366-бап. Дәлелдемелердi ұсыну және зерттеу тәртiбi ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сот тергеуiнде айыптаушы және қорғаушы тараптар ұсынған дәлелдемелер зерттеледi.
2. Дәлелдемелердi алдымен айыптаушы тарап ұсынады. Дәлелдемелердi зерттеу тәртiбiн сот тараптармен келiсе отырып айқындайды. Сот дәлелдемелердi зерттеу тәртiбiн белгiлеу немесе өзгерту мәселелерi бойынша қаулы шығарады.
3. Сотталушы төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтінде айғақ беруге құқылы.
4. Егер тергеу судьясы осы Кодекстің 217-бабына көзделген тәртіппен куә мен жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қойған болса, олар сотқа шақырылмайды және олардан жауап алынбайды.
Істі сотта қарау уақытына қарай айғақтарды сақтауға қоюға себеп болған негіздер жойылған жағдайда, адамның сотқа келуі мүмкін болған кезде, сондай-ақ куә мен жәбірленуші өз еркімен ерік білдірген кезде сот қылмыстық процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша мұндай адамдарды шақыруға және олардан жауап алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып бейнебайланыс режимінде жауап алуға (қашықтықтан жауап алу) құқылы.
Қысқартылған сот талқылауы өткізілген кезде куәлар шақырылмайды және олардан жауап алынбайды.
Ескерту. 366-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы