болған жағдайда – мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан жері болып есептеледі. Сондықтан соттың арызды қанағаттандыруына құқықтық негіздер болмаған.
Алматы қаласында тұратын А. сотқа екі фактіні анықтау туралы арызбен жүгінген: әжесі У.-мен туыстық қатынаста болу фактісі және Ақтөбе облысының Хромтау қаласында У. қайтыс болғаннан кейін ашылған мұраны қабылдау фактісі.
Хромтау аудандық сотының 2024 жылғы 2 тамыздағы ұйғарымымен арыз АПК-нің 307-бабына сілтеме жасала отырып, соттылыққа жатпауы себебінен қайтарылған.
Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 31-бабының ережелеріне сүйене отырып, мұра қалдырушының жылжымайтын мүлкі бар екенін көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың ұйғарымының күшін жойған.
Кейіннен Хромтау аудандық сотының 2024 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен арыздың мұраны қабылдау фактісін анықтау бөлігіндегі талабы АПК-нің 279-бабының 8) тармақшасына сәйкес арыздың кері қайтарып алынуына байланысты қараусыз қалдырылған.
Соттың 2024 жылғы 28 қазандағы шешімімен А.-ның туыстық қатынастар фактісін анықтау туралы арызы қанағаттандырылған.
Ақтөбе облыстық сотының талдауында аталған істің Ақтөбе облысында аумақтық соттылық бойынша қаралуының заңдылығы туралы мәселе көтерілген. Себебі АПК-нің 307-бабына сәйкес заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арыз өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша беріледі. Тек жылжымайтын мүлікке иелік ету, пайдалану және (немесе) билік ету фактісін растайтын құжаттардың бар екендігін анықтау туралы арыздар ғана жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа беріледі.
Бұл жағдайда апелляциялық соттың ұстанымы дұрыс болып көрінеді, себебі бастапқы арызда АПК-нің 31-бабында көзделген айрықша соттылық қағидасы (жылжымайтын мүлікке қатысты мұраны қабылдау фактісін анықтау) ескерілуі тиіс еді.
Нормативтік-құқықтық база
Осы құқықтық қатынастарды реттейтін және қарастырылып отырған санаттағы істерді қарау кезінде қолданылуға жататын нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Кишинев конвенциясы;
- 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Минск конвенциясы және оған 1997 жылғы 28 наурыздағы хаттама;
- Қазақ КСР Азаматтық кодексі;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі;
- Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі;
- Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» заңы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 29 маусымдағы №5 «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 28 маусымдағы №13 «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығымен бекітілген Нотариустардың нотариаттық әрекеттер жасау қағидалары.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы