125-бап. Дәлелдемелердi бағалау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Әрбiр дәлелдеме – оның қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс.
2. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелерді осы Кодекстiң 25-бабына сәйкес заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi жиынтығымен жан-жақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өздерiнiң iшкi сенімі бойынша бағалайды.
3. Егер дәлелдеме осы iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың бар екендiгi туралы түйіндерді растайтын, теріске шығаратын немесе күмән туғызатын нақты деректердi бiлдiретiн болса, ол iске қатысты дәлелдеме деп танылады.
4. Егер дәлелдеме осы Кодексте белгiленген тәртiппен алынған болса, ол жол берілетін дәлелдеме деп танылады.
5. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетiндiгi анықталса, ол анық дәлелдеме деп танылады.
6. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты ешқандай күдіксіз және даусыз белгiлейтiн, iске қатысты жол берілетін және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктi деп танылады.
Ескерту. 125-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы